Жоспар:
1) Орыс тіл білімінде фонетиканың ғылым ретінде қалыптасуы. Фонетика саласының пәні мен мақсаты. Фонетика ғылымының аспектілері.
2) Орыс лингвистикалық ғылымындағы фонема туралы ілім.
3) Сөйлеудің фонетикалық жақтан мүшеленуі.
Орыс тіл білімінде фонетиканың ғылым ретінде қалыптасуы. Фонетика саласының пәні мен мақсаты. Фонетика ғылымының аспектілері
Адам баласының тілі – дыбыстық тіл. Тіл дыбыстары – әрбір тілдің өмір сүруінің тәсілі. Егер сөздер дыбыстардың өз ара тіркесі түрінде айтылмаса, тіл қатынас құралы да, пікір алысу құралы да бола алмас еді. Тілдің дыбыстық жағы оның (тілдің) ғасыр бойы өмір сүруіне, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отыруына мүмкіндік жасайды.
Тілдің дыбыстық жағы сөздер мен грамматикалық тәсілдердің өмір сүруінің формасы болып танылады. «Сөздік пен грамматикалық құрылыс тілдің мазмұнын құрайды да, дыбыстық жағы оның материалдық жамылғышын, оның физикалық формасын құрайды деп белгілі дәрежеде айтуға болады» [7, с. 8].
Сонымен, тілдің дыбыстық жағынан өзіне тән қасиеттері мен ерекшеліктерін және дыбыс заңдарын зерттейтін сала – фонетика.
Фонетика ғылым ретінде жалпы фонетика (общая фонетика) және жеке фонетика (частная фонетика – нақтылы тілдің фонетикасы) болып бөлінеді.
Жалпы фонетика адамның сөйлеу аппаратының дыбыстық мүмкіндігін айқындайды, тіл дыбыстары жүйеленуінің қағидаларын белгілейді. «Жалпы фонетика тіл дыбыстарының тіл жүйесінде өмір сүру жағдайларын зерттеуден басқа, оларды сөйлеудің түйдегінде зерттейді, басқаша айтқанда, ол, бірінші жағынан, фонетикалық құбылыстардың бір-бірімен байланыстарын, екінші жағынан, фонетикалық құбылыстар мен фонетикадан тыс құбылыстардың себепті байланыстарын қарастыра отырып, тіл дыбыстарының динамикасын зерттейді» [8, с. 8]. Жалпы фонетика ғылымның басқа салаларымен, мысалы, акустика, физиология және психологиямен тығыз байланысты болады. Кейбір ғалымдар жалпы фонетиканы сөйлеудің физиологиясымен теңестіріп қарайды. Алайда, академик Л.В. Щерба айтқандай, «жалпы фонетиканы акустикадан да, физиологиядан да басқаша, лингвистикалық айрықша пән ретінде бөліп қарау және оны тіл дыбыстарының адамдардың тілдік қатынас жасау процесінде атқаратын қызметіне орай әлеуметтік ғылымдардың қатарында қарау керек» [9, с. 162-163].
Жеке фонетика белгілі бір тілдің дыбыстық құрамын, ондағы дыбыс заңдарын зерттейді. Ол зерттеудің мақсатына қарай сипаттама (синхрониялық, статикалық) фонетика және тарихи (диахрониялық) фонетика болып бөлінеді.
Сипаттама фонетика тілдің өмір сүріп тұрған дәуіріндегі дыбыстық құрамын қарастыра, ондағы фонемалар жүйесін және олардың ішкі өз ара байланыстарын белгілеп айқындайды. Бір сөзбен айтқанда, фонемалардың пайда болуын зерттейді. Осыған орай, сипаттама фонетикада фонемалардың тарихы да еске алынады. Алайда, сипаттама фонетика тарихи фонетиканы ауыстыра алмайды. Себебі, біріншісінде дыбыстардың тарихын зерттеудің арнайы мақсаты түрінде емес, қазіргі тілдің фонетикалық жүйесін және оның ары қарай даму мүмкіндіктерін айқындаудың құралы ретінде ғана қаралып, есепке алынады. Фонетиканың бұл түріне қатысты фонология деген термин де қолданылады.
Тарихи фонетика белгілі бір тілдің даму тарихының әр түрлі кезеңдерінде оның дыбыстық құрамының өзгеруін және өзгерудің себептерін зерттеп айқындауды мақсат етеді.
