Павлодар, 2020

Қ.Жұбанұлының ғұмырлық және өнер мен әдебиеттік ұстанымы


Қазақ филологиясының тұлғаларын танығанда ғұмырнама мен ғылыми-таным қосақталып, біз тілге тиек етіп отырған тақырыбымыздың көшбасында тұратын тұлғаның бірі – Құдайберген Жұбанұлы. Сондықтан болар «Қазақ тіл білімінің антологиясы» атты ірі зерттеу еңбектің А.Байтұрсынұлынан кейінгі екінші кітабы Қ.Жұбанұлының тұжырымдарына бағытталған. Әрине, А.Байтұрсынұлын ұстаз тұтып, қысқа ғана ғұмырда ғылыми шығармашылық мұра қалдыру қазақ филологиясының атасы Қ.Жұбанұлына да тән. Қ.Жұбанұлына арналған «Қазақ тіл білімінің мәселелерін» құрастырған ғалым Ғ.Әнес алғашқы профессордың тұжырымдарын «тұңғыш ізашар зерттеулер» деп екшелесе, филология ғылымдарының докторлары, профессор Т.Сайрамбаев пен С.Мырзабеков «Қазақ тілі білімі әлеміндегі феномен» деп бағалаған.

Ғалымның өміржолы қысқа болса да, қалдырған еңбектерінің салмағы салмақты. «Қазақ тілі» энциклопедиясындағы өмірбаянында «...қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі, түркітанушы, педагог, ағартушы, профессор. Електегі (Орынбор обл.) екі кластық орыс училищеcін (1918), Орынбордағы «Хусайния» медресесін (1920), Ленинградтағы Шығыстану институтының толық курсын(1928) бітірген. 1930-1932 жылдары КСРО ҒА Тіл білімі институтында аспирант. 1921-1924 жылдары Темір қаласындағы уездік оқу бөлімінде, 1925-1929 жылдары Ақтөбе губерниялық оқу бөлімінде нұсқаушы-әдіскер және педтехникумда оқытушы. 1932-1937 жылдары КазКСР Оқу халық комиссариатының ғылыми және оқу-әдістеме кеңесінің төрағасы, ҚазПИ-дің қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, КСРО ҒА-ның Қазақстан бөлімшесінің сектор меңгерушісі, мемлекеттік терминкомның төрағасы» қызметтерін атқарғаны жөніндегі мәліметтерге қарап-ақ, оның өмір жолы мен қызметінің өзі қазақ тілі мен әдебиеті әлемінде қатар өрілгенін аңғаруға болады [20].

Қ.Жұбанұлы Қазақстанның Оқу-ағарту халық комиссариаты жанындағы әдістеме, бағдарлама, оқулықтар секторының меңгерушісі міндетін атқара жүріп, бар ынта-жігерін аз уақыттың ішінде қазақ мектептерін ғылыми негізде жазылған оқулықтармен қамтамасыз етуге жұмсады. Мұғалімдердің білімін жетілдіру курстарында, семинарларында дәріс оқып, ақыл-кеңес беріп отырды. Қазақ тіл білімі мамандарын баулып, тәрбиелеуде де мол еңбек сіңірді. Республикадағы көрнекті тіл мамандары М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, Ә.Шәріпов, Т.Қордабаев, т.б. өздерін Жұбановтың шәкіртіміз деп санады. Жұбанов республикамыздың саяси-әлеуметтік өміріне де белсене қатысты. 1935 жылғы Қазақстанның мәдениет қызметкерлері съезін ұйымдастыру комитетінің төрағасы, 1935 жылдан Қазақстан КСР ОАК-нің мүшесі болды. 1937 жылы жалған саяси айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілді. 1957 жылы 3 қазанда КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының шешімімен ақталды.

