Павлодар, 2020

М.Ж.Көпейұлының фольклорлық шығармашылығы


Мәшһүр Жүсіп ел арасынан «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Сайын батыр», «Нәрікұлы Шора батыр» т.б батырлар жырын, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алтынбас-Күмісаяқ» т.т лиро-эпос жырларын, сондай-ақ, «Киік», «Бозторғай», «Дін үйренетұғын» тәрізді басқа шығармаларды да жинаған. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ер Тарғын» жырларын 1866 жылы сегіз жасында-ақ Қамар қазіреттің қолжазбасынан көшіріп алғаны белгілі. Ал «Алтынбас-Күмісаяқ» - 300 жолдан, «Киік»-108 жолдан, «Бозторғай»-460 жолдан, «Дін үйренетұғын» - 200 жолдан тұрады дей отырып, бұл жыр үлгілерін жинаған В.В.Радлов екендігін МәшһүрЖүсіп көрсетіп отырған. Бұл үлгілерді ол В.Радлов жинағынан ала отырып, олардың бәрін қолжазбаның әр жеріне шашыратпай бір жеріне ғана топтастыра орналастырған. Сондай-ақ қолжазбалар ішінде «Сайын батыр» жырының көлемі 2000 жолдан тұрады деген де дерек бар. Ғалым М.Бөжеев «Көпеевтен қалған мол мұра ішінде әлеумет мәселесіне арналған неше алуан шағын көлемді шығармалар, ұзақ оқиғалар, хикаялар, айтыстар, шежірелер, тарихи материалдар, фольклор үлгілері бар. Ақынның араб, парсы, шығатай тіліндегі көшірмелерін еспке алсақ, одан қалған мұра кемінде 30 томдай болады» екен [74]. Сонымен бірге Мәшһүр Жүсіп ел арасынан түрлі ертегілер де жинаған. Әзірге белгілісі мыналар: «Еділ-Жайық», «Көр ақтарған Жаманбай», «Баһырам патша туралы», «Есен тентек туралы», «Ертеде бір хан болыпты», «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», «Еңсегей бойлы Ер Есім», «Алаша хан», «Жеті жасар Желкілдек», «Ер Төстік», «Әз Жәнібек және бір ұста», «Екі патша», «Әділ би», «Сүйіндік: Олжабай батыр», «Тама Сарыбас мерген» т.б.

Халық поэзиясы үлгілерін, соның ішінде мақал-мәтелдерді ерінбей ұзақ жинаған. Фольклордың басқа жанрларына қарағанда, мақал-мәтелді жинаумен айналысу ғалымнан ұзақ уақыт пен қажымас ізденуді, еңбектенуді қажет ететіні белгілі. Себебі мақал-мәтелдер дайын күйінде жеке-дара кездеспейді. Оларды айтушының не ауызекі сөзінен, не қолжазбалар ішінен, болмаса туындылар арасынан іздеп табу арқылы қағазға түсіру керектігі аян. Мұнда жоғарыда аталған жинаушылықтың негізгі үш тәсілі де қолданылады. Мәшһүр Жүсіп қолжазбалары ішіндегі мақал-мәтелдер тақырыптарының көп түрлілігімен де құнды. Мұнда адамның мінез ерекшелігіне, бітіміне, тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына, дінге т.б қатыстылары жиі кездеседі. Мәселен, қолжазбаларда «Қазақтың: «Ат биеден, алып анадан», - деген сөз тараулары мәнісі», «Екі қырағыдан су қараңғы», «Ұйқыда өскен бұзау өгіз болмайды», «Абылай аспас сары бел» дегенінің мәнісі», «Ала арқан жоғалды, бір лақ алып табылды дегеннің мәнісі», «Қазақ: «Пірден емес, мұраттан» деуінің мәнісі»-деп аталатын мақал-мәтелдер топтамаларының қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін танытудағы мәні үлкен.

