Бекмұрат Уақатов – Кереку өңірінің тумасы, әрі тағдырына таланттық дарыған ерекше тұлға. Он бес жасынан-ақ Алматы шаһарының дәмі тартыпты. Алғашында №18 қазақ орта мектебін тәмамдайды да, бес жылдай студент болып, үш жылдай аспирантурада білім алады. Еңбек жолы да әдеби ортамен байланысты өрбиді. Б.Уақатов замандастарының еңбек кітапшасы бір-екі жұмыс орнымен сипатталады. Б.Уақатовта да сондай үрдіс: 1957 жылдар Қазақ әдебиеті газетінде, сәті түсе 1958 жылдан Тіл-әдебиет институтына кіші ғылыми қызметкерлікке ауысады. Өмірінің соңына дейінгі қызмет тек осы қасиетті жерде өтеді.
Фольклоршы ғалым, қазақтың жалпы әдебиеті және тарихы, оның теориялық проблемаларын зерттеуші, Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклоршы ғалымы, филология ғылымдарының докторы Бекмұрат Уахатұлы Уахатов 1932 жылдың 29 қарашасында Павлодар облысының Лебяжі ауданындағы «Майқарағай» кеңшарының «Қорт» бөлімшесінде жұмысшы жанұясында дүниеге келген. Әкеден үшеу (анасы Кәмиден) үлкені – Шаймардан, ортаншысы - Бекмұрат және қарындасы – Батира, екінші анасынан Мәрия. Бекмұрат Уақатовтың әкесі Уахат Ұлы Отан соғысына қатысып, Балтық өңіріндегі Шауляй қаласын азат етуде ерлікпен 1944 жылы қаза тапқан. Шәймардан ағасы мен Ақкенже жеңгесі қызмет істеген кезінде Уахат атаның бейітін тауып, бауырластар қорымында мрамордан ескерткіш тақта орнатқан. Ал Шәймардан аға ұзақ жылдар бойы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет атқарған. Шені - полковник. Шаймардан Уахатұлы Ұлы Жеңістің 60 жылдығында Елбасынан «Айбын» орденін алып, Мәскеуде Ресей Президенті В. Путинмен кездескен. Әкесі 2008 жылы дүниеден озды. Ал Бекмұрат Уахатов 1984 жылы 19 желтоқсанда дүние салады. Шаймардан және Бекмұрат ағайындылар мен Дыбыс пен Ақкенже әйелдері Алматыдағы «Кеңсай» зиратында жерленген.
Б.Уахатовтың алғаш білімі «Жаңа ауыл» жеті жылдық мектебімен байланысты. Оны 1944 жылы бітіріп, кейін «Майқарағай» кеңшары болған «Жаңа ауыл» ұжымшарында жұмыс істейді. 1945-1946 жылдары Б.У.Уахатов «Қызыл қоғам» ұжымшары орталығындағы «Қызыл әскер» атындағы орта мектепте оқиды. 1946 жылы БЛКЖО мүшелігіне қабылданады. 1947-1949 жылдары ол Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы №18 ер балалар қазақ орта мектебінде оқып, оның толық курсын тәмамдап, сол жылы республика астанасындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің қазақ бөліміне оқуға түседі. Университетте оқып жүрген шағында-ақ, Б.У.Уахатов шәкірттердің ғылыми-зерттеу жұмысына белсене араласады. 1954 жылы 1-4 сәуірде «Университеттің құрылғанына - 20 жыл» деген тақырыпта өткен студенттердің ғылыми-теориялық конференциясында баяндама жасады.
