Жоспар:
1) Сөздік құрам және оның дамуы.
2) Орыс тілі лексикасының жалпы сипаты.
3) Орыс тілі лексикасының шығу төркініне қарай.
4) Орыс тілі лексикасының қолданыс жиілілігіне қарай.
5) Орыс тілі лексикасының қолданыс аясына қарай.
6) Орыс тілі лексикасының стильдік қолданыса қарай.
Сөздік құрам және оның дамуы
Лексика көне гректің lexikos («сөздік») деген сөзінен шыққан. Ол – дүние жүзі халықтарына ортақ термин. Бұл термин бір тілдегі барлық сөздердің жиынтығы деген ұғымды білдіреді. Оны сөздік құрам деп атайды. Кейде бұл термин жазушының немесе жеке шығарманың тілі дегенді де білдіреді, мәселен, Сәбит Мұқановтың лексикасы, А. С. Пушкиннің лексикасы. Сондай-ақ, сөзге шебер, тілі орамды адамдарды да лексикасы бай адам екен деп айтады.
Лексиканы, яғни сөз байлығын тексеретін ғылымды – лексикология, сөз мағынасын зерттейтін ғылымды – семасиология, ал сөздердің шығу төркінін тексеретін ғылымды этимология дейді. Ал лексикология ғылымы өз ішінде семасиология, этимология, фразеология және лексикография деген салаларға бөлінеді. Қазақ және орыс тілдерінің сөз байлығындағы негізгі сөздік қор: адам – человек, ай – луна, күн – день, жер – земля деген сияқты сөздер жиынтығы.
Сөздік қор негізінде бір, бірдей, бір күні; один, одинаково, однажды тәрізді сөздер және кірме сөздер: ферма, роман, поэма, көнерген сөздер: патша, қазы, сұлтан; кольчуга, большевик, воитель – воин, терминдер: бастауыш, баяндауыш, аударматану; подлежащее, сказуемое, переводоведение, диалектизмдер: сеппе (Рес., Тюм.) – балқаймақ [31, 142 б.], сарымсақ (Көкш., Павл.: Ерт., Леб.; Қост.) – пияз [31, 578 б.], шошала (Қ. Орда: Арал, Қарм.) – етхана [31, 734 б.]; кочет (Тул. губ.) – петух, борушка (Оренб. губ) – мельница, векша (Тул. губ.) – белка [32, с. 27] жасалған. Сөйтіп, барлық сөздердің ұйтқысы болатын түбір сөздер сөздік қорға жатады. Сөздік қорға жататын сөздер – сөздік құрамның ішіндегі ең тұрақты элементтері. Сөздік қорға жататын сөздер мынадай шарттарға жауап беретіндей болуға тиіс:
1) негізгі сөздік қор талай ғасырды басынан кешірген тұрақты сөздер болуы керек;
2) негізгі сөздік қор сол тілдің ішінде жаңа сөз жасауға негіз болуы шарт;
3) негізгі сөздік қор жалпы халыққа ортақ, түсінікті болуға тиіс.
Қазақ және орыс тілдерінің негізгі сөздік қоры сонау ерте дәуірден бері қарай келе жатқан тұрақты сөздер тобы екендігін дәлелдейтін фактілері мыналар: 1) V ғасырға жататын Талас өзенінің бойынан табылған ескерткіштер; 2) VII-VIII ғасырларға жататын Орхон-Енисей жазулары; 3) «Құдатқу біліг», «Диуани лұғат-ат түрік» және «Кодекс Куманикус» шығармалары; 4) VI-VII ғасырларға дейін ежелгі орыс тілінің қатынас құралы ретінде қолданылуы; 5) феодалдық ежелгі орыс мемлекетінің қалыптасуы (XI ғ.); 6) орыс ұлттық тілінің қалыптасуы (XVII-XVIII ғғ.); 7) Петр I дәуірімен танымал XVIII ғасыр (Петровская эпоха).
