Павлодар, 2014

Дәріс сабақтарының сипаттамасы


Орыс тілі тарихы. Орыс тілі тарихының пәні мен нысаны. Орыс тілі тарихының кезеңдері

Жоспар:

1) Орыс тілі тарихы. Орыс тілі тарихының пәні мен нысаны.

2) Орыс тіл білімінің қалыптасуы. Орыс тілі тарихының кезеңдері.

3) Орыс тіл білімінің басқа да ғылыми салалармен байланысы.

Орыс тілі тарихы. Орыс тілі тарихының пәні мен нысаны

Тіл білімі немесе лингвистика (латынша lingua – тіл; франц. linguistigue – тіл туралы ғылым) – тіл, оның қоғамдағы қызметі мен рөлі, ішкі құрылымы және оның даму заңдары туралы ғылым.

XIX ғасырға дейінгі тіл білімінде тілдің және ондағы сан алуан құбылыстардың шығуы, дамуы және олардың себептері айқындалмай, тек сипаттама берумен шектелініп келді. Бір сөзбен айтқанда, XIX ғасырға дейінгі тіл білімі тілдегі құбылыстарды ғылыми талдау тұрғысынан түсіндіру дәрежесінде көтеріле алмай, оларға (тілдік құбылыстарға) сипаттама берумен ғана шектелді.

Ал XIX ғасырда ғылым атаулыда, әсіресе, қоғамдық ғылымдар саласында, соның ішінде тіл білімінде әр түрлі құбылыстардың өзгеруі, тарихи дамуы тұрғысынан қарастыратын көзқарас пайда болып, ғылыми зерттеулерде историзм қағидасы қолданыла бастады. Тілді өзгеріп, дамып отыратын құбылыс ретінде қарайтын көзқарас қалыптасады. Тілді және ондағы құбылыстарды өзгерілуі, дамуы тұрғысынан қараудың, туыстас тілдерді салыстыра зерттеудің барысында тіл білімінде XIX ғасырдың бірінші ширегінде сипаттама талдаудан ғылыми талдауға көшуге мүмкіндік жасалады. Тілдердің өзгеру және даму заңдары ашылып айқындалады. Осының нәтижесінде тіл білімі ғылым ретінде қалыптасады.

Тіл білімі – көпаспектілік ғылым (лат. аspektus – ғылыми, көзқарас, пікір). Себебі, тіл – сан алуан және күрделі құбылыс. Сондықтан тіл білімінде әр түрлі ғылыми бағыттар жеке лингвистиканың бөлімдері ия болмаса аспектілері ретінде қарастырылады.

Ғылым ретінде тіл білімі теориялық (теоретическое) және қолданбалы (прикладное) болып бөлінеді. Теориялық тіл білімі (теоретическое языкознание), қолданбалы тіл білімінен басқа, барлық салаларын қамтиды.

Қолданбалы тіл білімі (прикладная лингвистика) келесі мәселелермен айналысады:

1) жазудың қалыптасуы мен оның жетілдіруі;

2) жазу, оқу дағдыларын және тіл мәдениетін қалыптастыру;

3) автоматтандырылған аударманың жүйесін қалыптастыру.

Жалпы тіл білімі (общее языкознание) тілдің мәні мен қызметін, оның ойлаумен ара қатынасын, байланысын, адам баласы тілінің пайда болуын қарастырады, тілдің даму заңдарын айқындайды, тілді зерттеудің әдіс-тәсілдерін белгілейді, дүние жүзіндегі тілдерге олардың грамматикалық құрылысына қарай, шығу тегінің бірлігі мен туыстастық дәрежесіне қарай жүйелейді, тіл білімінің әр түрлі салаларының (фонетика, лексикология, сөзжасам, морфология, синтаксис) ара қатынасы мен байланысын, ғылымдар жүйесінде алатын орнын айқындайды.

