Павлодар, 2020

Мәшһүр Жүсіп ғұмырнамасы мен лингвистикалық өрімі


Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы. Жастайынан Шығыс елінің тілін, әдебиетін қызыға оқыған. Кейін орыс тілін меңгеріп, Батыс әдебиетін де таныған. Тарих, этнология (шежiре нұсқалары), фольклортану (жинастырған ауыз әдебиет үлгiлерi), әдебиет (ақындығы), тiл тарихы, этнография (қазақ халқының салт дәстүрi туралы шығармалары), философия, медицина, космология сияқты ғылым салаларына арналған бай әдеби мұра қалдырған. Ол өз заманы мен қоршаған ортасы, араласқан адамдары (сұлтан, би, батыр, әншi, ақын, жыршы) жайында сипаттаулар мен өмірбаяндық деректер берген. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында қазақ зиялыларының өмір-тарихын, қазақ қоғамының тыныс-тіршілігін қоса суреттеген. Ғұлама туралы Ә.Марғұлан «Мәшһүрдің жазып қалдырған әдебиет мұралары өте бай, бұл жағынан ең күрделі ақынның бірі деуге болады» деген.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Баянауылдың Қызылтауындағы Найзатас деген жерде, қыс түнінде, қыстауда, 1858 жылында, қазақша жыл аты «қой», арабша ай аты «ережеп», жұма күні, бесін уақытында дүниеге келген. Көпейдің жанұясында Мәшһүр Жүсіптен кейін Қасен, Мәдина деген балалары болған. Азан шақырып атын Жүсіп деп қойған. Өзінің «Өмірбаян» атты өлеңінде:

Жасымда қойылған ат адам Жүсіп,

Жұрт кеткен сүйгенінен Мәшһүр Жүсіп.

Қолыма қағаз, қалам алған шақта,

Кетемін қара сөзге желдей есіп - дейді.

Тоғыз жасында қисса-дастандарды жатқа айтып, жұрт көзіне түскен кезде жиынды шақырып отырған М.Шорманұлы Адам Жүсіпті ұнатып, тақиясына үкі таққызып: «Өз заманында халық Мәшһүрі болатын бала екен», - деп, лепес қылуымен Мәшһүр атанып кеткен. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өмірдеректерімен таныса отырып, жастайынан сауатты, өте зерек, арабша терең білгеніне куә боласыз. Шежіре, жыр-дастандар жатқа айту қабілеті де жастайынан дарыған. Баянауыл медресесінде Қамардан білім алып, ортағасырлық араб, парсы, шағатай тілдерін еркін меңгереді. Сонымен қоса алғашқы ұстазы Қамар қазіреттің жыр-дастандарын қағаз бетіне түсіріп, халық арасына таратады. Ақынның өзі «Бұл ретте тарихи жыр оқуға менің көзімді ашқан өзімізді оқытқан ұстазым Қамаридден деген кісі еді» - дейді. Ол он бес жасында-ақ «шайыр», жігіттік шағында Жаһангез, Саяқ аталған. Барлық жерді танып білуді көздеген ғұлама «Үш жүздің баласында бармаған жерім жоқ» - депті [67] .

Мәшһүр Жүсiп 1872-1874 жылдары Бұқарадағы «Көкiлташ» медресесiнде оқуын тамамдағаннан кейін, елiне оралады. 1874-1876 жылдары ауылда бала оқытып еңбек етеді. 1880 жылдары Мәшһүр Жүсіп жариялаушылық қызметпен айналыса бастайды: 1880-1895 жылдары «Дала уалаяты» газетіне, Ташкент қаласында жарық көретін газеттерге, 1911-1912 жылдары «Айқап» журналына мақалалар мен фольклорлық үлгілерін газет бетіне жариялап отырған. Бұл мақалаларында ол қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді ғана көтермей, ел тарихы жайлы да деректер береді. Ақынның халық ауыз әдебиетіне қатысты жүргізген жұмыстары туралы тұлғалық энциклопедияда мынадай мәлімет бар: «Мәшһүр Жүсіп халық қазынасын жинаумен ұзақ уақыт шұғылданған. Оның бұл саладағы еңбегі айта қалғандай қомақты. ХVІІІ ғасырдың оқиғаларын көрсететін тарихи поэтикалық шығармалар өткен ғасырдың екінші жартысында тағы да көбейіп қомақтана түседі. Оларды жинауға В.Радлов, Г.Потанин, Ы.Алтынсарин, М. Ж. Көпеев т.б. көп еңбек етеді. Демек, орыс оқымыстыларының қатарында Мәшһүр Жүсіптің аты тегін аталмаған».

