Павлодар, 2020

А.Байтұрсынұлының тілтанымдық шығармашылығы


Қазақ тіл білімінің ұлттық ғылым ретінде ана тілімізде қалыптасуы халқымыздың біртуар даңқты перзенті А.Байтұрсынұлының зерттеулерінен басталады. ХХ ғасырдың бас кезіндегі реформатор-ғалым А.Байтұрсынұлының қазіргі қазақ лингвистикасына қосқан үлесі зор. Қазақ тіл білімінде терминжасам тәжірибесі А.Байтұрсынұлы еңбектерінен, яғни ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығындағы «Тіл – құралынан» бастау алады. Ол «Тіл-құралда» өзі жасаған тіл білімінің терминдерін қолданған. Ол терминдер қазақ тіл білімі терминдерінің негізін қалады, қазіргі кезде де қолданыста. Ол терминдердің кейбіреулері ғана стильдік өзгеріске түскені болмаса, тілдің фонетика, морфология, синтаксис және графика салаларының негізін құрап, барлық қазақ тілі оқулықтарында қолданылып жүр. А.Байтұрсынұлы оқулығында бірде-бір шетел сөзін термин ретінде қолданбаған. Терминдерді ана тіліміздің байырғы сөздерінен жасаған. Байырғы сөздерден термин жасауға болатынын өз үлгісі арқылы көрсеткен. Бұл оның термин жасамдағы ұстанымы.

Екінші ұстанымы шетел терминдерін қабылдауымен байланысты. Жалпы, А.Байтұрсынұлы және алаш зиялылары шетел терминдерін қабылдауға қарсы болмаған. Олар тілде баламасы жоқ жағдайда шетел терминдерін қабылдауға болады, бірақ шетел терминдерін қазақ тілінің дыбыстық заңдарына сәйкестендіріп алу керек деп санаған. Алаш оқығандарының жат сөздер және пән сөздері деген атаулары термин атауының орнынына қолданылған.

«Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы 12 тамыздағы санында жарияланған «Қазақстан оқу кемесериетінің орынбасары Жолдыбайұлы Молдағалимен әңгіме» деп берілген «Қазақ тілін байытамыз» атты шағын сұхбатта сол кезеңде терминжасаумен кімдер айналысқандығы және өзге тілдерден термин қабылдауда қандай қағидат басшылыққа алынғандығы, осы істі жүзеге асырудағы Ақанның рөлі айқын көрсетіледі: «1922 жылы Қазақстанда жат сөздерді, пән атауларын қазақшылдандыратын кемесие құрылған. Кемесиенің құрылғаннан бергі жұмысы аз емес. Мың-мыңдаған сөздер қазақ тіліне аударылып, иә қазақ тіліне үйлестіріліп, қазақ тілі байытылды. Кемесиеде қазақ тіліне жетік 5-6 қазақ қызметкерлері жұмыс істейді. Оның үстіне кемесиенің жұмысына түрлі білімнің басын ұстаған мамандар қатыстырылады. Кемесиенің ағасы Қазақ елінің әсіресе тіл заңына жетік оқымысты данышпаны Байтұрсынұлы Ахмет. Кемесиенің негізгі мақсаты – қазақ тілін өнер-білімге бейім мәдениетті тіл қылу» [4].

«Қазақ білімпаздарының 1-съезі» бекіткен қағидалар негізінде толықтырылып, жүйеленген терминология қағидалары жөніндегі баяндаманы Бакуде өткен бірінші бүкілодақтық түркологиялық құрылтайда А.Байтұрсынұлы жасады. Ол құрылтайға қатысушыларға төмендегі қағидаларды таныстыра отырып, өзге түркілерге де ғылыми терминологияны қалыптастыру үшін қазақ білімпаздары жасаған осы қағидаларды басшылыққа алуды ұсынды. Оның ұсыныстары ғалымдар тарапынан қолдау тауып, құрылтай қарарына енді. Ол қағидалар мыналар болатын:

1) Ең алдымен термин ретінде ұғым мағынасын толық беретін қазақ сөздерін алу. Бұл қазақ тілінің жоғарыдағылар мен төмендегілердің, дәлірек айтқанда сауаттылар мен сауатсыздардың тілі болып жіктелмесі үшін керек. Қай жерде және кім бастырып шығарса да баспа өнімдері, газет-журналдар, кітапшалар пайда әкелуі үшін тіл қалың көпшілікке түсінікті болуға тиіс. Сонда аз ғана пайызды құрайтын сауаттылар көптеген сауаты жоқтарға қызмет көрсете алады;