Тілдегі сөздердің барлық жиынтығы тілдің сөздік құрамына немесе лексикасына жатады. Сөздік құрамның аясы, көлемі сөздік қордан әлдеқайда мол. Өйткені, оған жоғарыда аталған кірме сөздер де, терминдер де, сондай-ақ диалектизмдер де енеді. Сөздік құрамға бір сөздер еніп жатса, екінші біреуілері одан шығып қалып жатады. Енді орыс тілінің лексикасына тоқталайық.
Орыс тілі лексикасының жалпы сипаты
1. Шығу төркініне қарай орыс тілінің лексикасы ежелгі орыс сөздері мен кірме сөздерінен тұрады. Ежелгі орыс лексикасына үндіеуропалық (индоевропейские слова – мать, дочь; овца, волк и т.д.), жалпы славян (общеславянские слова – горох, просо; сыр, сало), шығыс славян немесе көне орыс (восточнославянские или древнерусские слова – жаровня, самовар; сорок, девяносто), шынайы орыс (собственно русские слова – голубцы, кулебяка; вьюга, гололед) сөздері жатады.
Орыс тілінің лексикасын 2-кестеде көрсетеміз.
2-кесте – Орыс тілінің лексикасы
Ежелгі лексика орыс тілінің негізін құрайды және де сөзжасамның бай көзі болып саналады.
Орыс тілінің ежелгі лексикасы сан алуан қызмет атқарады. Негізгісі – коммуникативтік. Көркем әдебиетте оқырманға әсер ету қызметін орындайды. Сонымен қатар, кейіпкерді сипаттау, оған мінездеме беру және сөйлеу манерасын көрсету құралы ретінде танылады.
Кірме лексикасы
Тілдің сөздік құрамы басқа тілдерден енген кірме сөздермен де толығып, байып отырады.
Кірме сөздер, яғни шығу төркіні жағынан басқа тілдік сөздер, әрбір тілдің лексикасында да бар. Сөздік құрамына басқа тілден сөз енбеген тіл жоқ деуге болады. Дүние жүзіндегі түрлі-түрлі тілдерде сөйлейтін халықтар өз ара бір-бірімен қарым-қатынаста болады да, бір-біріне сөз ауысады. Әрбір тілдегі басқа тілдік сөздер санының аз я көптігі тарихи жағдайлармен байланысты. Фарсы тілінің лексикасында араб тілінен енген көптеген сөздер бар. Ал ағылшын тілінің лексикасынан роман тілдерінен еңген сөздерді өте жиі кездестіруге болады.
Орыс тілінің кірме лексикасын славян тілдерінен және басқа тілдерден енген сөздер құрайды. Славян тілдерінен енген сөздердің ішінде көнерген славянизмдер (старославянизмы – власть, благодать, злато, врата, уста, агнец и т.д.), полонизмдер (полонизмы – байка, рекрут, гусар, карета и т.д.) бар. Көнерген славянизмдер семантика-стилистикалық жағынан ерекшеленеді. Мысалы, брег (книжн.) – берег, врата (поэт.) – ворота.
3-кестеде орыс тілінің кірме лексикасы көрсетіледі.
3-кесте – Орыс тілінің кірме лексикасы
Орыс тілінің даму барысында оның лексикасына әр түрлі себептермен, әр түрлі жолдармен славян емес тілдерден сөздер енеді.
1) Орыс тілінің кірме лексикасын жалпыславян тұтастық дәуірінде грек тілінен енген сөздер құрайды. Бұларға дін саласынан (икона, монастырь, ангел), ғылыми терминдер (грамматика, математика, философия), өнер саласынан (комедия, мантия, идея) енген сөздер жатады.
Грек сөздерінің көбісі ғылыми лексиканың халықаралық тілдік қорын құрайды, мысалы, лингвистикалық терминдер: лексикология, орфография, диахрония, синхрония, семасиология, фразеология т.б.