Сонымен қоса Мәшһүр Жүсіп ауыз әдебиеті үлгілерін жинауда ел аралап, қазақ жерінің біршама бөлігін салт атпен жүріп өткен. Бұл өз кезегінде көпетеген сапарлармен ұштасты. Мәселен, Орта Азия қалаларына үш рет сапарға шыққан. Әсіресе, қазақ халқының тарихы жайлы мәліметтер жинастыру үшін 1881 жылы Ақмолаға шеккен сапарының орны өзгеше. Ол мұнда Қараөткел өлкесінің танымал шежірешісі, орысша білімі бар, Сүйіндік Жанайдар батырдың баласы Мейрамның үйінде жыл сайын қыстайтын. Ақмола дуанында жүргенде де ақындық шеберлігімен, шешендігімен көзге түсіп, сол заманның елге танымал адамдарымен Байдалы, Аққошқар Сайдалы, шежіреші Қаракесек Бердалы қожа, Қанжығалы Саққұлақ және Қоңырқұлжа сұлтанның ұрпақтарымен кездесіп, шежіре үлгілерін алған. ХІІІ-ХІХ ғасырларда Абылай мен Кенесары өмір сүрген заманның аңыз-әңгімелерін жинастырады. 1870 жылы Петербург қаласында баспадан шыққан В.В.Радлов кітабын (түпнұсқасында) Мейрам Жанайдаровтан жазып алады. Мәшһүр Жүсiптiң 29 жасында, 1887 жылы Бұқара қаласына шеккен екiншi сапары оның дүниетанымының қалыптасуына оң әсер етті.

Мәшһүр Жүсіп Ташкент қаласында К.Қасымұлының ерлігі жайлы баласы Сыздық Кенесарыұлынан естіп, Қ.Абылайұлы әулетінің шежіресін, тарихын жазып алады. Қайтар сапарында Шу мен Сырдария жерлерін, Ұлытау мен Кiшiтауды, Есiл мен Нұра жерлерін аралап шығып, елiне қайтады. Бұл сапарда Мәшһүр Жүсiп Майлықожа, Көшекұлы Күдерi қожа секiлдi танымал ақындармен танысады. Тiптi, Ақмолда, Дайыр, Молдағали сияқты ақындармен айтысып, сынға түседi. Ұлытауда Алаша хан кесенесiн аралап, бала шағында Баянауылдағы домбырашы Ақай, Қиялша қариялардан естiген «Ақсақ құлан» күйiнiң шығу тарихын, «Алаша хан» аңызымен Жетi Кеңгiрдi жайлаған найман елінен алынған әңгiмемен салыстырады. Өзі барған жерлеріндегі Қыпшақ, Қоңырат, Алтай (Арғын), Найман рулары адамдарының тарихи сөздерiн жинайды. 1889-1891 жылдары Кiшi жүз ханы Жәңгiрмен, Қаржауұлы Науша батырдың шөбересi Қадырмен кездеседі. Осы Бөкей ордасы мен Кiшi жүзге шеккен сапарында танымал адамдар жайлы, Жәңгiр, Исатай, Шернияз, Тама Сарыбас мерген туралы мәліметтерді қағазға түсіреді. Ру-тайпалардың ұрандарын, таңба-жазуларын баяндайды. 1895 жылдары Орта Азияны аралап, Самарқан, Бұхара қалаларында болады. Шығыстың классикалық әдебиетімен жете танысып, білімін одан әрі толықтырады.

«Дала уәлаяты» беттеріне шыққан ХIХ ғасырдың соңғы он жылдығында жарияланған өлең, мақалаларымен қатар, 1905 жылғы халық наразылығы өсуінен сескенген Ресей патшасының сөз бостандығына жол ашқан Қазан манифесі әсерімен Қазан қаласында басылған: «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітаптарының әсері мол болды. Баспа бетіндегі уақытша берілген кеңшілікті пайдаланып, патшалық Ресейдің отарлау саясатының астарын, жер тартып алуын, сөз, пікір айтуға шектеу қоюын қазақ зиялылары ішінде ең алғашқылардың бірі болып әшкерелей бастаған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Сол еңбегі үшін 1912 жылдан бастап ақынды қудалау басталған. Біраз уақыт ол үйінен кетіп, қайда екенін айтпай, ел ішінде жасырын жүрген. Мәшһүр Жүсiптің жоғарыда аталған кітаптары Ресейдiң қазақ жерiн отарлау саясатын ашық түрде алғаш рет жариялайды. Бұл саясат кесірінен ел iшiнде пайда болған алауыздық, байдың кедейді қыспаққа алуын әшкерелеп, Сарыарқа жеріне орыс шенеуніктерінің қоныс аударып жатқанын айыптайды.