Орыс лингвистикалық ғылымындағы фонема туралы ілім
Тілдегі сөздер бір-бірінен мығаналары мен дыбысталуы жағынан ажыратылады. Дыбыстардың осы қызметіне орай фонема деген ұғым пайда болды. Фонема – сөздер мен олардың дыбыстық формаларын ажырататын, ары қарай бөлшектеуге келмейтін дыбыстық бірлік.
Бір фонеманың өзі әр түрлі фонетикалық жағдайда келуі оның артикуляциясына әсер етеді. Артикуляция ұғымы дыбыстың айтылуына бағытталған сөйлеу мүшелерінің қозғалысы дегенді білдіреді.
Артикуляция фонетикалық үрдіс ретінде үш кезеңнен тұрады:
а) экскурсия – сөйлеу мүшелері дыбыстың айтылуына дайындалады;
б) выдержка (ұстап тұру) – сөйлеу мүшелерінің дыбысты айтылуындағы жасайтын қозғалысы, сол қозғалысты сақтап тұру кезеңі;
в) рекурсия – сөйлеу мүшелерінің алдыңғы қалпына келу кезеңі.
Әр тілдің өзінің артикуляциялық базасы болады. Осыған орай, белгілі бір фонеманың түрліше дыбысталуы мүмкін. Алайда, мұнан фонеманың табиғаты өзгеріп кетпейді. Сондықтан да Л. В. Щерба бұл тәрізді дыбыстық айырмашылықты фонеманың реңктері (оттенки фонемы) деп атайды. Реңктің позициялы реңктер (позиционные оттенки), комбинаторлы реңктер (комбинаторные оттенки) деген түрлері бар. Фонема екпін мен буынға, мелодикаға және т.б. байланысты белгілі бір реңкке ие болуы мүмкін. Мысалы, дауысты фонема екпінді немесе екпінсіз буында, ашық немесе тұйық буында келуіне қарай, әр түрлі реңкке ие болады. Екпін түскен буындағы дауысты фонема созылыңқы айтылады. Фонеманың мұндай реңкі позициялы реңк деп аталады. Мысалы: травяной [трьв’инój], огород [^г^рóт], вода [в^дá]. Орыс тілінің фонетикасында позициялы реңкке редукция (екпінсіз буындағы дауысты дыбыстың әлсіреуі) құбылысы жатады.
Әдетте, фонемалар жеке-дара күйінде емес, сөз құрамында басқа фонемалармен тіркесіп қолданылады. Белгілі бір фонема басқа бір фонемалармен тіркесе айтылып, әр түрлі қарым-қатынасқа түседі де, бір-біріне әсер етеді. Осының нәтижесінде белгілі бір фонема әр түрлі реңкке ие болады. Фонеманың көршілес келген әр түрлі фонемалардың тигізген әсеріне пайда болған реңкі комбинаторлы реңк деп аталады, мысалы, жизнь [жызн’], пять [п’á’т’]; лодка [лóткъ], позже [пóжь]. Дыбыстардың комбинаторлы өзгерісі ассимиляция, диссимиляция құбылыстарында болады.
Тіл білімінде фонема туралы мәселенің өзіне тән тарихы бар. Фонема туралы ілім орыс лингвистикасында өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында пайда болады. Фонема теориясының алғаш рет негізін қалаған лингвист – орыс ғалымы Иван Александрович Бодуэн де Куртенэ (1845-1929). Оның ғылыми-зерттеу жұмыстарының әр дәуірінде фонема туралы түсінігінде кейбір өзгерістер болады. Мысалы, Бодуэн де Куртенэ алғашында фонеманы этимология-морфологиялық құбылыс деп қараса, кейінгі кездерде фонемаға психологиялық анықтама береді. Ол фонеманы «тіл дыбыстарының психикалық эквиваленті» деп санайды [10, с. 276].
Бодуэн де Куртенэ фонеманы морфеманың құрамында қараудың қажеттілігін айтады. «Фонемалар... өздігінен ешқандай мағыналарға ие бола алмайды. Олар әр жақты... тілдік элементтердің (ал ондай элементтер – морфемалар) құрамына енгенде ғана, тілдік мәнге ие болып лингвистикалық тұрғыдан қаралып таныла алады» [10, с. 276]. Ол фонеманың лингвистикалық мәнділігін морфеманың компоненті ретінде таниды.
