Қазақ филологиясына еңбегі сіңген лайық тұлғаның бірі, А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанұлы сияқты алғашқы ізашар еңбектер қалдырған көрнекті қайраткер, белгілі ғалым – Сәрсен Аманжолұлы. Ол Шығыс Қазақстан облысының тумасы. 1903 жылы Ұлан ауданы, Егінсу ауылында дүниеге келген. 55 жылдық өмір жолында қазақ филолгиясының ғылым көкжиегінде өзіндік қол таңбасын қалдырған ғалым. 1930 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітіріп, өмір жолын тек осы салаға байланысты қызметпен ұштастырған. 1931 жылы ҚазПИ-де оқытушы, кафедра меңгерушісі; 1934-1936 жылдары Қазақтың ұлт мәдениетін зерттеу институтының директоры; 1937-1942 жылдары КСРО Ғылым Академиясы Қазақстан бөлімшесінің тіл және әдебиет секторын басқарушы; 1946-1958 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясы Тіл және әдебиет институтының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Әрине, мұның барлығы оның қазақ филологиясы әлеміндегі өзекті мәселелердің бел ортасында жүргендігіне айғақ.
Әкесі Аманжол Сәрсеннің он бірге толар-толмас кезінде қайтыс болады. Бірақ ауылдағы қауымға барынша сыйлас әкенің өзі дүниеден өткеннен кейін де, көзі болып қалған Сәрсенді ауыл қарттары шеттеткен емес. Қайта, ынтасы зор жас баланы жақын тартып, аңыз-әңгімелерді, ертегілерді шұбырта айтып отыратын-ды. Бұл өз кезегінде бала Сәрсеннің оқуға деген құмарлығын арттырды. Бір есептен өзінің аузы дуалы қарттармен қарым-қатынасының жақындасқаны қуантса, енді бір жағынан хат танудағы қиындықтары алдынан кедергі болып отырды. Ол он үш жасында осы аймақтағы Катонқарағай елді мекеніндегі орыс-қазақ мектебін тәмамдап, көп ұзамай Өскемен қаласындағы реальдық училищеге түседі. Бұл қуаныш та ұзаққа созылмады, жоқшылық өз дегенін жүргізіп, оқуға қаражаты болмай, оны ақыры тастап кетуге мәжбүр болды. Бірақ бала Сәрсеннің оқуға ынтазарлығы сол мәжбүрліктен жойылып кеткен жоқ, қайта «оқу сәулесіне малынсам» деген арман жас жүрегінде сақталынып қалды. Кейіннен жалындап шықты да. Оның ендігі оқу баспалдақтары Семей қаласында басталды. С.Аманжолұлы Семей қаласындағы қысқа мерзімді мұғалімдік курсты 1920 жылы бітірген. Егерде аталған мұғалімдік курстың ашылу уақыты 1917 жылдың күзінде болғанын еске алатын болсақ, Сәрсен бозбаланың да сол оқу орнының алғашқы шәкірті болғандығы дау тудырмайды. Оның үстіне мұнда «Оқытушылар ұйымның төрағасы Манан Тұрғынбаев, хатшысы Мұхтар Әуезов болғандығын,… аталған курстың алғашқы жетекшісі болып Б.Сәрсенов тағайындалғанын, ал алғашқы оқытушылар ретінде М.Тұрғынбаев, С.Мұстафин, Қ.Сәтбаев білім бергенін» ескерсек, болашақ білімпаздың біршама есейгендігін байыптаймыз [42].
С.Аманжолұлының мұғалімдік жолға келуі де ерте болды. Ол 1922 жылға дейін өз ауылындағы мектепте екі жылдай сабақ береді. Бұл сол елдің жас жеткіншектерінің көзін ашуға барынша септігін тигізді, басқаша айтқанда, Совет үкіметінің бізге қажетті бағыттарының бірі сауатсыздықты жоюға өз күшін аямады. Адал қызметінің арқасында жергілікті халықтың сеніміне ие болды. Семей губерниясының Бұқтырма ауданы тұрғындары оны халық соты етіп сайлады. Мұндай құрметке, халықтық қызметке С.Аманжолұлы тек өзінің еңбекқорлығы, білім жолындағы ұшқырлығы, туған еліне деген сүйіспеншілігі нәтижесінде жетті. Тіпті, кейіннен Сәрсен ағамызды 1924 жылы Шығыс Қазақстан облысының Атқару Комитеті қызметке шақырып, жауапты хатшы етіп тағайындаған екен [43].
