Қ.Жұбанұлы қазақ тіл білімінің фонетика, грамматика, терминология, әліпби мен емле, әдістеме салаларындағы теориялық және практикалық маңызы зор тілдік мұралар қалдырғаны сөзсіз. Оның мұраларын терең зерделеген академик Р.Сыздық «Валенттілік теориясы», «Текст теориясы», «Фукционалдық грамматика», «Лингвистикалық стастисика» сынды бірліктерге қатысты алғаш тұжырымдар ғалымның еңбектерінде дәл осылай аталмаса да, теориялық тұрғыдан көрініс тапқанын ескертеді.
Қ.Жұбанұлы тіл білімі мәселелерімен 1920 жылдан бастап шұғылдана бастады. Ол қазақ мектептері мен жоғары оқу орындары үшін қазақ тілін оқыту бағдарламаларын жасап, оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазды. Сондай-ақ, оның «Қазақ тілінің ғылыми грамматикасының материалдары» (1-том), «Фонетика» (орыс тілінде), «Қазақ тілі фонетикасының тарихын зерттеуге кіріспе», «Қазақ тілінің ғылыми курсы жөнінен лекциялар», «Буын жігін қалай табуға болады», «Қазақ тілінде біріккен сөздің жазылуы», «Қазақ сөйлеміндегі сөздердің орын тәртібі», «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан», т.б. іргелі ғылыми жұмыстары қазақ тіл білімін қалыптастыруға қосылған елеулі үлес болды. ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында ол қазақ халқының рухани-мәдени өмірінде саяси-әлеуметтік, халықтық мәні зор проблемалардың бірі – жазу, емле, термин мәселелерін тарқатты. Мәселен, 1929 жылы Қызылордада өткізілген тұңғыш ғылыми-терминологиялық конференцияда Қ.Жұбанұлы қазақ тілінің емлесі жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар жасады. Ал 1935 жылы қазақ әліпбиі мен емлесін жақсартудың жобасын ұсынды. Онда халықаралық және орыс тілінен енген терминдерді орысша жазылуына жақындатып таңбалау, кейбір қосар дыбыстарды жалаң әріппен беру, біріккен сөзді қосып жазу туралы пікірлерін айтты.
Қ.Жұбанұлы 1933 жылдан саяси қуғын-сүргінге ұшырағанға дейін Қазақстанның Мемлекеттік терминологиялық комиссиясының төрағасы болды. Бұл салада ол термин жасау ісіне мамандарды жұмылдырып, олардың дайындаған материалдарын ғылыми тұрғыдан реттеп, жұртшылық талқысына салып, тәжірибеге енгізуді қадағалады. Ол – 1935 жылы Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің съезіне Мемлекеттік терминкомның атынан ұсынылған жобаның негізгі авторы. Ол ұсынған принциптер қазақ терминологиясын жасаудың үлгісі ретінде әлі күнге дейін қолданылып келеді. Қ.Жұбанұлы тұтас дәуірдің болашағын қазақ тілінің өркендеуімен, ғылым тілінің дамуымен, қазақ интеллегенциясының қазақылануымен байланыстырады. Болашақтың сұранысы мен қажеттілігін көрегендікпен болжай білген ғалым Қазақстандағы озат оқытушылар съезінде: «Қазақ тілін танып-білу қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелердің бірі. Қазақ тілінің тарихын зерттеуге үлкен мән берілуі керек. Болашақта қазақ тілі мен қазақтың әдеби тілінің бой көтеріп өркендеуі үшін біз орфография мен терминологияны дұрыс жолға қоюымыз керек» - дейді [33]. Бұл ғалымның термин іліміндегі көзқарасын айқындайды.
1936 жылы ғалымның «Қазақ сөйлем мүшелерінің орны тарихынан» деген кітабы баспадан шықты. Бұл кітабында ол қазақ тіліндегі сөйлем мүшелерінің тарихын басқа түркі тілдерінен бөліп қарамай, өзі еркін игерген түркі халықтары тілдерін бір-бірімен байланыстыра зерттеп, тарихи салыстырмалы әдісті шебер қолданды. Бұл еңбегімен Қ.Жұбанұлы қазақстандық түркітану ғылымының қалыптасуына зор үлес қосты. «Ауыл мұғалімі» журналында мұғалімдерге арнап қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы, кітапты қалай пайдалану, оқулықтағы материалдарды оқушыларға қалай нәтижелі игерту мәселелерін көтеріп отырды. Осы журналда «Жаңа грамматиканың жақсылықтары», «Шылаулар», «Қос сөздер», «Біріккен сөздер», «Әдіс, бағдарлама мәселелері», т.б. мақалаларын жариялады.
