Павлодар, 2020

Кіріспе


Қазіргі күні фольклор мен тіл білімі салалары барынша дамып отырған ғылым салалары. Бүгінгі күні бұлардың әрқайсысының атқарып отырған қызметтері баршылық. Және ол мейлінше зерделеуден өткен. Ал екеуаралық ғылымның қарым-қатысын анықтаған еңбек жоқтың қасы. Тіпті, жоқ деуге де болады. Мәселен, фольклортану мәселесі аймақтық деңгейде зерттелді. Тіпті, Кереку өңіріндегі зерделеулерді осы ғылым бастауына қоюға да болады. Оған себеп М.Ж.Көпейұлының ауыз әдебиетіне қатысты тұжырымдары мен оны жинақтаудағы еңбектері ұшан-теңіз екені айқын. Бірақ фольклортанудағы аймақтық ғылым өкілдерінің еңбектерін таразылау әлі де болса ашық айтыла қойған жоқ. Біз бұл қатарға Б.Уақатовтың еңбектерін тарқатуды қаладық. Тіл білімі салаларының да зерттелуден өткені ақиқат. Ал өңірлік дамудағы ғалымдар пікірлері көп жерлерде ескерілмей отырғандай әсер етеді. Тілдік қолданыстарды фольклорлық шығармалардан табу – жаңа бір арнаның айқындалуына әкеледі деп сенеміз.

Өткен ғасырдың 30-жылдардағы қазақ фольклористикасын сөз еткенде, халық ауыз әдебиетін зерттеу ісіне тек әдебиетшілер мен фольклористер ғана қатыспағанын, оған тіл мамандары да атсалысқанын айрықша атап өтуге тиіспіз. Жалпы қазақ филологиясының қос қанаты іспеттес қазақ тілі мен әдебиеті әлемінде алғашқы ізашар зерттеулер жасаған тұлғалардың зерттеу жұмыстарымен таныса отырып, сегіз қырлы бір сырлылығына куә боламыз. Бұл қатардағы ғалымдар қазақ тіл білімінің атасы А.Байтұрсынұлынан басталып, Қ.Жұбанұлы, С.Аманжолұлы есімдерімен жалғасын тапты. Олардан қалған еңбектерден фольклорлық және лингвистикалық қарым-қатынастың қоса өрілгенін, қазақ тіл білімі мен қазақ әдебиеті тарихындағы сүбелі тұжырымдардың қай-қайсысына болсын қалам тартқанын байқаймыз. Қазақтың бай мұрасын тілдік жағынан ғана емес, әдебиеттік-тарихи жағынан да зерттегеніне көз жеткіземіз.

Қазақ филологиясындағы аталған ғалым-тұлғалардың тіл білімінің барлық қырлары (фонетика, лексика, морфология, сөзжасам, синтаксис), әдебиеттану ғылымындағы зерттеулері, оның ішінде фольклортану мәселесі түрлі қырынан әр қилы деңгей-дәрежеде зерттелді. Және олардың ізбасарлары тарапынан зерттеліп келе жатыр. Әр ғалымның шығармашылығы барысында, сондай-ақ қазақ тіл білімінің мәселелері, қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуге арналған еңбектерде де аталмыш мәселелер өз кезегінде едәуір қарастырылды.

А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанұлы, С.Аманжолұлы мұраларын фольклорлық-лингвистикалық таным тұрғысынан, аталмыш тақырыпта нысан етіп алған аймақтық тұлғалар М.Ж.Көпейұлы, Б.Уақатовтардың таным табиғатынан контоктология, фольклорлық диалектология сынды бірліктерді екшелеу, тіл мен әдебиет қатар өрілген пайымдаулармен байланысты жан-жақты талдау жұмыстың көкейтестілігіне тәнті етіп, тақырыптың өзектілігіне алып келді.

Оқу құралын дайындау барысында қазіргі қазақ филологиясында өзіндік дара қолтаңбасымен көрініп, қазақ тілі мен әдебиеттің дамуына орасан зор үлес қосқан аталған ғалымдардың шығармашылығы арқылы тақырыпты зерделеу мақсаты тұрды. Осы мақсатқа орай төмендегідей міндеттер белгіленді:

▪ фольклорлық-лингвистикалық таным аспектісінің басты сипаттарын белгілеу. Атап айтқанда:

- А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанұлы, С.Аманжолұлы мұрасындағы тіл мен әдебиетке қатысты тұжырымдардың түрлену мен таралу,тарқатылу мүмкіндігін байыптау;

- қазақ филология әлеміндегі соңғы көзқарастармен сабақтастығын пайымдау; фольклорлық-лингвистикалық таным аспектісін ғылыми тұрғыда зерделеу;

▪ Жоғарыдағы ғалымдар мұрасында көрініс тапқан фольклорлық-лингвистикалық танымның өзіндік ерекшеліктерін талдап, өзгеше жаңалықтарды анықтау және оларды ғылыми негіздеу;

▪ Аймақтық қарым-қатынас аспектісі тұрғысынан Мәшһүр Жүсіп еңбектерінің таным-табиғатын, Б.Уақатов еңбектеріндегі контактология мәселелерін саралау.

Осындай мақсат-міндеттер нәтижесінде фольклорлық-лингвистикалық таным аспектісінің ерекшеліктерін тану-таныту үшін А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанұлы, С.Аманжолұлы, М.Ж.Көпейұлы, Б.Уақатовтың әр жылдары жарық көрген шығармашылық мұраларын оқу құралының нысанына айналдырдық. Оқу құралын дайындауда салыстырмалы-тарихи әдістің пайдасы тиді. Сонымен қатар жинақталған материалды талдау-сұрыптау әдісі көп нәтиже берді. Ал фольклорлық шығармалардың тіл ерекшеліктерін көрсетуде лингвистикалық әдістердің қай-қайсысы да, әдеби-лингвистикалық талдау әдіс-тәсілдері де мүмкіндігінше пайдаға асты.

Оқу құралының авторлары қазақ ғалымдары мен әдістеме мамандарының еңбектерін барынша сұрыптап, сәйкес келіп жатқан ой-пікірлерін теориялық тұрғыдан арқау етіп отырды. Сонымен қатар «Қазақ әдебиеті энциклопедиясы», «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамалығы, «Қазақ тілі энциклопедиясы», «Мәшһүр Жүсіп қысқаша энциклопедиясы», «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы энциклопедиясы», Б.Уақатовтың бес томдық шығармалар жинағы, «Қазақ тіл білімінің мәселелері антологиялары» және тағы басқа да еңбектердегі ой-тұжырымдар оқу құралының ғылыми негіздерін таныта алды.