Зерттеушілік қабілетімен таныла бастаған Б.У.Уахатов 1954 жылы университеттің филология факультетінің толық курсын тәмамдағаннан кейін, үздік оқыған шәкірттердің бірі ретінде аталған факультеттің қазақ филологиясы кафедрасының аспирантурасына оқуға қалдырылады. Ол 1954-1957 жылдарда аспирантура курсын ойдағыдай бітіріп, әдебиетші ретінде республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына қызметке шақырылады. Бірақ бастаған ғылыми-зерттеу жұмысымен түбегейлі айналысу үшін, Б.У.Уахатов 1958 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының қазақ ауыз әдебиеті бөліміне кіші ғылыми қызметкерлік жұмысқа ауысып, онда 1962 жылға дейін қызмет атқарды. Ол мұнда өзінің аспирантурада оқыған жылдарында айналысқан ғылыми зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастырады. 1959 жылы 15 маусымда Алматы қаласында өткен Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты ұйымдастырған «Қазақ әдебиетінің проблемалық мәселелері» атты ғылыми-теориялық конференция жұмысына белсене араласып, сонда баяндама жасайды. 1960 жылы Москва қаласында өткізілген Шығыстану ғалымдарының Халықаралық XV конгресіне қатысып, сөз сөйлейді.
Б.У.Уахатов 1961 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеті жанындағы Ғылыми Кеңесте Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, профессор, Лениндік сыйлықтың лауреаты М.О. Әуезовтің жетекшілігімен «Қазақ совет прозасындағы характер жасау шеберлігі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, сол жылы филология ғылымдарының кандидаты атағын алады. Осыдан бастап Б.У.Уахатов қазақ әдебиетінің проблемалық мәселелерін зерттеу ісімен бірыңғай және түбегейлі айналысты. 1961 жылы тамыз айында Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған халық ақындарының республикалық мәслихатын өткізу жұмыстарына белсене араласты. 1962-1981 жылдар аралығында Б.У. Уахатов Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімінде аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. 1963 жылы СОКП мүшелігіне қабылданады. Осы жылдарда Б.У. Уахатов қазақ ауыз әдебиетінің күрделі проблемаларын зерттеу ісімен терең айналыса жүріп, соған қатысты ғылыми-ұйымдастыру жұмыстарына белсенділікпен араласты. 1967 жылы 5-7 маусымда Алматы қаласында өткізілген Ұлы Қазан Социалистік революциясының 50 жылдығына арналған «СССР халықтары әдебиетінің өзара байланысы және олардың бір-біріне ықпалы» деген тақырыптағы конференцияға қатысты.
1968 жылы сәуір айында Киев қаласында «Фольклордағы сөз бен саз туралы» деген тақырыпта СССР Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің фольклор жөніндегі Кеңесі мен Украина Ғылым академиясының М.Ф.Рыльский атындағы Фольклор өнері және этнография институты бірігіп өткізген Бүкілодақтық симпозиумға қатысып, сөз сөйлейді. Сол жылы қазан айында Душанбе қаласында Садриддин Айнидің 90 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Орта Азия мен Қазақстан халықтарының әдебиеті және олардың ауыз әдебиеттерінің бір-біріне ықпалы» деген тақырыптағы республика аралық ғылыми конференцияның делегаты болды. 1969 жылы қазан айының аяғында Алматы қаласында Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен «Қазіргі кездің проблемалары және қазақ фольклорының перспективалық дамуы» деген тақырыпта ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Б.У.Уахатов осы конференцияның ұйымдастырылу және өткізілу жұмыстарына белсене араласып, онда баяндама жасады.
Б.У.Уахатов мұндай ғылыми-теориялық конференцияларға, түрлі ауқымдағы форумдар мен симпозиумдарға, үлкен жиындар мен басқосуларға өмірінің соңғы кездеріне дейін белсенді араласып отырды. Мәселен, ол 1976 жылы 27-29 қыркүйекте Алматы қаласында өткен II Бүкілодақтық тюркология конференциясына қатысты. Ал 1980 жылы 10-12 қыркүйекте Ташкент қаласында болған III Бүкілодақтық тюркологиялық конференцияға делегат болып қатысып, онда «Қазақ халық өлеңдерінің типологиялық ерекшелігі» деген тақырыпта баяндама жасады. 1981 жылы 20 маусымда өткізілген «Сібір халықтарының тұрмыс-салт жырлары» деген тақырыптағы ғылыми-теориялық конференцияның делегаты болды. 1984 жылы 30 маусымда Жамбыл (Тараз) қаласында зор салтанатпен өткізілген Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толу мерейтойының құрметті қонағы болды [79].
