Павлодар, 2020

С.Аманжолұлының филологиялық шығармашылығы


С.Аманжолұлының жалпы тіл білімі, қазақ тіл білімінің теория негізін қалыптастыру, халық ауыз әдебиеті нұсқаларын жинау, әдеби тіл тарихын зерттеуге қатысты тұжырымдарын сипаттаған «Тарихи тұлғалар» жинағының құрастырушылары Б.Тоғысбаев пен А.Сүжікова ғалымды А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанұлы бастаған үрдісті ілгері жалғастырушы ретінде таниды. Ғалымның қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламалары ана тілін оқытуды ғылыми жолға қоюға елеулі ықпал еткенін айтады. Сонымен қатар қазіргі қолданыстағы кириллицаға негізделген қазақ жазуының негізін қалап, «Қазақ диалектологиясының негізгі мәселелері» атты докторлық диссертациясында қазақтың әдеби тілі мен қазақ тілінің диалектілік негізін, оның қалыптасу тарихын, дамуын жан-жақты зерттеп, диалектілердің түркі тілдермен жақындығын, ру-тайпа халық тілінің байланысын, даму жүйесін анықтағанына тоқталып, аталмыш еңбекті қазақ диалектологиясының тіл білімінің бір саласы болып қалыптасуына негіз болған жұмыстар қатарына жатқызған [47].

Оның есімімен байланысты көптеген метеп оқулықтары бар екені аян. Мәселен, 1931 жылы ғалымның тікелей қатысуымен әліппе жарық көрген. 4-сыныпқа арналған «Қазақ тілі грамматикасының»; орта мектепке арналған грамматика оқулығының авторы; 1-3 сыныптарға арналған қазақ тілі оқулығының редакторы; 1940 жылы 10 қарашада ҚазССР Жоғары Кеңесінің 5-сессиясында оның жаңа әліпбиінің жобасы қабылданады. 1942 жылғы ақпаннан – 1946 жылғы маусымға дейін әскери қызметте бола жүріп «Қызыл Армия үгітшісінің блокнотын» және Кеңес Одағының Батырлары жайлы үнпарақтар шығарған. Халық мәдениетіне арналған 100-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген. Зерттеулері қазақ филологиясының барлық саласын қамтиды. Оның шығармашылық белесінде алғашқы туындылары ретінде «Үнсіз сұлу», «Алтай суреттері», «Бозторғай», «Күрең ат», «Тарих жолы» атты өлеңдері танылған. Олар кезінде «Лениншіл жас» газеті мен «Жаңа әдебиет» журналында жарық көрген. «Есімде қалғандар» мемуарлық шығармасы 1922 жылы «Балдырған» журналы арқылы көпшілікке жол тартқан [48]. Мұның барлығы тақырып иесінің сегіз қырлы, бір сырлылығын танытары хақ.

Ғалымның қазақ халық ауыз әдебиетіне қатысты зерттеулерінің өзі бір төбе. Ол жөнінде «Қазақ әдебиеті энциклопедиясынан» мынадай ақпарат кездестіруге болады: «Аманжолов қазақ ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерін жинап, жариялауға көп үлес қосқан. «Бөгенбай батыр» (1935), «Қазақ совет фольклоры» (1935), «Қазақтың халық жұмбақтары» (1940), «Тоғыз құмалақ» (1936) т.б. кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ, «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты көлемді зерттеу мақаласы 1935 жылы «Әдебиет майданы» (қазіргі «Жұлдыз») журналының 5-санында жарық көрді» [49]. Оның редакциясымен 1939-1940 жылдары Абай шығармаларының толық жинағы мен 1940 жылы жарық көрген жұмбақтар жинағы оның поэтикалық өнерге жақындығын дәлелдей түседі. «Қазақ әдебиеті» энциклопедиясында С.Аманжолұлы туралы мынадай дерек те орын алған: «Аманжолов жалпы тіл білімі мен қазақ тіл білімінің теориялық негізін қалыптастыруда А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов бастаған ғылыми жұмысты ілгері жалғастырды. Ол жазған қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламалары ана тілін оқытуды ғылыми жолға қоюға елеулі ықпал етті. Сонымен қатар халық ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап, әдеби тіл тарихын зерттеумен айналысты».

С.Аманжолұлын тау-тастағы жазылған жазулар, ру таңбалары көп қызықтырған екен. Ол VI-VIII ғасырлардағы Орхон-Енисей жазуларына көңіл аударып, оның біразы дулаттардікі болуы мүмкін деген ой да тастаған. Кейінірек Алматы облысының Күрті өзені бойындағы тастарға қашалған ескі ру таңбаларын зерттеп, оны «Өтеген деңгейіндегі ескі таңбалар» атты мақаласына негіз еткен.

Филология ғылымдарының докторы, профессор С.Аманжолұлының ғұмырнамасы мен жалпы қазақ филологиясындағы еңбектері түзілген «Қазақ тілі» энциклопедиясында «Тіл тарихы мен диалектологиясынан бастап орысша-қазақша сөздіктер, терминология, грамматика, орфография мәселелері оның тікелей қатысуымен жүйеге келді. Сөз таптарының сөйлем мүшесі болу шарттары, сөйлемнің элементтері мен дәнекерлері, интонация, оқшау сөздер, шақ пен жаққа қатысты синтаксистік категориялар, құрмалас сөйлемнің пайда болу жолдары, үйірлі мүше тағы басқалары жайында тың қорытындылар жасағанын» дәйек еткен [50]. «Мұхтар Әуезов энциклопедиясында» берілген шығармашылық ғұмырнамасына қатысты пайымдаулар ғалымның қазақ тіл біліміндегі өзіндік орны бар тұлға екенін саралауға жетелейді. Жалпы тіл біліміндегі синтаксис мәселелерін: сөйлемге берілген анықтамаларды, сөйлем мүшелерінің табиғатын, сөйлеудің синтаксистік құрылымын, сөйлеу мен ойлау арасындағы қарым-қатынасты зерттегені, сөз таптарының сөйлем мүшесі болу шарттары, сөйлемнің элементтері мен дәнекерлері, интонация, оқшау сөздер, шақ пен жаққа қатысты синтаксистік категориялар, құрмалас сөйлемнің пайда болу жолдары, үйірлі мүше жайында тың қорытындылар жасағаны, құрмалас сөйлемнің «аралас құрмалас» деген түрін енгізгені тілге тиек етіліп, қазақ тілі ғылымының теориясын қалыптастырған, оны практикамен байланыстырған алғашқы тілші ғалымдардың бірі ретінде бағалайды [51].