2) Ондай сөздер қазақ тілінде болмаған жағдайда оларды туыстас тілдерден алу. Олай етуіміздің себебі: 1) туыстас тілдердің көптеген сөздерінің тұлғалары бірдей болмаса да олар ортақ түбірден тараған, сол себепті туыстас емес тілдердің сөздеріне қарағанда оларды түсіну жеңіл және естігенде де айтқанда да бөтен болып сезілмейді; 2) түркі халықтары қашанда өзара қарым-қатынаста болған және бола береді, сондықтан да бір тілдің көптеген сөздері ортақ түбірден өрбімесе де өзге тілдің тұтынушыларына таныс бол мүмкін;

3) Жаппай қолданылатын әлемдік терминдер қабылдана алады, бірақ олар қазақ тілінің табиғатына сәйкес өзгертілуі керек. Оларды алмастыруға болатын қазақ сөздері болған жағдайда таңдауды қоғамның өзі жасауы үшін екеуі де қатар алынуы тиіс. Жаппай қолданылатын деп біз араб сөздерін емес, қазіргі кең тараған европа сөздерін айтып отырмыз. Араб сөздеріне қарағанда оларға басымдық беріп отыруымыздың себебі біз қазір араб емес европа мәдениетіне ден қойып отырмыз. Европа мәдениетінің барлық жетістіктері тұтастай европа тілдерінде атала алады. Алайда кірме терминдер біздің қазақ тілінің айтылуына бағынуға тиіс, яғни оларға тілдің қалыпты артикуляциясынан бастау алатын біздің тіліміздің дыбыстық заңдылықтары үстемдік етуі керек. Шет тілдерінің сөздерін өзіміздікі ету үшін, бұл міндетті түрде солай болуы қажет;

4) Қазақ тілінің табиғатына сәйкеспейтін барлық өзге тілдердің сөздері дәл қазақтың айтылуына сәйкес өзгертілуі керек. Бұл дегеніміз, біріншіден, құрамында қазақ тіліне жат дыбыстары бар барлық сөздер тиісті төл дыбыстарымызбен алмастырылады, екіншіден, кірме сөздердің жұрнақтары қазақ жұрнақтарымен қабылданады, үшіншіден, қазақ тіліне жат қосымшалар Оренбург-Орынбор, Самара-Самар, пуховой-бөкебай, покров-боқырау, т.б. сияқты тілге қажетті талап шеңберінде өзгертілуге тиіс» [5].

Қазақ тілінің дыбыс, сөз және сөйлем жүйесіне арналған «Тіл – құрал» оқулықтарында (1914, 1915, 1925) 310 лингвистикалық терминсөз қолданған екен. Оның 118-і (38,5%) қазіргі қазақ тіл білімінде қолданылып жүрсе, 192-сі (61,5%) қазір қолданылмайды. Бұл терминдерді тіл білімінің салаларына қатысты жіктесек: а) фонетикаға қатысты 108 термин (35,4%); б) лексикологияға қатысты 11 термин (3,6%); с) морфологияға қатысты 109 термин (34,9%); д) синтаксиске қатысты 64 термин (21,3%); е) жалпы тіл біліміне қатысты 18 термин (4,8%) [5, 15].

А.Байтұрсынұлының еңбектерінде 310 тілтану терминдері қолданылған. Бұларды Б.Қалиевтың «Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігінде» берілген терминдерімен салыстыра келіп, А.Байтұрсынұлы қалыптастырған терминдердің қазіргі тіл білімі еңбектерінде 118-і қолданылатыны анықталды. А.Байтұрсынұлы қалыптастырған әдебиеттану терминдері - 327. 1998 жылы З.Ахметов пен Т.Шаңбаевтың құрастыруымен шыққан «Терминдер сөздігінде» берілгендермен салыстыра келе, қазіргі әдебиеттану саласында А.Байтұрсынұлы қалыптастырған терминдердің 57-сі қолданылатынын білдік.

А.Байтұрсынұлының ғылыми ізденістері туралы ғалым Т. Қордабаев былай дейді: «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тілін туған тілімізде зерттеудің үлгісін жасап, оның ғылыми терминдерін қалыптастырып, сөйтіп, тіліміз туралы берік негізін қалаған ғалым ғана емес, сонымен бірге оның ілгері дамуына, болашағына бағыт-бағдар сілтеген, игі әсер еткен ғалым» [6]. Сондықтан ғалым аты біліммен, тіл біліміне сіңірген еңбегімен өлшенсе керек. А.Байтұрсынұлының қазақ лингвистикасына жалпы тіл біліміне, түркі тіл біліміне енгізген жаңалықтарының молдығын осыдан да көреміз.