Білімдар зерттеуші Б.У.Уахатов Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімінің аға ғылыми қызметкері бола жүріп, қазақтың халық өлеңдерінің проблемалары мен табиғатына қатысты аса терең зерттеулер жүргізді. Осы саладағы жүргізген зерттеулері негізінде 1975 жылы «Қазақтың халық өлеңдері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, 1976 жылы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болды. Ертістің қарағайлы өңірінің тумасы (Лебяжі ауданы, Қорт ауылы – қазіргі Мерғалым ауылы) қарымды қаламгер, білікті сыншы, драматург, көрнекті фольклорист, ғалым. М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында Б.Уахатовтың жесірі Д.Н.Қазбекованың қатысуымен жерлес ғалымның 55, 60, 65, 70, 75 жылдығына орай мерекелік шаралар дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. М.О.Әуезов әдеби мемориалдық үйінде ізбасары Б.Уахатовқа мүйіс ашылған. Бекмұрат Уахатов заңғар жазушы, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтың лауреаты М.О. Әуезовтің тәрбиесінен өткен, соның ғылымдық мектебінен өскен, талантты ғалым еді. «Ұлы Мұхтарды көріп, одан дәріс алып, онымен ауызба-ауыз сөйлесіп, көзбе-көз дидарласқаныма, бір үйде отырып, бір табақтан дәм-тұз татқаныма, оның нұрлы, шуақты көзқарасына балқып, қоңыр дауысына ұйып, ең кереметі оның аялы жұмсақ алақаны мен сүйріктей саусақтарына саусағымды тигізіп, қол алысқаныма өзімді шын бақытты жандардың бірімін деп есептеймін». Бұл Б. Уахатовтың көзі тірісінде толғанып жазып кеткен естелігінен алынған бір үзік сыр болатынды. Өзбекстанда Халықтар Орденді педагогикалық институтында қазақ фольклоршы-сыншысы Б. Уахатовтың еңбектері 30 жыл бойы арнайы оқытылып келеді [80].
Қаламгер біржолата ғылым жолына бой ұрады. Оған себеп ұстазы Мұқаң: Мұрат сен көркем шығарма жазуға бой ұратын көрінесің. Оныңды құптаймын да, қостаймын! «Өнерді үйрен де жирен» деген ғой... Сын жазуға да бейімің бары аңғарылады. «Мұрат осы сен бірыңғай әдеби зерттеу ісімен айналыссаңшы, сенің қолың сол сияқты» деген ойын сөз әлпетінен түсінген Бекең 1958 жылдан өмірінің аяғына, яғни 1984 жылға дейін Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы ғылыми зерттеу институтында әуелі кіші ғылыми қызметкер, содан кейін қызметкер, бөлім меңгерушісі,академиядағы ғылыми Кеңестің жауапты хатшысы сияқты лауазымды қызметтерді атқарды. Демек, осыдан бастап ғылыми баспаларда және мерзімдік баспасөзде сыншы ғалымның қазақ әдебиетіне оның ішінде ауыз әдебиетіне қатысты бірнеше жүздеген ғылыми мақалалары, оннан аса монографиялық еңбектері жарық көрді.
Ғалым өмірінің соңғы жиырма жылын халқымыздың ауыз әдебиетіндегі қазақтың халық өлеңдеріне арнаған іспетті. Соның нәтижесі болар, 1975 жылы 43 жасында «Қазақтың халық өлеңдері» деген тақырыпта докторлық дисертация қорғалды. Бекмұрат Уахатов ғылым көгіне көтеріліп, Одақ көлеміне танылып, ғылыми конференцияларға, симпозиумдарға қатысып, түркологиялық тақырыптарда терең де байсалды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Украина, Сібір, Өзбекстанда болып, мамандандырылған Кеңестің хатшысы лауазымында қызмет жасады. Қазақ ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында Б.Уахатов ширек ғасырдан астам уақыт қажырлы еңбек етті. Бірде ірі фольклоршы ғалым, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин халқымыздың халық поэзиясын зерттеуге Бекеңе құнды ақыл-кеңес береді. Бұл тақырыпты алғашқы болып көзі тірісінде М.О. Әуезов сілтеген еді. «Қазақтың халық өлеңдері» деген тақырыпта еңбек жазып, 43 жасында докторлық диссертация қорғайды. Өмірінің негізгі бөлігін әдебиетті зерттеуге арнай жүріп ол «Күнге сапар» деген әңгіме де жазады. Бұл шағын әңгіме жайлы Әбілфайыз Ыдырысов «повестің жүгін көтеріп тұр» деп бағалайды. Бұл еңбектің кейіпкерлері өзінің құрбы-құрдастары мен туыстары болатын-ды.