С.Аманжолұлы 1926 жылы Орта Азия мемлекеттік университеті жанындағы педагогика факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға жіберіліп, оны 1930 жылы бітіреді де, өз мамандығына сәйкес квалификация алады. Университет қабырғасында жүріп-ақ түрлі үйірмелерге жетекшілік етіп, өзіне де, өзгеге де қажетті болған қоғамдық жұмыстарды атқарады. Тіпті, 1928-1930 жылдар аралығында С.Аманжолұлы Орта Азия жазушылар бюросындағы қазақ жазушылар секциясының төрағасы қызметін атқарған. Мұндай сенімге де ол бірден келген жоқ, оған бір кездегі ауыл қарттарынан естіген аңыз-әңгімелердің игі әсері тиді. Сол тыңдалымдар оған кейіннен өлең шығаруға да ықпал етті. Ақырында, оны жоғарыдағыдай қызмет орнына әкелді. Сол кездегі Орта Азиялық комитеті, жақын тарата айтсақ, жоғарыда аталған университет ұжымы, тіпті жақындата айтсақ, академик В.В.Бартольдт, профессор С.Е.Малов сынды ғалымдар ортасы жиырма бес жасар Сәрсенді де қызықтырды, үлкен ұжым да одан айырылуды қаламады. Осы себептен де ол университетті оқу үздігі боп бітіріп, оның аспирантурасында қалдырылды, екінші жағынан ассистенттік қызмет атқарды. Дәл осы кезеңнен бастап Аманжолұлы Сәрсеннің педагогикалық қызметі мен ғылыми бағыттағы жұмыстары қатарласа жүрді.
Қазақ жерінде алғашқы педагогикалық оқу орны 1928 жылы ашылды. С.Аманжолұлының аспиранттық, әрі ассистенттік қызметі енді осы жоғары оқу орнында жалғасты. Ұстаздық жол енді жоғары оқу орнының студенттеріне дәріс оқумен жалғасын тапса, алғашқы оқу программаларын жасау, алғашқы оқу құралдарын ұсынуоның халқымыздың мәдени дәрежесін, сауаттылығын көтеруге тигізген көмегі болып табылады. Мәселен, ұстаз 1931 жылы ІІІ сыныптың оқу кітабы мен шала сауатты колхозшылар үшін әліппені жазып шықты. Бұл оқулық осы жылы Ташкентте басылды. 1932 жылы бастауыш мектеп үшін ана тілі бағдарламасын Алматыдағы Оқу-педагогика баспасына бастырды. Бұл бағдарлама тұңғыш жасалған бағдарлама және ана тілін оқыту жөніндегі әдістемелік нұсқаулар да алғаш берілген еді. Дәл осы жылы оның басқаруымен бастауыш сынып оқушыларына арналған «Қазақ тілі» оқулығы да жарық көрді. Оқулық 1934 жылы ІV сыныпқа арналған «Қазақ тілінің грамматикасы» атты оқулықпен, бұл оқулық сынып санының өсу дәрежесіне орай 1938-1940 жылдары қайталана басылым көрген. Орайы келгенде айта кететін нәрсе, аталған оқулық Қазақстан мектептерінде күні кешеге дейін оқытылып келді.