С.Аманжолұлы тіл білімінің мәселелеріне қатысты зерттеулері тілтаным теориясын зерделеуге лайықталған тарихи, әрі мәдени мұра. Тілдің танымдық болмысын қоғамдағы қоршаған ортаны қабылдап, түсінудің жетістігі деп түсіндірген ғалым тіл болмысын қоғам, ұлт, мәдениет, тарих сынды ғылым салаларымен тоғыстыра зерделейді. Тілші-ғалым еңбектерінде тілтаным мәселесі тіл тарихына, сөздердің этимологиясына, кісі есімдеріне, фразеологияға, этнонимдердің шығу тарихына, жергілікті тіл ерекшеліктеріне т.б. тілдік бірліктерге байланысты өрбиді.Дей тұрғанмен оның тіл біліміне қатысты мұралары өз деңгейінде талдаудан өтті деуге болмайды. Егер ғалымның тек осы салада біршама еңбек жазғанын ескерсек, ғалым мұралары туралы бірде-бір еңбектің ұсынылмағаны ойлантады. Қазіргі уақытта қазақ тілі ғылымының көш басында тұрған А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанұлы, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаевтай ғалымдардың еңбектері жайлы жазылған ғылыми диссертация, жеке монографияларды кездестіруге болады. Ал С.Аманжолұлының мұраларының тарқатылмауы қынжылтады. Бұл тарапта С.Қоянбекованың кандидаттық диссертациясы ғана бар. Бүгінгі күні ғалымның қазақ тілі ғылыми синтаксисі, оның ішінде жай және құрмалас сөйлем мәселелері, функционалдық грамматикаға қатысты, мәтін синтаксисіне байланысты көзқарастары әлі ашылмай отыр. Әрі ғалымның жазу мен емлеге байланысты, терминологияға қатысты ой тұжырымдарының жалғасын таппауы көптеген жас зерттеушілерге түрткі болуы қажет. Себебі ғалым тілдің тек бір ғана саласымен тоқтап қалған жоқ. Байқаған адамға көп берері бар.

С.Аманжолұлы тілдегі термин мәселесіне ынта қойып отырған. Қазіргі күні біз ғалымның тек тіл білімі саласына қатысты біраз атауыш сөздерге иелік еткенін байқаймыз. Ол «Сөз тұлғалары» атты мақаласында «Адам баласының өмірінде, тұрмысында болған қайшылықтар, белеңдер, кедір-бұдыр кезеңдер, тарихи сатылар, баспалдақтар, түрлі қабаттар да сөзден табылады» – дей отырып, қазақ тілінің зерттелу кезеңінде көптеген ғалымдардың араласқандығын, олардың орыс тілді болғандықтан сөздің мәніне бара бермейтінін алға тартады. Мәселен, тек түбір деген атаудың жан-жақты таралуына әр алуан мысалдар арқылы келеді. Ғалым пікірінше, сөз тұлғасын бірінші түбір, екінші қосымша тұлға сөз деп жіктеген дұрыс. Түбір өз кезегінде нақтылы түбір, туынды түбір, біріккен түбір, кіріккен түбір, қысқарған түбір болып тарамдалады да, қосымшалы сөз, үстемшелі сөз және қос түбір сөз болып бөлшектенеді [52]. Ғалымның соңғы жіктеулері орнығып қалмағанмен, алдыңғы жіктеулері қазір барынша қажеттігімізді арттырып отыр. Жалпы, ғалымның осы мақаласындағы сөз тұлға түрлерін қазіргі тілдің синтаксисіндегі сөзтұлға саласының құранды бөліктері деп алуға болады.

Ғалымның синтаксиске қатысты терминдік сөздері қазір өз орнын тауып отыр. 1930 жылдарға дейін сыйысулы және қиысулы деп жіктеліп келген құрмаластық түрлер С.Аманжолұлының тарапынан қиысқан және сыйысқан болып аздаған өзгешелікпен алынды. Ал кейіннен салалас құрмаластың көп құрамды түрі, сабақтастың көп бағыныңқылы түрлері, оның ішкі жіктеулері, құрмаластың үшінші түрінің аралас болып аталуы тек қана С.Аманжолұлының атымен байланысты енді. Сабақтастың ішкі мағыналық топталуларын семантикалық жікке саралау да С.Аманжолұлының еншісінде. Әйтпегенде олар бұған дейін анықтауыш бағыныңқылы, толықтауыш бағыныңқылы т.с.с. болып танылған-ды. Ғалым терминдік танымдарға бірден келген жоқ. Ол «Тіл мен әдебиет» институтының жанындағы терминология бөлімінің меңгерушісі болып тұрған шақта, физика, математика, астрономия, металлургия, тау-кен ісі, география тарапындағы терминологиялық сөздіктер ғалымның редакциялануынан өтті.