Баланың ойы мен санасын дамытуда, сезімін ұшқырлауда жұмбақтардың атқарар қызметін жақсы түсінген. Ол фольклордың бұл жанрын да ел арасынан жинауды ұмытпаған. Жинау барысында жұмбақтарды ауызша айтушыдан тікелей қағазға түсірумен бірге кітаптарды да пайдаланған. Мәселен, қолжазбаның арасындағы бір топ жұмбақтарды бере отырып, бас жағында «Хадис-шарифтан» деген ескерту де береді. Сол сияқты жұмбақтардың туу негізін, тәсілін жақсы меңгерген Мәшһүр Жүсіп өз жанынан да жұмбақтар ойлап шығарады. Мысал үшін «Жылдың он екі атауына» қатысты материалдарды ол өзі: «Мәшекеңнің жұмбақтары» - деген. Сондай-ақ ақындар айтысының небір тың үлгілерін жинаған. Мәселен, «Ұлбике қыз бен Күдері қожа айтысы», «Ұлбике қыз бен Қарақалпақ Жанкел айтысы», «Ұлы жүз үйсіннен шыққан Үмсін қыз бен Заман қожа айтысы», «Шоң, Торайғыр ақыны Орманшы Сақау ақыны мен Қаракесек қызы Тоғжан айтысы», «Қалдыбай қожа мен Соқыр Шөже айтысы», «Соқыр Шөже мен Қаракесек ақыны Балта айтысы», «Қаракесек – Қамбар Жанақ пен Найман – Түбек айтысы», «Қаракесек – Қамбар Жанақ пен Найман – Сабырбай айтысы», «Қаракесек – Қамбар Жанақ пен Орманшы – Сақау ақыны айтысы», «Қуандық – Алтай бір ақыны мен Найман қызы Опан айтысы», «Керей – Тұрлыбике ақыны Үрімбай ақыны мен Қаракесек – Шортанбай айтысы», «Шортанбай қожа мен Арыстанбай ақын айтысы», «Айдабол- Күліктің Күлігінен шыққан Жамшыбай ақыны мен Найман – Түбек айтысы», «Ақбала қыз бен Боздақ жігіт айтысы», «Қыз бен жігіт айтысы» т.т. тәрізді ақындардың сөз қағыстырулары Мәшһүр Жүсіп қолжазбаларында белгілі бір реттілікпен берілген.

Мәшһүр Жүсіп ақындар айтысы үлгілерімен қатар ауызша шығарылып тараған, немесе жазбаша тараған ақындар туындыларын да жинап, қағазға түсірумен айналысқан. Мәселен, ақын қолжазбаларында көптеген ақын-жыраулардың өлең мен қиссалары, дастандары бар: Бұхар жырау, Мәделі қожа, Сақау ақын, Нұрман ақын, Көшек баласы Күдері қожа, Қарақалпақ Жанкел ақын, Үйсін – Үмсін қыз, Заман қожа, Тоғжан, Қалдыбай қожа, Шөже ақын, Арғын – Қамбар Жанақ, Найман – Сабырбай, Найман-Түбек, Найман - Опан қыз, Орынбай, Шортанбай қожа, Күлік – Жамшыбай, Қаракесек – Балта, Көтеш, Ақмола т.б. ақындар туындыларын қағазға түсірген [75].

Бүгінгі таңда МәшҺүр Жүсіп жазбаларында сақтаған мақал-мәтелдердің халық ауыз әдебиетінде, жалпы ұлтымыздың рухани өмірінде алатын орны мен мән-маңызын айқындау − біздің міндетіміз. Осындай бұрын-соңды жазылып, жазба беттерінде сақталған қастерлі мұраларымызды таразылайтын кез жетті деп санаймыз. Халық поэзиясы үлгілерін, оның ішінде мақал-мәтелдерді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ерінбей ұзақ жинаған. Осы орайда «Қазақ мақал-мәтелдері» деген атпен шыққан кітаптағы материалдардың басым көпшілігі Мәшһүр Жүсіптен алынғаны еш жерде көрсетілмей келгенін үлкен қынжылыспен атап айтқымыз келеді. Себебі Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясындағы Орталық қолжазбалар қорында Мәшһүр Жүсіп жинаған көлемді қалың бір кітап боларлық (көлемі 2500 жолдық қатарды құрайды) мақал-мәтел топтамасының 1930 жылдардың басынан бері сақталып келе жатқаны белгілі. Сондай-ақ мақал-мәтелдердің басқа да үлгілері «әулеттік архивте» сақталуда.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазбаларында сақталған мақал-мәтелдер қазіргі таңда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ұжымы даярлап шыққан көп томдықтың 5-томында, қазақ фольклоры үлгілері қатарында жарық көрді. Осы еңбектегі мақал-мәтелдер жинау реті бойынша емес, алфавит тәртібімен берілді. Біріншіден, бұлай алу белгілі бір мақал-мәтелді іздеуші оқырманның тауып алуын жеңілдетеді. Екіншіден, Мәшһүр Жүсіптің жазбасында да, одан жасалған Жолмұрат Жүсіпұлы көшірмелерінде де ел аузынан әр кезде жинау салдарынан белгілі бір мақал-мәтелді екі, не үш рет қайталап қағазға түсіру орын алған. Сол қайталауларды кітап бетінде болдырмас үшін де осы жолды таңдап алған. Осы орайда қазақ мақал-мәтелдерін осы уақытқа дейін құрастырып жариялағандардың бәрі белгілі бір мәтіннің қайдан, кімнен алғандарын көрсетпей, ел аузынан тікелей өздері жинаған қалып танытып келгеніне назар аударғымыз келеді. Осы орайда бүкіл ескі әдебиет үлгілерін сүзгіден өткізу кезінде әміршілдік жүйенің тыйым салуынан құтқару үшін де Мәшһүр Жүсіп есімін атамау себебін де ескерген жөн. Ал заман түзеліп, тыйым салулар артта қалған кезде халық ауыз әдебиеті үлгілерімен бірге мақал-мәтелдерді де ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың басында ең көп жинаған Мәшһүр Жүсіп екені атап айтыла бастады. Әміршілдік жүйе кезінде ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасы қорындағы Мәшһүр Жүсіптің біраз жазбасы қолда болып, тек оның жиені Жолмұрат көшірмелері ғана сақталған.