Қ.Жұбанұлы қазақ тіл білімінің сан саласынан іргелі-іргелі зерттеулер жаза отырып, сол тұстағы көкейтесті мәселелердің бірі болған қазақ жазуы мен әліпбиі бойынша белгілі фонетист ғалым ретінде құнды-құнды пікір айтып, ғылыми маңызы зор еңбектер жазған. Оның әліпби және жазу мәселесіне қатысты көзқарастарын «Әліппеміз бұқарашыл болсын», «Қазақ тілінің емлесін өзгерту жайлы», «Қосар ма, дара ма?», «К проекту реформы казахского алфавита»,«Проект казахского алфавита», «К пересмотру казахской орфографии», «К проекту реформы казахского алфавита», «Проект изменений орфографии и алфавита казахского языка», «Выступление К.К.Жубанова на научно-орфографической конференции в г. Қызыл-Орде» сияқты мақалалары мен түрлі жиындарда сөйлеген сөздерінен байқауға болады. Ғалымның жазу, орфография жөніндегі теориялық зерттеулері негізінен қазақ әліпбиін жасау, бөгде тілдің графикасын қазақ тілінің ішкі ерекшелігіне бейімдеудің тиімді жолдарын іздестіру, жүйелі жазу емлесін құрастыру, оны жетілдіру, орфоэпия мен орфографияның өзіндік белгілеріне сай қазақ тілі дыбыстарының ерекшеліктерін көрсету, қазақ тіліне енген терминдердің жазылу заңдылықтарын бір жүйеге келтіру, қазақ орфографиясының жетекші принципін анықтау бағыттарында болды.
Дыбыстық тіл жазу арқылы таңбаланады десек, графиканың басты қағидаларының бірі белгілі бір әріп бір ғана фонеманың таңбасы болуы керек. Сондықтан да Қ.Жұбанұлы қазақ орфографиясын ғылыми негізде құру үшін алфавит құрамына енуге тиісті әріптердің санын қазақ тіліндегі белгілі бір фонеманың іс жүзіндегі қажеттілігіне қарай белгілеуді мақсат еткен. Дыбыс жазуы дыбысталған сөздің сол қалпындағы көшірмесі емес, оның басты қызметі ой мен сезімді жеткізу болғандықтан, дыбыс жазуында фонетикалық қоршауға тәуелді, фонологиялық жүктемесі жоқ, небір дыбыс құбылыстары ескерілмейді. Қ.Жұбанұлы да фонологиялық жазудың ерекшелігі бойынша фонемалардың негізгі реңкі таңбаланады да, фонетикалық қоршауға тәуелді реңктері ескерілмейтінін басты нысана етіп ала отырып, дыбыстық қоршауға тәуелді кез-келген дыбыстық құбылысты жазуда таңбалай беру ультра-фонетик бағытқа бой ұру болатынын айтады. Ғалымның айтуынша, қазақ жазуы фонетикалық принципті ұстануы тиіс, себебі бұл принцип қазақ тілінің дыбыс жүйесіне сәйкес келеді. Ғалым фонологиялық принцип туралы айтқан деп түсінген жөн. Себебі ол кезде «фонология» термині қолданыста болмағанын және ғалымның сөз дыбысталуына жақын жазылуы керек деген сөзін ескеруіміз керек. Сөздің дұрыс жазылуы, айтылуы сол тілдің ішкі ерекшеліктерінен туындауы керектігін айта келіп: «Емле негізіне қожа сол тілдің жаратылыс заңы болуға керек. Тіліміздің жаратылысына қарасақ, емле дыбыс негізді болуға керек», - деп түйін жасаған [34].