2) Латын тілінен енген сөздер орыс тілінің баюына үлкен септігін тигізді, әсіресе, ғылыми-техникалық, қоғамдық және саяси терминология саласында. Көптеген латын сөздері халықаралық терминологияда жиі қолданылады (коммуникация, трансформация, валентность т.б.).
3) Петр I реформасы мен нығая түскен экономикалық, ғылыми және мәдени байланыстар арқасында орыс тіліне неміс тілінен көптеген сөздер енеді, мысалы, ефрейтор, командир, юнкер; галстук, графин, перламутр т.б.
4) Орыс тілінің лексикасына ағылшын тілінен теңіз ісі саласына байланысты (баржа, мичман, яхта т.б.) және спорттық терминдер (баскетбол, футбол, хоккей т.б.) енеді.
5) Француз сөздері орыс тіліне тек қана XVIII-XIX ғғ. ене бастайды. Олар көбінесе киім және тамақ атаулары (пальто, сюртук, блуза, жилет; винегрет, коньяк, желатин, мармелад).
6) Итальян мен испан кірме сөздері өнер саласымен байланысты: виолончель, либретто, пианино, тенор (ит.); гитара, кастаньеты, мантилья, серенада (исп.).
7) Түркі тілдерінен орыс тіліне сөздер Ұлы Жібек жолы арқылы енген. Мысалы, буран, ж., обл. (вост.) пурга, степная вьюга, метелица при северном сильном ветре (В. Даль, 1, 142; СРНГ, 3, 281). Сл. акад., 1789; бурш* <тюрк. боран, буран, вьюга, буря, метель (Сл. акад., 1950, 1, 695; Д. Ушаков, 1, 206). Н.К. Дмитриев: «Буран от того же корня, что и (бурав). Ср. аз., каз. боран, туркм. боран, кирг. бороон, як. бурхан. Русское слово, скорее всего, заимств. из тат., башк. буран, которое рано проникло в речь обитателей степного Приуралья» (Н. К. Дмитриев, 1958, 22). См. также М. Фасмер, 1, 243-244. Н. М. Шанский замечает, что сближение буран с буря является народно-этимологическим (1 Б, 229). В. В. Радлов буран 1. (тур., казан.) сильная буря, вихрь, ветер с дождем и снегом; 2. (тур.) вертящий, сверлящий, колющий; буратан (тур., чаг.)=буран; б*/рана-(казан.) буранить (4, 1818); боран (тур., каз.) 1. буря; 2. метель, буран (4, 1662); поран (бараб., саг., койб.) буран, снежная вьюга, метель (4, 1269). «Буран... < тюрк. бур-, бор- вертеть, крутить. Кирг. бура дуть ветру с вьюгой. В. Будагов, 2, 274» [33, с. 95].
Кошма, ж., кошмы, мн. войлок из овечьей шерсти; большой кусок такого войлока || спец., обл. многорядный плот из мелкого леса (на Волш.); кошмовый, кошомный, прил.; кошдмка, уменъш. от кошма. Сл. акад., 1792 кошма; В. Даль, 2, 183; Д. Ушаков, 1, 1493 кошма < каз. qosma (Сл. акад., 1956, 5, 1561). М. Фасмер: «По-видимому, заимствование. Чаг. kosmak ‘связывать’ (Маценауэр...) слишком далеко по значению» (2, 361). Н. К. Дмитриев также замечает: «Хотя фонетика этого слова тюркская, но семантика его совершенно другая – ‘соединённый, составной’» (Н. К. Дмитриев, 1958, 44) [33, с. 200].
Орыс тілінен қазақ тіліне сөз енуі сонау XVIII ғасырдан басталады, тарихи оқиға – Қазан төңкерісімен байланысты. Қазан төңкерісінен бұрын орыс лексикасынан ауысқан сөздер айтылуы мен жазылуы жағынан қазақ тілінің айтылу нормасына бағынып, орфографиялық және фонетикалық өзгеріске ұшыраған. Мысалы: болыс – волость, жәшік – ящик, сот – суд, божы – вожжи. Ал, Қазан төңкерісінен кейін енген сөздер мұндай өзгеріске ұшыраған жоқ, мысалы, совхоз, колхоз, трактор, автомобиль, комбайн т.б.