Бекмұрат Уахатовтың ғылыми жетекшілігімен 2 докторлық диссертация Ташкент қаласы 1982 ж. 1981ж. және 5 кандидаттық диссертациялар қорғалған. Алматы қаласында (4) және Ташкент қаласында (1) қорғалған болатынды, яғни Одақ көлемінде. Демек халқымызда мынандай ұлағат сөз бар «Сүйсінерлік ұлың болса, сүй оны» деген. Маңдайына жазылған тағдыр оған ғұмырының айтулы кезінде М. О. Әуезовке шәкірт болуды бұйыртты. Тағы сол тағдырға көз жүгіртсеңіз, «М.Әуезовтің соңғы аспиранты» деген қатал үкімді кездестіресіз. Осы уақыттан бастап, танымалдылықтан гөрі жауапкершілігі артқан заманмен арпалыса өмір сүрді. Көкірек көзіне қонған дарыны ұятқа қалдырған жоқ. Ұстазы ұсынған ғылыми жұмысты да абыроймен атқарды, онан кейін де көркем сөздің құдіретін төмендетпеуді мақсұт етті. Тіпті, М.О.Әуезовке қарата айтқан бір пікірінде: «Оның «Абай жолы» эпопеясындағы кейіпкер психологиясына жасаған анализдері – талай ғасырға жетіп, талай ұрпақты таңдантатын болады» деген бір ауыз сөзі бүгінгі күні дәлелденіп отырғанына дау жоқ. Ал М.О.Әуезовтей дара тұлғаға пікір айтушының өзі де тегін адам болмас. Сондықтан Б.Уақатовтың өзі де суреткерлігімен көкейде жатталып қалған болатын. Әйтпегенде, тегін адам «Әдебиет объектісі – адам. Бірақ адамның бәрі бірдей емес. Өмірде әртүрлі мінезді, әртүрлі сезімді адамдар болады. Әдебиет шамасы келгенше, соның барлығын да бейнелеуге міндетті. Әсіресе роман жанрына қойылар талап ерекше. Мұндағы негізгі кілт – адам характерінде. Адамның көңіл-күй психологиясына жасалатын анализдерінің тереңдігінде» дей алмаса керек еді. Б.Уақатовтың «Эскизден – эпопеяға» атты көлемді туындысы М. О. Әуезовтың барлық қырын толық дәрежеде, санамалап отырып ашып берген жазба құжаттық дерек еді.
Б.Уақатов әдебиетке үстірт келді дей алмаспыз. Ауыл баласының дайындығы да жоғары деңгейде болды дегеніміз шындыққа жанаспас. Бірақ жастай біткен ұяңшаңдық пен жауапкершілік – сомдалған шебер адам тудырды. Мұны оның замандастары да тігісін жатқыза айтқан. Мәселен, ғалымның әрі жерлесі, әрі тілектесі А.Шамкенов оның әдебиеттегі ең бір қиын жанрдың: «Драмматургияның, әсіресе шағын пьесаның қиындығы сонда, таңдап алаған уақиғаны өрбітумен бірге, қатынасушы әр адамның мінез-құлқын көрсетуде ғой. Яғни, оның бейне-кейпін жасау қажет. Сахнада ол суреттеу арқылы емес, іс-әрекет, қылық, жүріс-тұрыс, сөздер арқылы беріледі. Бекмұрат бұл жанрдың осы заңдылығын әбден түсінген, меңгерген» - депті. Айтса айтқандай, Б.Уақатов қаламынан «Хош бол», «Жыланкөз», «Молшылық», «Түтін», «Шолжың», «Мақтаншақ» сынды шағын көлемді (бір актылы; бір перделі; бір-екі көріністі) пьесалары жарық көрді.