Ғалым сауатты жазу үшін ана тіліндегі сөздермен қатар, басқа тілден енген сөздердің де тіліміздегі жазылу заңдылықтары туралы ереже шығару үшін әуелі әліппе мен емле мәселесін шешу керектегі туралы ойын да жеткізеді: «Халықаралық терминдердің емлесі де үзілді-кесілді шешілген жоқ. Орысша жазылуынша болсын деген жалпы бағытқа ешкімнің көріне дауы жоқ сияқты. Бірақ жалпы бағыт бар да, ереже бар. Бұл екеуі бір емес қой. Нағыз толық ереже беру мәселесі әліппе мен емлені түгел қарастырмай шешілмек емес» [34, 137 бет]. Қазақ жазуы үшін қандай принципті басшылыққа алу керек деген мәселені шешу бағытында Қ.Жұбанов тарихи жазбаларға да назар аударады. «У нас, например, лар пишется лар, лер, дар, дер, тар, тер. Вуйгурском алфавите лар писалось только через а, в чагатайской письменности -лр»–дей келіп, қазақ тілінің табиғатына сай жазу бағытын таңдау керектігін айтады:»Казахское лар имеет 4 начертания, мы не можем отказаться от них и перейти к (лр). Это затруднит обучение первоначальной грамматике, а в дальнейшем также самую грамотность» деген тоқтамға келеді [34, 348 бет]. Мұндай пікірлер аясы өте кең. Мәселен,қазақ орфографиясын қалыптастыру бағытындағы Қ.Жұбановтың көзқарасын білу үшін «Әріп қатар екен деп дыбысы қосар бола бермей, дараланып қалып, жазу мен айтудың екеуі екі жаққа кеткенін көреміз (француз, ағылшын, армян әліппелері». «Біз емлені ермекке түземейміз, оңайласын деп түзетеміз». «Чтобы не писать безграмотно, начертание должно быть приблежено к произношению». «Что такое казахский язык данного периода и куда он идет в своем дальнейшем развитии. Выяснение этого вопроса было необходимо, так как орфография казахского языка данного периода должна была создаватся по образу и подобию языка именно этого периода» дегеніне назар аударған жөн.
Қазақ жазуы алғашқы кезеңде араб графикасына негізделсе, 1929 жылдан бастап латын әліпбиіне көшірілді де, 1940 жылы кирилл жазуына ауыстырылды. Қазақ халқы өзінің ұзақ тарихында бірнеше жазу үлгілерін пайдаланғаны мәлім. Әсіресе, А.Байтұрсынұлының жаңа әліпбиі қазақ халқының мәдени тарихында, рухани өмірінде, түркітануда, жалпы тіл ғылымында үлкен мәні бар белес болды. Жазу, орфография мәселесіне байланысты жұмыстарда А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанұлының еңбегін ерекше атаған жөн. Араб графикасына негізделген жазу Ахмет есімін еріксіз ойға алдырса, латын графикасын қазақ жазуына икемдеу істерінде Құдайбергеннің орны ерекше. Сондықтан да, қазақ жазуы мен орфографиясында, жалпы, қазақ жазу мәдениетін арттыруда осы қос ғалымның қосқан үлесі зор.
Саралай келгенде, Қ.Жұбанұлының қазақ әліпбиі мәселелерін талдау барысында жалпы тіл білімі деңгейіндегі ғылыми ізденістерге, белгілі ғалымдар еңбектеріне, басқа тілдің кейбір экспериментальды зерттеу деректеріне арқа сүйей отырып, грек, ағылшын, француз, неміс,орыс, армян, грузин, араб және туыс түркі тілдерінің ерекшеліктерін жетік біліп, оларды қазақ тілімен байланыстыра, салыстыра баяндағанын көреміз. Қ.Шаяхметұлының тілімен айтсақ, «алдыңғы аға буын өкілдері мен өз қатарластары сияқты бұл кісі де – сегіз қырлы, бір сырлы, әмбебап тұлға». Қазақ тіл білімінің тілдік қабаттарының қай-қайсысының болсын түпкі негізін қарастыру барысында Қ.Жұбанұлының қалдырған мұрасына жүгінеріміз хақ. Фонетика саласына қатысты ғылыми-теориялық зерттеулерден бастау алған тұжырымдары бүгінде оны қазақ тіл білімінің көшбасшысына жетелейді.