Сөздердің жаңа заттар немесе жаңа ұғымдармен бірге ену құбылысы тіл-тілде сөз алмасудағы басты және дағдылы құбылыс болып саналады.
Алайда, сөздердің ену жайы әрқашан осылай бола бермейді. Кірме сөздердің (заимствованные слова) өзімен бірге жаңа ұғымдарды ала келуі әр уақытта шарт емес; кейде олар қабылдаушы тілде бір тектес ұғымды білдіретін сөздермен бірге өмір сүреді. Мұндай жағдайда кірме сөз бен төл сөз өз ара синонимдік қатынасқа түседі. Мысалы, орыс тіліндегі аргумент – доказательство, довод; мораль – нравственность; компромисс – соглашение; натуральный –естественный, позитивный – положительный деген синонимдік қатарлардың әрқайсысының алдыңғы сыңарлары – шет тілдік сөздер.
Қазақ тіліне орыс тілінен енген одеколон, араб тілінен енген табиғат деген сөздердің білдіретін ұғымы қазақтын иіссу, жаратылыс деген төл сөздердің ұғымынан басқаша емес. Бұл синонимдік қатарлардың да алдынғы сыңарлары – басқа тілдік сөздер.
Шығу төркіні жағынан алып қарағанда, сөздердің тілден тілге ауысуының тікелей ауысу (прямое заимствование) және жанама түрде ауысу (опосредованное заимствование) деп аталатын екі түрі болады. Бірінші тәсіл бойынша белгілі бір сөздер бір тілден екінші тілге тікелей (вокзал – ағылшын тілінен) енеді де, екінші тәсіл бойынша кейбір сөздер бір тілден екінші тілге тікелей емес, басқа бір тіл арқылы енеді (асфальт – грек тілінен француз, латын тілдері арқылы).
Бір тілден екінші тілге сөздердің ену үрдісінде керіену (возвратное заимствование) құбылысы да болады. Мысалы, поляк тіліндегі buda («будка», «шалаш» деген мағынада). чех тіліндегі bouda, budka – шығу тегі жағынан неміс тілінің Bude (лавка) деген сөзі. Бұл сөз кейіннен поляк тілінен Baude түрінде («тауға салынған жұпыны үй» деген мағынада) неміс тіліне қайта енген.
Тілдің лексикасында ауызша (устные заимствования) және жазбаша енген кірме сөздер (письменные или книжные заимствования) бар.
Ауызша түрде енген сөздердің көпшілігі тұрмыс қажетіне байланысты зат атаулары болып келеді. Мұнымен бірге олардың ішінде мәдениетке байланысты ұғымдардың да атаулары болады. Ауызша енген кірме сөздерге өте-мөте тән ерекшелік сол – олар қабылдаушы тілдің дыбыстық (фонетикалық) заңдарына, орфоэпиялық ерекшеліктеріне бағынып, соған сәйкестендіріледі (нөмір – номер, болыс – волость т.б.).
Жазбаша немесе кітаби кірме сөздер (письменные или книжные заимствования) көбінесе ғылыми-техникалық әдебиет пен өнер т.б. арқылы енген және солардың белгілі бір саласына бейімделіп қолданылатын сөздер болып табылады.
Жазбаша түрде енген сөздерге тән қасиеттің бірі сол – олардың басым көпшілігі өзінің дыбысталу түрін сақтайды (Совет, спутник т.б.).