А.Байтұрсынұлының маңызды тұжырымдарын жинақтаған жұмыстарының бірі – 1926 жылы жарық көрген «Әдебиет танытқыш». Сөз өнері мен оның ұстанымдары хақында жазылған аталмыш зерттеу, ең алдымен, тіл мен әдебиет байланысына негізделген түсінік-талдаулардан тұрса; екіншіден, зерделеу мен терең пайымнан бастау алған авторлық пікір-көзқарастар дүние-болмыс мәселелерімен сабақтасып, филологиялық ізденістердің өзгеше үлгісін құрады. Сөз басын «Аңдату» деп бастап, «...анық көріп, сезіп, біліп тұрған айналамыздағы нәрселердің бәріне» зер салған ғалым тіл мен танымның тығыз байланысқан арақатынасын өз тұжырымдарының өзегіне айналдырды. Бұл ретте тілші «адам санасының» үш негізін барлық тілтанымдық фактілерге арқау етті, сөйтіп, тілдің міндетін де осы үш арнадан өрбітті. Олар - ақыл, қиял, көңіл: «Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып райлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау, көңіл ісі – түю, талғау» - дей отырып, ғалым бүгінгі танымдық лингвистиканың мақсат-міндетін, негізгі ұғымдарын өзектеді. Адам болмысының сан қилы мүмкіндіктерін оның сөз өнерімен, шығармашылық қабілетімен ұштастырған автор: «Сөздің өзін танытатын белгі – тіл яки лұғат белгісі болады. Ол белгі әркімнің өз ыңғайымен, өз оңтайымен сөз тізіп әдеттенуінен, салттануынан болады» деген қорытынды жасады. «Сөз өнері деп асылында нені айтамыз?» деген сұрақтың жауабын да ғалым біздің пікірімізден, қиялымыздан, көңілімізден, соны білдірер сөйлеу әрекетімізден іздеді. Сондықтан «Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығару – сөз шығару болады» - деді [7].

Осы еңбегінде ғалым «ақын тілі» мен «әншейін тіл» өзгешеліктеріне назар аудара отырып, сөздің «ұнамды, өңді» болуының талғамдық шарттарын ұсынды. Олардың басым көпшілігін тек тілдің құрылымдық белгілерімен ғана емес, оның жалпы антропологиялық, физиопсихологиялық және танымдық ұстанымдарымен сабақтастырған А.Байтұрсынұлы тіл ғылымында алғашқылар қатарында экстралингвистикалық талдаулардың тізбегін жасады. «Сөз дұрыстығы», «Тіл тазалығы», «Тіл дәлдігі» нормаларымен қатар сөз болған «Тіл анықтығына», «Тіл көрнектілігіне» мән берсек, «талғау қоятын шарттардың» негізі адамның танымдық әрекетінен бастау алатыны байқалады. «Айтылған лебіз ашық мағыналы, түсінуге жеңіл, көңілді күдіктендірмейтін болса, тіл анықтығы дегеніміз сол болады. Лебіз ашық мағыналы болу үшін айтушы айтатын нәрсесін анық танитын болу керек» деген тұжырым тіл мен таным арасындағы нақтылау қызметін сұрыптауға негізделген, яғни адам нақты көріп-білген, сезген нәрсесін ғана тілмен нақты жеткізе алады [7, 255-259].

Сөз қолдануда ауыстыра-алмастыра қолданудың болатындығын А.Байтұрсынұлы талдауының ауқымды бөлігін қамтитын «Тіл көрнектілігі» де адамның өзіндік қабілеттерімен түсіндірілген пайымдар қатарын ұтымды жалғастырған. «Сөздің дұрыс, таза, анық, дәл айтылуының үстінде талғау сөздің көрнекі болуын да керек қылады» деумен қатар, автор қиял ісі меңзеу арқылы жасалатын деректі-дерексіз, жанды-жансыз заттар арасындағы сәйкестіктер негізінде «...дерексіз нәрсе, деректі нәрседей, жансыз нәрсе жанды нәрседей суреттеліп, адамның сана-саңлауына келіп түсерлік дәрежеге жетуі керек» деген маңызды қорытындыға келген.