Б.Уақатов әдебиет сыншысы ретінде де еңбектер қалдырды Бұл жайында тағы сол А.Шамкенов «Кімнің қандай шығармасын қолына алса да, ол жете үңіліп, барлық сыр, мәнін ашып беруге талпынады. Онысы көкейге сондай қонымды болып жатады. Көркем шығарманы жиһазы мол бір кең сарайға теңесек, Бекмұрат сол сарайдың төрінен босағасына дейін, еденнен шаңырағына дейін орынды-орынсыз тұрған заттардың бәрін көре біліп, өзінше тұжырым жасайды. Сыншының басты құралы – қара қылды қақ жаратын әділдік екенін Бекмұрат әуел бастан-ақ түсінгенін байқаймыз. Өйткені оның дәлелді, мығым пікірлерімен келіспеске, сүйсінбесек болмайды» - деп көрсетеді. Сыншылық дегеннен шығады. Б.Уақатов 1970 жылдары «Көркемдік ізденістер» деген аттағы әдеби-сын еңбегімен жарқ ете түскен-тін [81]. Онда айтылған ақиқат сын мен халық жазушыларының шығармаларына қарата айтқан тұжырымдары көптің аузында жүрді. Тіпті, «өте құнды ғылыми-зерттеу жұмысы» деп бағаланды да.
Жалпы, Б.Уақатовтың әдеби шығармашылығы жайлы айтқанда, мерейтой қарсаңында бір түгенделетін пікірлерге көз жүгіртсек түгенделіп-ақ қалады. М.Қаратаев «Тұрмыс-салт жырларының білгірі» десе, «Ғибратты ғалымдығын» М.Базарбаев көрген екен. «Көрнекті ғалым» ретінде танытқан А.Шамкенов болды. «Ұлттық дәстүрдің Геродоты» дегенді С.Садырбаев тілге тиек етсе, «Халық поэзиясының Құлагері» деп тізімдеген М.Әлімбаев екен. Мұндай тілек-аталымдар Б.Уақатовтың ғұмыры жайынан ғана хабар бермесе керек. Ол сонымен қатар оның әбден шыңдалған шынайы тұлға екеніне жетелейді деп білеміз. Бәрімізге белгілі қазақ әдебиетінің алты томдық тарихы қазақ халқының өткенін түгендеген еңбек болды. Ал Б.Уақатов соның үш томына автор ретінде қатысыпты да, бірер томына жауапты шығарушы ретінде белсенділік танытыпты (Р.Сарғожин).
Б.Уақатовтың тағы ерен еңбегі қазақтың халық өлеңдеріне ғылыми талдау жүргізгендігі болды. Ол жайтты оның өзі де байқатады: «Қазақ өлеңдері – ауыз әдебиетінің өзге үлгілеріне қарағанда көп түрлі, көп салалы жанр. Мұнда ескі, көне эпостық шығармаларға негіз болған салт жырларынан бастап, халықтың күнделікті күн көріс тіршілігінен туған өлеңдер де, сондай-ақ ел тұрмысын, оның әр шақ, әр кездегі қуанышы мен күйінішін көрсететін қара өлең, тарихи өлеңдер де бар. Мұның түп төркіні біздің жыл санауымызға дейінгі көне дәуірлерден басталады». Шын мәнінде жеті бөлімдік еңбекке ғылыми тұжырым жасалған екен (Пайдаланылған еңбек тізімінен 367-сіне сілтеме берілгенін байқадық). Еңбектен қазақ халық өлеңдерінің жиналу, зерттелу жайынан хабар алып, жанрлық сипаты мен саралау мәселесіне танық боласың. Ал өлеңдердің тақырыпталуы қазақ тарихының мол белесінен хабардар ететіні сөзсіз. Еңбек ақиқатын М.Әлімбаев жеткізеді: «Бекмұраттың «Қазақтың халық өлеңдері» деген кітабын қарап шықтым. Басқа да кітаптары бар, соған қарағанда Бекмұрат жаңбыр-жаңбырдың арасымен халыққа керек ұлттық сананы оятудың кітап тіліне жатады-ау дегендерді қиыстырып айтып кеткен. Поэзияда жүрген жігіттерге Бекмұраттың осы кітаптары оқулық секілді болды. Балалар поэзиясында, халық поэзиясында жүргендер Бекмұраттың кітабына қарап алып, өлеңдердің түр-түсін, көркемдік қуатын таныды. Бекмұраттың сол кездегі кітабын оқыған адам қазақтың ұлттық санасының оянуына халық фольклорының үздіксіз жасап келе жатқан әсерін сөзсіз ұғады» [82]. Қалай болғанда да, «Өлеңнің көркемдік өрнегін, өлең поэтикасын зерттеу – қазір фольклортану саласында әлі де болса кең өріс тауып, жан-жақты сөз бола қоймаған проблема» деп өзі көрсеткендегідей шаруа болғандығы анық. Дей тұрғанмен мұны Б.Уақатовтың қайта айналып соғып, жеке монография арнағандығымен жауап бергенін ұққандаймыз [83].