Басқа тілдерден енген сөздер уақыт озған сайын әбден кірігіп, фонетикалық, грамматикалық және семантикалық жақтан игеріліп, сіңісіп кетеді. Жоғарыда, ауызша түрде енген сөздердің ерекшеліктеріне тоқталғанда, олардың қабылдаушы тілдің фонетикалық заңдылықтарына бағынып, икемделетінін айттық. Басқа тілден енген сөздердің фонетикалық жақтан игерілуі деп олардың қабылдаушы тілдің дыбыс (фонетикалық) заңдарына сәйкестендіріліп икемделуін айтамыз (дуга – доға, сумма – сома).
Басқа тілдік сөздер қабылдаушы тілде грамматикалық жақтан да игеріліп, қалыптасып кетеді. Олар төл сөздердей тұлғаланып, қабылдаушы тілдің грамматикалық заңдары бойынша басқа сөздермен тіркесіп қолданылады. Басқа тілдік сөздердің грамматикалық жақтан игерілуі деп, ол сөздерге қабылдаушы тілдің қосымшалары жалғанып, олардың төл сөздермен емін-еркін тіркесіп жұмсалу қабілетін айтамыз. Мысалы, ағылшын тілінің рельс деген сөзі ағылшынша көпше түрдің формасы (ағылшын тілінде жекеше түрі – rail, көпше түрі – rails), орыс және қазақ тілдерінде жекеше түрінде ұғынылып, көпше түрде көптік жалғауы жалғанады (орыс тілінде – рельсы, қазақ тілінде – рельстер).
Басқа тілдік сөздердің семантикалық жақтан игерілу құбылысы байқалады: басқа тілден енгенде сөздін мағынасы өзгереді. Мысалы, сессия (латын тілінде – сидение, орыс тілінде – время экзамена), декан (латын тілінде – десятник, ал орыс тілінде – руководитель факультета).
Кейбір шет тілдік сөздер тілден тілге кальки жолымен енеді. Сол сөздер үлгісі бойынша жасалып, олардың құрылысының көшірмесі болып табылатын сөздер кальки деп аталады. Орыс тілінде лексикалық (грек тілінен ōrthos + graphō – правописание, латын тілінен ad + verbium – наречие), фразеологиялық (көздің қарашығындай сақтау – беречь как зеницу ока) және семантикалық (грек тілінен idios ‘особый’, ‘своеобразный’, ‘отличный’ – свойство ‘отличительный признак’) калькилар ажыратады.
2. Тіл – қоғамдық құбылыс. Қоғамдағы әр түрлі өзгерістер тілдің сөздік құрамына әсерін тигізіп, ізін қалдырады. Өндіріс үрдісінде жаңа сөздер пайда болып жатса, кейде қайсыбір сөздер қолданыстан шығып қалып жатады.
Орыс тілінің лексикасы қолданыс жиілілігіне қарай көнерген сөздер (устаревшие слова) мен неологизмдерге (неологизмы) бөлінеді. Тілдегі қолданыстан шығып, көнерген сөздер екі топқа бөлінеді: 1) архаизмдер; 2) историзмдер.
Көне әдет-ғұрыптарға қатысты ескі әдебиеттерде ғана кездесетін, күнделікті тұрмыста өте сирек қолданылатын көнерген сөздерді архаизмдер дейді. Мысалы, байрақ (ту), отарба (пойыз), аэроплан (ұшақ), воитель – воин, тать – вор, сей – этот.
Егер архаизмдер өздері атайтын заттарымен бірге жоғалып, қолданыстан шығып қалса, онда оны историзмдер дейді. Мысалы: қорамсақ, сәукеле, атқамінер, шабарман; кольчуга, кафтан, пищаль.
Көнерген сөздердің кейбіреуі тілден мүлде шығып, қолданудан қалып жатса, кейбіреуі тілімізге қайтадан оралып жатуы да мүмкін.
Көркем шығармада көнерген сөздер өткен өмір шындығын реалистік тұрғыдан суреттеу және одан белгілі бір мағлұмат беру мақсатында қолданылады. Осы орайда, жазушылар оларға сөз арасында түсінік (комментарий) беріп отырады.