Ғалым «сана-саңлауы» ұғымын пайдалана отырып, танымдық бірліктің тілдік зерттеуде атқарар қызметін, өзіндік орнын айқындауға тырысты. Сөз мағынасының ауысып қолдануын, сол арқылы ой көркемдігінің жүзеге асуын дәйектеген А.Байтұрсынұлы «қиял байлығына қарайтын» көркем сөзде орын алатын көріктеу, меңзеу, әсерлеу формаларын танымдық қабылдаудың, зейін мен зерденің дереккөзіне айналдыра сипаттады.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы отыз жылы ішінде қазақ халқының саяси-қоғамдық, әдеби және мәдени өмірінде, тәуелсіздік жолындағы күресте жетекші рөл атқарған қайраткерлердің бірі де А.Байтұрсынұлы екені белгілі. Көрнекті түркітанушы, қазақ тілі білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы, ірі ақын, аудармашы А.Байтұрсынұлы шығармаларының енді бір қыры «сөз» тұжырымымен байланысты. Мәселен, «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дегенде «сөз жоғалу» тіркесі ұлттың тілі жоғалу мағынасында қолданылып тұр. Немесе «Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек; ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек; маңызды болуына білім керек» деген пікірінде «сөздің шырайлы, ажарлы болуы» деген тіркесі «сөздің мағыналы болуы» деген мағынада қолданылып тұр. Байқасақ, А.Байтұрсынүлы «сөз» тұжырымын кеңінен қолданған: 1) Көркем сөз – көңіл кілті, жалаң сөз – зейін тілі; 2) Көсем сөз - әлеует ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз; 3) Сөздің ең ұлысы – тарих; 4) Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек; 5) Сөздің асыл болуы – ұнауынан; 6) Сөз қадірін білмесең - өлең оқып не керек.

Авторлық пайымның келесі тізбегі «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесін» түсіндіруге бағытталған. «Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады» деген түйінді дәлелдеуге құрылған бұл бөлім жалаң сөз бен көркем сөз арақатынасын, олардың бір-бірімен байланысар және өзгешеленер сипаттарын анықтауға негізделіп, «сөз айтудың» екі түрлі ерекшелігінен мәлімет береді: біріншісі – Сөзді жалаң түрінде айтқанда, күш көбінесе зейін жағына салынып, пайым терең, мағына күшті, пікір дәлелді болып айтылған сөз адамның ақылына қонуы көбірек көзделеді де, екіншісі – Сөзді көркем түрінде айтқанда, күш көбінесе қиял мен қиыс (түйіс) жағына салынып, сүгіреті толық, меңзеуі мерген, қисыны қызық болып, сөз әсерінің күшімен көңілге ұнауы көбірек көзделеді.Бірінші жағдайда басты назар зейінге аударылса, екінші кезекте адамның қиялы мен қиысы негізге алынады, сол себепті тілші «Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі» деп қорытындылайды. Ескертер мәселе, талдау барысында зерттеуші кез келген нәрсені не затты сипаттауда екі түрлі тәсілдің қолданылатынына мән берді: бірі – «тиіс жағынан алып сөйлеу»; екіншісі – «түйіс жағынан алып» сөз ету. Яғни, алғашқыда адам, мысалы «кісі жайын сөйлегенде, түсін, тұрпатын, мінезін, құлқын, туысын, тұрмысын, ісін» айтса; келесіде «сүйетін, сүймейтінін, сыйлайтын, сыйламайтынын» білдіреді.

Бұл тұжырымдардан шығатын қорытынды, адам жан-жағын танып-білумен қатар, оны таразылап, өз талғамынан, қабылдауынан өткізіп бағалайды, тек содан кейін ғана сөз арқылы, тіл арқылы оны өзге жұртқа жеткізеді. Әлемнің тілдік бейнесін де ғалым осыған сәйкестендіре түсіндіреді: «Жалаң сөз дүниені тұрған қалпында алып айтады. Көркем сөз дүниені көңілдің түйген, қиялдың меңзеген әлпіне түсіріп айтады. Жалаң сөз дүниеде шын болған, шын бар нәрселерді әңгіме қылады. Көркем сөз болуға ықтимал деген нәрселерді де алып сөз қылады. Жоқ нәрсені барға ұйғарып сөз қылады» [9]. Бірі ақылға, бірі қиялға бағынған аталмыш сөз үлгілері дүниені қабылдауда адамның екі қабілетіне сүйенетіндіктен, қара сөздің танымдық белгілері де дарынды сөздің өзіндік ерекшеліктерімен салыстыра зерделенеді.