Б.Уақатовтың өзі де М.Әлімбаевқа қарата «Сыршыл ақын» деп тіл қатқан. Оның әдемі әуезді өлеңдерінің қалтарыстарын қалыпқа сала талдаған. Мұндай талдауды А.Шамкеновке де арнайды: «Аманжол өлеңдерінде жылы лебізбен жазылған көңілге қонымды жырлары баршылық» - дей отыра, әдеби тіл мен сөз байлығына немқұрайдылау келген тұсын «Ақынның қайсыбір сәтті деген өлеңдерінің ішінде де оқшау, орынсыз жүрген сөздер көп қайталанады» дегенді алға тартады. Мұндай соны пікірлер Б.Уақатовтың әр мақаласынан, әр тұжырымдарынан білініп тұрады. Жоғарыда айтқанымыздай, Б.Уақатов әдебиет жанрында жүрген ақын-жазушыларымыздың шығармаларын сыншы ретінде таразылап отырған. Кез келген шығарма жетістігі сын арқылы жетілетінін ескерсек, айтары бар ғалымға неге тұсау қоямыз?
Ғалым бір мақаласын Құсайынов Шахметке арнапты: «Қазақ совет театр өнеріне ширек ғасыр өмірін сарп етіп, бірқыдырау жемісті еңбек сіңіріп келе жатқан драмматургтеріміздің бірі Құсайынов Шахмет, - дей келіп, Академиялық театр сахнасында қойылып жүрген пьеса туралы – Меніңше, «Ертіс жағасында» атты пьеса (демек, оның спектаклі де) идеялық-көркемдік мақсатына әлі жетпеген шығарма. Оны жазған автор да, қойған театр да декадаға әзірлік үстінде сәтсіздікке ұшыраған» - дейді. Әрі оны нақты кемшіліктерін саралап түсіндіреді. Дәл осындай кемшін тұсын көрсеткен тағы бір мақала «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған екен. «Құнсыз повесть» деген атпен жарияланған мақала А.Хангелдиннің «Біздің оттарымыз» атты повесін талдайды: «Мәселе бір-ақ істің күрделігінде ғана емес, сол күрделі істің көркем шығармаға арқау болып, адам характерін ашуға мүмкіндік жасауында ғой. Адамдардың өзіндік іс-әрекетімен, мінез-құлқымен, натурасымен дараланып көрінуі көркем шығарма үшін басты шарт екені белгілі. Осы жағынан алып қарағанда, А.Хангелдиннің повестін сәтті шығарма деп атау қиын. Бұл шығармада типтілік дәрежеге көтерілген бірде-бір адам образы жоқ. Геройлар толғану, ойлану, күмәндану, құбылу дегенді білмейді». Әрине, «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегенге салсақ, аталған тұлғалардың өздерінің шығармасы туралы шыққан сыни мақаладан соң, көшін түзегендердің қатарынан табылғанына қазіргі уақыт куә.