Жаңа сөздер (Неологизмдер)
Архаизмдерге қарама-қарсы құбылысты атаған сөздерді неологизмдер дейміз. Олар – тілдің сөздік құрамына енген жаңа сөздер, мысалы: елтанба, мәзір, әнұран; букмекер, брокер, инжиниринг т.б. Тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғалы бері жаңа қолданысқа ие болған сөздер күн сайын көбейе түсуде, мысалы: сынып, ұлан, заңгер, дереккөз.
Алайда, уақыт озған сайын олар да әбден сіңісіп кетеді, бұрыннан бар сөздер сияқты жиі қолданылады, үйреншікті сөздерге айналады да, неологизм болудан қалады. Демек, неологизмдер тілдегі өткінші құбылысы болып саналады.
3. Қолданыс аясына қарай орыс тілінің сөдік құрамы арнаулы (терминдер), диалект (диалектизмы), кәсіби (профессиональная лексика) және жаргон (жаргонизмы, сленг) сөздерінен тұрады. Енді әрқайсысына тоқталайық.
Арнаулы сөздер (Терминдер)
Тіл-тілдің лексикасында ғылым мен техниканың алуан түрлі салаларында қолданылатын арнаулы сөздер бар. Олар терминдер деп аталады. Басқа сөздермен салыстырғанда, терминдерге тән басты қасиет неде? Күнделікті өмірде барлық салада жалпылама қолданыла берілетін сөздер ыңғайына қарай түрлі-түрлі мағынада жұмсалып, көп мағыналы болып келсе, терминдердің басым көпшілігі дара мағынасында жұмсалады. Демек, дара мағыналы болу – терминдерге тән, басты қасиет. Мысалы, артикль, артикуляция, аффрикат, аффикс [34, с. 26-27; 31-32] деген терминдер қандай бір контексте қолданылсын, олардың әрқайсысы әрдайым өзіне тән негізгі бір ғана мағынасында қолданылады және сол бір ғана мағынасында ұғынылады. Терминдерде эмоционалды бояу, экспрессивті қызмет дегендер де болмайды.
Терминдер мынадай жолдармен жасалады:
1) Әдеби тілде бұрыннан бар кейбір төл сөздер терминдік мағына алып, белгілі бір саланың терминологиясына телінеді де, сонда әбден орнығып қалыптасады. Мысалы, қазақ тіліндегі айналым (оборот), қосымша (прибавочная стоимость), жаратылыстану (естествознание), өндіргіш күштер (проивзодительные силы), нұсқау (инструкция), үстеу (наречие), екпін (ударение) т.б. сөздер білімнің әр саласында қолданылатын термин сөздерге айналып, қалыптасып кетті.
2) Ғылым мен техниканың алуан түрлі салаларына қатысты терминдердің ішінде дүние жүзіндегі тілдердің бәріне бірдей ортақ көптеген терминдер бар. Барлық тілдерге ортақ көптеген терминдер сөздердің халықаралық қоры (международный фонд слов) болып саналады да, интернационалдық терминдер деп аталады.
Терминдердің туынды түрлерін қабылдау қажет болғанда, олардың түбір тұлғасы аударылмай, сол қалпында қабылданады да, ал кейбіреулерінің орыс тіліндегі қосымшаларының орнына қазақ тілінде сайма-сай келетін қосымшалар жалғанады. Мысалы, электрификация – электрлендіру, экономический – экономикалық.
Сонымен, терминдер – белгілі бір салада қолданылатын, айрықша қызметі бар сөздер. Оларға тән басты қасиет – дара мағыналылық.
Бір тілдің шеңберінде қолданылатын терминдерді түгелдей жинақтан, жүйелейтін ғылымды терминология деп атайды. Қазіргі таңда қазақ және орыс терминологиясы жан-жақты қарастырылып, жинап-терілуде. Оған дәлел – Терминологиялық Комитет басқаруымен құрастырылған 31-томдық терминологиялық сөздігі және С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ұжымымен әрбір сала бойынша әзірленген орысша-қазақша түсіндірме сөздіктері жарыққа шықты.