1907 жылы Түркiстан, Ташкент қалаларына сапар шегіп, ел сөзiн жинастырады. 1912 жылы патша үкіметі Мәшһүр Жүсіптің 1907 жылы басылған кiтаптарының мазмұны Ресей билiгiне қарсы мақсатта жазылған деп танылып, 1912 жылы екiншi рет басылған 3 кiтап баспаханада «тұтқындалып», 12000 сом айыпқұл салынады, 14 кiсi жауапқа тартылады. Мәшһүр атын атауға тыйым салынғандықтан, «Айқап» журналының басылым иелерi «Мұхаммед Юсуф» деген жалған атпен мақалаларын жiберiп тұруын сұрайды.

1916 жылы қазақты қара жұмысқа алу туралы июнь жарлығына Мәшһүр Жүсіп қарсы болғанымен, Баянауылда құрылған көтерiлiсшiлерді қолдамайды. Себебі бұл соғыста тек қана қазақ халқы жапа шегетінін айтады. 1917 жылы Қазан төңкерiсiнен кейін патша өкiметi өз билігін жояды, бірақ Мәшһүр Жүсiп Кеңес өкiметiне күдікпен қарайды. Ақындықты қойып, енді өмiр бойы жинап-терген қолжазбаларын реттеумен айналысады. 1920 жылы Ә.Диваев экспедициясы келiп, Мәшһүр жинаған мұраның бiр бөлiгiн көшiрiп алады.

Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы келешек ұрпақ үшін артынан мәңгі өшпес мол мұра қалдырды. Қазақ халқы көшпенді халық болғандықтан көшiп-қонып жүргенде қолайлы болуы үшiн қара местiң iшiне сақталған қолжазбаларын халық «қара мес» деп атаған. Бұл қолжазбалардың көбi бізге жетпей, ел арасында ауызша таралған, кейіннен көбі жоғалып кеткен. Бiзге жеткен шығармаларының біразы Алматыдағы Орталық ғылыми кiтапхана, әдебиет және өнер институты қолжазба қорларында жинақталса, бiр бөлiгi Павлодар қаласындағы Қ.Ф.Жүсiповтардың әулеттiк архивiнде сақталған. Ал ел арасында табылып жатқан материалдар (Ж.Кәрiбайұлы, О.Иманбайұлы т.т.) әлi күнге дейін iздестiрілуде.

Қазіргі уақытта Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектері жинақталып, қалың жұртшылығымен қауышты. Жиырма томдық шығармалар жинағы әлі де болса көз тіккен барша жұрттың кәдесіне жарайтын болады. Оның үстіне қазақ мәдениетіндегі алатын орны мен атқаратын рөлі ұшан-теңіз екені тағы да даусыз. Қалай болғанда да, ғұламаның артында қалған мол мұрасы тағы бір тыныс алды. Соңғы кезде жеке ғылымдардың тоқайласып, бір мәселе төңірегінде ғылыми тұжырым айтудың жолын ашты. Гуманитарлық ғылым негізін құрайтын әдебиет пен тіл білімі салалары да осындай үрдіске ене бастады. Оның басты қағидатын 1980 жылдары Б.Уақатов ұсынған екен: «Тіл білімі мамандары мен фольклортанушылардың бірігіп істейтін негізгі ортақ проблемаларының бірі тарихи-салыстырмалы зерттеу болуға тиіс. Мұндай еңбектер ғылымның тарих, этнография сияқты салаларында көрініс бере бастады. Қысқасы, түркі халықтарының, тіпті бір-бірімен ешбір байланысы жоқ елдердің тұрмысы мен салтын салыстыра зерттеу ғылымның тарихи-әлеуметтік перспективаларын бұрынғыдан да кеңейте түсетіні анық» [68]. Әрине, ғылыми тұжырымның салыстыра зерттеуге лайықталғандығы рас. Бірақ оның астарында салыстырудың жеке халыққа тән әдеби-мәдени ерекшеліктерді танытатыны тағы бар. Біздің ойымызша, фольклор мен тіл білімі аренасы тың дүние. Ал Мәшһүр Жүсіптің әрі халық ауыз әдебиетінің ірі өкілі ретінде де, тіл білімі мәселесінде де өзіндік орны бар екенін байыптау қажет-ақ дүние.