МәшҺүр Жүсіп жазбаларында сақталған мақал-мәтелдер тақырыптарының көп түрлілігімен де құнды. МәшҺүр Жүсіп жинаған мақал-мәтелдерді төмендегіше топтастырып көрсеткен: өнер-білім туралы; ынтымақ-бірлік жайында; адамгершілік-сыйластық жайында; адамның мінез-құлқы жайында; денсаулық турасында; ел мен жер жайлы; еңбек туралы; озбырлық-жауыздық жөнінде; әділдік жайында; барлық пен жоқтық турасында; семья, қоғам хақында; мал туралы. Бұл тақырыптағы мақал-мәтелдердің жіктелісіне қарағанда, МәшҺүр Жүсіп халықтың өміріне, тұрмыс-тіршілігіне, адамның түрлі мінез-құлықтарына т.б. байланысты туған мақал-мәтелдер тобын мол жинаған сынды. Бірақ жазбада сақталған мақал-мәтелдер жеке мысалдармен топтастырылып, олардың өзіндік ерекшеліктері, мән-маңызы ашылмаған деуге болады. МәшҺүр Жүсіп жазбаларында сақталған мақал-мәтелдердің осындай тұстарын айқындап, саралап, жүйеге келтіру маңызды деп білеміз. Жазбада сақталған мақал-мәтелдердің тақырыптық тобы әр алуан деп айтуға болады:

1) Өнер-білім, ақыл туралы мақал-мәтелдер: Ақыл − білім азығы, білім − ырыс қазығы; Ақыл жастан шығады, асыл тастан шығады; Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады; Өнер алды – қызыл тіл; Өнерді үйрен де, жирен;

2) Ынтымақ-бірлік жайындағы мақал-мәтелдер: Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді;

3) Адамгершілік-сыйластық жайында: Иесін сыйлағанның – итіне сүйек сал; Үлкейіп барып, сыпайыны көр, кішірейіп барып, шынайыны көр;

4) Адамның мінез-құлқы жайындағы мақал–мәтелдер: Айдан ─ анық, сүттен ─ ақ, күннен ─ жарық, судан – тұнық; Сарғайған жетер мұратқа;

5) Денсаулық, ауру турасындағы мақал-мәтелдер: Айналдырған ауру алмай қоймас; Ауру ─ астан, дау – қарындастан;

6) Ел мен жер жайлы мақал-мәтелдерге: Ел даусыз болмайды, тау құрсыз болмайды; Жақсы болсаң, жердей бол, бәрін шыдап көтерген;

7) Еңбек туралы мақал-мәтелдер: Бейнет түбі – рахат; Ексең егін, ішерсің тегін;

8) Әділдік туралы мақал-мәтелдер: Әділ биде ата жоқ, тура биде туған жоқ, туғанына бұрған биде иман жоқ; Әділ бидің елін дау араламайды, әділ патшаның елін жау араламайды;

9) Барлық пен жоқтық турасындағы мақал-мәтелдер: Бар ағайын пәтуада болмас, жоқ ағайын сатуда болмас;

10) Отбасы, жанұя туралы мақал-мәтелдер: Жақсы әке – қырық жыл азық;

11) Мал туралы мақал-мәтелдер: Жаман атқа жал бітсе, жалына торсық байлатпас. Жаман адамға мал бітсе, Жанына қоңсы қондырмас;

12) Сөз өнері, тіл жөніндегі мақал-мәтелдер: Басқа пәле неден? Басқа пәле – тілден!;

13) Жақсы мен жаман туралы мақал-мәтелдер: Жақсы жүрісінен пұл болады, жаман жүрісінен құл болады.