Диалект сөздер (Диалектные слова)
Диалект сөздер деп тілде жалпы халықтық сипат алмаған, белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердің жиынтығын айтамыз. Мысалы: сіріңке (Алм., Жамб.), кеуірт (Жамб., Тал.), күкірт (Қ. Орда., Сыр., Қарм.), шырпы (Қ. Орда, Ақт., Қост.), ши (Рес., Омбы), оттық (Қост., Жамб.) [31, 725 б.]; кесе – самал (Ақт.; Рес; Астр.), тас аяқ, шыныаяқ, ақпар, кәрлен (Сем., Жезк.), жанан (Жамб.: Мер., Шу, Қорд.) [31, 329 б.].
Жергілікті диалектілердің шағын аймақты ғана қамтитын бөлігі говор деп аталады. Мәселен, Қазақстан жағдайында диалект екі-үш облыс көлеміндей жерді қамтиды. Мысалы, қазақ тілінде «шығыс говоры» (восточный говор), «батыс говоры» (западный говор), «оңтүстік говоры» (южный говор), «Қызылорда говоры» (кызылординский говор) деген ұғымдар бар.
Кәсіби сөздер (Профессиональная лексика)
Қазақстан мен Ресей халықтарының кәсібі мен шаруашылығының түрі өте көп. Аталған елдердің бір жерінде балық, бір жерінде күріш, бір жерінде мал өсірсе, енді бір жерінде бау-бақша мен жеміс-жидекті қатар өсірумен кәсіп етеді. Осыған байланысты белгілі бір кәсіппен айналысатын жерлерде сол кәсіпке лайықты сөздер мен сөйлемшелер пайда болады. Бұл сөздер мен сөйлемшелерді осы шаруашылықтың түрлерімен тікелей айналысатын адамдар ғана біліп, өзара түсінісе алады. Мысалы, тігіншіге байланысты – фасон, реглан, жабо; балық шаруашылығына байланысты кәсіби сөздер – жылым, сүзекі, бүркеніш.
Жаргон сөздері (Жаргонная лексика)
Белгілі бір әлеуметтік топ мүшелері қолданатын сөздерді жаргон сөздері деп атаймыз. Мысалы, жастар жаргоны – котелок, черепок, тыква (голова).
4. Стильдік қолданысына қарай орыс тілінің лексикасы нейтралды (нейтральные слова) және эмоционалды бояуы бар (эмоционально окрашенные слова) сөздерден тұрады. Орыс тілінің сөздік құрамы көбінесе нейтралды сөздерден құралады. Олар кез-келген стиль түрінде қолданыла береді. Эмоционалды бояуы бар сөздерге келетін болсақ, олар белгілі бір стильде ғана қолданылады.
Сонымен, белгілі бір тілдің сөздік құрамы, ең алдымен, сөз тудырудың сан алуан тәсілдері арқылы сол тілдің ішкі мүмкіндіктерінің есесінен дамып байыса, сонымен қатар, басқа тілдерден жаңа сөздердің енуі арқылы да толығып отырады. Міне, бұл тәсілдер тілдің лексикасының баю жолдарының ең басты тәсілдері болып табылады.
Бақылау сұрақтары
1. Белгілі бір тілдің лексикасын зертттейтін лингвистиканың саласы.
2. Архаизм және историзм ұғымдарының түсінігі.
3. Жана сөздердің пайда болу жолдары.
4. Диалект сөздердің ерекшеліктері.
5. Арнаулы сөздердің қоғамда атқаратын рөлі.
6. Кальки түсінігі. Кальки түрлері.
7. Сөздердің қолданыс жиілілігіне қарай сипаттамасы.
8. Сөздердің стильдік қолданысына қарай сипаттамасы.
9. Сөздердің шығу төркініне қарай сипаттамасы.
10. Сөздік құрастырумен айналысатын тіл білімінің саласы.