Павлодар, 2020

Б.Уақатов еңбектеріндегі контактология мәселелері


Халықтың шындық, әділет, ақиқат ұранын алтын арқау еткен қазақ әдебиетіқалың қауым арманының шапағатты нұрынан жаратылған, ең үздік дәстүрлерді ілгері жалғастырған, адам баласы қан-қазынасына толымды қор қосқан жерлесіміз, ғалым, қазақтың жалпы әдебиеті және тарихы, оның теориялық проблемаларын зерттеуші Бекмұрат Уахатовтың әдебиет проблемалары мен фольклорлық мәністерді зерттеуде ерен еңбегімен, әрі ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруда аса жоғары қабілетімен көрінген қайраткер мұрасының ескерілусіз қалуындағы олқылықтарды екшелеу өзекті. Ұлт әдебиет үлгілерінің өзара әсері мен бірін-бірі құнарландыруы, жанрлық формалардың дамуы мен баюы, үздік жетістіктер мен дәстүрлердің ортақ игілікке айналуы, асылында, қазіргі әдеби процестің негізгі тенденциясы екендігіне дау жоқ. Ұлтымыздың рухани төлқұжаты болып табылатын қазақ әдебиеті аз уақыт ішінде аса шапшаң даму кезеңдерінен өтіп, кемелденген өнерге тән жанрлық салалардың бәрін тудырып, жетілді, өрлеу бағытында реализмнің кең, даңғыл айдынына шықты.

Университетте оқыған студенттік-шәкірттік кезден-ақ әдебиет зерттеушілікке бейім болған Б.У.Уахатов, өзінің бұл орайда шын қабілетін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасының аспирантурасында оқып жүрген жылдарда айқын танытқан еді. 50-жылдардың аяқ кезінде-ақ ол төл әдебиетіміздің әлі де терең зерттелмеген теориялық проблемаларымен түбегейлі айналысты. Әсіресе, әдебиетіміздің көркемдік қыр-сырларына: мінездеу, портреттеу, сюжет, композиция, лирикалық шегініс, өмір шындығын бейнелеу, типтендіру, саралау, авторлық сипаттау, шегініс, диалог, монолог мәселелеріне ерекше ден қойды.

Б.Уахатов өзінің кандидаттық диссертация тақырыбы негізінде М.Әуезовтің, С.Мұхановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ғ.Мұстафиннің романдық туындыларындағы көркемдік, шеберлік қыр-сырларын нақты мысалдарға сүйене отырып зерттеді. Әсіресе, ұлы романшы М.Әуезовтің шеберлік сырларына барынша үңілді. Соның нәтижесінде жас ғалым «Абай жол» романының көркемдік ерекшеліктері» деген үлкен ғылыми-зерттеу мақала жазып, оны «Қазақ ССР Ғылым академиясы хабарларының» 1960 жылғы бірінші санында жариялатты. Бұл зерделі мақалада Б.У. Уахатов дана жазушының көркем бейне жасаудағы хас шеберлігін тамаша дәлелдеді. Сол, 1960 жылы «Қазақ ССР Ғылым академиясы хабарларының» №2 жинағында оның «Көркем әдебиеттің сюжеті мен өмір шындығының байланысы» атты екінші ғылыми-зерттеу мақаласы жарық көрді. Б.Уахатов онда М.Әуезов, С.Мұханов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиннің романдары сюжеттерінің өмір шындығынан ойып алынған оқиғалар желісі екендігін жан-жақты ашып берді. Бұл орайдағы әр қаламгердің өзіндік сюжет жасау шеберліктерін нақты мысалдармен алға жайды.

Б.У.Уахатов сол тұста жазған «Характер жасау шеберлігі», «Портрет жасау шеберлігі» атты ғылыми зерделі, танымды, теориялық толғамды мақалалары да жас әдебиетшінің салиқалы сыншылық дарын-талантын айқын танытты. Бұл қасиет сапасын Бекмұрат Уахатұлы Уахатов өзінің «Романдағы характер», «Лирические песни», «Абай жолы» шеберлік жолы», «Халық ақындарының импровизаторлық өнері» деп аталатын көлемді кітаптық ғылыми-зерттеу еңбектерінде одан әрі жетілдіре түсті [87]. Осы аталған кітаптық мақала-зерттеулерде қойылған, көтерілген, түйінделген теориялық тұжырымдар мен ғылыми ойлар, пікірлер,қағидалар күні бүгінге дейін өз мәндерін жойған жоқ. Мәселен, ғалым Б.У.Уахатов «Абай жолы» шеберлік жолы» деген мақаласында Мұхтар Омарханұлының туындысын әділдікпен, біліктілікпен, танымал сыншылықпен жан-жақты сөз ете келіп, былай деп жазды: «Совет елінің сүйікті суреткері, жазушылық шеберлігі әбден кемелденген зор талант иесі М.О.Әуезовтің Абай туралы жазған 4 томдық романы қазақ совет әдебиетінің теңдесі жоқ тамаша шығармасы! Бұл туынды - бүкіл совет әдебиетінің, қала берді, бүкіл дүниежүзі әдебиетінің ірі табыстарының бірі». Жиырма сегіз жастағы Уахатов әлі көп сыншы батыл айта алмаған осындай бағамен қоса, Әуезовтің ол туындысын: «Эпопея – шын мәніндегі нағыз халықтық реалистік шығарма! Мұнда қазақ халқының жарты ғасырлық өмірі қамтылған ғажайып дәуіп шындығы бар» деп дәл бағалады [88].

Б.Уахатов 60-жылдары қазақ әдебиеті проблемаларын теориялық-танымдық жағынан тереңдей зерттеумен қоса, қазақ әдебиетінің жеке өкілдерінің шығармашылық қыр-сырларын саралай қарастыруға, сол әдебиет өкілдерінің таланттарын зерделеуге көп көңіл бөлді. Бұл орайда оның мына зерттеу, сын мақала-еңбектерін атай аламыз: «Б.Кенжебаев», «К.Азербаев», «Ж.Тілеков», «З.М.Бабур», «Жамбыл мен Әуезов». Сөйтіп, ол әдебиет саласына белсене араласқан сыншы ғалымдар легіне қосылды. Б. Уахатовтың әдеби-сын зерттеу еңбектері тұтас жинақталып, 1969 жылы «Таланттар, туындылар» деген тақырыппен жеке монографиялық еңбек болып жарық көрді [89]. Бұл еңбегінде ол қазақ әдебиетінің классигі, кемеңгер жазушы М.О.Әуезовтен бастап, кейінгі буын аға ақын-жазушыларымыз Т.Аханов, С.Мәуленов, М.Әлімбаев, А.Шамкенов, М.Сүндетов, Р.Тоқтаров, С.Жүнісов және басқа да қаламгерлер туралы толғаныстарын ортаға салып, өзіндік шығармашылық сырларын ашты.