Мәшһүр Жүсіптің шығармаларының V томында жалпы – 1152 мақал–мәтелдер алфавит реті бойынша берілген. Мұнда адамның мінез ерекшелігіне, бітіміне, тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына, дінге т.б. байланысты түрлері көптеп кездеседі. Мәселен, қолжазбада: «Қазақтың: Ат ─ биеден, алып ─ анадан» деген сөз тараулары мәнісі, «Екі қырағыдан су қараңғы», «Ұйқыда өскен бұзау өгіз болмайды», «Абылай аспас сары бел» дегеннің мәнісі, «Ала арқан жоғалады, бір лақ алып табылады» дегеннің мәнісі, қазақ: «піріден емес, мұраттан» деуінің мәнісі, – деп аталатын т.б. мақал-мәтелдер топтамаларының қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін танытудағы мәні үлкен.

Сондай-ақ, қолжазбалардың бірінде Мәшһүр Жүсіп саны 176 мақал-мәтелді бір бөліп көрсеткен. Мұндағы мақал-мәтелдердің барлығы рет-ретімен нөмірленіп жазылған. Және де әр беттегі әр мақал-мәтел басынан аяғына шейін жаңадан нөмірленіп көрсетіліп жалпы қолжазбаның 13 бетін қамтиды. Сол сияқты қолжазбада басқа да мақал-мәтелдер тізімі берілген. Асылы, белгілі бір фольклор үлгілерін шығарғанда, әр материалдың қайдан, кімнен алғаны көрсетілмеуі ғылымдағы асығыстықты, өзінен бұрынғы зерттеуші, жинаушы еңбектерін елемеуді дәлелдесе керек. Ал, Мәшһүр Жүсіп әр мақалды дерлік қайдан жазып алғанын көбіне сөз арасында айтып кетіп отырған. Мәселен, «Байлық мұрат емес, Жоқтық ұят емес!» деген мақалды Мәшһүр Жүсіп: «Күні кеше Сарыарқада қасиетті, шарапатты болып өткен Ғайса Бикей ишан дуам айтып отырады екен» - дейді. Яғни, бұдан мақалды жеткізуші есімі Ғайса Бикей ишан екендігі, оны Мәшһүр Жүсіптің жазып алғандығы көрініп тұр. Сол сияқты мына үлгілерді ауызша айтудан тікелей хатқа түсірген: «Байды Құдай атқаны, Жабағы жүнін сатқаны» - деп басталатын топтаманы МәшҺүр Жүсіп Шортанбай қожа айтты десе, «Қарадан хан қойса, қасиетті болмайды, Үлгісізден би қойса, өсиетті болмайды» деген жолдан басталатын бір топ мақал-мәтелді Мұса Шорман би ұғлынан естігенін жазып қалдырған.

Міне, осы тәрізді белгілі бір ел аузынан жиналған фольклорлық үлгілердің жазылу паспортына қатысты түсініктемелер, толықтырулар МәшҺүр Жүсіп жазбасында көптеп кездеседі. Сондай-ақ МәшҺүр Жүсіп Абай Құнанбаевтың да үлгілі сөздерін қағазға түсіргенін естен шығармаған жөн. Жалпы жиналған мақал-мәтелдердің көпшілігіне дерлік МәшҺүр Жүсіп анықтама беріп отырған. Яғни ол мақал-мәтелдердің қандай жағдайда, не себептен туғандығына, ел арасында не үшін қолданылатынына, о баста қандай мағына бергендігіне, тіпті қай заманнан бері айтылып жүргендігіне де назар аудартады. Бұл Мәшһүр Жүсіптің жинаушылық қызметінің зерттеушілікпен қатар жүргендігін дәлелдесе керек. Мәселен, қолжазбаларының бірінде: «Молдалар», «Құдай сөзі құран айтады», «Пайғамбар сөзі, хадис-шариф мынау», «Хадис-шариф, алла жаратады», «Шіп Алутин мен Аламан, хадиc-шариф» делінген айдармен мақал-мәтелдер шоғыры берілген. Мәселен, «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» мақалының мағынасын қазақ білмейді, бұл «Хадис-шарифта» Шіп Алутин мен Алайманның мағынасынан алынған сөз» деп, оның қандай мағына беретінін де ашып береді.