Тағы бір айтар жайт, оның әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары өз алдына жеке жүк болар тақырып екені даусыз. Бізге бұл мақалалық дүниелердің айтар базынасы қазыналы болып көрінді. Сондықтан да әдебиетке қатысы бар әмбебап тұлғалар жайлы қозғаған ойларына ой жүгірттік. Бізді «Өмір және шығарма» атты толғауға толы мақаласы тәнті етті. Әрі бұл мақала 1959 жылы өңірлік «Қызыл ту» газетінде жарияланғанымен тартты. Мақала қазақ халық жазушылары С.Мұқанов, М.Әуезов және Ғ.Мұстафиннің танымал романдарына не итермелегенін ашуымен құнды. Бәлкім, қазіргі күні әбден қаузалған дүние сияқты болып көрінер. Ал осыдан алпыс жыл бұрын мұндай тұжырымды кез келген әдебиеттанушы ғалым ұсына алмайтын. Сондықтан тарихқа тағы бір үңілсек, ұтыла қоймаспыз [84].
«Ботакөз» шығармасының жазылуына түрткі болған мәселе – Орынбор рабфагінде оқитындар кілең кедейлер арасында кезінде 1916 жылғы патшаға әскер жинауда «алғырлық» танытқан, қазаққа жаны қас адамның ізденіске түскені арқау болады. Суреті арқылы оны тексеруші адамдар табады да, жаза да кеседі. Осы жайт, яғни кедей атын жамылған адамның харектері С.Мұқановты он-он бес жылдай толғантқан екен. Жазушы шығарма жазу барысында, көтеріліс болған жерге әдейі барып, кейіннен 200-ге тарта хат-хабар алмасыпты.
М.Әуезовтің роман-эпопеясының орны тіптен бөлек. «Қазақ халқының ұлы ақыны Абай өміріне арналған бұл тамаша туындыны жазуға М.Әуезов өзінің творчестволық өмір жолының көптеген жылдарын арнады. Абай Құнанбаев туралы, оның төңірегінде болған адамдар туралы көп-көп материалдар жинады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында болған тарихи ірі оқиғаларды зерттеп, әдеби қорытынды жасады. Абайдың басынан өткен, өмірде болған үлкенді-кішілі оқиғаларды арқау етті. Сөйтіп, қазақ өмірінің аса бағалы мәліметтерін пайдалануда жазушы үлкен шеберлік көрсетіп, төрт томдық романда суреттелген қат-қабат, үрдіс-үрдіс оқиғалар тізбегін шындық тұрғыда суреттеп берді» - депті Б.Уақатов [85].
Б.Уақатов «Қарағанды» романының жазылуындағы жазушының тарих пен өмірлік фактілер пайдаланудағы шеберлігін көрсете алған. Сөйтсек, шығарма кейіпкерлері Ғ.Мұстафиннен алшақ болмаған екен. «Бір қызығы, жазушы осы аталған адамдардың бәрімен де бірге жүріп, бірге болған екен. Ғабиденнің өзі бірнеше жыл бойына Қарағандыда тұрады. (Кейіпкерлердің) ағалық, ұстаздық тәрбиесін көріп өседі. Тегінде, Ғ.Мұстафин нақтылы деректерден өзгеше сыр-сипат табуға шебер-ақ. Тарихтық бай материалдармен бірге автор өз өмірінің шындығын өте орынды жанастырып, нық байланыстыра біледі. Бұл жазушы үшін аса бағалы, анық құрмет».
Жарты ғасырлық ғұмырында Б.Уақатов қазақ әдебиеттануының сүбелі салаларын есейтті. М.Әуезовке кім-кімнің де жақын болғысы келді. Жақын жүрді де. Бірақ солардың көбі М.Әуезовтің сол қатарында болады екен де, Б.Уақатовты ғұлама жазушы оң жағында ұстап, әсте қалдырмайды екен. Себебі де бар шығар. Шәкіртінің де жауабы жұқалтаң болмады. Ұстазы артқан мінберден өмірінің соңына дейін түскен жоқ. Тіпті, достарының арасында «Әуезовшіл» атанған да сол болатын. Мұның да өзіндік себебі болыпты: «Әуезов жайлы талай пікірталас жасады да, қалпақтай ұшырды. Мұқаң жайлы Уақатов білгеннің мыңнан бірін, білмей, менің де жауырыным талай жерге тиді» - депті Ә.Ыдырысов [86]. Ал сол М.Әуезовті әспеттеген Б.Уақатовты біз біліп жүрміз бе деген сауал жауабын күтуде сияқты болып көрінеді.