С.Аманжолұлы аударма саласына баса көңіл аударды, осы себептен екі тілді сөздіктер жасауды қолға алды. Мұның сыртында емлелік және түсіндірме сөздіктер жасаудағы тәжірибесі кейіннен ол кітаптардың қалам тартқан ғалымдардың үстелінен табылатын жағдайға жеткізді. «Сәрсен аударма туралы мәселені терминология мәселесімен тығыз байланысты деп қарады. Өйткені химия, геометрия сияқты пәндерге термин сөздердің жиі кездесетінін ескерді. Аударма мен терминология жайында көлемді мақала жазып, нақты фактілермен география, адам анатомиясы мен физиологиясы, зоология, ботаника пәндерін және ауыл шаруашылығына байланысты әдебиетті аударуда терминдерді пайдаланудағы жетістіктер мен кемшіліктер туралы кеңінен баяндады» - дейді ғалым шәкірттері [53].

С.Аманжолұлы қазақ тілі диалектологиясының басы-қасында болып, бұл саладағы зәру мәселелерді қозғай алған және ғылыми ізденістер жүргізуді шәкірттеріне жүктеген. Сол шәкірттерінің бірі Ғ.Қалиев те өз ұстазына деген ілтипатын «Профессор С.Аманжоловтың бұл еңбегі өзі негізін салған Қазақстан Республикасы ғылымын онан әрі тереңдетумен бірге, оның болашақта қандай бағытта дамуына ықпалын тигізеді. Бүгінгі зерттеу аясы кеңінен диалектология ғылымының қай саласын алсақ та, олардың бастау кезі С.Аманжолов зерттеулерінде жатқанын байқау қиын емес» – деп білдіреді [54].

С.Аманжолұлының диалектология саласындағы сүбелі еңбегі 1959 жылы «Вопросы диалектологии и истории казахского языка» деген атпен баспадан шықты. Орыс тілінде жазылған 30 баспа табақтық еңбек араға 40 жыл салып қайтадан жарық көрді. Ғалымның түрлі ескі жазуларға ынтықтануы, тас бетіндегі ойма жазулармен әуестенуі осы еңбекте ашыла түсті десек болғандай. Біраз уақыт ғалымның бұл еңбегіне қара күйе жағып, одан жүзге, руға бөлушілікті іздегендердің С.Аманжолұлының ру-тайпалардағы ен-таңбаларға бара отырып, олардың әр алуан қасиетін, жазылу ерекшелігін ашу мақсатында болғандығын түсінетіндей уақыт болды. Еңбектегі жергілікті тіл ерекшелігінің атлас картасын жасап, оған қатысты сөздіктерді құрастыруы ғалымның біраз уақытын алғанымен, қазіргі күні классикалық еңбектердің қатарына саналатындығы дау тудырмайды. Оның үстіне ғалым Ғ.Қалиев баяндағанындай, «С.Аманжолұлының ұтымды жағы қазақ тілінің тарихын оның құрамына кіретін диалектілердің тарихымен бірлікте алып зерттегенінде. Автор қазақ тарихын тек тіл ғылымы ретінде ғана емес, тарихшы, этнограф ретінде баяндайды».

Диалектілік ерекшеліктерді сөз ете отырып, С.Аманжолұлы бір ғана қазақ тілі көлемінде қалып қоймай, алғашқы тайпалардың туыстығы жоқ басқа халықтармен байланыстылығын алға тартады. Бұндай тұжырымдар оның жалпы тілдік нысандарды да ойдағыдай шешкендігін байқатады. Оның сөйлеу, ойлау категорияларына қатысты ой-тұжырымдары бірсыпыра ойларға жетелейтінін айтқымыз келеді. Ғалымның «Сөйлеу – ойдың нақтылы белгісі, таңбасы емес» дегенінің өзі сөйлеуді тілдік бірлік қатарында қарамауға шақырады. Оны өзі де айтады: «Сөйлеу – синтаксистік категория емес». Ғалымның Мен мектепке барамын сөйлемінің бойынан екі «мен» сөзі бар екенін іздеуі де жалпы тіл білімдік мәселелерге жетелейді: «Бұл екі рет айтылған меннің соңғысы да алғашқы конкрет ойдың сарқыны» [55]. Ғалымның осы сөйлемдегі «бар» сөзінің етістік мәніне енуі соңғы кездегі қарым-қатынастар жемісі дегені де соны пікір. Себебі бұл сөзді нақты етістік қатарынан таныту дұрыс бола бермейді. Шындығында, қазір солай талданымда жүр. Бұл қазіргі тілдік тұрғыдан дұрыс, ал оның «әуелгі кезде қол, аяқ мәнінде, құрал есебінде жұмсалғандығын» ескертсек, бұл тұжырымның да жеке тілден гөрі жалпы тілдік мәселеге иек артады.

Ғалымның ойлау мәселесіне бара отырып, «Әрбір кісінің сөзін бөліп алып, өз алды жинап қарасаң, тіпті пікір аңғара алмайсың. Өйткені, бірінің сөзінің бөлшегі, кесегі, мүшесі бірінікіне ауысып отырады» – дейді. Бұл оның тілдегі көптеген сөздердің ойлау жүйесі жағынан байланысқа баратындығын көрсеткісі келгендігі деп түсіну керек. Мұның өз кезегінде, Қ.Есенов айтқандай, үлкен әдістемелік мәні бар, «өйткені жеке сөздердің басы мән-мағынасы жағынан өзара дұрыс үйлесімін таппай жатса, жалпы сөйлем табиғатын түсінуде қиындық туады» [56]. С.Амажолұлының «Жеке сөздердің алғашқы кездерде сөйлем орнына жүруі, көп мағыналы болуы оның түрлі қайшылықтарды сақтағандығына айқын дәлел» – дей келе, ақ, қара, берсөздерін талдауға түсіруі тек қазақ тілінің мәселелері дегенге сыймайды. Сол сияқты ғалымның «зат мезгілсіз болмайды» формуласын талдап көрсетуі жалпы тілдік нысанға ие бола алады. Ғалым сөзімен айтсақ, «Сөз бен сөздің қарым-қатынасқа, сөйлем қалпына келгендегі түрі – бұлардағы қайшылық, теңдестік, жалпылық, өзгешелік; бұл арада санның сапаға айналуы т.б. сөйлемдегі сөздердің, міне осылай қарым-қатынасқа енуін сөздердің диалектикалық логика жолымен байланысуы дейміз».