Ғалымның фонетика терминін тарқатуында өзіне тән идиостиль бар. Қараңыз:«Фонетика сөзінің түбірі – алдыңғы үш дыбыс – «фон» сөзін біз басқа жерлерде де ұшыратамыз, мәселен, грамофон, телефон, фонографсөздерінде. Мұның бәрінде де «фон» дыбыс деген мағына беріп тұрғанын білеміз. Енді фонетика сөзінің аяққы екі буыны болған – тика жалғауымен грамматика, косметика сөздерінде де кездесеміз. Мұның бәрінен де – тика жалғауы «жүйе», «ғылым» мағынасында екенін аңғарамыз. Фонетика сөзінің әлгі айтылған екі жұрнағының екі арасына біткен – е дыбысы екі жағындағы екі сөзді қосып, ұстап тұрған байлам, дәнекер екенін ескерсек, фонетика дыбысы ғылымы немесе дыбыс жайындағы ғылым деген болып шығады» [37].
Фонетикаға қатысты зерттеулерінде ғалым дауысты мен дауыссызды бір нәрсенің екі беті ретінде қарастырады. Қазақ тілі дыбыстарының құрамын дауысты, дауыссыз және үнді (сонор) дыбыстар деп аталатын үш топқа бөледі. Тілдің сөйлеген кезде жоғары көтерілу, төмен түсу ыңғайына қарай а-ә, о-ө, е дауыстыларын толық дауысты; ы-і, ұ-ү дауыстыларын келте дауысты деп атайды. Yнсіз дауыссыздарды екі жікке ажыратып, б, д, ж, з, ғ, г дауыссыздарын ұяңдар тобына, п, т, ж, с, қ, к дауыссыздарын қатаңдар тобына жатқызады. Жасалу жолына қарай п-б, т-д, қ-ғ, к-г дегендерді үздікті дауыссыз, с-з, ш-ж дегендерді үздіксіз дауыссыз деп бөлген. Yнсіз дауыссыздарды жасалу орнына қарай көмей, тіс, ерін дауыссыздары деп аталатын үш топқа ажыратады. Оқушылардың түсінуіне жеңіл келу үшін дыбыстардың өзара жіктелісін әдейі қарапайым үлгіде жеткізуге тырысқандығы көрінеді. Yнді дауыссыздарды алдымен тура жолды сонорлар, айналма жолды сонорлар деп екі топқа бөліп, оның алғашқысына ү, и, кейінгісіне р, л, м, н, ң дауыссыздарын жатқызады. Соңғы топтағы сонорларды әрмен қарай ауыз жолды, мұрын жолды деп екіге айыра көрсетеді.
Қ.Жұбанұлы қазақ әліпбиіне и, у әріптерін ұсына отырып: «ұу, үу, ый, ій-лердің әрқайсысында екі-екіден дыбыс бар деушілердің екінші әрі бар күшті дәлелі, бұл қосар әріпті ерте кезде бір дауысты, бір дауыссыздан құралған екі дыбыс болған деседі. Мұнысы дұрыс: «су» сөзі бұрын бірде» «сұу», бірде «сұғ» түрінде болуы рас. Бірақ бұрын сондай болушылығының өзі осы күні сондай екендігінде, немесе, осы күні қосар таңбамен жазудың дұрыстығына дәлел бола ала ма?» деп, олардың бұрын қос дыбыс болғандығына келісе тұрып, қазіргі кезде қос әріппен таңбалауға қарсылық білдіреді [38]. Бұған дәлел ретінде кейінгі зерттеушілер пікірін алға тартады: «Қазақ тілінің грамматикасын ең жақсы тексерген профессор П.Мелиоранский де осы Радлов пікірінде болып, ұу, ій-лерді жалаң әріппен таңбалаған. Бұл дыбыстардың татар тіліндегісі мен қазақ тіліндегісінің ешбір айырмасы жоқ». Бұл пікір кейіннен қазақ тіл білімінде көптеген ой қозғауға алып келді. Әйтсе де Н.А.Садуақас көрсеткеніндей, «Осындай танымал ғалымдар пікірлерінен кейін олардан басқаша ой қорытып, тұжырым жасауын Ә.Жүнісбеков зерттеуінің құндылығының бір қыры деп түсінеміз. Себебі Ә.Жүнісбеков бұл и,у әріптерінің әрқайсысы дауысты+дауыссыз қос дыбыстың таңбасы екендігін, қазақ тілінде дауысты и,у дыбыстары жоқтығын ғылыми тұрғыда дәлелдеді» деп тұжырым жасайды [39].