Біздің бағамдауымызда, М. Ж. Көпеев шығармаларының тілдік белгілерін жан-жақты сипаттау ғылыми талдауға түсті. Тіпті, барынша қомақты дүниелер тиянақталды [69]. Бұл қатарға Мәшһүр шығармашылығын синтаксистік тұрғыдан таразылаған еңбектерді де атап өткен жөн [70]. Ал ғұламаның тілдік заңдылықтарды өз тарапынан қотара көтерген еңбектері болды ма деген сауал бағытында қолымызға жаңа өкімет (1917 жылды айтып отырмыз) келгенге дейінгі жарияланған мақалалар түсті. Бақсақ, Мәшһүр Жүсіптің «Дала уалаяты» газетіне жазған бір мақаласында қазақ адамының тіл меңгеру қабілеті бағаланған екен. Ең алдымен, ғалым «Далалық қырғыз баспасына» тіл мәдениетіне қатысты ойын жеткізіпті: «Так как издание это предназначено для степного киргизкого населения, то, поэтому, язык его должен быть чисто киргизский и отличаться простотою изложения. Родной национальной диалект вполне понятен и предпочителен пред чужими» [71]. Бұл мәселені ХХ ғасырдың басында көтерілгенін ескерсек, сол уақыттың өзінде қазақ оқығандарының тіл шұбарлауға қарсы уәж айта білгенін танимыз. Шағын ғана мақала сол кездегі қазақ тіліне қатысты көкейтесті мәселелерді барынша көтере алған. Мәселен, тіл байлығын дамытудағы қазақ тілінің рөлі тіпті айырықша өрбіген: «Знание других языков не так обогащает ум, как тюркский, который считается самым разнообразнейшим из всех языков, в него как доказывают, входят слова из 92 языков, пределанные на разные национальные лады». Екінші бір тұста ғалым қазақ халқының бейімделгіш қалпын дөп басады: «Киргизский язык считается самым трудным из всех наречий восточных языков. Степняк киргиз, живя пять-шесть лет, например, в Бухаре, настолько изучает сартовский язык, что не уступает в знании самим сартам, а живя в странах Аравии, перещеголяет арабов. Сарты и татары, проживающие в степи даже 40-50 лет, не могут вполне усвоить киргизский диалект, не в состоянии правильно произносить слова, что вызывает смех киргизов».

Бір мақаланың көлеміндегі ғұламалық ойлар бүгінгі күнгі тіл білімінің мәселелерімен сәйкестеніп отырғаны анық. Әрине, мұндай қағидаттарды жеткізу, бір жағынан, ғұламаның асыл мұраты болса, екінші жағынан өз шығармаларында тілдік заңдылықтарды барынша сақтауға итермелегеніне дау болмаса керек. Тілдік заңдылық қана емес, шығармасына арқау еткен кез келген ауыз әдебиеті үлгілеріне барынша ұқыппен қараған. Ғұламаға арналған тұлғалық энциклопедия оның шығармаларын барынша тарқатты. Мәселен, «Бопы төренің қарындасының күйеуі өлгенде жоқтауы» - 12 шумақтан құралған екен. «Мәшһүр Жүсіп бұл еңбегін В.Радлов жазған кітаппен салыстыра отырып, және ел арасынан жинаған деректерін қосып, көркемдеп, мазмұнын кеңейтіп, кей тұстарын өзгерткен». Осындағы «көркемдеу» тілдің көркемдегіш құрал түрлерін тізбектейтіні сөзсіз. Тұлғалық энциклопедия түзушілер Мәшһүр Жүсіптің «Б.Қазанғапұлына» атты өлеңді талдауды ұсынғанда мынадай тілдік бірліктердің барын анық ашқан екен: «Аузы аңқиып, шөп шықпас, ажал келсе» - тұрақты тіркес; «Ағаштың бәріне де бітпейді жеміс» - мақал; «Біз – түлкі, ажал – бүркіт, нәпсіміз – аждаһа, тіл өткір – қылыш, тамырың – алпыс екі жіп» - метафоралар; «Қатпа сиыр, қотыртайлық, сүлтікторы – эпитет».