Қорытындылай келсек, жалпы тіл білімінің мақсаты мен міндеттері:

1) тілдің табиғатын, ішкі құрылымын анықтау;

2) тілдің деңгейлерін айқындау (фонетикалық, лексикалық, сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік);

3) лингвистикалық талдаудың әдіснамасын құрастыру, тіл білімінің әдістері мен тәсілдерін жүйелеу және оларды жетілдіру.

Жеке тіл білімі (частное языкознание) – белгілі бір тілдің жүйесі мен даму заңдарын айқындайтын лингвистиканың саласы. Мысалы, орыс тілі туралы ғылым – орыс тіл білімі немесе русистика, қазақ тілі туралы ғылым – қазақ тіл білімі. Жеке тіл білімінде тіл туралы жалпы мәлімет беріледі. Сонымен қатар, белгілі бір тілдің әр деңгейде ерекшелігі көрсетіледі. Мысалы, орыс тілінде сөйлейтін адамға [ы] дыбысының айтылуы қиыншылық туғызбайды: жить [жыт’]. Алайда, славян тілдерінің барлығында бұл дыбыс кездесе бермейді, [ы] дыбысы ағылшын және француз тілінде жоқ. Қазақ халқының өкілі, екі дауыссыз дыбыс қатарынан кездескенде, арасына [ы] дыбысын қояды. Мысалы: т[ы]рамвай – трамвай.

Морфологиялық тілдік деңгейде қарастыратын болсақ, орыс тіл білімінде «зат есім тек категориясымен ерекшеленеді». Мысалы, структура, теория – женского рода, перевод, текст – мужского рода, переводоведение, обучение – среднего рода. Ал қазақ тіл білімінің морфология бөлімінде жоғарыда аталған категория туыстық (қарындас – бірге туған кіші қыздың ағасына туыстық қатынасы жағынан аталуы, іні – бірге туған ер адамдардың жас жағынан кішісі; сіңлі – бірге туған қыздардың кішісі, бауыр – бірге туған қыз баланың жас жағынан ер адамның кішісі) және мал шаруашылығына байланысты (байтал – екі мен төрт жас аралығындағы құлындамаған ұрғашы жылқы, құнан – екі жасқа толып, үшке аяқ басқан еркек жылқы) атауларында кездеседі.

Лингвистиканың басқа салалары 1-кестеде көрсетіледі.

1-кесте – Орыс тіл білімінің аспектілері

Орыс тіл білімінің қалыптасуы. Орыс тілі тарихының кезеңдері

Тіл туралы алғашқы мәліметтер ежелгі грекиялық философияда, оның ішінде, Аристотель (б.ғ.д. 384–322 жж.) еңбектерінде берілген. Афина қаласында Аристотель өз философиялық мектебін (лицей – грек тілінен λύχειον) ашады. Ежелгі грекиялық ғалым тіл білімі мәселелерін философия және поэтикамен ұштастыра қарастырған: «Поэтика», «О душе», «Риторика» т.б. Осыған орай, Аристотельдің бірнеше ғылыми пікірлерін келтіреміз:

«Только человек из всех живых существ одарен речью».

«Прежде всего нужно определить, что такое имя и что глагол, потом – что такое отрицание и утверждение, суждение и предложение».

«... Не всякое предложение есть суждение, а лишь то, в котором заключается истинность или ложность чего-либо; так, например, пожелание есть предложение, но не истинное или ложное».

«Остальные виды предложений здесь выпущены, ибо исследование их более приличествует риторике или поэтике, только суждение относится к настоящему рассмотрению».

«Достоинство стиля заключается в ясности; доказательством этого служит то, что раз речь не ясна, она не достигает своей цели. Стиль не должен быть ни слишком низок, ни слишком высок, но должен соответствовать предмету речи...» [1].

Орыс тіл білімінің қалыптасуына негізгі себеп болған жазба тілді, оқу мен түсіну, әсіресе, өткен ғасырлардың жәдігерлерімен танысу қажеттілігі. Осы қажеттілік ежелгі индиялық және александриялық грамматикалардың қалыптасуына негіз болған.