А.Салқынбай сөз жүйесінің көптеген теориялық мәселелерін алғаш атап көрсеткен ғалым ретінде Қ.Жұбанұлын алға тартады. Лексикологияға қатысты біраз мәнді мәселелер 1936 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің грамматикасы» атты оқулықта айтылған. Қ.Жұбанұлы «Таныстыру» бөлімінде «сөз, сөз бөлшектері, сөз бұйымы мен сөз материялы, сөз бен ой» деген мәселелерге тоқталған. Бірақ ол сөз, сөз бөлшектері дегенді ерекше мәнде жұмсаған. Сөз дегенді тек лексикалық тұлға емес, сөйлеу (речь) мәнінде де жұмсайды. Сөз деген атауды қазіргідей заттарға, құбылыстарға атау болатынын, сөз жасайтын материал дыбыс екенін дұрыс атаған. Бұл еңбекте лексиканың жеке мәселелері сөз болғанымен, олар лексикологиялық тұрғыда емес, грамматикалық тұрғыда сөз етілген. Тілдегі идиомалар, фразалар, мақал-мәтелдер, түрлі орамдар және афоризмдер, күрделі сөздердің тобы өмірдің барлық саласын қамтып, ішкі мазмұны жағынан өте бай келеді. Мұндай орамдар адамдардың ой-сезімін ара қатынасын, танымын білдіреді. Дайын қолданылатын мұндай тұрақты түрде кездесе беретін орамдардың бәрі бірдей фразеологиялық тіркестерге шектес единицалардың көпшілігі күрделі сөздер: сасық күзен, сарыбауыр, соқыр ішек, еркін снтаксистік тіркестері: ақ аю, ақ бидай, асау ат, ашық жиналыс, қызыл көйлек, жылы бөлме, бұйра шаш т.б. болады.
Қазақ тілі білімінде күрделі сөзді алғаш сөз еткен ғалым – Қ.Жұбанұлы. Оның «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» деген еңбегінің «Сөз тұлғалары» тарауында күрделі сөздердің кіріккен (ашудас, белбеу, күндіз), қиюлы (ауатком, партком, ҚазПИ) және қосар (бала-шаға, көзбе-көз) түрлері көрсетілген. Қазіргі барлық оқулықтар мен оқу құралдарында, ғылыми зерттеулерде қолданылып жүрген «біріккен сөздер» терминін ғалым «кіріккен сөздер» деп атаған. Сөйтіп, олардың ішінен «ерте құралып, арасының жігін жоғалтып кеткен» сөздерді кіріккен сөздердің көнесі дейміз. Жаңадан құралып, әлі жігін жоғалтпанғандарын жаңасы дейміз, - деп бөлген. Көне түріне кішкене (кіші-ғана), келсап (келі-сап) сияқты фонетикалық өзгеріске түсіп барып қалыптасқан сөздерді жатқызады да, жаңа түріне өзгеріске түспеген белбау (бел-бау) сияқты сөздерді жатқызады. Қ.Жұбанұлының «кіріккен сөздердің көнесі» деп отырғаны кіріккен сөздер де, «кіріккен сөздердің жаңасы» деп отырғаны қазіргі біріккен сөздер болып табылады.
Қазақ тіл білімінде қалыптасқан «қос сөздер» терминін Қ.Жұбанұлы «қосар сөздер», сондықтан «қосарынан айтылатын, сөздерді қосар сөздер дейміз» деген ереже береді. Қосар сөздерде ғалым іштей бес топқа бөледі: 1) теңдес қосар (бала-шаға); 2) сөздес қосар (жарқ-жұрқ, ұзын-ұзын); 3) матаулы қосар (қолма-қол, көзбе-көз); 4) тіркеулі қосар (шай-пай, өлең-сөлең); 5) қосақты қосар (қап-қара, қып-қызыл). Кейінгі зерттеулерде бұл аталған топтар тек екі бөлікке ғана ажыратылып жүр: 1) қосарлама қос сөздер; 2) қайталама қос сөздер. Қосарлама қос сөздерді Қ.Жұбанұлы «теңдес қосар», ал қайталама қос сөздерді: сөздес, матаулы, тіркеулі, қосақты қосарлар деп төртке бөлген.