Қазіргі күні тілдерді типтік саралау бойынша оның төрт түрлі болып келуі айтылып жүр. Бұл мәселені С.Аманжолұлы өз мүмкіндігінше қазақ тілі мен орыс тілі сөздерін салыстыра отырып таратады: «Бұл салыстырудан біздің байқайтынымыз: а) орыс тілінде жалғаусыз, дәнекерсіз сөйлем аз, б) онда тек есімдіктер мен есімдер қарым-қатынасында ғана жалғаусыз болып шығуы, бір жағынан қарағанда, қазақ тілінде түрсіздік (аморфность) күшті екен, ол қытай тілі сияқты екен дегізеді. Әрине, үнді-европашыл тіл білімпаздары мұның әуелгісін қуаттайды, біздіңше, екеуі де дұрыс емес сияқты. Өйткені, үнді-европашылдар тілінің диалектика жолымен дамитынын, мұндағы толып жатқан бұраңдау, спираль, жасау сияқтыларды олар мүмкін демейді. Тіл олар үшін қатып қалған нәрсе сияқты. Олардың ойынша, не түрсіз, не қопармалы, не жалғамалы тіл ғана болмақ. Араласып келу болмақ емес» [57]. Ғалымның араласып келетін тіл дегенін қазіргі күні реальдық лексика құрып отырған тілдерден көруге болады.

«Қазақ жазба әдеби тілінің зерттелуіне зор үлес қосқан ғалымдардың қатарында С.Аманжоловты ерекше атап өтуге міндеттіміз» деген ғалым С.Хасанова оның қазақтың жазба әдеби тілін, халық мәдениетін жоғары сатыға көтерудегі рөлін барынша талдайды. Ол бұл бағыттағы ойын төмендегіше жалғастырады: «Қазақ әдеби тілінің дұрыс дамуына жол көрсететін, жазба әдеби тілдің болашағы үшін күрестің жеңімпаздығын дәлелдейтін халықтық мәдениет көрсеткішінің ең негізгісі қазақ әліпбиі мен орфографиясын нақты жолға қою болып табылады. Себебі, бұған дейін қазақтың әдеби тілінің икемді болуы сөздігінің дұрыс баюына нұқсан келтірген латын әдебиетінен құтылу үшін болған күресте шыққан С.Аманжолов еді» [58]. Әдеби тілдің ерекше қасиетіне С.Аманжолұлы «Дұрыс сөйлей, дұрыс жаза білудің шарттары» атты тараушада жан-жақты тоқталады. Ғалым: «Мен бұл жерде жазу дегеннің өзін екіге бөлем: 1) қалай болса солай, естіген-естігенінше, айтқан-айтқанынша жазу бар да, 2) мәдени үлгілі жолмен жазу, әдеби тілдің нормасын, ережесін, жобасын сақтай жазу бар. Нормаға бағынбай, бетімен жазылған сөздерді біз тізгінсіз, үлгісіз жазу дейміз. Ал бас-аяғы жинақты, түсінуге ұғымды жеңіл, белгілі өлшеммен жазылған сөзді, қысқасы, белгілі бір нормаға сала жазылған сөздерді әдеби тілдің қалыбымен жазылған я айтылған дейміз» – деп, біздің бүгінгі күні де қол жеткізе алмай жүрген мәселелерді алға тартады.

Біздің ойымызша, әзір кирилл жазуында малшынып жүргеніміз де ғалымның айтқан алғашқы жолынан қашық кетпейміз. Ал жаңа жазу — латын жазуына көштік екен, ондағы таңбалардың әр дыбысты жеткізе алатындай қасиетін аша түскеніміз жөн. Ғалым ойын таратсақ, жазушы азаматтардың халықтық сипаттағы сөздерді пайдалануы тілдік заңға қайшы келмейді. Бірақ солай екен деп «сөзді, сөздің мәнін түсінбей жатып, өз шығармасына енгізу» тағы да болмайды. Ғалым әдеби тілдің «сала жағынан мүлде басқа, жоғары сатыға шыққан, ғылым-техника тарауларын қамтыған, сөздің асылын таңдап қолданатын тіл; сөйлемді түсінікті, әрі тұжырымды құрайтын тіл ғана әдеби тіл саналуы керек» екенін жақсы түсінген. Содан кейін барып қана әдеби тілдің басталуын Қазан төңкерісімен бірге пайда болды дегенді айтады. Бұл пікір ғалымдарымыздың (С.Исаев, Р.Сыздықова) «Қазақтың ұлттық жазба әдеби тілі» байымдауларымен сәйкеседі. Ғалым С.Аманжолұлының «нақтылы әдеби тіл» деп саралауы бұған дейінгі дәуірлерде (ХV-XXғғ.) әдеби тіл болмады деуге әкелмейді. Ғалымның көне жазу ескерткіштеріне, тас жазуларына көңіл аударғанын еш естен шығаруға болмайды. Демек, ғалым әдеби тіл дамуын бір кезеңге байлап қоймағандығымен түсіндірсе керек.