Қ.Жұбанұлы қазақ орта мектептерiнің 5-7-кластарына арнап жазылған алғашқы «Қазақ тiлi грамматикасы» оқулығының авторы. Кеңестік академик-түрколог С.Е.Маловтың бағалауынша, сол кездегi латын әлiпбиiне негiзделген қазақ әлiппесiнің үздiк жобасының, сонымен қатар Қазақ тiл бiлiмi мен Қазақ мәдениетiн дамыту мәселелерi бойынша көптеген практикалық әзiрлемелердiң авторы болды. Сонымен қатар Қ.Жұбанұлының түркі тілдерін өте жақсы білгендігі туралы деректер молынан кездеседі. Мәселен, мультимедиялық энциклопедияда «Өзiнің қысқа ғaнa өмiрiнде Құдайберген Қуанұлы Жұбанов парсы, араб, нeмic, түpiк, моңғол, грузин, чуваш, коми, орыс және көптеген түpкi тiлдерiн өте жақсы бiлген. Кейiнiрек ол қытай тiлiндегi ғылымның кiлттерi жасырылып, жапон тiлiне аударылған дерек кездерiн оқу үшін жапон тiлiн үйрене бастап, алдағы уақытта қытай тiлiн оқуға мақсат қояды, алайда бұл жоспарлары жүзеге аспай қалады» деген сипаттама берілген [21].

Қ.Жұбанұлының ғылыми мұpacы теориялық және практикалық көлемдi мәселелердi қамтиды. Олардың көпшiлiгi әлi де болса Қазақстан ғылымы алдында шешiмiн күтiп тұр. Қазақ тiл бiлiмiнің тарихында қазақ тiлi, әдебиеттану, педагогика бойынша оны алғашқы монографиялық еңбектердiң авторы ретiнде мойындайды. Ғалым еңбектері арқылы түpкi тiлдерiнің мәселесiн де зерттеудің орайы келіп тұр деп білеміз. Ғалымның ғылыми идеялары қазiргi ұрпақтың қазақ тілі, әдебиет, философия, педагогика және психология жөнiндегi зерттеу iстерiне, ондаған ғылыми монографияларға, кандидаттық, магистрлiк және докторлық диссертациялық зерттеулерге, сондай-ақ ғылыми мақалалар мен баяндамаларға, гуманитарлық мамандықтардың арнаулы курстарына, сонымен бірге «Жұбанов тағылымы» ғылыми конференциясына негіз болды.

«Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деген қағиданың Қ.Жұбанұлына тікелей қатысты екенін айта кеткен жөн. Себебі оның өмір жолы туралы зерттеулерден өзіне жақын тұтқан ұстаздары танымал түркітанушы ғалымдар екені аңғарылады. Бұған зерттеуші Б.Ердембековтың «Құдайберген Жұбанов тағылымы – сарқылмайтын қазына» атты паублицистикалық мақаласында «Мұғалжар тауының етегінде дүниеге келіп, есімі қазаққа ғана емес, мұқым одаққа танылған Құдайберген Жұбанов әкесі ашқан мектептен сауат ашып, Орынбор, Петербор қалаларының білімі мен ғылымын бағындырды. Петерборда алғашқы қазақтың аспиранты болған жас Жұбанов В.В.Бартольд, Н.Я.Марр, А.Н.Самойлович, В.А.Богородицкийлер сынды әйгілі шығыстанушы ғалымдардың дәрістерін тыңдады. С.Е.Малов, И.И.Мещанинов, Е.Д.Поливанов, К.К.Юдахин, А.К.Бороков сынды саңлақ ғалымдармен қатар жүрді» деген жазбалары дәлел [22].