Қ.Жұбанұлының «қиюлы сөздер» деп атағандары – қысқарған сөздер. Қиюлы сөздердің құрылысы: а) буын қиюлылар (казатком), ә)әріп қиюлылар (ХКС), б) аралас қиюлылар (КазПИ) деп бөледі. Автордың осы жіктеуі кейінгі зерттеулерде сақталған, айырмашылығы атауында (қиюлы сөз – қысқарған сөз). Одан кейін ғалым кіріккен сөздердің қандай белгісін болады дей келіп, оған мынадай жауап береді: біріншіден, неше сөзден құралса да, кіріккен сөздер бір-ақ нәрсені атайтын, бір-ақ сөздің орнына жүретін сөз болуы керек (қарақұс, қолғап); екіншіден, құрамындағы жеке сөздердің әрқайсысы сөйлемде өз алдына бір-бір мүше болмай, бәрі жиналып барып, сөйлемнің бір-ақ мүшесі болуы керек; үшіншіден, кіріккен сөздердің қайсыбіреулерінде біреуінің не екеуінің де формасы жай қалпындағыдан өзгеріп, басқа түрге түседі (ашудас, белбеу); төртіншіден, кіріккен сөздердің бір айырмасы – мұнда екпін біреу-ақ болып, о да кірігуші сөздердің ең соңғысында ғана болады (қарақұс, сарымай, Алатау). Демек, кіріккен сөз дегеніміз екі не үш сөзден кірігіп барып, бір сөз орнына жүретін, бірақ қосақталу амалы заңды күйге түспеген қосындылар болып шығады, - деп ойын қорытады [40].
Сонымен қатар кіріккен сөз бен кірікпеген сөз тіркесін бір-бірінен ажыратын белгі ретінде ой екпінін көрсетеді. Осы айтылғандарды жинақтай келе, мынадай тұжырым жасауға болады: Қ.Жұбанов 1930 жылдардың өзінде-ақ күрделі сөздер қанша сөзден біріксе де, кіріксе де тұтас бір мағына білдіреді; бір ғана заттың атауы болады; кейбіреулерінің құрамындағы сыңарларының дыбыстық өзгеріске түсуінен сыртқы түр-тұрпаты басқаша болып қалыптасады; бір ғана екпінді иеленеді деп тұжырымдайды. Автор көрсеткен кіріккен сөздердің төрт белгісін қазіргі түсінік бойынша күрделі сөздердің белгілеріне жатқызуға әбден болады. Күрделі сөздің үш түрін көрсете отырып, кірікпеген сөздерді (жер май, сары май) бір ыңғайда алып қарайды. Сондай-ақ қазірде күрделі сөзге жатқызылып жүрген бет орамал тіркесін Қ.Жұбанұлы синтаксистік тіркес деп дәлелдеген. Бірі анықтауыш, бірі анықталушы болатын темір күрек сияқты сөз тіркесімен қатар қояды.
Кейін Қ.Жұбанұлы А.Байтұрсынұлы атап өткен үстеу терминін «мезгіл-мекен есім» деп атап, оны сөз табының бірі ретінде қарастырды. Ал үстеу терминін жұрнақ терминінің орнына қолданады. Ғалым: «Мезгіл-мекен есім болатындар: кеше, бүгін, мана, енді, әлі, бұрын, жоғары төмен, ас, үст ілгері, кейін т.т.» деп, «мағынасы – істің мезгілін не мекенін көрсету. Морфологиялық белгісі – -ғы, -гі, -қы, -кі үстеуін (жұрнақ) еретіндігі: кеше+гі, бұрын+ғы, ақыр+ғы т.т. Синтаксистік белгісі – анықталушысына жалғаусыз жетектеле тұрып, орны еркін болатыны» деп көрсетеді [41].