Ежелгі индиялық (древнеиндийская грамматика) грамматиканың негізін қалаушы – Панини (б.ғ.д. III ғ. және IV ғ. жарты жылдығы). Аталмыш грамматикада 2000-ға жуық түбір, септелу мен жіктелудің ережелері беріледі.

Александриялық грамматиканың (александрийская грамматика) өкілдері – Аристарх, Дионисий және Аполлоний Дискол. Аталмыш грамматикада сөздің морфологиялық категорияларына және сөз таптарына жүйелеу қағидаларына аса назар аударылады. Еңбекте сегіз сөз табы беріледі: есім (имя), етістік (глагол), есімше (причастие), артикль, есімдік (местоимение), үстеу (наречие), шылау (союз), предлог (қазақ тіл білімінде оның қызметін шылау атқарады).

Осы кезде грамматиканың екі түрі пайда болады – жалпы (всеобщая, рациональная) және филологиялық (нормативная).

Нормативті грамматиканың үлгісі – М. В. Ломоносовтың «Ресейлік грамматикасы» («Российская грамматика», 1755). Өз еңбегінде М. В. Ломоносов төмендегідей сөз таптарын береді: есім (зат есім, сын есім, сан есім), есімдік (местоимение), етістік (глагол), есімше (причастие), көсемше (деепричастие), үстеу (наречие), шылау (союз), одағай (междометие), предлог. М. В. Ломоносовтың еңбегінен кейін көптілдік (многоязычный) және түсіндірме (толковый) сөздіктері пайда болады. Олар: П. С. Паласстың «Сравнительные словари всех языков и наречий» (1787–1789 жж.), «Словарь Академии Росийской» (1904 ж.).

XIX ғасырдың бірінші жарты жылдығында салыстырмалы-тарихи тіл білімі (сравнительно-историческое языкознание) және салыстырмалы-тарихи әдіс (сравнительно-исторический метод) қалыптасады. Аталмыш бағыттың өкілдері тілді жаратылыс құбылыстарының қатарына жатқызады да, осыған орай, тілді зерттейтін тіл білімін де жаратылыстану ғылымдарының қатарына қосады. Неміс лингвисі Август Шлейхер (1821–1868) дәл осындай пікірде болып, тілді тірі ағза деп есептеді. Оның пікірінше, тіл де тірі ағза секілді туады, өседі, қартайып тозады, өледі. Август Шлейхер тілді биологиялық құбылыс ретінде санап, оны (тілді) зерттейтін тіл білімін де жаратылыстану ғылымдарының қатарына жатқызады. Алайда, Август Шлейхердің бұл тұжырымымен келіспеуге негіз бар. Бұлай дейтініміз: тіл мен тірі ағзаның арасында түбірлі айырмашылықтар бар. Тірі ағзаның өлуі биологиялық тұрғыдан болмай қойылмайтын шарасыздық. Ал тіл қандай бір тірі ағзадан болсын анағұрлым ұзақ өмір сүреді. Тіл өз дамуының ішкі заңдары бойынша дамып отырады, бірақ оның тірі ағза сияқты өлуі шарт емес. Тірі ағза биологиялық құбылыстардың қатарына жатса, тіл қоғамдық құбылыстардың қатарына жатады. Демек, Август Шлейхердің тілді тірі ағза деп, табиғат құбылыстарының қатарына жатқызуы қаншалықты бұрыс болса, тіл білімін қоғамдық ғылымдардың емес, жаратылыстану ғылымдарының қатарына қосуы соншалықты қате. Тіл – қоғамдық құбылыс, сондықтан оны зерттейтін ғылым – тіл білімі де қоғамдық ғылымдардың қатарынан орын алады.

