Павлодар, 2020

А.Байтұрсынұлының қоғамдық және ғылыми бағыты


Академик Р.Сыздық А.Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі туралы талдай келе, оны ағартушы, қазақ тілін зерттеуші, қазақ әдебиетін зерттеуші, ақын, публицист ретінде танытып, оның жан-жақты қырын ашады [1]. Біртуар тұлғаның азамат болып қалыптасқан кезеңі Қазақстанның Ресей империясының отарына түгелдей айналып болған уақытына тұспа-тұс келді. Патша үкіметінің 1867-1868 және 1886, 1891 жылдары жүзеге асырылған көпсалалық реформалары (әкімшілік, сот, салық, т.б.) Қазақстанды отар ел ретінде толық заңдастырды. Осыған орай патшаның жергілікті әкімшіліктері тарапынан саяси-әлеуметтік тұрғыдан езу, оның жекелеген намысқой өкілдерін жәбірлеу мен қорлау жаппай орын алды. Мұны Байтұрсыновтар әулеті де бастан кешірді. ХІХ ғасырдың 80-жылдарында Торғай уезінің бастығы Яковлев Ахметтің әкесі Байтұрсынды өз ауылында жәбірлеп, қорлағаны үшін Байтұрсын оны соққыға жыққан. Сол үшін ол ұзақ мерзімге Сібірге жер аударылған. Бала Ахмет осындай озбырлықтың талайын көріп, тез есейген. Азамат болып есейіп, Қарқаралы қаласында екі класты училищенің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген А.Байтұрсынұлының өзі де полиция тыңшыларының жаласымен 1908 жылы Семей абақтысына жабылып, 8-9 айдай түрменің дәм-тұзын татқан. Осындай оқиғалар тізбегі жігіт Ахметтің қоғамдық-саяси күреске ертерек араласуына түрткі болды.

Ал патша үкіметі уақыт өткен сайын, кең көлемді отарлау саясатын жүргізуді күшейте түсті. Ол қазақ халқы мекендеген жерді мемлекет меншігі деп жариялап, сулы да нулы аймақтарды Қазақстанға қоныс аудару қорына, казак әскерлерін орналастыру қажеттеріне, патша әулетінің жеке меншігіне айналдыруға және басқа мақсаттарға пайдалану үшін күштеп тартып алып отырды. Қазақ халқы отарлық езгінің қанды шеңгелінде қалды. Осындай жағдайда ХХ ғасырдың басында өрістей бастаған қазақ қауымына тән қоғамдық-саяси қозғалыс әуел баста өз алдына жалпы ұлттық-демократиялық мақсат-міндеттерді қойды. Бұл істердің басы-қасында екі ғасыр тоғысында қалыптасқан қазақ зиялылары тұрды. Олар Әлихан Бөкейханұлы төңірегіне топтасты. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы өздерінің әдеби шығармаларының беттерінде демократиялық мәндегі ұлттық тең құқықтық, халықтың мәдениетін көтеру, отаршылдардың жер мен суды тартып алуына наразылық білдіру сияқты әлеуметтік-саяси мәні бар мәселелерді көтерді. Осы арқылы олар халық арасында отарлық езгіге қарсы саяси хал-ахуалды қалыптастыруға қызмет етті. Бұған А.Байтұрсынұлының «Масасы» (1911) дәлел бола алады және оның сол кездің өзінде-ақ қоғамдық-саяси мәні үлкен әрекеттерге барғанын көрсетеді.

А.Байтұрсынұлы төңірегіне топтасқан қазақ зиялылары халықтың қалың бұқарасын туған өлкені қайта құрып, түрлендіру ісіне жұмылдыру үшін ұлттық баспасөз органдарын (газеттер мен журналдар) шығарған жөн деп шешті. Осылайша халқымыздың тұңғыш бүкілұлттық бейресми «Қазақ» газетінің негізі қаланып, А.Байтұрсынұлы оның бас редакторы болды. Газет 1913-1918 жылдар аралығында Орынбор қаласында шығып тұрды. Бұл газетті шығаруда, оны елге таратуда бас редакторға М.Дулатұлы сынды көзі ашық қазақ зиялыларының өкілдері көмектесті. Газеттің бағыт-бағдарын анықтауда «Алаш» партиясын құруға жетекшілік жасаған Ә.Бөкейханұлы үлкен рөл атқарды. Газет 1917 жылы шілде айында дүниеге келген ұлттық-демократиялық партияны дайындауда сан қырлы, салиқалы жұмыстар атқарды. Осы жылы 12-26 шілдеде Орынбор қаласында өткен бірінші бүкілқазақтық съезде Алаш партиясы құрылды. Съезді шақыру мен өткізуде А.Байтұрсынұлы үлкен жауапкершілік танытты.