С.Аманжолұлы қазақ тілі грамматикасына қатысты өзіндік топшылауларын білдіре алды. Оның синтаксистік ерекшеліктер жайындағы тұжырымдары «Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы» атты еңбегінде талдаудан өткізілді. Осы еңбекте морфологиялық түзілімдердің бар екенін де естен шығаруға болмайды. Мәселен, осы еңбектің «Жақ пен шақтарға байланысты синтаксистік категориялардың жаратылысы» атты тараушада сөздердің жақтық, шақтық және шылаулар тіркесі арқылы көрінудегі ерекшелігі қозғалады. Мұнда қазіргі күні әбден танымал болып алған есім, етістік сөздердің жіктелуіндегі белгілерді сөз етеді. Бірақ «ІІІ жақтың жоқ екенін кез келген тілден байқауға болады. Өйткені барлық есімдер негізінде ІІІ жақта, олай болса ол оның әуелгі күйі, түпкі жаратылысы деуге болады» – дей отырып,«Ғылыми тұрғыдан қарағанда, мен баламын дегеніміз үш сөзден құралған: мен бала+мын» екенін көрсетуі қазір орныға түсті.

Бұл тараудың енді бір өзгешелігі, әрбір сөз табының, оның ішінде жеке жалғау-жұрнақтардың шығу тарихына соны тұжырымдар жасауына қатысы байқалады. Ғалымның «Бір буынды етістіктер бір буынды зат есім мен есімдік сөзден шыққан; етістікке жалғанатын – ды-ді әуелде жақтық жалғау емес, бүтін сөз екендігіне ескі документтегі кейбір сөйлемдер дәлел; Жақ пен шақ егіз нәрсе сияқты» - деп талдауларын осылай деп түсінген жөн. Ғалымның шақ түрлерін талдауға түсіре отырып, олардың өзара пайда болу себептерін ашуы да қызық. «Осы шақ дегеннің өзі де көптен бар, дыбысты тіл шыққаннан кейінгі нақты ойға, ойлау сатысына сәйкес категория екендігін ұғамыз. Бұл осы шақтық ертеде шыққанымен, оны білдіретін, көрсеткіш боларлық сөздер, сөздік элементтер өткен шақпен келер шақтың қарсысы есебінде алдыңғы екеуінен кейін шыққан» – дейді С.Аманжолұлы. Сондықтан да оның өткен шақ, келер шақтар сияқты кейіннен пайда болған көрсеткіштерінің жоқтығы заңды нәрсе. Мұның негізі көрсеткіші, дәнекері бүтін я қабаттасқан етістіктер болуы да сол кейіннен пайда болғанына дәлел».

Жалпы, ғалымның қазақ тілі морфологиясына қатысты ой-тұжырымдары талдауға түсіп отырды. Оның септік жалғауларға қатысты тұжырымдарын К.Шаймерденова, етістікке қатысты тұжырымдарын А.Омарова ғалымдар тарқата айтты. Шылауларға қатысты көзқарастары Ы.Шақаман еңбектерінде тарамдалды. Ал ғалымның етістіктің болымсыз жұрнағы арқылы жасалатын түрін алға тарта отырып, Т.Әбдіғалиева оның синтаксистік дәрежеге жетуін түсіндірді. Т.Әбдіғалиева: «Ғалымның «Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы» еңбегінде тіл мен ойдың, сөйлеу мен ойлаудың болмысы, олардың арақатысы жайында айтқан пікірлері логикалық, философиялық негізі бар болымдылық, болымсыздық категориясының мағынасы мен қызметіне қатысты. Профессор С.Аманжолов қазақ тілінің грамматикалық құрылысын зерттеуге баға жетпес үлес қосқан. 1932 жылдан бастап мектеп, жоғары оқу орындары үшін бағдарлама, оқулық жазған ғалым қазақ тіл білімінің әлі де қалыптасып жетіле қоймаған, үйреншікті болмаған, тұрақталмаған мәселелерін зерттеуге көңіл бөлді. Қазақ тілінің ғылыми синтаксисіне байланысты қай мәселенің болса да бастауын ғалым еңбегінен табуға болады» [59]. Оның синтаксис ілімін жалғастырған Қ.Есенов: «Профессор С.Аманжоловтың «Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы» атты монографиясы қазақ тіл біліміндегі ең сүбелі де қомақты еңбектердің бірі болып табылады. Әдеби тіліміздің заңдылықтарына негізделген бұл зерттеу синтаксис жайында жазылатын болашақ жұмыстарға дұрыс бағыт бере алады» - дейді [60].

Расында да, 1940 жылы жарыққа шыққан «Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы» деп аталатын еңбегінде С.Аманжолұлы бірсыпыра мәселелердің басын қайырады. Мәселені сөйлемнен бастап түсіндірейік. Ғалым атаулы сөйлем мен жақсыз сөйлемдерді енгізіп, оларға анықтамалар береді, жасалу жолдары мен түрлерін белгілейді. С.Аманжолұлының пікірінше, «атаулы сөйлем шығу (генетика) жағынан бірінші пайда болған».Бұл еңбекке, сонымен бірге, толымсыз сөйлемдер де енгізілген. Ғалым сөйлемнің бұл үш түрі сыртқы құрылымдық жағынан екі бас мүшелі (бастауыш-баяндауыштық) сөйлемдерге ұқсамайтын ерекше құрылымдағы сөйлемдер екенін айтады.

С.Аманжолұлы сөйлемдегі сөздердің логикалық байланысын диалектиканың логикалық заңдарына сүйеніп шешеді. Ғалым оқулығымен дәйектейік [61]. «Заттың бірінші қасиеті – ол кеңістіксіз болмайды, ол кеңістіктің өзі затсыз тағы болмайды. Заттың екінші қасиеті – ол мезгілсіз (шақ, уақыт) болмайды, ол шақ мезгілдің өзі зат тіршілігінің формасы (түрі). Шақ, мезгіл дегендер заттан, кеңістіктен ажырап кете алмайды» - дейді де, «әр зат қимылдап, дамып, қозғалыс жасап отырады, қимылсыз материя болмағаны сияқты материя жоқ жерде, қимылда жоқ». Ал «қимыл – кеңістік пен мезгілдің бірлігі» деген қорытындыға келеді. С.Аманжолұлы айтқандай: «заттың екінші қасиеті – зат мезгілсіз болмайды», «сөйлем – идеядағы зат (материя)».«Сөйлем дегеніміз – сөз таптарының, тұлғалардың, яғни сөйлем мүшелерінің қарым-қатынасын, сөйтіп барып, тиянақты ойды білдіретін категория», яғни жай сөйлем болуы «бірақ ойды білдіретін объект-субъектілік қарым-қатынасының көрінісі». Осыдан мезгіл мәнді жай сөйлем деп мезгілдік ұғымға тікелей қатысы бар немесе құрамында мезгілдің мағыналық топтары қатысқан бір ойды білдіретін тілдік бірлік деуге болады.