Қ.Жұбанов лингвистика саласын ғана емес, өнер, әдебиет саласына да көңіл бөлген. Филология ғылымының докторы Ғ.Әнестің пікірінше, Қ.Жұбанов аз уақыт ішінде артынан мол мұра қалдыра алған: «Бар-жоғы 38 жас өмір сүріп, оның 5-6 жылын ғана ғылым жолына бағыштауға мүмкіндігі болған. Қ.Жұбанұлы ерек туған зерделі зерттеуші, қажырлы қайраткер, бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы бір сырлы феномен жан» [23]. Қ.Жұбанұлының күй өнері саласындағы «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы жайлы» атты зерттеу еңбегі бар. Бұл – тарихи-лингвистикалық очерк. Еңбек 1936 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көреді. Қазақ музыкасында ең ірі жанрдың бірі деп, басқа түркі тілдес халықтардың музыкасымен, олардың мәдениетінде күйдің көрініс табуын, түрлерін, дамуын тарихи тұрғыда салыстыру арқылы қарастырады. Күйді «Еуропаның симфониясы тәріздес» - дейді. Яғни, күй классикалық музыка деңгейінде тұр. Ғалымның ойынша, «Музыка мәдениетін күшейту ісінде халық музыкасының мұраларын тексерудің маңызы өте зор. Өйткені болашақтағы жоғары мәдениетті музыка мен қолда бар музыка мәдениеті арасының жібі үзілмеу керек» [23, 420 бет]. Сонда ғана ұрпақтар сабақтастығы жалғасын табады. Сабақтастық тек «ұлттық музыка мәдениеті зерттеліп, халыққа насихатталуы арқылы ғана» дамиды.

Ғалым «күй» сөзінің этимологиясын өзінше тарқатқан: «Күй» сөзінің алғашқы дыбысталуы «көк». Дәлелі де көңілге қонымды. XI ғасырдағы М.Қашғаридің «Диуани лұғат ат түрік» кітабынан «Ол көк ләнер» деген сөз «ол ән салып тұр» деп аударылған, яғни «көк» сөзі ән-күй мағынасында қолданылғандығы айтылады. Ал күй жеке жанр ретінде XIV ғасырда жазылған кітаптардан табылған. Қ.Жұбанов иран музыканты Ә.Мұрағидің «Зубдәтел әдуар» атты кітабын алға тартып, «Түрік-моңғол ән-күйі мынадай үш бөлімге бөлінеді: музыка құралында ойнайтын бір түрі бар. Оларды көктер деп атайды (көкһа). Енді дауыспен айтатын түрлерін «ыр» және «дола» деп атайды» - деп, «көк» сөзінің мағынасы қазіргі күй екендігіне дәлел келтіреді [23, 423 бет]. Сонымен қатар «ыр» – жыр, «дола» – толғау екендігін айтып, толғаудың да арғы тегінің тереңдігіне бойлайды. Ғалым күйді мифологиямен де байланыстырады. «Көк» аспан деген мағынаны білдірсе, ертеде «көк» деп су мен аспанды атаған, яғни күй адамның табиғатпен тілдесу екендігін көрсетеді. Осыған орай, күй адамның белгілі құралдар арқылы дыбыс шығара отырып, табиғат құбылыстарына жауабы, көзқарасы деген ойға келесің.

Ғалым татар халқында ән де, күй де «күй» деп аталса, өзбек ұлтында ән, күй, би – үшеуі араласып күй болатынын мысалға келтірген. Қазақта күй жеке өнер, ол халықтық музыканың жоғары дәрежеде дамығандығының дәлелі. Ертеден келе жатқан күйлердің алғашқы түрлері, шығу тарихы туралы, тіпті «күй» сөзінің қашан тілімізге енгені жайлы ақпарат, жазба жоқ, себебі қазақ мәдениетінің тарихы жазбаға түсіп қалдырылмаған. Сондықтан Қ.Жұбанов күйлердің пайда болу тарихын зерттеу үшін 5 түрлі материалды пайдалану керектігін тізбелейді: «Бірінші, біздің музыкамыз жайында түрлі мәдениетті елдердің жазып қалдырған тарихи деректері; екінші, халықтың музыкаға байланысты тарихи идеологиясы; үшінші, идеологияның бірі болған тіл материалдары. Тіл материалдары дейтініміз – түрліше музыка терминдері, бұлармен басқа сөздердің мағынасының арасындағы байланыстар; төртінші, ең маңыздысы – музыканың өз материалдары. Халық музыка шығармаларының, күйлердің өзінің ішкі құрылысын тексеру; бесінші, осы жоғарыда айтылған материалдарды топтағаннан кейін, қазақтың халық музыка шығармаларын басқа жұрттың шығармаларымен салыстырып, солармен арасындағы байланысын, бір-біріне жасаған ықпалын, бірімен-бірінің араласып айқасқанын тексеру» [23, 421 бет].