Орыс тіл білімінің қалыптасуына неміс лингвисі Вильгельм фон Гумбольдтың (1767–1835) еңбектері негіз болады. В. фон Гумбольдт тіл біліміне «тілдің сыртқы құрылымы» (внешняя форма языка) және «тілдің ішкі құрылымы» (внутренняя форма языка) ұғымдарын еңгізеді. Тілдің сыртқы құрылымы – оның дыбыстық жүйесі. Тілдің ішкі құрылымы – халықтың болмысын, менталитетін, ұлттық психологиясын көрсететін тілдің белгілі бір деңгейдегі ерекшелігі. Ғалымның пікірі бойынша, «Духовные особенности и оформление языка (Sprachgestaltung) народа так интимно слиты, что если дано одно, другое можно из него вывести, ибо интеллектуальность и язык допускают и поддерживают лишь взаимно пригодные формы. Язык есть внешнее явление духа народов, – язык есть их дух и их дух есть язык» [2, с. 11–12].

XIX ғасырдың ортасында тіл білімінің логикалық және психологиялық бағыттары қалыптасады. Орыс тіл білімінде бірінші аталған бағыттың өкілі – Федор Иванович Буслаев (1818–1897), «Историческая грамматика русского языка» еңбегінің авторы.

Психологиялық бағыттын өкілі – Александр Афанасьевич Потебня (1835–1891), «Мысль и язык», «Из записок по русской грамматике» еңбектерінің авторы. Ғалым орыс тіл біліміне алғаш рет «сөздің жақын мағынасы» және «сөздің алыс мағынасы» ұғымдарын енгізеді. А. А. Потебняның пікірі бойынша, сөздің жақын мағынасы сөздікте берілген мағына болып табылады да, ал сөздің алыс мағынасы оның шығу төркіні, мифологиялық, ғұрыптық мәні жайлы мәлімет. А. А. Потебня сөйлеу қызметінің жалпыадами, ұлттық және даралық мәнін ашып, славян тілдеріндегі салыстырмалы-тарихи синтаксистің негізін қалайды.

Орыс тіл білімінің басқа да ғылыми салалармен байланысы

Орыс тіл білімінің әр түрлі ғылымдармен байланысын жете түсіну үшін, оның қоғамдық ғылымдар және жаратылыстану ғылымдарының әр түрлі салаларымен байланысының әр қайсысына арнайы тоқталу қажет.

1) Орыс тіл білімі мен әдебиеттану ғылымы филология ғылымдарының құрамына енеді. Лингвистер тілді зерттеуде әдеби шығарманың тіліне назар аудармай тұра алмайды, өйткені әдеби шығарма лингвистер үшін құнды материал болып саналады.

2) Орыс тіл білімінің философиямен тығыз байланысы бар. Тіл білімі философиямен, біріншіден, әдіснамалық қағидалар жағынан байланысса, екіншіден, зерттелінетін ортақ мәселелер жағынан жақындасып байланысады. Адамның ойлауы тіл формасы түрінде іске асатын болғандықтан, философия адамның ойлау үрдісі, анығырақ айтқанда, өзін қоршаған дүниені адамның тану үрдісі тілде қалай көрінеді деген мәселені ескерусіз қалдырмайды.

3) Орыс тіл білімі, әсіресе, логикамен тығыз байланысты. Тіл білімі мен логиканың байланысы ғылымның бұл екі саласында зерттелінетін құбылыстардың өз ара байласынан келіп туады. Логика – ойлаудың заңдары мен ой формалары туралы ғылым. Ал ойлау, әдетте, тіл арқылы көрінеді, тіл арқылы жарыққа шығады. Анығырақ айтқанда, адамның ойы тілдегі сөздер мен сөйлемдер арқылы айтылып, түсінікті бола алады. Логикада ойлаудың заңдары, ойдың формасы мен құрылысы зерттелінсе, тіл білімінде тілдің зандары мен құрылысы, тілдегі әр түрлі формалар мен құрылымдық элементтер зерттелінеді. Тіл білімінде ойлау категориялары мен ойлаудың заңдарына назар аударылғанда, олардың тілге, тілдік категорияларға қатысы жағынан ғана назар аударылады. Тілдік бірліктер, мысалы, сөз бен сөйлем ойлау категориялары – ұғым және байымдаумен байланысты болады. Осыдан, сөзді ұғыммен, сөйлемді байымдаумен байланысында зерттеу міндеті келіп туады. Мысалы, орыс тілінің грамматикасында бастауышқа мынадай анықтамалар берілген:

1. «Подлежащее обозначает тот предмет, о котором что-либо говорится в предложении» [3, с. 3].