Мақал-мәтелдің әрқайсысына Мәшһүр Жүсіп түсініктеме берген және де олардың біразының Құран Кәрімде бар екенін көрсетіп кеткен. Міне, бұдан біз мақал-мәтелдерді жинау барысында Мәшһүр Жүсіптің ертеректе шыққан «Құран Кәрім», «Хадис-шариф» тәрізді кітаптарды пайдаланғандығын да көреміз. Ал жинау мен жазу кезінде, сонымен бірге бұл ескертпелерден де Мәшһүр Жүсіптің қай материалды қайдан алғанын көрсетіп отыру өнегесін танимыз. Сондай-ақ ел арасында жиі кездесетін кейбір мақал-мәтелдердің кітап ішіндегі нұсқалармен салыстырылып отырғаны да байқалады (бар болса, бар деп көрсетіп отырған). Бұдан қазір көпшілікке түсініксіз, беймәлім болып келген қазақ мақал-мәтелдерінің төркінін ғылым мен мәдениеттің бастауы болған Құран, Библия тәрізді ескі кітаптар арасынан іздестіру қажеттігі туады.

Тағы да айтар бір жайт, МәшҺүр Жүсіп жазбаларын ақтара отырып, мақал-мәтелге қатысты мынадай деректерге кез болдық. Онда: «МәшҺүр Жүсіп қолжазбасынан көшірме, 1920 жылы Ә.Диваев экспедициясы жинаған» делінген. Бұған сүйенсек, кезінде Ә.Диваев ұйымдастырған экспедиция мүшелері де фольклорлық үлгілерді жинау кезінде МәшҺүр Жүсіп қолжазбаларын пайдаланғанға ұқсайды және де ол нұсқалары кімнен алғандығын жазып кеткен. Енді бірде жойылып кеткен Қатаған жұрты туралы да: «Қатаған ханы хан Тұрсын, қай неткенді ант ұрсын» деген мақал сонан қалды деседі. Бірлі-жарымды қалған болса, Қаңлы-Шанышқылыға кетіп, сонан қалған елден қалыпты деп айтылады» деген дерегін келтіреді. Яғни, еңсегей бойлы Ер Есімге опасыздық жасаған Қатаған ханы Тұрсынның елімен бірге тарих алаңынан із-түссіз жоғалғандығы сөз болады.

МәшҺүр Жүсіп жазбаларында сақталған мақал-мәтелдердің дені айшықтау түріне бай келеді. Сондағы сөздердің өзара үндесіп, үйлесіп, ассонанс, аллитерациялардың мол екендігіне қайран қаласың. Мақал-мәтелдердің мағына-мәні де мейлінше терең. Мәселен: «Сұлу − сұлу емес, сүйген − сұлу», «Күндестің күлі − күндес», «Қатын қайраттанып, қазан қайнатпайды», «Қойдан қоңыр қойшының өгізі», «Күлсең, кәріге күл» т.б. аллитерация арқылы жасалса, ассонанс арқылы жасалған бірнеше мақал-мәтелдерді көруге болады. Мысалы: «Ағайын арасынан ақсайды, Ат турасынан ақсайды» «Алма алмадан реңк алады», «Ұйықтаған ұйқы алады», Ұйықтамаған жылқы алады» т.б. осы тәрізді бірнеше мақал-мәтелдерді ұшырастыруға болады. Мұнда ішкі ұйқастар да күшті үйлесе құрастырылған. МәшҺүр Жүсіп жазбаларында сақталған мақал-мәтелдерден тағы көрер бір ерекшелік – олардағы мақал-мәтелдер бойында халықтың мал баққан тұрмысына байланысты образдар мен сарындардың мол ұшырасатындығында. Үй хайуанаттарының қылығын айту арқылы адам мінезіне ишара, тұспал жасау соншалықты әсерлі де мәнді болып шыққан. Мәселен, «Адам аласы – ішінде, Мал аласы – сыртында», «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме», «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» мақал-мәтелдер бойынан әсерлі тұспалдарды көреміз.