1967-1969 жылдар аралығында Б.Уахатов ұлы жазушы М.О.Әуезовтің туындыларының он екі томдық шығармалар жинағын құрастырып, баспаға дайындау жұмысына қатысты. Содан кейін ол ұлы қаламгер М.О.Әуезов туындыларының 20 томдығын әзірлеушілер тобына қосылып, ұлы суреткер туындыларының түсініктерін жазушылардың, текстологиялық жұмыстармен шұғылданушылардың бірі болды. Сөйтіп, бұл көптомдықтың 1, 2, 3 томдарын шығаруға өзі тікелей қатысты. Бұл күрделі жұмысты толайым аяқтасуға оның «өз ауылындағы» фольклорлық шаруа ақсап қалатын болып, мүмкіндік бермеді. Бірақ, соған қарамастан М.О.Әуезов шығармаларының түсініктемелік жұмыстарын жасауға бастан-аяқ қатысты.

Б.У.Уахатов қазақ әдебиетінің проблемаларымен жан-жақты айналысқан ғалым болды. Ол қазақ әдебиетінің алты томдық тарихын жазысуға белсене ат салысты. Оның үш томына автор ретінде қатысып, бірінші томының екінші кітабына жауапты шығарушы болды. Сондай-ақ, ол өмірінің көп уақытын қазақ фольклорын жинастыруға, соны туындыларды жарыққа шығаруға,жинақталған фольклорлық туындыларды заман талабына сай зерттеп-саралауға бөлді. Оның тікелей қатысуы және басшылық етуімен қазақ ертегілері мен қазақ эпосының алты томдығы жарық көрді. Бұл белгілі фольклоршы ғалымның қазақ ауыз әдебиетінің ең озық, ең үздік үлгілерін жарыққа шығаруға – көптомдықты дайындауға қосқан алғашқы салмақты үлесі еді. Осы негізде ол өзінің көзі тірісінде «Ақындар жыры» (1962), «Пернедегі термелер» (1965), «Казахский фольклор» (1969), «Қазақ фольклористикасы» (1972), «Жар-жар» (1978), «Қазақ халқының тарихи жырлары» (1979), «Қазақ фольклорының типологиясы» (1979) атты ұжымдық еңбектерді шығаруды ұйымдастырды.

Қазақтың халық қазынасы жайлы Б.Уахатов басшылық жасап жинастырылған, зерттеуден өткізген, саралап құрастырып, жарыққа шығарған жоғарыда аталған еңбектер салмақтаса, әрине, әлденеше жүз баспа табақ. Ал олардың мән-мағынасы, құны ше?! Кезінде бұл мұралардың құны мен атқарарлық қызметі жайында республика баспасөзі кеңінен жазды. Олар жайында: «Социалистік Қазақстан» газетінде «Төрт ғасыр жырлайды» (1962 ж. 18 қаңтар); «Лениншіл жас» - «Жас алаш» зазетінде «Асыл қазыналарды аралатқан» (1974 ж. 24 қараша); «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жар-жар» - той жыры (1979 ж. 20 шілде) деген тақырыптарда материалдар жарық көрді. Ол материалдарда сол еңбектерді шығарушылардың қыруар еңбектері мадақталды. Бұл Б.У.Уахатов атына да айтылған мадақтау еді.

Ғалым Б.У.Уахатовтың өмірінің соңғы жылдарында аса ден қоя зерттеген бір тақырыбы – халық ауыз әдебиетіндегі қазақтың халық өлеңдері. Осы проблемаға қатысты өзінің зерттеулерінің нәтижелерін ол «Халық өлеңі», «Дәстүрлі халық өлеңдері және оның қазіргі даму жайы»атты көлемді ғылыми-зерттеу мақалаларында алға жайды. 1974 жылы «Ғылым» баспасынан оның «Қазақтың халық өлеңдері»деген атпен монографиялық еңбегі жарық көрді [90]. Бұл еңбегінде фольклоршы ғалым-зерттеуші халық өлеңдерінің алғашқы шығу тарихына-генезисіне көз тастап, оның жанрлық функционалдық ерекшеліктерін ашты. Тұтас бір жанрдың жалпы даму тенденциясын, үрдісін анықтады. Ол үшін автор көптеген тарихи-этнографиялық, фольклорлық, тіпті, археологиялық материялдарға сүйенді. Фольклористің бұл зерттеу еңбегіне көрнекті ғалымдарымыз Т.Нұртазин, Р.Бердібаев, Н.Төреқұлов, С.Садырбаев, Т.Жұртпаев аса жоғары баға берді.

Б.У.Уахатов қазақтың ауыз әдебиетінің айдыны – халық өлеңдері жөнінде 70-жылдардың аяғына таман ондаған дербес ғылыми-зерттеу мақалалар жазды. Ол мақалаларда әдебиетші ғалым халық өлеңдерін сан салаларға бөліп саралап, олардың әрқайсысының туу тарихына-генезисіне, даму үрдісіне, кемелдену сатыларына ғылыми пікірлер айтып, талдаулар жасады, тұжырымдар шығарды. Автордың ол мақалалары да «Қазақтың халық өлеңдері» деген атпен «Ғылым» баспасынан жеке еңбек болып жарық көрді. Осы тақырыпты ол өзінің докторлық диссертациясына негіз етті. Сонымен, «Қазақтың халық өлеңдері»деп аталатын ұланғайыр тақырыпты – күрделі проблеманы ауыз әдебиетінің майталман білгірі, білікті зерттеуші Бекмұрат Уахатов өз еңбегінің зерттеу объектісі етіп алды. Оны жанрларға бөле қарастырып, зерттеді. Типологиясын айқындады. Соның ішінде халық өлеңдеріндегі тұрмыс-салт жырларына айрықша көңіл бөліп, оның көне дәуірлік генезисінен бастап ғылыми-зерттеу жүргізді. Соның нәтижесінде ғалым қазақ әдебиеті ғылымына елеулі үлестер болып қосылған сара да дара зерттеулерді дүниеге әкелді. Осындай еңбектің бірі – 1983 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрді. Б.У.Уахатов «Қазақ тұрмыс-салт жырларының типологиясы» атты ғылыми монографиясы [91]. Ол кітап жайында, сол туындының жауапты редакторы болған Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі З.А. Ахметов былай деп жазды: «Филология ғылымдарының докторы Бекмұрат Уахатовтың монографиясында қазақтың тұрмыс-салт өлеңдеріне неғұрлым дәл де дәлелді зерттеулер жүргізу мақсатымен, оны туыстық тарихы тереңде жатқан қырғыз, қырықалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қарашай, алтай халықтарының жырларымен салыстырған. Бұл ретте автор советтік фольклортану ғылымында кең қолданылып жүрген ұқсастықтың үш түрлі типін таратып, оны қалай түсініп, қалай іске асырудың нақты мысалдарын ұсынған. Сюжеттік ситуацияның ролі, композициясы, оның жасалу жолдары мен түрлері...көркемдік ерекшеліктері анықталған. Қысқасы, тұрмыс-салт жанрының поэтикасын тарихи-салыстырмалы тұрғыда зерттеудің нәтижесінде, бұл жанрдың шығу тегіне, оның көне үлгілері мен даму стадияларына арнаулы талдаулар жасалады» [92]. Сөйтіп, бұл зерттеуі арқылы да Б.У.Уахатов қазақ ауыз әдебиетінің арғы шығу тегін (генезисін), бұл өнердің поэтикалық құрылысын, жанрлық жүйесін, көне мифологиясын айқындап берді. Оны өзге халықтар ауыз әдебиетімен салыстыра қарап, олардың өзара байланысындағы ортақ заңдылықтарды ашты. Бұл фольклор ғылымына қосылған зол үлес болды.