Біз мысал ретінде бір ғана өлең көлеміндегі тілдік бірліктердің сипаттамасын бердік. Әйтпегенде, таныған және талдаған адамға Мәшһүр Жүсіп шығармасының әрқайсысынан әрі тілдік, әрі әдебиеттану ілімдік (біз фольклор мәселесін ғана айтып отырмыз) тоқайласқан ой-тұжырымдарды жинақтап беруге болады. Қараңыз: «Қазақта бір мақал бар. «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне». Қазақ соның айтуын білсе де, мағынасын білмейді. Бұл хадис шарифта Шіп Алутин мен Алайманның мағынасынан алынған сөз, - деп мынадай түсіндіру жүргізіпті ғұлама: «Жақын біл адам ұғлы болса – ойғам. Отынның асылы сый дүр бізге. Топырақ – Аламның асыл шыққан жері. Құдай тәбәрік тағаланың құдірет қасы денесінің шыққан жері – топырақ. Мұнан мағұлым болды. Шын жұрты, шыққан жұрты – ақырет ғаламы. Ақырет жұмысын қоштап, соның жабдығын ойлап, есіл-дерті – туған жері сонда болады. Ер болмаған, ерлік ісін қыла алмаған жұртта қалған жемтік өлексені қиып кете алмаған иттей болып, дүние шылығымен алданып қалады» [72]. Жалпы, қазақ мақалдарының шығу жолына қатысты пікірді тізген Мәшһүр Жүсіп. Бір көңіл бөлерлігі – оның келтіретін дерегі түп ақиқатына жету үшін діни мақсатты мысалдарды тартып отыруымен орнығуында.

М.Әуезов халық фольклоры деп тапқан өнердің бірі жұмбақты – «халық шығармаларының ішіндегі ең ескі түрінің бірі» деп таниды, әрі «Халықтың жұмбақ деген фольклор қорын жинап басу, тексеріп тану ғылымдық зор міндет» екенін 1938 жылы жазған бір мақаласында ескертіпті [73]. Жұмбақты халық ішінен тауып, өзіне қайтарып бекіткен Мәшһүр Жүсіп. Неге екенін кім білсін, Мәшһүр қолданысындағы жұмбақтарда сұрау есімдігінің жорта берілуі басым. Төмендегідей мысалдарға кезіктік:

1. Бір жапырақ еті жоқ,

Бір ұрттам қаны жоқ.

Белгілі жаны жоқ, сөйлегені не нәрсе?

2. Бір жапырақ еті жоқ,

Бір ұрттам қаны жоқ,

Белгілі жаны жоқ,

Не керектің бәрі өзінен табылған не нәрсе?

3. Жансыз, денесіз, дем алып тұрған не нәрсе?

4. Бас, көз, ауыз, тілден дәнеме жоқ,

Айтқан сөзі артында қалған екеу не нәрсе?

5. Жын емес, адам емес, періште емес,

Адам баласына тағылым берген не нәрсе?

6. Жын емес, адам емес, періште емес,

«Охи!»-ға ие болған не нәрсе?

7. Өзі өлді де, өлгендік себебімен,

Екінші өлікті тірілтуге жарады – не нәрсе?

Әрине, жұмбақ шешілуді күтеді. Әркім шама-шарқынша долбар жасайды. Тіпті, біреу жұмбақ жауабын тауып та жатады. Ал шын мәнінде жұмбақ жасырылуында «...табиғат жайы, адамның денесі, хайуанат пен өсімдік» т.т.б. Бұл жайлы жоғарыдағы мақаласында М.Әуезов баса айтыпты: «Жұмбақтың сөз қылған жайларын алсақ, ол бірден нәрсені анықтай айтады; екінші – қайдан шыққан нәсілін айтады; үшінші – оның атқаратын міндетін айтады; болмысының диалектикасын баяндайды және жұмбақ нәрселерді қосып, парлап бір-біріне жасайтын қарым-қатысы арқылы суреттейді. Осы жайлардың барлығын жұмбақ және де ақындық сөзбен, теңеу, салыстырумен келтіреді. Ал «ақындық сөз, теңеу» Мәшһүр Жүсіп шығармашылығында толып тұр, тұнып та тұр. Демек, мұның барлығы оның әрі лингвист ғалым екенін анықтай түседі.