2. «Подлежащим называется слово (или сочетание слов), обозначающее предмет, о котором что-либо говорится в предложении» [4, с. 10].

Қазақ тілі грамматикасында бастауышқа анықтамалар мына түрде берілген:

1. «Сөйлемдегі ойдың иесі болып тұрған тұрлаулы мүшені бастауыш дейміз» [5, c. 10].

2. «Сөйлемнің кім, не туралы екенін білдіретін, айтылған ойға негіз болатын тұрлаулы мүшені бастауыш дейміз» [5, c. 18].

Бастауыш туралы түрлі тілдердегі бұл анықтамалар таза лингвистикалық тұрғыдан емес, логикалық тұрғыдан берілген.

4) орыс тіл білімі психологиямен де байланысты. Психология психикалық құбылыстарды, атап айтқанда, түйсік пен қабылдау, елес пен ой, сезім мен тілек, бейімділік пен қабілет, ерік сапалары мен мінез белгілерін зерттейді. Ал аталған психикалық құбылыстардың, мысалы, түйсік пен қабылдаудың, елес пен ойдың сөйлеу және оны қабылдап түсіну үрдісіне тікелей қатысы бар. Сөйлесу арқылы қарым-қатынас жасау, пікір алысу, біреудің сөзін қабылдау, оны ұғыну үрдісін түсіндіру психологияның жәрдемін керек етеді. Бұлай болатындығы мынадан: тілдік жүйе адам санасында сақталынады, адам бұл жүйенің элементтерін өз ара байланысты элементтер ретінде ұғынады. Заттың біздің санамызда сақталған атауымен байланысы – психикалық байланыс. Заттардың өзіне тән белгілері бойынша аталуы және ол белгілердің таңдалынып алынуы – психологиялық факт.

5) Адам баласының тілі – дыбыстық тіл. Тілдегі сөздер өздерінің дыбыстық жамылғышы – дыбыс тіркестері арқылы өмір сүреді. Тілдегі дыбыстар жүйесін тіл білімінің фонетика саласы зерттейді. Ал жалпы дыбыс атаулыны, дыбыс құбылыстарын физиканың акустика деп аталатын саласы қарастырады. Акустика дыбысқа тән белгілерді, атап айтқанда, дыбыс ырғағы мен дыбыс күші, дыбыстың созылыңқылығы мен дыбыс әуені деп аталатын белгілерді айқындап ажыратады. Мұнымен бірге, акустика дыбыстарға қатысты тон мен салдыр және резонанс деп аталатын құбылыстарды да айқындайды. Бұларға байланысты акустикалық сипаттамалар мен мағлұматтардың тіл білімінің фонетика саласы үшін мәні айрықша.