Қазақ фольклористика ғылымының күрделі проблемаларын шешісіп, үрдісін айқындасқан, бұл салада Әуезовтік дәстүрді лайықты дәрежеде әрі жалғастырған ғалым Б.У.Уахатов 1970-жылдардың екінші жартысында қазақ ауыз әдебиетінің негізі болып табылатын халықтың тұрмыс-салт жырларының түпқиянын, табиғатын тереңдей зерттеу ісімен түбегейлі айналысты. Ауыз әдебиетінің өзге түрлері сияқты тұрмыс-салт жырларының да тумысынан қазақ халқының бастан кешкен өмір тарихының көркем айнасы екенін дәлелдеумен қоса, автор өзінің зерттеулерінде сол жырлардың тұтас болмысында халықтың қаншама заманалардан бергі әдет-ғұрпы, салты, мінез-құлқы, өмірге көзқарасы жайлы философиялық ой-толғамдары, түйін-тұжырымдары жатқандығын айшықты түрде көркемдікпен тереңдей дәлелдейді. Оның мысалдарын халқымыздың сонау ескі замандардағы пайдаланған ауыз әдебиеті – жыр, мақал-мәтел, жұмбақ, тақпақ, жаңылтпаш, нақыл сөз, ақыл сөз үлгілерінен тапты. Сөйтіп, ғалым ауыз әдебиетінің тұрмыс-салт жырлары түрінің де түпқиян-генезисін қазақ фольклористикасы ғылымында алғашқылардың бірі болып ашты. Ғалым мұның қыр-сырын ашуды – қазақ халқының ықылым заманнан бергі ұлттық бейнесі түйінделген тұрмыс-салт жырларының мәнін ашуды, кейінгі ғасырларда жасар ұрпақтарға аманат сый деп білді. Мұны мәңгілік мәдени ескерткіш жасау деп ұқты. Фольклордың бұл қырын тереңдей ашу – халықтық педагогиканы жас ұрпақ санасына сіңіру деп түсінді. Бұл мәністер осы орайдағы үлгі Әуезовтік пайымдаулармен тікелей байланысты еді. Б.У.Уахатов соны іске асырды [93].

Б.Уахатов өзінің көзі тірісінде қазақтың тұрмыс-салт жырлары жайлы зерттеп, түйгендері бойынша көлемді ғылыми еңбек жазуды жоспарлаған екен. Оны тек жоспарлап қана қоймай, зерттеп, жинаған материалдарын бес салаға бөліп дайын етіп те қойыпты. Ғалым болашақ зерттеу еңбегін: «Өмір өртектері», «Сөз өнерінің сиқырлы күші», «Ата-бабалар салты», «Халық лирикасы» және «Жаңарған жыр табиғаты» деген тарауларға бөлген екен. Бірақ, ол ойын жүзеге асыра алмай, беймезгіл дүниеден өтіп еді. Әдебиетші ғалымның сол еңбегін «Рауан» баспасы қызметкерлері зерттеушінің жұбайы Дыбыс Қазбекованың көмегімен, 1991 жылы «Жазушы» баспасынан «Көркемдік ізденістер» (әдеби сын мақалалар жинағы) және 1993 жылы «Алтын бастау» деген атпен монографиялық еңбек етіп басып шығарды. Олар ойластыра келе, ғалымның зерттеулеріндегі, бұрын жарық көрген монографияларындағы айтылған кейбір жайларды қысқарта отырып, оның қолжазбаларын: «Өмір өрнектері», «Сөз өнерінің сиқырлы күші», «Ата дәстүрі, ата салты», «Халық лирикасы» деп аталатын төрт тараулы кітап етіп шығарды. Бірақ одан зерттеуші марқұмның алдына қойған: қазақ халқының ықылым заманнан бергі, тіпті, көне түріктерден де арғы, тұрмыс-салт жырларын тұтастай жинақтасам, ғылыми зердеден өткізіп талдасам, халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап келе жатқан көне қазынасын алдағы ғасырлар ұрпақтарына мирас ретінде өткізсем деген түбегейлі мақсатына еш нұқсан келген жоқ. Б.Уахатовтың «Алтын бастауы» атына лайық «алтын қазына» жиынтығы болып, фольклор ғылымына өз сабағымен қосылды [94].

Зерттеуші-ғалым Б.Уахатов өмірінің жиырма жылдан астам уақытын қазақтың көне асыл мұрасы, теңдесі жоқ рухани байлығы – ауыз әдебиетінің сан қырлы проблемаларын зерттеуге арнады. Қазақ фольклорының түпқиян төркінін қопара ақтарып, оның үлгілерін сонау бағзы заман мирастарынан іздестірді. Бұл проблеманың астарын тереңнен ашуға ол М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімін басқарған жылдарда ерекше мән берді. Ғалым ауыз әдебиетіміздің қай түрінің болсын көне үлгілерін шартараптардағы мұрағаттардан, мұражайлардан, ел аузынан ғана жинастырып қойған жоқ, оларды түрлі ескі жазбалардан, көне археологиялық, этнографиялық мирастардан іздестірді. Табылған қазыналарды дер кезінде зерттеуді, саралауды, жіктеп-топтап отыруды ыждаһаттылықпен іскер ұйымдастырды. Оларды дер кезінде жеке-жеке томдар, кітаптар, жинақтар етіп жарыққа шығарып отыруды жүзеге асырды. Тікелей өзі жетекшілік жасап «Батырлар жыры», «Қазақ ертегілері», «Қазақ эпосы» сияқты таңдаулы еңбектер жинақтарын бастыртып шығарды. Бұл еңбектер бір жағынан, жоғарыда көрсетілгендей, бұрын жарық көрген алғашқы алты томдық пен кейінгі көптомдықтың негізгісі болды, екінші жағынан халқымыздың ауыз әдебиетін жұртшылыққа кеңінен танытқан мәні өшпес мирастар болып қалды.

Б.У.Уахатов тек танымал әдебиетші ғалым, білікті фольклорист қана емес, сонымен қатар қаламгер жазушы да, көркем ой, көсем сөз шебері – публицист де. Ол 1950-1960 жылдарда аспирантурада оқи жүріп, көркем творчествомен айналысты. Сол жылдарда республикалық балалар, жастар баспасөзі беттерінде, Ақмола, Павлодар облыстық газеттерінде оның әңгімелері, пъесалары жиі-жиі басылып тұрды. 1961 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан «Амантай» атты көркем суретті кітабы басылып шықты. Б.У.Уахатовтың «Лениншіл жас» (1956 ж. 30 ноябрь) газетінде «Түтін», «Қазақстан пионері» (1957 ж. 27 февраль) газетінде «Мақтаныш», «Тың өлкесі» (1965 ж. 6, 7, 8 апрель) газетінде «Тыныштық» пъесалары мен «Пионер» (1951 ж. №6) журналында «Сын», «Балдырған» (1959 ж. №4) журналдарында «Мұқанның мінезі») және «Жолда» (1960 ж. №10), «Қазақстан пионері» (1963 ж. 18 декабрь) газетінде «Күнге сапар», «Қызыл ту» (1959 ж. 20 март) (Павлодар облыстық) газетінде «Құрбының сыры» атты әңгімелері жарық көрді. Жас қаламгердің бұл көркем шығармалары тұтасымен бүлдіршіндер мен жасөспірімдер өмірін, солардың болмысын бейнелеуге арналған. Мазмұны, сюжеті, оқиғалары жастар тіршілігінен алынған шағын көлемді шығармаларында, Бекмұрат Уахатов өз кезеңінің уақиғаларына көркемдік үн қосты. Сол уақыттың жас ұланының тіршілік тынысын, жан сезімін, көңіл күйін, өмір үшін күресін нанымды бейнелейді. Ол өз замандастарының шынайы жан сезіміне бойлай кіріп, солардың қылық, қаракеттерін шыншылдықпен көрсетті. Б. Уахатов пъесалары мен әңгімелерінің сюжері, оқиға желісі, кейіпкерлер характері сол уақыттың тыныс-тіршілігінен алынды. Автор әр туындысына белгілі бір идеяны берік қазық етіп ұстанды. Кейіпкерлерінің бейнесін іс-әрекеті арқылы сол идеяны лайықтай сомдады.