Бодуэн де Куртенэнің фонема туралы ілімін ары қарай дамытқан оның шәкірті академик Л. В. Щерба болады. Ол фонеманың реңктерінің ішінен негізгіге айрықша назар аударады. Л. В. Щерба сөздер және фонемаларды ажырататын реңкті фонема деп атайды. Оның пікірінше, әрбір фонема оны сол тілдегі басқа, фонемалардан ажырататын белгілер арқылы анықталады. Белгілі бір тілдің күллі фонемалары қарама-қарсылықтың бір тұтас жүйесін құрайды. Л. В. Щерба «Француз тілінің фонетикасы» атты еңбегінде фонеманы психологиялық тұрғыдан ұғыну теріс деп, одан бас тартады да, фонеманы жалпының жалқы құбылыстардағы көрінісі дейтін тоқтамға келеді.
Бодуэн де Куртенэ мен Л. В. Щербаның фонема туралы ілімі Н.С. Трубецкой басқарған прагалық лингвистикалық (фонологиялық) үйірмеге әсер етеді. Н. С. Трубецкой фонологиялық ілімді жасауда Бодуэн де Куртенэ мен Л. В. Щербаның фонема туралы еңбектеріне сүйенеді.
Сонымен, фонема – белгілі бір тілге тән фонетикалық жүйенің мүшесі. Сондықтан әрбір фонеманың мазмұны оның фонетикалық жүйеде алатын орнымен анықталады.
Сөйлеудің фонетикалық жақтан мүшеленуі
Дыбысталу жағынан алып қарағанда, сөйлеу (речь) жік-жігімен айтылған дыбыс шумақтарының тізбегінен құралады. Дыбысталудың шумағы өз ішінде жігі ажырап, кіші топтарға (үзбелерге) бөлшектенеді. Олар сөйлеудің фонетикалық бірліктері (фонетические единицы речи) ретінде қаралады. Олар мыналар: 1) фраза, 2) такт, 3) буын, 4) дыбыс.
1. Фраза – ең ірі фонетикалық бірлік. Бір фраза екінші фразадан пауза (кідіріс) арқылы ажыратылады. Сөйлеуші екінші фразаны айту үшін бірінші фразадан кейін пауза жасайды. Пауза жасалғанда, дем ішке тартылады да, екінші фразаны айтқанда, сыртқа шығады. Мысалы, Стоит красота / в любом из нас //. Мы все / красивы от рожденья //.
2. Такт. Фраза тактыларға ажыратылып бөлшектенеді. Такт – фразаның бір екпінге бағынған бөлшегі. Тіл-тілдегі атауыш сөздердің әрқайсысы бір-бір екпінге ие болғандықтан, өз алдына бөлек такт болып бөліне алады. Ал көмекші сөздер бөлек екпінге ие бола алмайды. Сондықтан олар өз алдына бөлек такт құрай да алмайды. Көмекші сөздер атауыш сөздердің не алдында, не сонында келіп, олармен тіркескен қалпында бір такт жасай алады.
3. Буын. Такт буындарға жіктеліп бөлшектенеді. Буын бір дыбыстан немесе бірнеше дыбыстың тіркесінен жасалады. Кез-келген дыбыс буын құрай бермейді. Көпшілік тілдерде буын жасайтын дыбыстар – әдетте дауыстылар. Дауыстылар жеке-дара күйінде де, дауыссыздармен тіркесіп келіп те буын құрай береді. Орыс тілінде буынның келесі түрлерін ажыратады: 1) прикрытый (га-зе-та); закрытый (ар-буз, кар-ман); открытый (за-ря, ле-са); неприкрытый (ал-лея, ан-тен-на). Барлық дыбыстар белгілі бір дыбыстықпен ерекшеленеді: дауысты – 4, үнді – 3, ұяң – 2, қатаң – 1. Мысалы, до-ро-га (24 34 24). Қазақ тіліне келетін болсақ: 1) ашық буын (ә-ке, ба-ла); 2) тұйық буын (ұ-ран, о-рақ); 3) бітеу буын (қант, жұрт).
4. Дыбыс. Буын дыбысқа бөлінеді. Дыбыс ең кішкене фонетикалық бірлік.
5. Екпін. Бірнеше буынды сөздердің бір буыны қалған буындардан күшті айтылып, айқынырақ естіледі. Қазақ тіліндегі екпін сөз мағынасын айқындап, саралап, дәлелдеп тұрады.