Танымдық үдерістің әр түрлі белестері мен нысандарын анықтауға мүмкіндік беретін зерде арқылы білім мен ғылымның, тәлім-тәрбиенің, қабылдау мен бағалаудың нормалары, жүйелі болмысы қалыптасатындықтан, тілтанымның өзекті мәселелері қатарында тілші адам ойының жемісін құрайтын сөз өнерінің табиғи заңдылығына тоқталады, оны осы ұғымдардан, олардың сабақтаса байланысуынан өрбітеді. Тіл, ғалам және таным негіздері арқылы тілдік ізденістердің жаңа бағыт-бағдарын өзектеген А.Байтұрсынұлы «адамның шығармашылық деңгейде ескіні қайта қарау, сол арқылы ментальды кеңістікті кеңейту әрекеттеріне сүйенген когнитивтік қабілетін» басшылыққа ала отырып, қазақ лингвистикасында когнитивтік зерттеулердің бастапқы үлгі-көріністерін жүйелеуге мүмкіндік берді. Оларды «тіл мен сөйлеу» арақатынасы арқылы дәлелдеп көрсетті. Сол себепті кезінде Т.Қордабаев «Өз кезінде түркі республикаларында А.Байтұрсыновпен бой теңестірерлік филолог саусақпен санарлықтай ғана болатын» деген екен.

А.Байтұрсынұлының қазақ тіліне сіңірген тың да соны пікірлерін «Оқу құралы», «Тіл құралы», «Тіл жұмсар» сынды еңбектерінен де тараттық. «Оқу құралын» зерделесек, а, р, з таңбаларын танытумен басталған еңбекте сабақ әдісі, танымдық материалдармен берілген. Ғалым кітаптың басқы бетін (титул) мынадай өлең жолымен бастаған:

Балалар! Бұ жол басы даналыққа,

Келіңдер, түсіп, байқап қаралық та!

Бұ жолмен бара жатқан өзіңдей көп,

Соларды көре тұра қалалық па?

Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық,

Жүріңдер іздеп тауып алалық та! [10]

Сөздің мағынасын пайымдаған ғалымның тұжырымдарын қарастыра келе, қазақ сөз жүйесінің алғаш зерттелуін А.Салқынбай А.Байтұрсынұлының есімімен байланыстырады. Ғалымның айтуынша А.Байтұрсынұлының «Тіл құралы» мен «Тіл жұмсарында» сөз жүйесін жеке атап көрсетпесе де, оның «Сөздер» деп аталатын бөлімінде жүйелі тоқталған [11].

А.Байтұрсынұлы сөздерді мағынасына қарай – атауыш, шылау, одағайдеп үш топқа жіктеп, зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік (атауыш), үстеу, демеу, жалғау (шылау), одағай деп тоғыз сөз табына бөлген. Сондай-ақ, ғалым рай түрлерінашық рай, шартты рай, қалау рай т.б. деп атайды. Мұнда ашық, шартты деген сөздер рай сөзінің анықтауышы болып, дұрыс тіркесіп тұр да, қалау рай тіркесінде олай емес, дұрысында қалаулы рай, қалау райы (қалаудың райы) болып тіркесуі тиіс еді. Бірақ жоғарыдағыдай тіркесу де тіліміздің заңдылығына қайшы келмейді (темір жол, өгіз арба). А.Байтұрсынұлы бірыңғай термин болсын деп осылай қолданған болса керек. Етістік – мағынасы мен құрылысы жағынан да өзінің күрделілігімен қазақ тілінде өте жиі әрі көп зерттелген сөз табының бірі. Етістікті сөз табы ретінде А.Байтұрсынұлы алғаш анықтап, грамматикалық категорияларын белгілеп, сол ғалымнан бастап осы күнге дейін бірнеше ғалымдардың зерттеуінен өтті.