Мәселен, Б. Уахатов өзінің «Сын» атты әңгімесінің сюжетін жас ұрпақты әділетті болуға тәрбиелеу идеясына орай тартысқа құрды. Негізгі кейіпкер Серікті өзімен-өзі іштей күресу үстінде шыңдады. Ол қанша қимағанымен, қылмыс жасаған жан досының әрекетін іштей кешірмеді.Автор «Мұқанның мінезі», «Жолда», «Қарақат» атты әңгімелерінде мектеп жасындағы балалар өмірінің небір қызық сәттерін, ойнақы қылықтарын, мінез күйлерін суреттейді. Бекеңнің «Күнге сапар» атты әңгімесі шағын повесть жүгін көтеріп тұрған туынды. Ол – қою сюжетті, жағымды-жағымсыз кейіпкерлі шығарма. Онда соғыс кезінде ересектер жүгін арқалаған балалар өмірі, олардың тылдағы еңбегі суреттеледі. Атын борбайлатып, ылғи шапқылап жүретін Бекболат бригадирдің бейнесі – дойыр, ұрыншақ жанның бейнесі. Ал сол шығармадағы адуынды сөйлейтін Қазиза келіншек болса, шынында жаны нәзік, ақжүрек ана. Қанша қатігез болғысы келгенімен, ол мына жетімектерді жеме-жемге келгенде дөрекі бригадирдің тәлкегіне бермей, ара түседі. Бесінші класс оқушылары Қажымұрат пен Асхат, бірі – ертеңгі күні шаруа жүгін қайыспай көтергелі тұрған жан да, екіншісі – ісіне мығым болашақ маман [95]. 1950-60 жылдардағы қазақ жастарының өмірі Б.Уахатовтың пъесаларында да көрініс тапқан. Оның 1956 жылы жас жазушылардың республикалық кеңесінде жақсы бағаланған «Түтін» атты пъесасы сол кезде кең етек алған шындықты жаба тоқу мен мансапқорлықты өткір суреттейді. Қаламгер «Тыңайтқыш» пъесасында тың өңіріндегі тоғышар тіршілікті әшкерелейді. Пъеса астарында хрущевтік принциптерді сынау сарыны бар [96].

Республикамызда фольклор жанрларының теориясына және жанрларды саралау мәселесіне байланысты алғаш ғылыми пікір айтушылардың бірі – Б.Уахатов. Ол өзінің «Қазақстан халық өлеңдері» атты монографиясында осы мәселенің өлеңге қатысты аспектілерін арнайы қарастырған. «Жанр – белгілі бір қоғамдық қызмет атқаратын және соған лайықты мазмұны бар, әбден қалыптасқан көркемдік форма». Жанрды фольклортанудың аса маңызды категориясы ретінде танып, оны жеке даралау жалпы фольклор табиғатының коллективтік екенін және дәстүрдің тарихта айқын роль атқарғанын мойындауымызға негізделген. Жанрдың табиғатын, мөлшерін және туыстас жанрларымен қатынасын зерттемей дұрыс қорытындыға келе алмаймыз [97].

Қазақ халқының ауыз әдебиеті өзінің көркемдік-идеялық нәрімен, эстетикалық қуат-тегеурінімен, тірі мен жанрларының молдығымен, тақырыптық және сюжеттік байлығымен, қоғамдық-әлеуметтік және тәрбиелік терең мән-мазмұнымен ерекшеленді. Ол – көне тасдәуірінде пайда болып, түркілік тұтастықты бастан кешірген, одан бері де қазақ халқының қалыптасу тарихымен біте қайнасып, бірге жасап келе жатқан теңдесі жоқ рухани мұра. Байырғы ата-бабаларымыздың наным-сенімдерінен, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен, жақсы мен жаман туралы түсініктерінен, асыл арманы, биік мұратынан жан-жақты мағлұмат береді. Әрі ұлттық рухани мәдениеттің ғасырлар тізбегіндегі тарихи өзгерісін, этникалық сана мен қарайлас жүріп өткен жолын да көз алдымызға елестете алады. Ауыз әдебиетінің шығарушысы да, таратушысы да, тыңдаушысы да – халық. Сондықтан ол халықтың өз еншісі болып табылады. Ауыз әдебиетінің осы өзгешелігі оның әлеуметтік бітімін де айқын сипаттайды. ХХ ғасырдың басына дейінгі көшпелі қоғамда туып, көшпелі қоғамның талап-талғамы мен әлеуметтік қажеттілігіне толық жауап берген ауызша сөз өнері өзінің барлық даму жолдарында айрықша жүк арқалады, көркемдігі мен әлеуметтік-қоғамдық қызметі бойынша ең биік тұғырға көтерілді.

Көшпелі қоғам мәдениетінде табан астында туып, тыңдауышысын тәнті етпеген өлеңді, мәнерін таппаған жырды өнер деп танымаған. Осындай тіршілік аясында қалыптасқан ауыз әдебиеті барлық белгілер бойынша классикалық деңгейге көтерілген. Сондықтан да қазақ халқының ауызша сөз өнері отырықшы елдердегі көп өнердің бір тармағы ретінде дамыған фольклорлық шығармашылықтан оқшауланып тұрады. Көшпелі қоғамда фольклор белгілі бір әлеуметтік топтың ғана шығармашылығы емес, жалпы халықтың ханы мен қарасына, батыры мен биіне, байы мен кедейіне ортақ өнер, әмбеге тиесілі мұра. Бұған себеп күнделікті тіршілікті өнер дәрежесіне, кез-келген құбылысты бейнелі де, бедерлі жеткізуге дала перзентінің бейім тұруы еді. Қазақ даласындағы көшпелі қоғам мәдениет пен ғылымның бірақ салаларынан кенжелеп жатқанымен, ауыз әдебиетінің таңқаларлықтай тұтас, қоғамдық дәрежеде дамуына мейлінше толық жағдай жасады.