Қорыта айтсақ, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларында сақталған мақал-мәтелдердің фольклор жанрында, жалпы ұлтымыздың рухани өмірінде алатын орны мен мән-маңызы ерекше. Қазақтың белгілі ақыны Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өлең, қисса-дастандарын, ауыз әдебиеті мен фольклор үлгілерін, қазақ тарихы, мәдениетіне арналған жазбаларын, этнография, тіл, ұлттық психология туралы пікірлерін, араб парсы классиктерінен аудармаларын ─ бәрін қоса есептегенде, кемінде 30 томдай материал бар екені. Демек, Мәшһүр Жүсіптің қазір жарық көрген көптомдығының алғашқы 5-томында және газет-журналдарда жарияланған бір томдық түрлі материалдарға сүйеніп жазылған бұл еңбек − үлкен істің бастамасы, бір бөлшегі ғана. Әйтсе де тамшыдан да теңіздің қасиеті көрінеді десек, осы бір қамтылған материалдың өзі Мәшһүр Жүсіп жазбасында сақталған қазақтың мақал-мәтелдерінің өзіндік ерекшеліктерін, олардың қайнар көзі қайда жатқаны турасында мол мәліметтер береді. Қазақ мақал-мәтелдерінің жиналу, жариялану және зерттелу жағдайын сөз еткенде, Мәшһүр Жүсіп жазбаларында сақталған мақал мен мәтелдердің де мән-маңызын жан-жақты сараптаған жөн. Қысқасы, фольклортану ғылымында халық ауыз әдебиетінің бір түрі болып табылатын қазақтың мақал-мәтелдерін ұзақ жылдар бойы ерінбей жинауы қазақ фольклортану ғылымында Мәшһүр Жүсіптің қосқан өлшеусіз еңбегінің бір қырын ғана танытатыны сөзсіз [76]. Мәшһүр Жүсіп фольлорлық дүниелерді жинау барысында қойылатын талаптарды ұстанған. Яғни, тілдік ерекшеліктерді сақтау, дәлділік, айтушы аузынан сол қалпынан көшіру, арнайы бір тақырыпқа материал жинау, айтушының айтқанын дәлме-дәл жазу, қысқартуларға жол бермеу т.б.

Мәшһүр Жүсіп жазбаларында халық ауыз әдебиетіне тән барлық жанр түрі қамтылған. Мәселен, ертегілерден 15 шақты мәтін үлгісі; 5-6 батырлық жыр; ғашықтық жырдан – 2-3; қисса-дастандардан – 11-12; 30-40-қатарта ұрмыс-салт жырлары; аңыз-әңгімелердің – 200-300 үлгісі; жаңылтпаштың – 100-150 шақты көлемі; жұмбақтың қара сөз бен өлең түріндегісі – 50 шақтысы; мақал-мәтелдердің 2,5 мың жолдық мөлшері; ақындар айтысының 27 үлгісі; 30-40 шақты ақын-жыраулардың өлеңдері, дастандары т.б. орын алған. Жалпы, ауыз әдебиеті мен фольклорлық нұсқаларды жинаушылардың көпшілігі ұстанған дәстүрдің бірі – экспедициялық әдіс. М.Ж.Көпеев те өз жинастырған материалдарын ел ішінде жүріп, еш қиындықсыз теріп, жазып алып отырған. Фольклоршы ғалым фольклорлық үлгілерді жан-жақты жинап, анық, дәл сол қалпында жазуы арқылы кейінгіге таусылмас қазына қалдырды.

Қазақ халық әдебиетінің жиналу тарихын сөз еткенде, өз әріптестеріне Ш.Уәлиханов, В.Радлов, Ә.Диваев, т.б. қарағанда, соларға үндес ететін ортақ сипаттарымен қатар Мәшһүр Жүсіптің өзіндік ерекшеліктері мол екеніне алдымен көңіл бөлу керектігін айтқымыз келеді. Шығыс, батыс мәдениетін, қазақ тілін жетік меңгерумен бірге араб, парсы, орыс, көне түркі тілін жете игеруі және ХІХ ғасырдың соң¬ғы ширегі мен XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласын көп аралауы нәтижесінде Мәшһүр Жүсіптің қазақ халық әдебиетін өз замандастарына қарағанда, анағұрлым мол жинап, ол туралы кеңірек зерттеу жүргізу мүмкіндігі болды.

Мәшһүр Жүсіп жазып қалдырған көп материалдарды шолып қарай отырып, оның жинаушылық еңбектерін саралауға бастайтын мынадай ерекшеліктерін жинақтап айтуға болады. Біріншіден, Мәшһүр Жүсіп ертегінің, не аңыздың қысқартылған сұлбасын, шығарма фабуласын берумен шектелмеген. Ақын белгілі бір материалды ел арасындағы айтылу қалпын сақтай отырып, неғұрлым толық қамтып отырған. Екіншіден, әрбір сөздің сол кездегі дыбысталу қалпын, орфоэпиясын ескеріп, белгілі бір сөздерді естілуі бойынша қағазға түсірген. Әсіресе, сөздің дыбыстық әуезділігіне, өзара үндесуіне көп көңіл бөлінетінін, дыбысталу сапасының сөз мағынасына, сол арқылы шығарма көркемділігіне пәрменді ықпал жасап отыратынын бағамдасақ, бұлай жазу қазақ тіліндегі сөздер фонетикасы тарихын жасауда да елеулі рөл атқаратынын дәйектеуге болады. Үшіншіден, Мәшһүр Жүсіп қай материалды кімнен қандай жағдайда қалай жазып алғанын жеткізіп отырған. Демек, ол қалдырған жазбалардың тарихи, этнографиялық, т.б. мәні айрықша болатыны күмәнсіз. Төртіншіден, ел тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын кең білген Мәшһүр Жүсіп жинаған материалдарға деген өз бағасын, байқауларын қоса жазып отырған. Соңғы айтылғандары Мәшһүр Жүсіптің естігенін құр жазып алумен ғана емес, оларды саралап, белгілі бір тарихи жағдай, ел ахуалымен салыстырып отырған зерттеушілік еңбегін көрсетеді.