6) Орыс тіл білімінің тарих ғылымдарымен, соның ішінде этнография және археологиямен байланысы бар. Тіл тарихы – сол тілді жасаушы және сол тілді қолданушы халықтың тарихының бір саласы. Сондықтан белгілі бір тілдің тарихын сол тілді жасаушы, қолданушы және оның иесі – халықтың тарихына байланысы – екі жақты байланыс. Тілдің тарихын сол тілді жасаушы, қолданушы және оның иесі – халықтың тарихымен тығыз байланысында зерттеу қаншалықты қажет болса, халық тарихын сол халықпен бірге жасасып келе жатқан оның тілінің тарихымен байланысында зерттеу соншалықты қажет. Мысалы, орыс тілін зерттеушілердің пікірінше, «мал» деген мағынадағы скот сөзі ерте кезде айырбастауда, сауда жасауда құнның өлшемі ретінде пайдаланылған да, орыс тіліндегі деньги (ақша) деген сөздің орнына жүрген. Орыс тіліндегі бұл сөзге туыстас украинша скотница, немісше Schatz деген сөздердің «қазына, байлық» деген мағынаны білдіруі жоғарыдағы тұжырымды дәлелдей түседі. «Орыс тілінің этимологиялық сөздігін» құрастырушы А. Г. Преображенский бұл сөздің шығу тегіне және оның білдіретін мағыналарына тарихи тұрғыдан талдау жасай келіп, орысша скот гот тілінің «теңге (монета), ақша» деген мағынадағы skatts деген сөзіне, ежелгі саксон тілінің «ақша, дүниелік» деген мағыналарда қолданылған skat, көпше түрі skattos деген сөздеріне сай келеді дейді [30, с. 310].

7) орыс тіл білімі белгілі дәрежеде математикамен де, кибернетикамен де байланысты. Тіл білімі математика ғылымымен, біріншіден, машиналық аударма мәселелері бойынша байланысса, екіншіден, тілді зерттеуде математикалық статистика әдіс-тәсілдерінің қолданылуы жағынан байланысады. Математикалық статистика әдісі, мысалы, сөздіктердің жасауда оларға енетін сөздер тізбегінің (словник) аумағын белгілеуге және байланыс техникасында дыбыстардың қолданылу жиілігін айқындауға көмектеседі. Тілді математикалық әдістер бойынша зерттеудің барысында математикалық лингвистика деп аталатын білім саласы жасалып қалыптаса бастады.

XX ғасырда электрон теориясының дамуы, оны кең түрде пайдалану және техниканың автоматика, телемеханика тәрізді жаңа салаларының жасалуы – осының бәрі ғылым мен техниканың күшті қарқынмен дамуына және түрлі ғылым мен техниканың белгілі бір мәселелерді шешу үстінде бір-бірімен жақындасуына әкелді. Бір-бірінен алшақ ғылымдардың, мысалы, математика, физика, физиология, психология, лингвистиканың өз ара түйісуінен келіп, жаңа ғылыми пән – кибернетика пайда болады. Ғылым мен техниканың бұл жаңа саласына қатысты мәселелер ғылымының әр саласының мамандары – математиктер мен физиктер, логиктер мен психологтар, физиологтар мен лингвистердің қатысуымен шешіледі. Сонымен, кибернетика – осы аталған ғылым салаларының деректері мен жетістіктеріне негізделетін, солардың синтезінен құралатын синтетикалық ғылым.

Қорыта келгенде, жоғарыда берілген мәліметтер орыс тіл білімінің көптеген ғылымдармен байланысты екендігін, ол байланысты жете білудің теориялық немесе тәжірибелік жақтан болсын, айрықша маңыздылығын, әсіресе, ғылымға деген құштарлықты арттырудағы мәнділігін көрсетеді.


Бақылау сұрақтары


1. «Лингвистика» терминінің түсінігі.

2. Орыс тілі тарихының пәні мен мақсаты.

3. Жалпы және жеке тіл білімінің ерекшеліктері.

4. Аристотельдің басты тұжырымдамасы.

5. Ежелгі индиялық және александриялық грамматикаларының орыс тіл біліміндегі алатын орны.

6. М. В. Ломоносовтың орыс тіл білімінің қалыптасуына қосқан үлесі.

7. «Тілдің сыртқы құрылымы», «тілдің ішкі құрылымы» ұғымдарының анықтамасы.

8. Орыс тіл біліміндегі логикалық және психологиялық бағыттарының ерекшеліктері.

9. «Сөздің жақын мағынасы», «сөздің алыс мағынасы» ұғымдарының авторы, олардың анықтамасы.

10. Орыс тіл білімінің басқа ғылыми салалармен байланысы.