Ауызша айту фольклордың тек қана шығарылу, таралу жолы емес, бүкіл қоғам тарапынан қолдау тапқан өнердің басты шарты болды. Үлкен де, кіші де ауызша өнер дәстүріне дағдыланды. Жасынан санасына сіңіріп, соны ғана мойындады. Бүкіл қоғам ауызша өнер мектебі болды. Осыған лайық ауыз әдебиетінің көтерген жүгі де орасан зор еді. Халықтың тарихи зердесі, философиялық ой түйіндері, педагогикалық тәжірибесі, адамгершілік нормалары, кәсіптік әдебиетке тән көркемдік сұраныстары, театрлық өнерге тиесілі есесі ауыз әдебиетіне жүктеледі. Іс жүзінде оның араласпайтын саласы қалған жоқ. Шілдеханадан бастап, рулар арасындағы дау-дамайға, бесік жырынан бастап жоқтауға, ем-домнан бастап лирикалық өлеңдерге, ырым-түсініктерден бастап қоғамдық дүниетанымдық аңыз-әңгімелерге, мифтік сенімдерден бастап қоғамдық ой-пікірлерге дейінгінің бәрі де фольклорда тоғысты. Сондықтан да ол қай аманда да белгілі бір топтың (немесе таптың) ғана мұрасы болған жоқ. Бұған өткен қоғамдарда қазақ ауыз әдебиеті туралы пікір білдірген адамдардың әр түрлі мамандық иелері болуы да дәлел бола алады. Олар өздеріне қажет елдердің тарихы, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, мінез-сипаты, дүниетанымы, моральдық-этикалық нормалары, заңдары, діні, дәрігерлік тәжірибесі, қару-ажар, киім-кешек, жер-су, мекен, тау-тас, көл, өсімдіктер мен жануарлар туралы мәліметтерді алдымен осы фольклордан тапқан. Фольклор – халық мұрасы, ұлттық өнер және ол сол халықтың әлеуметтік тағдырымен, өткен-кеткен тарихымен. шаруашылық бейімділігімен (отырықшы, көшпелі) тығыз байланысты. Осыған лайық ауыз әдебиетінің әр халықтың тарихындағы көтерген жүгі мен даму сипаты да бірдей дәрежеде болған емес. Себебі ол барлық дәуірлерде, барлық аймақтарда, барлық халықтарда бірдей жүк арқаламаған. Оның да пайда болған, дамыған, шарықтап шалқыған, бәсеңдеген, бір жанрдың ұмытылып екіншісінің дүниеге келген кездері бар. Және бұл құбылыстар қоғам құрылымымен, жазу-сызу мәдениетімен, ғылым-білімнің салаланып дамуымен, өнердің түр-түрлерінің жіктеліп даралануымен, шаруашылық бейімділігінің өзгеруімен тығыз байланысты. Демек, фольклордың сипаты мен даму дәрежесі, атқаратын қызметі уақыт пен кеңістіктен, мезгіл мен мекеннен тыс тұрған құбылыс емес. Қай халықтың да тарихында фольклордың әдет-ғұрыптан, ырым-салттардан неғұрлым молырақ бөлініп, негізгі түрлерінің көркемдік деңгейі биікке көтерілген тұсы – орта ғасырлар. Кейбір халықтардың тарихы әлеуметтік дамуының өзгешелігіне байланысты (құлдық, әскери-демократиялық, т.б) фольклордың шарықтау кезеңі шамамен рулық дәуірдің соңы мен орта ғасырдың алғашқы жартысына сәйкес келеді. Мұның өзінде де, фольклор бітімі айна қатесіз бірдей болған жоқ. Көшпелі тіршілікті бастан кешіріп жатқан қазақ даласында болған зерттеушілердің, ғалымдардың, саяхатшылардың өздері бұрын Еуропада көрмеген жаппай әншілік, жыршылық, жыраулық, ақындық, өлеңшілік, шешендік, әңгімешілік өнерден нәр алып жатқан ұшан-теңіз ауызша байлыққа таңданып та, қызығып та қарағанын сол кездегі қолжазбалар, күнделіктер, зерттеулер, мақалалар, хаттар, экспедиция материалдары, жолжазбалар, ресми және ресми емес іс қағаздары жан-жақты растайды. Олардың бәрін де сол кезде терең талдау, ауызша өнердің мән-маңызын жан-жақты ажырату болмағанымен, көргенін көргендей куәландыру барысында қыруар іс тындырылды. Г.Н.Потаниннің «маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деуінде шындық жатыр.

Қазақ ауыз әдебиетінің қуатты қайнар көзі ауызша жырлаудың небір саңлақтарын дүниеге әкелді. Есімі тарихтан белгілі сонау ХІV-ХV ғасырлардағы Сыпыра жырау, Асан қайғыдан бастап кешегі Жамбыл, Нұрпейіс, бүгінгі халық ақындарына дейінгі аралықта ауызша жырлаған ақын, жырау легінің даңқы қазақ мәдениетінің тарихында біржола орын тепті. Бұл іс жүзінде халықтың фольклорлық мұраның ауызша даралық кәсіптік өнерге дейінгі жүріп өткен жолы еді. Авторлық ауызша әдеби мұраны ауыз әдебиетінің қатарына қоспағанымызбен, оның төл тарихы содан басталатындығына ешбір күмән жоқ. Қазақ фольклоры біздің заманымызда өткен қоғамдардағыдай дамудың қайнар көзінде, өсіп-өркендеудің ең биік сатысында тұрмағанымен қазір де ұлан-ғайыр әлеуметтік жүк арқалауда. Ұлттың рухани болмысын, мінез-сипатын, тұрмыс-тіршілік тынысын әлі сол фольклор арқылы айна қатесіз танимыз. Еліміздің тәрбиелік, эстетикалық, адамгершілік мұраттарының айқын айғағы, рухани өлшемі де сол фольклордан бастау алады.

Ауыз әдебиеті жанрлық құрамы жағынан да сан-салалы болып қалыптасты. Тұрмыс-салт өлеңдері (еңбек-кәсіп, аңшылық, үйлену, жерлеу салты, наным-сенім т.б.) ертегілер, аңыздар, әпсаналар, мифтер, эпостық жырлар, тарихи өлең, қара өлең, лирикалық өлең, өтірік өлең, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, айтыс, шешендік сөздер, жаңылтпаштар, драмалық үлгідегі шығармалар. Міне, ауыз әдебиетінің негізін құрайтын осы бір жанрлардың өзі бір ары қарай түр-түрге бөлініп кете береді. Бұлардың қай-қайсысы болса да сөзбен айтылатын шығармалар және олардың негзі құралы - сөз. Сондықтан, ауыз әдебиеті – ең алдымен, сөз өнері. Рас, ауыз әдебиетінде сөзден басқа әншілік, орындаушылық өнер де айрықша қызмет атқарады. Ақындық, музыкалық және театрлық шығармашылықтың мұнда қабаттаса қолданылуы табиғи жағдай. Алайда, ауыз әдебиетінде сөзден басқа өнердің түрлері қосымша қызмет атқарады. себебі, ауыз әдебиетіне жататын шығармалардың көркемдік мән-маңызы, эстетикалық қуаты, тәрбиелік мәні, ең алдымен, бейнелі сөзге негізделген. Әрине, сөз өнеріне жазба әдебиет те жатады [98].