С.Аманжолұлының ұстаздық мәртебесін бірқатар әдістемелік мақалалар жариялауымен де бекіте түседі. Әсіресе, 1938 жыл көлемінде ол «Жаңа мектеп» атты ғылыми-педагогикалық журналдың жұмысына араласып, редакциялық алқа мүшесі де болады. Мақалалық баяндаулар тек педагогикалық бағыттағы мәселелерді қозғаған жоқ. Мәселен, сол уақыттың басты тақырыбы болған жазу мәселесі де оның қаламына ілінді. Ол туралы оның шәкірті Н.Оралбайқызы төмендегіше ой толғайды: «С.Аманжолов та жазу мәселесіне араласпай, сырт қала алмаған. Ол латын жазуы кезінде емлені түзету, бір ізге келтіру мәселесіне араласқан. 1933 жылы латын алфавитін қабылдау кезінде кеткен қатені түзету туралы мынадай ұсыныстар жасады: иб, уб сияқты қосарлы әріптерді жойып, толық дауысты у, и дыбыстарының әрпін алфавитке енгізу, орыс тіліндегі в дыбысына сай v әрпін және х, ф әріптеріне сай х, f әріптерін алфавитке енгізу, осымен байланысты емлеге өзгеріс жасау, термин сөздердің емлесін жақсарту. Ғалым пікірлері «Социалистік Қазақстан» газетінде 1933 жылы 23 августе жарияланды. Ал 1934 жылы емлеге өзгеріс енгізуге арналған жобаны жасап, ол «Казахстанская правда» газетінің 9 апрельдегі санында жарияланды» [44]. Шәкірт пікірінен С.Аманжолұлының қазақ жазуының қоғамдағы атқарған қызметіне өте мән бергендігін байқауға болады. Бәрімізге мәлім, мұнан кейінгі кирилл жазуына көшкен қазақ халқы жетпіс жыл көлемінде С.Аманжолұлының жобасындағы алфавитті пайдаланып келді. 1957 және 1983 жылы емлелік шағын өзгерістер болғанымен, о баста қабылданған жазу ерекшелігі көп өзгеріске түскен жоқ.
С.Аманжолұлын Қазақстан Ғылым академиясының іргетасын құрушы азамат ретінде де танимыз. Ол 1937-1942 жылдары КСРО ҒА-ның Қазақстан филиалында тіл секторын басқарады. Ал 1946 жылдардан бастап, Қазақстан ҒА-ның Тіл және әдебиет институтында бөлім меңгерушісі қызметін ҚазПИ-дегі ұстаздық қызметімен қоса атқарады. Қазір еш жұмбағы жоқ болып отырған сияқты. Бірақ 1934 жылдары тарих, тіл, әдебиет, өнер, өлкетану салаларын біріктіріп орталықтандырылған Қазақтың Ұлт мәдениеті Ғылыми-зерттеу институты ашылды. С.Аманжолұлы осы ұжымда ғылыми хатшы, тіпті аз уақыт институт директоры болды [45]. Аталмыш институттың «өмірі» ұзақ болған жоқ, бірақ шағын уақыттың өзінде С.Аманжолұлының А.Байтұрсынұлымен істес болғаны, әр алуан тыңғылықты істерді де тындырғанының куәсы боламыз. Ол жайын Б.Сапаралы аталған кітабында тыңғылықты суреттейді: «Институт қабырғасында әйгілі адамдар еңбектенуі ұлт мәдениетінің зерттелу көсегесін ғана көгертіп қойған жоқ, сонымен қатар жеке тұлғалар бойындағы қадір-қасиетті жарқырата алуымен де қымбатты. Институттың ғылыми жұмыстарына әр жылдар бедерінде біртуар халық перзенті, аяулы Ахаң – Ахмет Байтұрсынов араласып отыруы ұлт мәдениеті ғылыми-зерттеу орталығы тарихының жарқын бір парақтары деп зор сүйіспеншілікпен бағалар едік. Директор Сәрсен Аманжоловтың жеке архивінен табылған іс-жоба қағаздарына сүйенер болсақ, ғылыми-зерттеу институтының алғашқы беттегі құрылымы төмендегідей: а) тарих; ә) әдебиет пен фольклор; б) қазақ, дүнген, ұйғыр тілдерін саралау жөніндегі тіл білімі; в) күй-хореография; г) театр-кино бөлімдері».
Мұндай бағыттағы қоғамдық жұмыстар ғалымның ғылыми жұмыстарына кедергі жасай алмады. Қайта, өзіндік жол сілтеу болып та отырды. Мәселен, сол жылдардың өзінде-ақ С.Аманжолұлы халық ауыз әдебиетінің нұсқаларын жинауға ат салысып, қазақ тілін, оның ішінде халық тілінің ерекшеліктерін зерделейтін экспедициялар ұйымдастырды. Оларға басшылық етті. Байыптай қарасақ, С.Аманжолұлы «Қазақ совет фольклоры», «Бөгенбай батыр», «Он алтыншы жыл» сынды көлемді еңбектер мен І томдық жұмбақтар жинағын шығарған. Басқалардың жинауына мүмкіндік туғызған. Ғалым 1930 жылдардың ішінде-ақ мақаласы бар, оқу құралы және оған жол сілтер бағдарламасы бар, қоғамның түрлі аспектілерін қамтыған, халық көзқарастарын танытқан басылымдары бар, жалпы саны елуге жетерлік ғылыми-педагогикалық жұмыстарын ұсынған екен. Мұндай қыруар жұмыстардың зейнеті де көп ұзамай көрінді: сол уақыттағы КСРО Оқу министрлігінің жанындағы Жоғарғы аттестациялық комиссия С.Аманжолұлына доцент атағын және қорғаудан өтпей-ақ филология ғылымының кандидаты дәрежесін бекітті.