Қазақстанда Кеңес өкіметі орнай бастаған тұста А.Байтұрсынұлының белсенді араласуымен дайындалған «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы «Қазақ» газетінің 1917 жылы 21 қарашадағы санында жарияланды. Алаш партиясының саяси және экономикалық бастау көздері туралы, Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуы, олардың Кеңес өкіметімен арақатынасы хақындағы алғашқы пікірлер кеңестік мерзімді баспасөзде 1919-1920 жылдардан-ақ жариялана бастады. Осы мәселе бойынша алғашқы қалам тартушылардың көш басында Алаш пен Алашорданың белгілі басшыларының бірі А.Байтұрсынұлы тұрды. Халқымыздың ұлы перзенті, гуманитарлық және қоғамдық ғылымдардың әмбебап білгірі, әдебиет теоретигі, аса ірі түрколог ғалым, ақын, аудармашы, Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі, белгілі қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлының өмір жолымен таныса отырып, оның қазақ халқына тән алғашқы партия, алғашқы баспасөз жұмыстарын бастамаға алғанын, көп ізденіп, көп білу, оны халқына қарапайым түрде жеткізу міндетін іске асырғанын, тіл мен әдебиет саласында өшпес із қалдырғанын байқауға болады.

1920-30 жылдары қазақша ғылым тілін қалыптастыруда да көшбасшы болған А.Байтұрсынұлы білім беру мен ғылыми түсінікті ана тілінде дамытудың негізін қалады. Ол ғылымның әр саласы үшін заман талабына сай өз мамандары жоқ кезде әрі аудармашы, әрі ғалым, әрі жазушы, әрі сыншы ретінде еңбектер жазды. Кейіннен, яғни, 1920-30-жылдары бұл еңбектерде қолданылған терминдер арқылы жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, ғылыми-техникалық әдебиеттер көп таралыммен қазақ тілінде басылып шықты. Мәселен, А.Байтұрсынұлының 1912-1928 жылдар аралығында жарық көрген әліппелері, оқулықтары, жазу, емле, терминология мәселелері туралы жазылған сыни мақалаларын алға тартуға болады.

А.Байтұрсынұлының әмбебаптығы басқа да әріптестеріне бағыт болды. Осыдан барып, М.Дулатұлының «Есеп құралы» (1918-1925); М.Жұмабайұлының «Педагогикасы» (1922, 1923); Ж.Аймауытұлының «Тәрбие жетекшісі» (1924), «Психологиясы» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдауы» (1926); Е.Омарұлының «Пішіндемесі» (1924, 1928), «Физикасы» (1930); Х.Досмұхамедұлының «Жануарлары» (1922), «Табиғаттануы» (1922), «Адамның тән тірлігі» (1927); Қ.Кемеңгеровтың «Оқу құралы» (1928), «Қазақша-орысша тілмашы» (1927); С.Қожановтың «Есеп тану құралы» (1924); Ә.Ермековтің «Ұлы математика курсы» (1935) сияқты көптеген еңбектер қалың қазақтың қолына тиді.

Демек, ғылым тілін дамытуда жеке тұлғалардың, мәдениет қайраткерлерінің орны ерекше болды. Олардың түрлі ғылым салалары бойынша жазған еңбектері қоғам тарапынан үлкен ілтипатпен қабылданды. Әрине, бұл орайда А.Байтұрсынұлының айрықшалана түсетіні анық. Оның қазақ ғылымының алғашқы сатысында сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Кеш болса да ізбасарлары тұрғысынан ескерілді: «Ахаң бірсыпыра ғылым түрін қазақ тілінде дамытты, әсіресе қазақ тіл білімін дамытып, оны қазақ тілінде сипаттады. «Тіл – құрал», «Тіл жұмсар», «Әліп-би», «Оқу құралы», «Баяншы» сияқты оқулықтар шығарып, ғылыми-педагогикалық, проблемалық мақалалар жариялау арқылы ол қазақ тілін ғылым тіліне айналдырды. Ғылым – А.Байтұрсынұлының қазақ тілін іске қосқан тағы бір төртінші, саласы» [2].

Қазақ тіл білімінің атасы, тілші ғалым ретінде танылған А.Байтұрсынұлына берілген анықтамамен таныса отырып, «Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруда А. Байтұрсынұлы зор еңбек сіңірді» деген тұсты оқығанда, ғалымның грамматиканың негізін қалауымен шектелмей, қазақ әдебиеті тарихына да бойлағаны байқалады [3]. Бұл біз қарастырып отырған грамматика мен қазақ фольклорының ұштастығын бағалау барысында тарихи тұрғыдан табиғатын тануда А.Байтұрсынұлы мұрасына үңілу керек екендігіне жетеледі. Қазақ фольклорын оқулық көлемінде алғаш сипаттаған А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» – қазақ фольклортану ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан А.Байтұрсынұлының еңбектеріндегі фольклорлық-лингвистикалық танымның маңыздылығын анықтайтын жоғарыдағы пайымдаулар біз зерттегелі отырған тақырыптың маңыздылығын анықтайды. Жалпы, ғалымның өмір белесінің өзі филологияның қос қанаты саналатын тіл мен әдебиеттің табиғатын қарастыруына жетелегені сөзсіз. Аса ірі қоғам мен мемлекет қайраткері, бұлтарысы мен бұлғағы көп шытырман жолдан өткен адам. Ол өзіне бірінші кезекте басты нысана етіп жалпыұлттық, бүкілхалықтық мәселелерді таңдап алды да, оларды туған елінің мүдделеріне сай шешу үшін еңбектенді.