Фольклор мен жазба әдебиет айтылу, таралу ерекшеліктері және идеялық-көркемдік өрнегі бойынша бір-бірінен бөлек дүниелер. Бұл өзгешелік көркем шығарманың жаратылысындағы мезгілдік және мекендік өлшемдерден айқын көрінеді. Ауыз әдебиеті табан астынан тыңдаушыға арналып айтылатындықтан (немесе орындалатындықтан) және суырып салып шығарылатындықтан, мезгіл жағынан шектеулі болады, яғни әр жолды, әрбір шумақты, бейнелі тіркестерді, айтушының ұзақ уақыт ойланып-толғанып отыруына мүмкіндігі жоқ. Сондықтан көркем шығарманы алғаш шығарып отырған мезгіл де, оны ауызша орындау уақыты да бұл арада бірдей. Себебі, ауызша шығарма тыңдаушы алдында қолма-қол шығарылатындықтан, оны жазба әдебиетіндегідей үздік-создық, бірде жылдамдатып, бірде үзіліс жасап, ұзақ ойланып шығаруға мүмкіндік жоқ. Сөйте тұра табан астында шығарылған өлең-жырдың эстетикалық қуаты, нысанаға дөп тиіп жатқан әсерлігі, өнер ретіндегі өзгешелігі тыңдаушысын қашан да тәнті еткен. Бұл жағынан жазба әдебиеттен оның қызметі бір де кем емес. Дегенмен, ауыз әдебиетінің импровизаторлық сипаты оның көркемдің табиғатының өзгешелігін көрсетеді. Атап айтқанда, ауыз әдебиеті шығармаларында ортақ сюжеттер, сарындар, тұтас шумақтар, бейнелі тіркестер, өлеңнің даяр үлгілері мен ұйқастары жиі кездеседі. Әрі мұндай қайталаулар мен ортақ белгілер ауызша жырлаудың белгілі бір дәрежедегі «қалыптық» сипаты мен байланысты, яғни ауызша айту қалыптасқан үлгілер арқылы жүзеге асырылады. Ал жазба әдебиет табиғаты бұл жағынан мүлде бөлек. Жазбаша шығарманың жазылу процесінде тыңдаушыға тәуелді уақыт шектеушілігі мұнда болмайды. Жазушы мен жазба ақынның көркем шығарманы дайындау кезіндегі уақыт еркіндігі мол. Осыған орай даяр үлгімен шығару, шығарманың түрлі деңгейлеріндегі қайталаушылық пен біркелкілік жазба әдебиетке жат. Бұл өзгешелік сөз өнерінің осы екі түрінің көп нұсқалы болу-болмау сипатына да тікелей қатысты. Ауыз әдебиеті ауызша шығарылып, ауызша тарайтындықтан, шығарманың үнемі өзгеріс үстінде болатындығы заңды құбылыс. Себебі ауызша айту, бұрын шығарылған текстті орындау ешбір өзгеріссіз қайталап шығу емес, керісінше, шығармашылық процесс. Онысыз шығарманың заман ағымына лайық қайта түлеп отыруы мүмкін болмайды. Әсіресе, ірі жанрларға тән осы ерекшелік шығарманың бір айтушыдан екінші айтушыға, бір дәуірден екінші дәуірге ауысу барысында айрықша көрінеді. Ауыз әдебиетінің көпнұсқалы болуына ықпал ететін жағдайлардың бірі – тыңдаушылар ортасының өзөгеріп отыратын әлеуметтік талап-тілектері мен көркемдік сұраныстары. Көшпелі қоғамның мұндай қажеттіліктерін жан-жақты әрі тұтастай атқарған өнер ауыз әдебиеті [99].

Қазақ фольклорының шексіз мол болуының себебі – түсіндіруге болатын, жете шешімін таппағанымен айтылып та, жазылып та жүрген құбылыс. Дегенмен мәселенің төңірегіндегі пікірлерде тарихи сатысы мен дәуірі бойынша бір-біріне сәйкес келе бермейтін өзге халықтардың фольклорындағы заңдылықтарды бағыт-бағдар етіп алушылық орын алып келеді. Айырып айтсақ, ауыз әдебиетінің ұлттық ерекшеліктерін былай қойғанда, қоғамдық формациямен, шаруашылық типімен байланысты белгілеріне де әлі күнге жете мән берілмей келе жатыр [100]. Қай халықтың болса да фольклорының пайда болып, қанат жаюы – рулық қауым да, оның айрықша өркендеген, шарықтау биігіне жеткен кезеңі – феодалдық қоғам. Ал кейінгі қоғамдарда ауыз әдебиетінің көптеген жанрлары ұмытылып, болмаса басқа түрлерге ауысатынын, көлемді эпикалық туындылардың шағын жанрларға орын беретінін, жалпы алғанда классикалық ұғымдағы фольклордың аясы тарылып, су сепкендей бәсеңдейтінін өмір көрсетіп отыр. Әрбір өнер түрлерінің тарихына үңілсек белгілі бір мезгіліне және мекеніне қарай классикалық дәуірді бастан кешіреді екен. Бейнелеу, сәулет, мүсін, музыка тағы басқа толып жатқан өнер дәстүрлері жүздеген халықтарда болғанымен олардың бәрінде де классикалық дәрежеге көтерілген емес.

Б.Уахатов алты томдық қазақ әдебиеті тарихын жазысуға белсене араласты. Оның алғашқы үш томына өзі автор ретінде қатысып, бірінші томының екінші кітабына жауапты шығарушы болды. Оның жетекшілігімен жарық көрген қазақ ертегілері, қазақ эпостары мен қазақ ауыз әдебиетінің өзге де құнды дүниелері қазақ ауыз әдебиетінің көптомдығының жинақталуына алғашқы қадам болды. Ол жазған зерттеу еңбектері, проблемалық, терең ойлы мақалалары әр кез мыңдаған оқырманын бейтарап қалдырмай, ылғи да ыстық ілтипатқа бөлінуші еді. «Көркемдік ізденістер» атты әдеби сын мақалалар жинағы сол ізгі, үлкенге-іні, кішіге-аға жанның көзі тірісінде өз қолымен баспаға тапсырған төл туындысы еді. Бұл жинаққа енген сын мақалаларда әдебиетіміздің сонау 60-шы жылдардан бастап, бүгінгі күнге дейінгі тыныс-тіршілігі анық көрініс тапты. «Ақындар жыры», «Қазақ фольклористикасы», «Қазақтың тарихи жырлары», «Қазақ фольклорының типологиясы» сияқты көптеген ұжымдық еңбектердің жауапты шығарушысы әрі авторы. Өмірінің соңғы жылдары аса ден қойып зерттеп жүрген тақырыбы – «қазақтың халық өлеңдері». Оның «Ғылым» баспасында осы аттас көлемді монографиялық еңбегі жеке кітап болып жарық көрген болатын. Алматы 1974 жылы ғалымның бұл еңбегін көрнекті ғалымдарымыз Т. Нұртазин, Р. Бердібаев, Н. Төреқұлов, С.Садырбаев аға жоғары бағалады. Ғалым қазақтың көне асыл қазынасы – ауыз әдебиетімен қатар, бүгінгі әдебиет процесіне де белсене араласып келе жатқан сыншы ғалымдардың бірінен саналады [101]. Бұған оның 1969 жылы шыққан «Таланттар, туындылар» атты сын мақалалар жинағы дәлел. Мұнда ол қазақ совет әдебиетінің классигі М.О. Әуезовтен бастап, кейінгі буын аға-жазушыларымыз Т. Ахтанов, С. Мәуленов, М. Әлімбаев, А. Шамкенов, М. Сүндетов, Р. Тоқтаров, С. Жүнісов тәрізді қаламдастары жайлы толғаныстарын ортаға салған. Осы жоғарыда аталған ақын-жазушылардың туындыларын бажайлап, әділ талдап, шеберліктері жайлы әділ ой- тұжырымдар жолсілтер пікірлер білдіріп толғандырады. «Өлең жазғанның бәрі ақын емес» деген сияқты, «Мақала жазғанның бәрі сыншы» емес деп айтуға болады. Ал өзін сыншымын деп жүргендердің бәрін бірдей ғалымның қатарына қоса беруге болмайтыны да белгілі. Бүгінде зерттеуші ғалым, сыншы болып мойындалған Бекмұрат Уахатов драматургиялық өнерден де құр алақан емес еді. Оның «Ашынған жандар» атты пьесасында Ұлы Отан соғысынан кейінгі халықтың ауыр тұрмысы сипатталып, көрерменін толғандырмай қоймайтын эпизодтар өз шешімін тапқандай. Өзі Ұлы Отан соғысы тұсында дүниеге келіп, туған ауылында басынан көп таршылықты өткізгеннен кейін бұл тақырып Бекмұрат Уахатұлы үшін жақсы таныс еді. Соның айғағы ретінде «Қош бол!», «Желіккен жеңгей» сияқты өміршең және өзекті пьесалары жарық көрді. Ғалымның артта қалдырған дүниелері ұшан-теңіз. Солардың әрқайсысы қазақ әдебиеті әлемінде кез келген зерттеушіге, ізденушіге таптырмас танымдық мақалалар.