Мәшһүр Жүсіптің фольклорист ғалым ретінде қалыптасуының үш қайнар көзі бар: бірі – өз елінің ауыз әдебиеті мен фольклор үлгілерінен тұратын бай мұрасын қабылдауы; Екіншісі – шығыс елінің, оның ішінде орта ғасырлық ғалымдар жетістіктерін игеруі; Үшіншісі – батыс ғалымдары, оның ішінде орыс зиялыларының әсері. Ауыз әдебиеті мен фольклорлық үлгілерді жинау барысында Мәшһүр Жүсіп белгілі бір жинау принциптеріне сүйенген. Ол ақынның ағартушы - демократиялық көзқарасынан туындаған. Ең алдымен айтатын нәрсе, Мәшһүр Жүсіп фольклорды өзгертуге, түзетуге жатпайтын асыл мұра деп білген, мәтінді сол қалпында хатқа түсіру шар¬тын ұстанған. Сол себепті, Мәшһүр Жүсіп кімнен не алса да көрсетіп отырған. Мәселен, «Әз Әйтеке би» әңгімесінде бір¬неше мәтелдер шоғыры беріледі де, оның иесі, яғни жеткізушісі есебінде төрт Шөмекейге қараның ханы болғанын тілге тиек еткен. Мұндай мысалдар ақын қолжазбасында көптеп кездеседі. Екіншіден, фольклорды тұрмыстың қажеті, елге білім, тәрбие беретін құрал деп білген. Сон¬дықтан әр мәтіннің шығу тарихын, айтылу жағдайын, қалай тарағанын анықтап отырған. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп жинаған «Малшы Алтай» әңгімесі. Мұнда Қуандықтың ба¬ласы Алтай деген жігіттің Піспекбайдың жыл¬қысын ерінбей, жалықпай тер төгіп, адал еңбегі арқасында жұттан шашау шығар¬май аман алып шығуы баян¬далады. Жылқышының таза көңіліне, адал¬дығына т.б. қасиеттеріне тәнті болған бай оған өз қызы Байбикені қосады. Кейін Байбикеден туып, тараған ел «Жо¬ғарғы Алтай» аталатындығы сөз болады. Байбике өлген соң, бай Алтайға екінші қызы Аққоянды да беріп, одан «Төменгі Алтай» деген ел тарай¬тын¬дығы баяндалады. Міне, көріп отыр¬ға¬ны¬мыздай, адал еңбегі арқасында малшының да мұратына жеткендігін баяндай отырып, Мәшһүр Жүсіп өз заманындағы жастарға-осы іс-әрекетті үлгі ретінде ұсынады.

Жоғарыдағы деректерге қарағанда, Мәшһүр Жүсіп фольклорлық үлгілерді тек үлгі-өнеге үшін ғана жинамаған тәрізді. Ав¬тор сол нұсқалар арқылы өзіндік ой-топ¬шы¬лауларын да бірге беруге ты¬рысқан. Яғни, фольклорды халықтың сана-сезімінің өзіндік көріну формасы деп бағалағандығын көруге болады. Ал бұл Мәшһүр Жүсіптің жинау¬шылық пен зерттеушілігінің бір арнада тоғысқандығын дәлелдейді.

Үшіншіден, Мәшһүр Жүсіптің фоль¬клор¬ды ауызша тарих, тарихтың көзі деп тануы. Бұған мысал ретінде Абылай ханға қатысты 16 әңгімелер циклін келтіруге бо¬лады. Мұнда ханның жас кезінен қайтыс бо묬ғанға дейінгі кезеңдері келтіріледі. Жал¬пы бұл әңгімелерде қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын қалмаққа қарсы елдің бостандыққа, тәуелсіздікке күрес жолы сипатталған. Яғни, қиын қыстау кезде ел басына хан боп көтеріліп, өзінің сенімді билері мен батырларына сүйенген хан Абылайдың жаужүректілігі, даналығы, ақылдылығы, тапқырлығы, ең бас¬тысы, елдің бірауыздылығы, бірлігі, тату¬лығы, ынтымақ¬тығы, т.б. арқасында халықтың өз арманына, мұратына жеткендігі айтылады.