Орыс тіліндегі екпіннің қасиеті басқаша. Мәселен, за'мок, замо'к немесе мука', му'ка деген сөздерде екпіннің орны ауысумен байланысты сөздердің мағыналары бірінде – ‘қорған’; екіншісінде – ‘құлып’ немесе ‘ұн’, ‘азап’ болып, бір-бірінен ажырап тұр. Демек, орыс тіліндегі екпіннің сөз өзгертуге тікелей қатысы бар. Орыс тілінде екпіннің күші басым, екпін түскен буын қатаң айтылады. Ал қазақ тілінде, керісінше, екпін түскен буын лебізбен (үнмен) айтылады. Сонымен бірге, орыс тіліндегі екпін жылжымалы болса, қазақ тіліндегі екпін тұрақты, көбінесе, сөздің соңғы буындарына байлаулы болады. Екпін түскен буын басқа буындардан бірнеше тәсіл арқылы ажыратылады:
1) Буынның біреуі басқа буындардан айрықша күшті айтылады. Екпіннің мұндай түрі лебізді екпін немесе динамикалық екпін (силовое или динамическое ударение) деп аталады. Динамикалық екпін славян тілдеріне (орыс, украин т.б.), түркі тілдеріне (қазақ, қырғыз т.б.), герман тілдеріне (ағылшын, неміс т.б.) тән.
2) Басқа буындардың ішінен бір буын айтылу тонының ырғағы (высота тона) арқылы ерекшеленіп, дауыс шымылдығы дірілінің жиілеуіне негізделеді. Екпіннің бұл түрі тоникалық (тоническое) нмесе музыкалды екпін (музыкальное ударение) деп аталады. Екпіннің бұл түріне ие тілдер: қытай, корей, япон т.б. тілдер.
3) Басқа буындардың ішінен бір буын өзінің құрамындағы дауыстының созылыңқы айтылуы арқылы ажыратылады. Бұл квантативті (количественное или долготное – орыс және неміс тілдерінде) екпін деп аталады.
Кейбір тілдерде, мысалы, орыс тілінде, екпін сөздердің әр буынына түсе береді. Екпін арнаулы бір буынға байланбай, ыңғайына қарай әр басқа буынға түсе беретін болса, ондай екпін жылжымалы екпін (свободное, нефиксированное ударение) деп аталады. Мысалы, орыс тіліндегі екпін – жылжымалы екпін.
Кейбір тілдерде, мысалы, түркі тілдерінде, екпін, көбінесе, арнаулы бір буынға байланып, басқа буындарға жылжи бермейді. Екпін белгілі бір буынға телініп тұрақталса, ондай екпін тұрақты екпін (постоянное, фиксированное ударение) деп аталады. Мысалы, қазақ тілі тұрақты екпінге ие тілдердің бірі.
4) Сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің әрқайсысы өз алдына дербес екпінмен дараланбай, айтылу жағынан жігі жымдасып, бір ғана екпінге ие болады. Мұндай екпін фразалық екпін (фразовое ударение) деп аталады. Мысалы: Роняет лес / багряный свой убор //, Серебрит мороз / увянувшее поле //.
5) Сөйлемдегі айырықша назар аударылып айтылған сөзде ой екпіні болады да, ол сөз басқа сөздерге қарағанда, ерекше әуенмен айтылады. Мұндай екпін логикалық екпін (логическое ударение) деп аталады. Мысалы: ДАЙТЕ мне книгу. – Дайте МНЕ книгу. – Дайте мне КНИГУ.
Жазба тілде логикалық екпіннің қай сөзге түсіп тұрғаны контекстен, оның мазмұнынан аңғарылады. Ауыз-екі сөйлеуде логикалық екпін сөйлеушінің қай сөзге айырықша назар аударуды қажет санап тұрғанын аңғарып ажыратуға мүмкіндік береді.
Бақылау сұрақтары
1. Орыс тіл білімінде фонетиканың ғылым ретінде қалыптасуы.
2. Фонетика саласының пәні мен мақсаты.
3. Фонетика ғылымының аспектілері.
4. Жалпы және жеке фонетиканың айырмашылығы.
5. Орыс лингвистикалық ғылымындағы фонема туралы ілім.
6. Орыс тіл біліміндегі фонема туралы қалыптасқан ғылыми көзқарастар.
7. Фонема реңктерінің түрлері, олардың сипаттамасы.
8. Позициялы және комбинаторлы реңктердің фонетикалық құбылыстары.
Орыс тіліне тән екпіннің түрлері, олардың сипаттамасы.