Ғалым «Тіл тағылымында» сөз тұлғаларын 5 топқа жіктеп береді. Олар: а) түбір сөз; ә) туынды сөз; б) қос сөз; в) қосалқы сөз; г) қосымшалар. Ғалымның түсіндіруінде түбір сөз – бастапқы мағынасындағы, бастапқы тұлғасындағы сөз: бас, тас, шаша, қол; Туынды сөз – бастапқы тұлғасы жоқ, бастапқы мағынасы өзгерген сөз: бастық, тастақ, шашақ, қолтық; Қос сөз – қосарынан айтылатын бір өңкей есімді сөздер. Қос сөз екі түрлі болады. Алдыңғысы – жалпылағыш, соңғысы – жалқылағыш қос сөз деп айтылады; Қосалқы сөз - өз алдына мағынасы кем, басқа сөздің маңайында тұрғанда ғана мағынасы ашылатын сөз: да, ғой; Қосымшалар – сөзге жалғанатын буындар. Қосымшаларды ғалым екі түрге бөліп береді: тысқарғы жалғаулар мен ішкергі жалғаулар. Тысқары жалғаулар – жалғау, ал ішкергі жалғаулар – жұрнақ деп аталады. Ғалымның топшылауында жалғау аз, жұрнақ көп. Жалғау түбір сөзде де, туынды сөздер де болады. Жұрнақ түбір сөзде жоқ, туынды сөзде ғана болады.

Ең алғаш қазақ тіл білімінде мезгіл мәнді сөздерді үстеудің ішінен қарастыру 1914 жылы А.Байтұрсынұлының «Тіл құрал» атты еңбегінде аталады. Бұл кезде үстеу жеке сөз табы емес, «басқа сөздердің мағынасын толықтыру үшін» шылау сөз табының ішінде қаралды. Ал кейінірек ғалым үстеуді жеке сөз табы ретінде бөлек атап, оған мынадай анықтама береді: «Үстеу дейміз – сын есім, сан есім, есімдік, етістік сөздерді толықтыру күшейту үшін айтылатын сөздерді» деп, үстеу сөз табының 5 мағыналық топтарын көрсетеді. Соның ішінде мезгіл үстеуге «істің мезгілін көрсететін сөздер. Мезгілдік үстеу болатын зат есім, есімдік, етістік сөздер. Бұлардың үстеу екен-емесін сұраудан айырамыз. Мезгілдік үстеу сұраулары қашан? қашаннан? Бұл сұрауларға жауап болмаған сөз мезгілдік үстеу болмайды» делінген [12].

Қазақ тілі білімінде А.Байтұрсынұлының «Тіл тағылымы» синтаксис саласының негізін қалаған басты еңбек болып саналады. Ахмет Байтұрсынұлының 1992 жылы жазылған «Тіл тағылымы – қазақ тілі оқу-ағартуға қатысты еңбектері» атты еңбегіндегі сөйлем жүйесі мен түрлері тақырыптарына арналған «Тіл-құрал» бөлімінде жай сөйлемнің түрлері олардың қызметі туралы жазылған. Ол сөйлем жүйесіне «Сөйлем дегеніміз – сөздердің басын құрастырып, біреу айтқан ой, сөйлегенде, жазғанда кім де болса ойын айтады» деп ереже берген. Осы бөлімде жалаң және жайылма сөйлемдерді анықтаған. Бұл анықтама қазіргі мектепте оқытылып келе жатқан ережеге сәйкес. Яғни, бастауышы мен баяндауышы бар, екі мүшелі ғана сөйлем жалаң сөйлем. Одан кейін бастауыш пен баяндауышты тұрлаулы мүшелер деп айтып кетіп, одан басқа мүшелер қатысқан сөйлемді жайылма сөйлем деп түйген. А.Байтұрсынұлы екінші бөлімінің «Сөйлем түрлері» атты тарауында да жалпы түрлерін типтендіріп, жай сөйлемнің құрылымдық түрлерін болымды, болымсыз, толымды, толымсыз, жалаң, жайылма деп көрсеткен. «Болымды сөйлемді не жайынан да болса болдыра, бар қыла сөйлеген сөйлем» - дей отырып, оған «Үлкен бастар, кіші қостар» деген мысалды тартады. Ал қазіргі қазақ тілінде мұндай жай сөйлемнің түрлері жоқ, оны біз етістіктің болымсыз және болымды түріне қарай ажыратамыз.

Сөйлем мүшелері туралы арнайы тоқталған ғалым да – А.Байтұрсынұлы. Автордың 1924 жылы Орынборда басылып шыққан «Тіл танытқыш» үшінші оқулығы синтаксис мәселесіне арналған. Онда сөйлем мүшелері бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш және пысықтауыш деп бергенін көруге болады. Ғалымның сөйлем мүшелерін топтауын ғылыми жағынан қазір де теріске шығаруға болмайды.