Осы аталған еңбекте «Қазақ тілі грамматикасы» атты мектеп оқулығыда енген. Ғалымның құрмалас сөйлемге қатысты ой-тұжырымдары өзгеше. С.Аманжолұлы салалас сөйлемдердің жалғаулық арқылы да, жалғаулықсыз да жасалатынын айта келіп, оның жеті түрін көрсеткен. Олар мыналар: 1) Тіркесті салалас (да, де жалғауымен келген сөйлемдер); 2) Қарсылықты салалас (бірақ, сонда да, т.б жалғауларымен келген сөйлемдер); 3) Үдетпелі салалас (әрі жалғаулығымен келген сөйлемдер); 4) Талғаулы салалас (я, яки, жалғаулығымен келген сөйлемдер); 5) Себепті салалас (себепті, сондықтан жалғаулықтарымен келген сөйлемдер); 6) Кезектес салалас (біресе, кейде жалғаулықтармен келген сөйлемдер); 7) Бейтарап салалас (құй, мейлі жалғаулықтарымен келген сөйлемдер).

Ғалым салалас құрмаластың ерекшеліктерін дамыта алған: «Салаласқа енген сөйлемдер форма жағынан бөлек болғанымен, мағына жағынан бір-бірімен байланысып жатуы керек. Күрделі ұғымды беру үшін, екі сөйлем бірігіп барып, кеңірек бір ойды білдіреді. Салаласқа енген жай сөйлем бірыңғай мүшелермен форма жағынан ұқсас келеді, ал мағына жағынан айырмашылығы бар. Салалас құрмалас сөйлемдер біріне-бірі тіркесіп, мағына жағынан бағынады да, сыртқы формасы жағынан бағынбайды. Ондағы жай сөйлемдер бірімен-бірі тіркесіп, ойдың тұтастығына ие болады да, белгілі мағына бірлігін сақтайды». Салалас сөйлемде қиысушылық та бар дегенді айта отырып, былай ескертеді: «Бұл бастауыш пен баяндауыштың қиысушылығы, мұнда кейде мезгілдік жағынан қиысады, кейде қиыспайды». «Еді, екен деген етістіктер - әлсіз етістіктер: бұлар салалас сөйлем жасаудағы негізгі дәнекерлер» - дей келіп, «Ол барып еді, таба алмады» деген мысал берген. Мұндағы «еді»-ге біткен сөйлемді мүлде бөліп тастауға болмайды, себебі бұл – тиянақсыздау етістік. Салаласқа енген сөйлемнің барлығы да негізінен тиянақты. Бірақ әрбір жай сөйлемнің тиянақтылығы әр түрлі дегенді айтады.

Ал сабақтас құрмалас сөйлем жасаудың алты түрін жинақтапты: 1) Көсемшелер арқылы; 2) Есімшелер арқылы; 3) Шылаулар қосу арқылы; 4) Етістіктің шартты райы арқылы; 5) Есімдік арқылы; 6) Жай етістікке шылау қосу арқылы. Ғалымның есімше, тұйық етістік арқылы жасалатын сөйлем түрлері анықтауларын да ғылыми зерделеуге тартқан жөн: а) Есімшеге жалғанып, сабақтас жасайтын жалғаулар – жатыс, шығыс, көмектес септіктері. Мысалы: Біз келгенде, олар кетті. Біз келгеннен, олар кетті. Біз келгенмен, олар кетті; ә) Есімшеге, я тұйық етістікке жалғанған жалғау үстіне қосылатын жалғаулар мыналар: гөрі, бұрын, бері, басқа, кейін, соң (бұлар шығыс жалғаудан кейін келеді), қарай, лайық, таман, бола, дейін, шейін (бұлар барыс жалғауды керек қылады), бірге де (бұлар көмектес жалғауды керек қылады), орнына, алдына (ілікті керек қылады). Мысалы: Әшім баяндама жасағаннан гөрі, Хасен жасағаны тәуір. Әшім баяндама жасамастан бұрын, дайындалып алды. Әшім баяндама жасағаннан бері, өндіріс ісі оңалды. Әшім баяндама жасағаннан басқа, біраз игілікті іске де қолы тиді. Әшім баяндама жасағаннан кейін, жұрт жақсы түсінді.

Қазіргі қазақ тіл білімінің синтаксис саласы да барынша қанат жайып төрт түрлі тараумен сипатталуда. Олар – сөзтұлға синтаксисі, сөз тіркесі синтаксисі, сөйлем синтаксисі және мәтін синтаксисі. Және бұлардың зерттеу нысаны айқындалып, тексеруден өтуде. Сөз тіркесі мен сөйлем синтаксисінің жан-жақты талдаудан өткендігі тағы да дау тудырмайды. Ал қалған екеуі соңғы зерттеулер нәтижесі десек те болады. Бірақ олардың алдыңғы зерттеулерде көрініс таппады деген ойдан аулақпыз. Аталған синтаксис тарауларының С.Аманжолұлының зерттеулерінде болғандығын да аңғарамыз. Мәселен, сөзтұлға синтаксисінің нысандары ғалым еңбектерінде сөз тізбектері деп аталған. Және оған қатысты тұлғалар анық көрсетілген: «Сөз тізбегі, яки сөздердің тізбектелуі деген мәселенің өзі екі түрлі ұғымды ішіне алады. Бірі – сөйлемнен тыс, жалпы сөздікте кездесетін бірнеше сөздің бір ғана ұғым беретін болып тізбектелуі. Бұлардың кейбірі бірге жазылатын болып кеткен де, кейбірі әлі бірге жазылмай, қатар түзеп, екеуі я үшеуі бір, жалпы мағынасы жақын сөздер; бұлар бара-бара бірігіп, бір сөз болып кетуі сөзсіз» [62].