Сұрапыл Ұлы Отан соғысының қазақ даласына келуі де бірден болды. Мұндай ел басына күн туған заманнан С.Аманжолұлы тыс қала алмады: өз еркімен майданға аттанды. Ол 1942-1944 жылдары басқа ұлт өкілдерінің жауынгерлері арасында үгітші қызметін атқарған және майор шеніне дейін көтерілген. С.Аманжолұлы 1944 жылдың мамырынан 1946 жылдың маусымына дейін Кеңес Армиясының Жоғарғы Саяси Басқармасында қызмет етті. Ол майдан ішінде жүрсе де жазудан қол үзіп кетпеді. «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы орыстан басқа ұлттардың жауынгерлері арасындағы саяси-тәрбие жұмыс тәрбиесі» атты 400 беттік еңбек соған дәлел бола алады. Мұның сыртында майданның алдыңғы шебінен материалдар жинап, жауынгерлердің рухын көтерудегі мақалалары газет бетінде жарияланым көрді. Соғыстың соңғы жылдарында және соғыс аяқталған соң да С.Аманжолұлы болашақ ғылыми жұмысының негізі боларлық материалдарды жинақтай бастады. Оған 1937 жылдары халық тілі ерекшелігін жинақтаудағы экспедициялардың көріністері практикалық материал болса, Москвадағы Ленин атындағы кітапханадан жинақтаған теориялық материалдар ғылыми жұмысының салмақты болуына әкелді. Ол 1948 жылы «Қазақ диалектологиясының негізгі проблемалары» атты докторлық диссертациясын қорғады. Көп кешікпей профессорлық атақ та өз иесін тапты. Мұнан кейінгі жылдары сол өзінің сүйікті мамандығы оқытушылық қызметті серік етті. ҚазПИ студенттерінің алдында синтаксис теориясынан дәріс оқыды, жас ізденушілерге ғылыми жетекшілік қызмет атқарды. Сонымен қатар бірнеше жыл Қазақ КСР саяси және ғылыми білімдер тарату қоғамының әдебиет секциясын басқарды. 1949 жылы «Қазақтың әдеби тілі» деген кітапшасын баспадан шығарса, 1940 жылы қолжазба ретінде басылып шыққан «Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқа курсын» 1950 жылы қайта ұсынды. Аталған еңбектер ғалымның қазақ филологиясындағы қомақты зерттеулері еді. Ғалымның бұл еңбегі де еленіп, 1954 жылы Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды.
С.Аманжолұлы 54 жыл ғана өмір сүріп, 1958 жылдың 28 қаңтарында жарық дүниемен қош айтысты. Бірақ оның өз шәкірттері атап көрсеткеніндей, «Халқы сүйген көрнекті ғалым, қажымаған ұстаз, Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Аманжоловтың жазған еңбектері қазақ халқының мәдени және ғылыми қазынасына қосылған зор үлес болып табылады» [46]. Саралай келгенде, ғалым еңбектері қазақ халқының мәдени және ғылыми қазынасына қосылған мол үлес болып табылады. Ғалымның ғылыми еңбектері қазіргі қазақ филологиясының тереңнен зерттелуіне өзіндік жол салып, оның қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан. Қазақ халқының өскелең мәдениетінің өркендеуіне арнап көптеген еңбектер жазған. Өз еңбектерінде ол жастардың сауатын ашып, білім беру, ана тілін сүю мәселелерін көздеген. Өзінің аз ғана ғұмырында оның қаламынан көлемі 200-ден астам ғылыми еңбек туған. 120-дан аса еңбегі басылып шығып, қалғаны қолжазба күйінде сақталған. Ғалымның бұл еңбектері бүгінгі күні зерттеу жұмыстарына жаңа бағыт беріп, жан-жақты зерттелуіне ықпал жасауда.