Б.Уахатов қазақ балалар өлеңдерін олардың жасына, психологиялық ерекшелігіне сай қарастыруға шақырады: «...қазақта «Әлди-әлди, ақ бөпем» деп басталатын «Бесік жыры» мен «Айгөлек» деген өлең бар. Міне, осының біріншісін тек ата-аналар ғана айтады. Ал, балалар айтса, өзінен соңғы іні-қарындастарын тербетіп, тыныштандыру үшін үлкендерге еліктеп айтады. Қазақта мұндай өлеңдердің тобына «Қуыр-қуыр қуырмаш», «Көкем менің қайда екен», «Бірім-бірім», «Ақ білек», «Тұсу кесу» сияқты біраз өлеңдер кіреді. Алайда бұл өлеңдердің өздері де іштей бір-біріне жақын, ыңғайлас, тақырыптас болғанымен, оларды балалардың жасына, психологиялық ерекшелігіне лайықты қарастырған жөн».

Қазақ өлеңінің тәрбиелік мәнін, ата-ананың арман-тілегін бойына сіңірген бала тәрбиесінің таптырмас құралы балаларға арналған туындыларды Б.Уахатов ұлттық дүниетаным негізінде талқылайды. Айыр қалпақ киісіп, Ақырып жауға тиісіп, Батыр болар ма екенсің? деген жолдар бір ғана ата-ана көңілінен туған тілеу емес, бүкіл ел, халық тағдырынан туған тілек. Өйткені мал өсіріп, қоныс іздеп, жат-жұртпен атысып-шабысып жүрген көшпелі елге бұдан артық, бұдан ізгі тілеу жоқ. Балаларға арналған өлеңдердің түп негізі тұтас ұлттық танымда, рухани өремен байланысты екенін баса айтқан ғалым қуыр-қуырмаштың баланың алақанын қытықтып, көңілін жадырату үшін, тұсау кесудің алғашқы басылған қадам қызығына арналып,

Қаз-қаз балам, қаз балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Күрмеуіңді шешейік,

Тұсауыңды кесейік.

Қаз-қаз, балам, қаз балам,

Тақымыңды жаз, балам.

Қадамыңа қарайық,

Басқаныңды санайық, - дегендегі «қаз-қаз» аяғыңды қаздаң-қаздаң басып жүре ғой дегенді білдіреді. Бірақ сол сөзді түгел алмай тек бастапқы бірінші буыныны ғана алған. Мұның, әрине, үлкен мәні бар. Өйткені үзіп-үзіп, нақ-нақ айтылатын ырғақ баланың аяқ алысын жеңілдетеді, өлеңнің ырғағына ілесіп, тез жүріп кетуге жаттықтырады.

Фольклортанушы ғалым қазақ өміріндегі бала тәрбиесі, өсіп-өну жолындағы кезекті сатылар, ата-ананың баласын аймалау, алақанын қытықтап, бірде саусақтарын санап, тағы бірде тізесіне ат қылып отырғызып алып ойнату жүйесін қазақ халқының өлеңге қосып орындайтынын жақсы таныған. «Ақ білек», «Қуыр-қуыр, қуырмаш», «Бірім-бірім» өлеңдерін баланың жоғарыдағы айтақ өсу ерекшелігінен туындағанын айтады.

Ал білек, ал білек,

Балбыраған бал білек.

Ауылым толы мал білек,

Атқа тоқым сал білек,

Отан тілін ал білек

Мал ішіне бар білек. Бұл өлеңдер бір жағынан баланың тілін ұстартып, ой-санасын ұлғайту мақсатымен айтылса, екінші жағынан, ерінуді білмейтін еңбекқұмар, елгезек болып өсуге тәрбиелейді деген тұжырым да Б.Уахатов зерттеуіне тән. Ата-ана борышының бірі баламен балаша сөйлесе отырып, ертеңгі тіршілік дүниесіне дайындау дейді ғалым.

Зерттеуші балалардың өздері айтатын өлеңдердің екінші тобына – ойын-сауық үстінде орындайтын өлеңдерді жақызады. Ауыл балаларының сұлулыққа, өнерге деген құмарлығын аңғарып, оны «Сонау ерте заманнан бастап, балалар да әртүрлі салтқа байланысты өтілетін қазақтың ойын-тойларына қатысып жүрген. Олар көктемнің басы – жаңа жыл – Наурыз күндерінде, бір жұма бойына өтілетін үйлену тойларында үлкендермен бірге қызықтап, соның басы-қасында болатын. Және соның бәрінде де ересектерге еліктеп, солардың айтқан өлең-жырларын бұлар да айтатынын» сол жырлардың тууымен байланыстырады. Мұндай өлеңдердегі балалардың жасына, мінезіне лайықты образдар мен мотивтер, әр түрлі күлкілі құбылыстар жиі қолданылатынына мысал ретінде:

Қырғауылы қызыл екен,

Құйрық жүні ұзын екен,

Мұзға мінген екен

Бұты сынған екен, - деген секілді қисынсыз жайрандап, күлкі тудыратын суреттер немесе пісіріп отырған сиырдың сүтін көбелек келіп көлп етіп, жапалақ келіп жалп етіп ішіп кетуі тәрізді әрекеттер бала қиялына лайық туғызылған поэтикалық сипаттар екенін тарқатады.