Жинаушылықтың төртінші ұстанымы – фольклорды Мәшһүр Жүсіптің филология¬лық тұрғыдан қарастыруы, яғни сөз өнері деп білуі. Ол фольклордың ел арасында ерекше мәртебеге ие екенін, қазақтың сөз өнерін аса жоғары қастерлейтінін барынша айқын көрсетуге тырысқан. Мәшһүр Жүсіптің халық арасында ең алдымен ақын-жазушы ретінде танылғанын ескерсек, онда оның фольклорды өз шығармаларына да арқау етіп отырғаны, сонымен бірге оны тіл байлығының, сөз өнерінің, т.б. қайнар бұлағы есепті бағалағаны анық. Мәселен, ел аузындағы «Жиренше шешен» аңызын қолжазбасына түсірген Мәшһүр Жүсіп, ол турасында өзінің көзқарасын да білдіріп кеткен. Онда: «Міне, жігіттер, бір ауызды сөздің түбін, төркінін білемін деп ізлегендіктен қалыңсыз бір ханның қызын алды. Өз ханының сатусыз, пұлсыз уәзірлігін алды. «Жігіттікте жаннан кеш те, іс қыласың, өлесің, өлмесең, кісі боласың!» - деп бұрынғының айтқаны осы!» делінген ақын тамсануы да бар. Ал «Шоң биге» қатысты жинаған әңгімесінің бірінде Мәшһүр Жүсіп, құны жүз бие болатын сәукелені екі ауыз сөзбен-ақ Сақау ақынның ақысыз, пұлсыз алғандығын ескертіп өтеді. Осыдан көріп отырғанымыздай, Мәшһүр Жүсіп сөз өнерін, т.б. дәріптеуге арналған фоль¬клор үлгі¬лерін көбінесе тарихи адам¬дар есім¬дерімен ұштастырған. Мәшһүр Жүсіптің билер сөзінің де ұлттық мәдениетіміздің бір көрінісі, ай¬насы екендігіне көңіл бөлгені бай¬қалады.

Жинаушылықтың бесінші ұста¬нымы Мәшһүр Жүсіп фоль¬клорды этнографиялық мәліметтердің көзі деп қарастыруын аламыз. Белгілі бір халық-тардың шығу тегіне, рулық құ¬рамына, қоныс аударуына, қалып¬та¬суына, тіпті олардың тұрмыс-тірші¬лігіне, қор¬шаған табиғи орта¬сына, киетін киім¬дері мен кәсібіне, рухани мәдениетіне қатысты деректердің Мәшһүр жазбасында молынан ұшырасуы назар аудартады. «Бұл қазақ қай уа¬қыттан үш жүз атанған» әңгімесінде «Алаш» деген қай ел, не себепті олай айтыл¬ғандығы, «Жүз» деген атау қайдан шық¬қандығы төңірегіндегі аңызға ақын өз көзқарасын да бірге берген: «Бұрын¬ғы заманда қазақтың Жүз деген де ата¬ла¬рының аты болса керек. «Жүз» деген ат¬ты ұруға, «Алаш» деген атты ұранға қо¬йып, жауға шапқанда «Алаш, алаш» деп шабыңдар, «Алаш, алаш» демегенді әкең де болса ұрып жық деп бата қы¬лысыпты. Кеше «Алаш алаш болғанда, Ала¬ша хан болғанда, үйіміз ағаш, ұра¬нымыз Алаш болғанда үш жүздің баласы қазақ емес пе едік» деп айтылған сөз сонан қалды. Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, өз алдына отау тіккен емес, әр жұртқа бұратана қоңсы болып жүрген [77].

Қорыта келе Р.Сейсенбаевша айтсақ, өзі де, сөзі де бөлек жаратылған асыл бабамыздың жарық көрген шығармаларын ел ішіне таратып, әр қазақтың жүрегіне жеткізу қажет. Өйткені Мәшһүр Жүсіп бабамыз, жаны үшін емес, арнамысы үшін, жанына жиған, жүрегіне мықтап түйген, қазақ даласының мол рухани байлығын болашақ қазақтарға жеткізуді Аманат деп білді [78].