Қ.Жұбанұлының қазақ тіл білімінің синтаксис саласына қатысты пікірлері бір төбе. Жай сөйлемдер туралы зерттеген тұжырымдары қазіргі қазақ тіл білімінің басы-қасында десек те болады. «Қазақ тілі жөнінде зерттеулер» кітабында ғалым 7-сыныпқа арналған «Синтаксистік бағдарламалары» деген бөлімге 84 сағат бөліп, соның ішінде 18 сағатын жай сөйлемге арнаған. Бұл зерттеуде жай сөйлемге тән тақырыптар қарастырылып, ІІ бөлім «Сөйлем жүйесінің бастауыш білім» деп аталып параграфтармен бекітілген. Соның ішінде сөйлемнің мағынасына арнайы ереже беріліп, сөйлемнің түрлі сазбен айтылатындығы алдыңғы қатарға алғаш рет шыққан. Ахмет Байтұрсынұлы сөйлемдерді айтылу түрлеріне қарай 1) сұраулы сөйлем, 2) лепті сөйлем, 3) тілекті сөйлем, 4) жай сөйлем деп төртке бөлсе, Құдайберген Жұбанұлы қандай сазбен айтылатынына қарай сөйлемді үш түрге бөлген: 1) хабар сазды сөйлем; 2) сұрау сазды сөйлем; 3) леп сазды сөйлем. Жай сөйлемнің түрлері Қ.Жұбанұлының пікірінше, «Сөйлем мүшелері» деген тақырыпта тек қана жалаң мен жайылма және толық сөйлем мен олқы сөйлем деп қарастырса керек.
Сөйлем мүшелері жайлы арнайы тоқталған да – Қ.Жұбанұлы. Ол сөйлем мүшелерін екі жақты қарастырады. Оның орын тәртібі, кейде олардың жасалуы сияқты мәселелер бойынша мақалалар жазып, кітаптарында тоқталған. «Из истории порядка слов в казахском предложении», «О построении речи на казахском языке» және «Қазақ тілі грамматикасы» сияқты мақала-кітаптарында автор сөйлем мүшелері туралы ғылыми талас пікірлерге тоқталмайды. Тек олардың жасалуы, негізгі анықтамалары сияқты мәселелерді сөз етеді. Ал оның сөйлем мүшелері жайлы ғылыми көзқарасын «Жаңа грамматикалық жаңалықтар жайынан» атты көлемді мақаласынан көруге болады. Автор сөйлем мүшелерінің саны, оның атаулары туралы жоғарыда аталған еңбегінде тұрлаулы және айқындауыш деп бөле келіп, әсіресе сөйлемнің тұрлаусыз мүшесі туралы өзіндік жаңа ұсыныстар жасауды мақсат еткен.
Ғалым сөйлем мүшелерін топтастыруда А.Байтұрсынұлының жүйелеуіне сын айтады. Оның сөйлем мүшелерін жасаудағы көзқарастарына бүтіндей қарсы екендігін дәлелдейді. Қ.Жұбанов сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері туралы өзінен бұрынғы авторларды сынай келіп, олардың жүйелеулерінің көбіне мағыналық ерекшелікке тоқталғанын дұрыс емес деп тауып, сөйлем мүшелерін топтастыруда тұлғалық принципті басшылыққа алады. Яғни, сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері деген терминнің орнына орыс тіл білімі мамандарының топтауы негізіндегі айқындауыш деп атағанды жөн көреді. Бұдан әрі автор сөйлем мүшелерін топтауда септік жалғаулы сөздердің барлығын, тіпті ілік жалғауды сөздерді де, толықтауышқа қосып жібергенін байқауға болады. Автор пысықтауыш болатын бүгін, кеше сияқты сөздерді пысықтауышқа қосуының негізгі себебі, олардың мағыналық жағын еске алғандықтан емес, тек тұлғалық яғни анықтауыштық тұлғалы сөздермен бір тұлғалас екендігін негізге алғандықтан болып отыр. Оған қоса септік жалғаулы сөздерді толықтауышқа қосумен бірге, кейде ілік, кейде басқа септік жалғаулы сөздердің түсіріліп айтылуын толықтауыш деп біледі.
Демек, Қ.Жұбанұлы өз еңбектерінде синтаксистің, оның ішінде жай сөйлемдік құрылымда жүрген бірліктердің негізгі мәселелерін қозғай алды. Әрі аталған мәселелердің бастауында тұрды. Кейіннен қазақтың синтаксис ілімін зерттеген ғалымдар аға ғалым тұжырымдарын үнемі бағыт етіп ұстай алды. Бүгінгі күні аты алашқа танымал зерттеушілердің барлығы дерлік Қ.Жұбанұлының ілімін жалғастырушылар ретінде танылып қана қоймай, өздерінің мектептерін қалыптастыру дәрежесіне дейін жетті.