Ғалымның осы еңбегі кейінгі күй тарихын зерттеушілерге үлкен бағдар тәрізді болды. ХХ ғасырда Қ.Жұбанұлының зерттеулеріне сүйене отырып, академик А.Жұбанов: «Күй көптен келе жатқан көне ұғым. ХІХ ғасырдың бас кезінен өмір сүрген сазгерлері ...олар халық аспаптарына арналған музыкалық пьесаларын, «күй» деген бірақ сөзбен атаған» - дейді [27]. Қазақтың ұлттық өнерін зерттеуде ғалым А.Сейдімбек «Күй шежіресі», «Қазақтың күй өнері» атты зерттеу еңбектерін жазып, онда күй туралы аңыздарға тоқталған. «Күй» сөзінің этимологиясы туралы А.Сейдімбек өзінің «Қазақтың күй өнері» еңбегінде жалпы және музыкалық дыбыстың адамға әсерін анықтауда: «Адам бойындағы үстем қасиеттер туа бітпейді немесе тұқым қуаламайды, ең алдымен естуден болатын лингвистикалық фактордың нәтижесі... қазақтың «күй» түбірлі сөздерінің таптық (зат есім, сын есім, етістік т.т.), райлық мағыналарын естігендегі әсерлі түсінігін, яғни сезімін саралайды. Ол «күйдің музыкалық бітімі өзінің бір тұтас әуендік шығарма ретінде күй аспаптық сөзге кіріптар емес» деп тұжырымдаған [28].

Қазақ музыкасы антологиясында ХХ ғасырға дейін пайда болған күйлер бес кезеңге жіктеледі, ал Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор К.С.Сахарбаева: «Бұл дәстүрлі өнердегі кәсіби бетбұрыстағы ренесанс дәуірі XX ғасыр күй өнерінің ғылыми ұстанымды, сансалалы өріс алған Алтыншы кезеңі болып сипатталады» - деп, алтыншы кезеңнің күй өнерінің қайта өрлеу кезеңі деген пікір білдіреді [29].

А.Жұбанов, А.Сейдімбек, Т.Сарыбаев, С.Күзембаева, С.Өтеғалиева, т.б. бірқатар күйді зерттеген ғалымдардың кез келгенінің еңбегін алып қарасаңыз, Қ.Жұбанұлы айтып өткен бес түрлі ақпараттың жинақталып толық, бүтін ғылыми тұжырымды беріп тұрғанын көреміз. Ал бұл өте маңызды, себебі ұлттық мәдениеті, өнері ұмытылған халық мәңгүрттенеді.

Күйді айтқанда қазақтың ұлттық аспаптары домбыра мен қобыз туралы сөз қозғалады. Ғалым Қ.Жұбанұлы домбыраның шығу тегіне байланысты халықтың топшылауы мен өз пікірін де қатар көрсетеді. Халық арасында «домбыра» сөзін арабтың «тамбұр» деген сөзінен келген делінеді. Алайда араб тілінде ол сөз парсы тілінен енгендігі айтылады. Бірақ парсы тілінде «тамбұр» сөзі жоқ. Дей тұрғанмен парсы тілінде «дәнбә» – қозы, «бәрә» – құйрық деген мағынаны білдіріп, домбыраның шанағы қозының құйрығына ұқсағандықтан осылай аталды деген тұжырым болған. Тағы бір топшылауға сүйеніп, домбыра бір музыка иесінің, тотемнің аты дегенді айтады. Қалай болғанда да, «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы жөнінен» (1936) деген зерттеу еңбек «ән», «би», «бақсы», «жыр», «домбыра», «күй», «қобыз», «сыбызғы», «толғау» сөздерінің этимологиясын ашу арқылы қазақ музыка мәдениетінің тарихы ертеден басталатынын көрсетті.