Ғалым бұдан әрі сөз тізбектерін қызметіне, мағынасына, тұлғасына қарай лексикалық тізбектер және синтаксистік тізбектер деп таратқан. Лексикалық тізбектер қатарын күрделі сөз және оның түрлері, атаулық тіркестер, тұрақты тіркестер және оның түрлері құраса, синтаксистік тізбектер тарапынан түйдекті тіркестер және оның түрлі түрленімдері танылған. Мұның бәрі қазіргі пайымдаудағы ізденістерге толықтай жауап бере алады. Өйткені сөзтұлға синтаксисінің ішкі нысандарын осы айтылған бірліктер құрайды. Демек, сөздер бірі-бірімен тіркеске түскенге дейін жеке сөздердің, әр алуан тіркес түрлерінің байланысуын қажет етеді. Мысалы: Қара жорға ат құстай ұшып өтті – сөйлемінде төрт сөзтұлға бар. Оның ішінде жеке сөзден тұрғаны (ат және өтті) да, күрделі сөзді қамтығаны (қара жорға) да, тұрақты тіркестен құралғаны (құстай ұшып) да бар.

Келесі кезекте осылардың байланысуы ғана сөз тіркесіміне енетінін түсінетін уақыт жетті. Және олар сөз тіркесінің жеке сыңары ретінде ғана қызмет етеді. Сондықтан да қазіргі күні сөз тіркесінің байланысу тәсілдері, сөз тіркесінің байланысу формалары сынды атауларды талдап, талғап қолданған жөн. Егер олар сөз тіркесінің байланысулары болса, онда олар «қара жорға ат өтті» немесе «қара жорға ат құстай ұшып» сынды сөздердің барлық жиынтығын қамтитындай болуы керек. Ал мұндағы «қара жорға ат» жеке сөз тіркесі екеніне ешкім дау айта алмас. Мұнан шығатын қорытынды, сөзтұлға нысанына жататын тілдік бірліктер мен сөз тіркесі нысанына енетін топтамаларды айқын ажырататын білгірлік керек-ақ. Сол сияқты амал-тәсілдер де сөз тіркесінің емес, сөзтұлға синтаксисінің өлшеміне жатады: мұнда да жеке сөзтұлғалық бірліктерді байланыстырады.

С.Аманжолұлы зерттеулерінде сөйлем синтаксисі де екіге бөлініп саралаудан өткен. Ол – жай және құрмалас сөйлем. Ғалымның «Сөйлем жүйесі морфологиялық элементтен құралады» дегенінен түрлі тұлғаланусыз сөйлем құралмайтынын түсінеміз. Ғалымның сөйлемнің мақсаттық түрлеріне қарай саралауында қазіргі күні тілге тиек бола бермейтін топтаулар бар. Мәселен, қазіргі тіл білімінде хабарлы сөйлемнің ішкі мағыналық топтауларын сұраулы сөйлемді талдағанындай жеткізбейміз. Ал С.Аманжолұлы хабарлы сөйлемнің сегіз түрін алға тартады. Сол сияқты қазірде толымсыз сөйлемнің көрінуін жете танытып жүрміз бе? Ғалым түсіндірмесіне сүйенсек, «Бес мүшенің біреуі жоқ болса, толымсыз болады деген мүлде формальды қараушылық. Толымсыз деп бастауышына қарап бөлуіміз бір жақтылық. Бұл мағынаны есепке алмаумен тең. Шынында, олар мағына жағынан еш ақсаулы болмайды. Өйткені, екі кісі сөйлескенде сөйлемнің көп мүшесін әдейі айтпай кетеді, олардың бірінің сөзі біріне түсінікті болғандықтан, артық сөз керексіз болады» [63].

Қазіргі күні атаулы сөйлемнің табиғаты да шешілді дегенге келмейді. Шындығында, оның жай сөйлемнің құрамында келуі бірсыпыра талдаудан өтті де, құрмалас сөйлем құрамындағы ерекшелігі талдауға ілінбей жүр. Тіпті, оның бұл сөйлем түрінде келмейді деген тұжырымдар басым түсіп жатыр. Ал егер құрмалас сөйлемнің жай сөйлемдік үлгілердің өзара байланысуынан тұратындығын ескерсек, оның жалпы құрылымда жұмсалуына не кедергі? Оның үстіне С.Амажолұлы «Атаулы сөйлем шығу жағынан бірінші пайда болған деп қарауға болады» деген екен. Жалпы, ғалымның «Ғылыми курсында» жай сөйлемнің барлық түріне қатысты ой-тұжырымдар келтірілген және қазіргі күні де басшылыққа алуға тұратын жайттар екенін алға тартамыз.

