Павлодар, 2020

Қорытынды


Қазақ – тілі мен әдебиетінің, өнерінің сан ғасырлық өткені бар ұлт. Сол сан ғасырлық тарих қойнауындағы іздің өміршеңдігі рухани құндылық – бабалар сөзі. Халықтың ұлттық болмысын, өзіндік ұлттық кодын саралау біздіңше, тек сөзіне, лұғатына байланысты болмақ. Соны түсінгендіктен болар қазақ филологиясының басы қасында тұрған ақтаңдақ, ғұлама тұлғалар артына сөзін жоғалтпай қалдыруды мақсат-мұрат тұтқан. Сол жолда аянбай еңбек еткен. Әрине, сол мұраны арттағы ұрпақтың бүгінде әр кезеңде өзінше танып-білуі қуантарлық жайт. Әйтпегенде «шаң басқан архивтерде» қатталып, «сөзімізбен бірге өзімізді де жоғалтар» едік. Арабтан келген асыл сөзді (әдебиет сөзінің баламасы) қазақ тілі арқылы жеткізуді көздеген А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанұлы, С.Аманжолұлы, М.Ж.Көпейұлы, Б.Уақатовтардың мұралары осынысымен құнды. Себебі олар көркемөнердің ең бір қадірлісі әрі қасиеттісі – көркем әдебиет үшін қызмет етті. Бұл кешегі З.Қабдолов көрсеткен «сөз өнері». Сөз өнері сурет пен музыка секілді жалпыға бірдей жетімді деу қиын: сөз – бояу немесе дыбыс емес, барлық халыққа бірдей түсінікті бола алмайды. Әр ұлттың өзгеден ерекше өз тілі бар; әдеби шығарма сол тілде ғана туады. Бұл – көркем әдебиеттің халықаралық өрісіне біраз бөгеу, тіпті тұсау екені рас. Бірақ, мұның есесіне, әдебиеттің тілі музыка тілінен гөрі нақты, театр тілінен гөрі затты: симфонияны тыңдаушының бәрі нақты түсіне бермейді, театр сахнасында бүгін кеште жүріп жатқан спектакльдің ертеңгі ұрпаққа мұра боп қалғандай қолға ұстар затты дерегі бола бермейді, ал әдебиетте екеуі де – нақтылық та, заттылық та – бар. Кескін, сәулет, сымбат өнерлері затты, нақты болғанмен жансыз, қимылсыз, ал әдебиет кез келген шындықты қимыл, қозғалыс үстінде құбылта, құлпырта көрсете алады. Дәл осы тұрғыдан алғанда, сөз өнерін – бар өнердің басы, «өнер атаулының ең қиыны және күрделісі» (Бальзак), «ең жоғарғы түрі» (Белинский). Ендеше, сол әдебиет әлеміне адал қызмет ету аса табандылықты қажет етері сөзсіз.

Еңбекке өзек болған тұлғалар әрі ақын, әрі әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, ағартушы тағы басқа да «сегіз қырлы, бір сырлылығымен» ерекшеленеді. Сондықтан оқу құралында фольклорлық және лингвистикалық қарым-қатынас аспектісі таразыланды. Бірінші тарауға арқау болған А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанұлы, С.Аманжолұлы еңбектерінің өзі осыған жетелейді. Мәселен, А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914), «Ер Сайын» (1923), «Әліппи» (1924), «Әдебиет танытқыш» (1926), «23 жоқтау» (1926) тағы басқа еңбектері мен мақалаларында көркем сөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер, тұжырымдар орын алған.

Сол сияқты қазақ әдебиетінің даму процесін тілші-ғалым ретінде қазақ тілінің табиғатын, өзгешеліктерін, араб әліппиінің жайын, терминдерін, қазақ фонетикасы мен грамматикасын талдаудың тілдік типологиясын, қазақ грамматикасына қатысты бірліктердің әрқайсысына қазақша ғылыми термин жасау сынды қазақ тілі мен әдебиетіне тән құнды еңбектер қалдырды. А.Байтұрсынұлы еңбектерінің соңғы жылдардағы тұжырымдалуы да осы тіл мен әдебиеттің қос қырынан қарастыруды көздейді. Ол туралы зерттеуші Ғ.Әнестің «Әдебиет танытқышты» бүгінгі күні әдебиеттану теориясы биігінен емес, ХХ ғасыр басындағы жалпы фиологиялық пән ретінде, қос қанатты, жұп қырлы «Сөз өнерін» - тіл мен әдебиетті сипаттау, тану, таныту тұрғысынан бағалаған жөн» дегені құптарлық [103].

А.Байтұрсынұлының ізін жалғастырған келесі буын өкілдері Қ.Жұбанұлы пен С.Аманжолұлы дүниелері турасында да осы іспеттес талдаулар орын алды. Ал аймақтық аспект ретінде жерлес тұлғалар М.Ж.Көпейұлы мен Б.Уақатов алынды. Аталмыш ғалымдардың туындыларына талдау жасалып, қазақ филологиясы әлеміндегі маңыздылығы сараланды. Сол арқылы, лингва-фольклорлық қатысым аспектісінің басты сипаттары қарастырылды. Атап айтқанда, тақырыпқа нысан болған ғалымдардың тіл мен әдебиетке қатысты тұжырымдардың түрлену мүмкіндігін байыптау; қазақ филология әлеміндегі соңғы көзқарастармен сабақтастығын пайымдау; фольклорлық-лингвистикалық таным аспектісін ғылыми тұрғыда зерделеу, аталмыш ғалымдар мұрасында көрініс тапқан фольклорлық-лингвистикалық танымның өзіндік ерекшеліктерін талдау барынша сараланды.