Қ.Жұбанұлы қазақ әдеби тілі мен музыкалық өнері туралы да келелі пікірлер айтты. Мәселен, «Қазақ әдеби тілін» алғаш зерттеуге тартқан Қ. Жұбанұлы: «Қазақ тілінде еш бір диалекті жоқ деуге болады. Осы күні ғана болар-болмас жарқыншақ барын сезіп жүрміз. Диалекті сөздер көп болса, қазақ жеріндегі ұшсыз, қиырсыз шалқыған кең даланы алып жатып тұрып, қалайша мұндай тіл тұтастығын жасай алды деген сұрау таңдандырады» - деп жазған екен [30]. Сондай-ақ, ол «Абай»– қазақ әдебиетінің классигі» («Әдебиет майданы», 1934, №11-12) атты аяқталмай қалған әдеби-публицистикалық еңбегінде Абайдың қазақ әдеби тілін дамытудағы, әлеуметтік ой-санадағы орнын, ақындық шеберлігін, композиторлығы мен өлең құрылысына енгізген жаңалығын тұңғыш көрсетіп, әділ бағалады.

Қ.Жұбанұлы қазақ ауыз әдебиетін мейлінше жақсы білген және ел арасынан фольклорлық шығармаларды көп жинаған. Жоғарыда аталған «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы жөнінен» деген зерттеу-еңбегінде қазақ музыкасының шығу, даму тарихын ауыз әдебиетінің, әсіресе эпостың шығу тарихымен байланыстыра қарастырады. Бұл жөнінде ол «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Алпамыс» жырларына тоқталып, оларды шығаруда жыршылар үшін ән мен күйдің, домбыраның көп роль атқарғанын дәлелдейді. Халық твочествосына тән синкретизм мәселесін көтереді. Ғалым «Біздің батырлық эпостарымыздың бәрінде де қара сөзге өлең араласып келеді. Таза өлеңмен айтылатын жалғыз «Қобыланды», «Қозы Көрпеш», «Шора», «Алпамыс» т.б. бәрінде де қара сөзбен әңгімелеп айтып келеді де, ара-арасынағы лирикалық моменттерді өлеңдетіп жібереді» - деп, әмбебап ғылымға тән тұжырым жасайды [31].

Қ.Жұбанұлының еңбектерін зерделей келе, ғалым Қ.Шаяхметов: «Дәлел-дәйек арқылы ғылыми ақиқатты мойындатпай қоймайтын ерекше біліктілік – Жұбанов еңбектерінің қай-қайсысына болсын тән сапалық белгі. Жоғалған-құртылғандардан қалған зерттеулерінің өзінен кең құлашты, үздік маманның бейнесі айқын көрінеді. Қазіргі ғылымның биігінен қарағанда ішінара ескіргендеу тәрізді немесе мүлт кетушілік болып табылатын некен-саяқ асығыс байламдар бар болғанымен, тұтастай алғанда – тіл тарихына, дыбыс жүйесіне, грамматикаға, сөз мәдениетіне, емле принциптеріне, түсіндірме сөздік құрастыруға, терминология заңдарына, әдеби-көркем тіл шеберлігіне байланысты ой-толғамдарында алтын кесектері мен түйіршіктеріндей құндылық та, салмақ та әлі аз емес» [32]. Бұл тұжырымға алып-қосарымыз жоқ.