Құрмалас сөйлем де сөйлем синтаксисінің басты мүшесі. С.Аманжолұлы бұл тарапта өте орынды ойлар туғызған. Ол, ең алдымен, құрмалас сөйлемге келудің шынайы жолын түсіндіреді: «Әуелде жай сөйлем адам баласының қажетін өтеп, толық қарым-қатынасты қамсыз еткенмен, кейіннен қанағаттандырмайтын болады. Тұрмыс өзгерген сайын, тіл де өзгереді; жабайы тұрмысқа лайық жабайы тіл; қоғамдағы өндіріс қатынасы өзгеруімен байланысты қатынас құралы да өзгереді, ол құралдың жоғары сатыға жетуі сөйлемнің түрін де өзгертеді. Қоғамдық қатынас күрделі болған соң, оған лайық ойдың көрінісі сөйлем де күрделенеді». Ғалымның құрмалас сөйлем синтаксисіне қатысты ой-тұжырымдарын Қ.Есенов жан-жақты ашып көрсетті. Әйтсе де ғалымның көзқарасын Н.Оралбайқызы дөп басып жеткізеді: «Профессор С.Аманжоловтың синтаксистен ең елеулі жаңалықтары салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдердің топтастырылуымен байланысты. Құрмаластың бұл түрлерінің қайсысының да ең толық топтастырылуы тек С.Аманжолов еңбегінде деп айтуға болады» [64]. «Профессор С.Аманжолов аралас құрмалас сөйлемді жалпы құрмаластың жеке бір түрі екенін дәлелдеумен қатар, сол кездің өзінде-ақ оны арнайы зерттеудің қажет екенін де айтқан деген ойды Қ.Есенов те жалғастырады: «Шынында, аралас құрмалас сөйлем жайында оқулықтарда берілген азын-аулақ мағлұматтардан басқа күні бүгінге дейін ешбір зерттеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Осы жағын ескеріп, 1994 жылы аспирант Бекен Сағындықұлына осы тақырыпты тапсырған болатынбыз» [65].

Қазaқ тілінің сөйлем мүшелерін топтастыруға С.Амaнжолұлы арнaйы тоқтaлды. Aвтор мақаласында сөйлем мүшелерін ескі және жаңаша жіктеу деп бөле келіп, А.Байтұрсынұлының тұрлаулы және тұрлаусыз сөйлем мүшелері деген жіктеуін сынға алады. Қ.Жұбановтың жіктеуін қолдай келіп: а) тұрлаусыз сөйлем мүшелері атының көптігіне, ә) анықтауыш, толықтауыш және пысықтауыштардың сұраулары мен анықтамаларының араласып келуіне, б) оларды бір-біріне айыруда ғылыми негіздің жоқ екеніне дәйек айтып, сөйлем мүшелерін бастауыш, баяндауыш және анықтауыш деп үшке бөледі.

Қ.Жұбанұлы мен С.Аманжолұлының сөйлем мүшесі туралы жіктеуі ғылыми жағынан алғанда бірізді. Екеуі де бастауыш, баяндауышты негізгі сөйлем мүшелері дейді де, тұрлаулы сөйлем мүшелері деген терминді қолданудан шығарып тастайды. Қ.Жұбанұлы сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерін айқындауыш деп атаса, С.Аманжолұлы анықтауыш деп пайдаланғанын көреміз. Бірақ олардың аттары бөлек болғанмен, ішкі ерекшеліктері бірдей. Екеуі де тұрлаусыз сөйлем мүшелерін толықтауыш және анықтауыш деп топтастырып, оларды тек тұлғалық жағынан қарастырумен шектелген. Сондықтан да Қ.Жұбанұлының сөйлем мүшелерін топтастыру туралы пікірі осы уақытқа дейін нақ сол күйінде оқытылып жүр. Ал С.Аманжолұлының жоғарыдағы мақаласындағы сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері туралы ойлары кейінгі еңбектерінде басқаша беріледі. Автор сөйлемнің тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелері деп топтай келіп, тұрлаусыз мүшелерді одан әрі анықтауыш, толықтауыш және пысықтауыш деп бөліп көрсетеді. Демек, енді тек тұлғалық жағына ғана емес, мағыналық жағына баса назар аударғанын байқаймыз.

Синтаксистің келесі бір үлкен тарауы – мәтін синтаксисі. Бұл бағытта біраз жұмыстардың басы шалынды, бірақ түбегейлі зерттеуден өткен жоқ. Мәтін синтаксисіне де қатысты тұжырымдар С.Аманжолұлында кездесіп тұрады. Ол жайында профессор Б.Шалабай өз мақаласында: «Профессор С.Аманжолов қазақ тіл білімінде алғаш рет синтаксис мәселелерін дәстүрлі формальды-логикалық тұрғыдан емес, қызметтік-мазмұндық жағынан зерттеудің негізін қалады деп тұжырымдауға толық негіз бар» – деп қорытындылайды [66]. Мәтін синтаксисі бір сөйлем түріне байлаулы емес, онда сөйлемнің жай түрі де, құрмаласа жұмсалуы да, олардың өзара байланысулары болып жатады. Сөйлем атты бірлікке баға бере келе, С.Аманжолұлы: «Бір сөйлемді басқа сөйлемге қоспай, өз алды бөлек қарасақ дұрыс емес болып шығады», – деп, ойын дәлелдер, мысалдармен ұсынады. Болмаса ойдың күрделенуі мәтін синтаксисінің басты белгісі, бірақ бәрібір онда айтылатын ой – негізгі өлшем. Ақынның я жазушының бүтін романы, поэмасы, баяндамашының жасаған баяндамасы түгелімен бір ойға, күрделі бір пікірге байлауы да болады. Сол роман, я поэма біткенде ғана, ақын я жазушының ойлаған ойы, айтайын деген сөзі бітеді» - дейді С.Аманжолұлы. Бұл қазіргі айтып жүрген мәтін синтаксисінің айналымына енген, бірақ оның бастау көздері С.Аманжолұлы еңбектерінде де бар. Бәрімізге мәлім, жалпы шығарма көлемінде айтылар ойдың бір сөйлем көлеміне сыюы мүмкін болмайды. Сондықтан барып, тілде бар сөйлемдік құрылымдарды байланыстыруға әкелеміз. Бақсақ, синтаксис саласының тарауларына қатысты қаралатын жайттар көрнекті ғалым С.Аманжолұлы еңбектерінде орын алып отырған. Ал оның дамып, өріс алып кетуі тек жас ізденушілердің қолында.