Қазақ баласының тынысын Б.Уахатов ер бала болса мал бағып, ер-тұрман дайындау, қыз бала болса анасына қолғабыс етіп, сиыр сауу, жүн түтіп, киіз басу секілді шаруаларға араласып, үлкендерге қосылып өлең айту арқылы өз таным-түсініктері негізінде өздері де тақпақтар шығарып, өлең айтқанын таныған. Сондай өлеңдердің бірі

Ертең ауылым көшеді,

Уық бауын шешеді...

Ақ сандық...

Көк сандық...

Арқан тарт

Кілем арт!.. – деген тәрізді бала қиялынан туған детальдар – уық бауын шешіп, үйін жығып, дүние-мүлкін артынып-тартынып жатқан малды ауылды көз алдыңа келтіреді. Осыған қатысты С.Сейфуллиннің де пікірін алға тартып, жас балалардың ойын тақпақтары да мал өсімімен тіршілік қылған елдің тұрмысына лайықты, сол тұрмыстың санасын, сезімін көрсетеді деп жазады. Оны саусақ санау ойынынан туындаған мына өлеңмен өрбітеді:

Сен тұр – қойыңа бар!

Сен тұр – қозыңа бар!

Сен тұр – жылқыңа бар!

Сен тұр – сиырыңа бар!

Сен тұр – түйеңе бар!

Сондай-ақ ауыл өмірінің көп ауыртпалығын елестететін балалар өлеңі ретінде: Ешкі бақтым, еңіреп бақтым.

Қой бақтым, қоңырау қақтым.

Сиыр бақтым, сидаң қақтым,

Жылқы бақтым, жорғалаттым.

Түйе бақтым, түйме тақтым.

Ылақ бақтым, жылап бақтым, - дегендерді келтіреді.

Б.Уахатовтың топшылауында балаларға арналған өлеңдер өзінің стилі, жасалуы, композициясы жағынан екі түрлі болып келеді. Мұның біріншісі – монолог түрінде келетін «Әлди бөпем» тектес арнау өлеңдер де, екіншісі – оқиғалы сюжетке құрылған өлеңдер тобы. Біріншіде, әр жол не әр шумақ сайын келетін «әлди, бөпем, әлди» немесе «Ал білек, бал білек» деген сияқты рефрең бар да, әр жол ассонансқа аяқталып отырады. Өлеңнің ырғағы баяу, эпитет теңеулерге бай, текстіні әркім өз қалауынша ұзартып, ұлғайта беруіне де болады. Ал екінші типтегі өлеңдер бас-аяғы бүтін, нақтылы сюжетке бағынады, ұзаса екі-үш әйтпесе бір шумақпен де аяқтап түйін тастайды. Өлеңнің ырғағы балалардың ойнына лайықты жасалғандықтан мұндай өлеңдерге жаңадан жол жалғап, не тыңнан шумақ тіркеу мүмкін емес [102].

Ғалым қазақтың халық өлеңдерін зерттеуде үлкен үлес қосқан. Соған сай жоғары тараушадан келтірген 1974 жылы «Ғылым» баспасынан үлкен монографиясы жарық көрген. Ғалымның бұл еңбегін көрнекті ғалымдарымыз Т.Нұртази, Р.Бердібаев, Н.Төреқұлов, С.Садырбаев аса жоғары бағалаған. Б.Уахатовтың бұл зерттеулері халық өлеңдерінің алғашқы шығу тарихына – генезисіне көз тастап, оның жанрлық, функционалдық ерекшеліктерін ашуға, сөйтіп тұтас бір жанрдың жалпы даму тенденциясына, есею, кемелдену сатыларын айқындап, анықтауға арналған. Ол үшін автор көптеген тарихи-этнографиялық, фольклорлық, тіпті археологиялық материалдарға сүйенген.

Қазақтың үйлену салт-өлеңдерінің бүгінгі даму, өсу тағдырына арналған ендігі бір сүбелі еңбегі – жар-жар. Ол 1978 жылы жарық көрген болатын. Бұл кітапты баспаға әзірлеп, оның алғы сөзін жазған автор жастардың үйлену тойында қалай дайындалып, қалай өткізу керектігі туралы тың пікір ұсынған. Әдебиеттану іліміндегі ғалымның ізі М.О.Әуезовтың 12 томдық шығармалар жинағын құрастырып, баспаған дайындаған тұсында да аңғарылды. Сондай-ақ, «Қазақтың тұрмыс-салт жырларының типологиясы» атты фольклористика ғылымының бүгінгі таңдағы ең бір өзекті мәселелерін зерделеген зерттеу еңбегі де ғалымның ғылыми-шығармашылық еңбегінің жемісі. Аталмыш еңбекте қазақтың тұрмыс салт-жырларының шығуы, даму жолдарын түбегейлі зерттеп, оларды орыс, түркімен, қырғыз, қарақалпақ, алтай, ноғай, қарашай, балқар халық жырларымен тарихи-туыстығы жағынан салыстырып қарастырады.

Профессор С.Н.Сүтжанов ғалымды «Мұхтар мектебінің мақтанышы» деп бағалаған. Егер Б.Уахатұлының әдебиеттану ғылымына қосқан еңбегін саралап тізсек, ғалым 1960-1984 жылдар аралығында 22 көлемді зерттеу мақала, 8 монография жазған. Оған қоса ол көптеген жинақ, кітап, томдар құрастырып, оларға алғы сөздер жазған. Уахатов ғалым ғана емес, қаламы төселген ұшталған журналист ретінде де көрінетінін тілге тиек еткен. Қорыта айтқанда, зерттеуші-ғалым Б.Уахатов өмірінің жиырма жылдан астам уақытын қазақтың көне асыл мұрасы, теңдесі жоқ рухани байлығы – ауыз әдебиетінің сан қырлы проблемаларын зерттеуге арнады. Қазақ фольклорының түпқиян төркінін қопара ақтарып, оның үлгілерін сонау бағзы заман мирастарынан іздестірді. Бұл проблеманың астарын тереңнен ашуға ол М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімін басқарған жылдарда ерекше мән берді. Ғалым ауыз әдебиетіміздің қай түрінің болсын көне үлгілерін шартараптардағы мұрағаттардан, мұражайлардан, ел аузынан ғана жинастырып қойған жоқ, оларды түрлі ескі жазбалардан, көне археологиялық, этнографиялық мирастардан іздестірді. Табылған қазыналарды дер кезінде зерттеуді, саралауды, жіктеп-топтап отыруды ыждаһаттылықпен іскер ұйымдастырды. Оларды дер кезінде жеке-жеке томдар, кітаптар, жинақтар етіп жарыққа шығарып отыруды жүзеге асырды. Тікелей өзі жетекшілік жасап «Батырлар жыры», «Қазақ ертегілері», «Қазақ эпосы» сияқты таңдаулы еңбектер жинақтарын бастыртып шығарды. Бұл еңбектер бір жағынан, жоғарыда көрсетілгендей, бұрын жарық көрген алғашқы алты томдық пен кейінгі көптомдықтың негізгісі болды, екінші жағынан халқымыздың ауыз әдебиетін жұртшылыққа кеңінен танытқан мәні өшпес мирастар болып қалды.