Жоспар:
1) Сөз. Сөздің объективті қажеттілік факторлары.
2) Сөздің белгілері. Сөздің тілдегі қызметі.
3) Сөздің лексика-семантикалық жүйедегі мағыналық қатынастары.
4) Сөз дамуының негізгі жолдары мен әдістері.
5) Фразеологиялық бірліктердің категориалдық белгілері. Фразеологиялық бірліктердің құрылымдық-семантикалық типтері.
Сөз. Сөздің объективті қажеттілік факторлары
Лексикология (грек тілінен lexis – сөз және logos – ілім) сөзді және сөздердің жиынтығы – тілдің сөздік құрамын (лексикасын) зерттейді. Лексикологияда сөз лексикалық бірлік ретінде қарастырылады. Лексикалық бірліктердің (сөздердің) жиынтығынан тілдің сөздік құрамы (лексикасы) құралады. Әрбір тілдің сөздік құрамындағы сөздер қаншама көп және алуан түрлі болғанмен, олар бір-бірімен байланысты, өз ара шарттас элементтердің жүйесі ретінде өмір сүреді және дамиды. Осыған орай, лексикологияда тілдің сөздік құрамы лексикалық жүйе ретінде құралады да, сөз тілдің лексикалық жүйесінің элементі ретінде қаралады.
Сөз – өте-мөте күрделі тілдік бірлік. Оның күрделі табиғатын ашып айқындау үшін, ең алдымен, сөздің дыбыстық жағы мен мағыналық жағының ара қатысын айқындап алу қажет. Сөздің екі жағы бар: оның бірі – сөздің дыбысталу жағы, екіншісі – сөздің мағыналық жағы. Дыбысталу (тіл дыбыстарының тіркесі) сөздің материалдық жағын құрастырса, мағына (мазмұн) сөздің идеалдық жағын құрайды. Екі жақ – дыбысталу мен мағына сөздің бір-бірінен бөлінбейтін бөлшектері. Осы екі жақтың бірлігі – сөздің өмір сүруінің және қызмет етуінің шарты. Демек, сөз – дыбысталу мен мағынаның бірлігінен тұратын тілдік дербес бірлік.
Сөздің белгілері. Сөздің тілдегі қызметі
Сөздің тілдік табиғатын түсіну үшін, оған тән және оны тілдегі басқа бірліктерден ажырататын белгілерді білу қажет. Ол белгілер мыналар:
1) Сөз белгілі бір дыбыстық құрылымның бірлігінен тұрады. Сөздің дыбыстық құрылымының бірлігі тілдің фонетикалық заңдарына орай жасалады.
2) Сөз дыбысталу мен мағынаның бірлігінен тұрады. Қандай бір сөз болсын, ол белгілі бір мағынаны білдіреді. Мағынаны білдіру жағынан сөз фонемадан ажыратылады.
3) Сөз грамматикалық жағынан бір тұтас тұлғаланған бірлік. Сөз бір тұтас тұлғалану қасиеті жағынан еркін сөз тіркесінен де, тұрақты сөз тіркесінен де ажыратылады.
4) Сөз өзінің құрамына басқа бір сөзді ендірмеу қасиетімен сипатталады.
5) Сөздің морфема мен еркін сөз тіркесінен айырмашылығы мынада: сөз қалай да болсын, белгілі бір сөз табына қатысты болады, соған телінеді.
6) Сөз сөйлеу кезінде жасалмайды, даяр тұрған тұтас бірлік ретінде жұмсалады. Ол даяр күйінде сөз тіркесінің немесе сөйлемнің құрамында қолданылады.
Сөздің лексика-семантикалық жүйедегі мағыналық қатынастар
Сөз негізгі мағынасынан басқа туынды мағыналарға ие болса, оны полисемантизм дейміз. Ал жалпы көп мағыналық құбылысты полисемия (poli – ‘много’ және sema – ‘значение’) деп атайды. Мысалы: Басу ет. 1. Қозғалып жүру, адымдау. Жанат жай басып, колхоз кешін байыпты көзінен өткізіп келеді (Мұстафин). 2. Бір нәрсенің үстіне күш түсіру, аяқ астында қалдыру. Біздің елдің туы көкте жайнайды. Басып өтті фашизмнің белінен (Саин). 3. Газет, журнал, кітаптарды баспадан шығару. Аз уақыттың ішінде «Күрес одағы» жұмысшыларға арнап ондаған үндеулер басып шығарды (БК (б) П тарихы). Ел тілегі жол тапты, / Тұншықпады тұманда. / Ертеңіне сол хатты, / Басып жатты «Правда» (Мәуленов). 4. Көңілін аулау, жұбату, ақыл айту. Ері ашу айтса, әйелі басу айтып, / Отырса бұрынғыдай жау бола ма (Абай). Ажуаға қорлауға тілі орамды. Не түрлі тұзақ құрып көңілін басқан (Абай). 5. Жер әлемді алып қаптау, бір нәрсенің бетіне жайылу. Жер – дүниені шаң, тұман басып, / Ойнақ қағып, құтырып дауыл келді (Абай). Түнеріп тұрды қара түн, / Көк жиегін бұлт басып (Саин). 6. Бір нәрсенің жер бетін қаулап қоршауы. Алдымда ашылады әсем аспан, / Тулайды асау толқын алы қашқан, / Жер жәннат жасыл шөбі толықсиды, / Кеудесін көк алады орман басқан (Шипин). Түн көрпесін жамылған кең жазық даланың бәрін де сәуле басқан (Иманбаев). 7. Дақ түспеу, кір шалмау. Семсерін Аманкелді тот баспасын! / Ел қорға, ұлы күннің туса шағы (Жамбыл). 8. Ашуды тарқату, жадырату. Екеуің де бүгін ашулы екенсің, ашуларыңды бас, – деп күлімсіреді (Мұстафин). 9. Күшпен тоқтату, тойтару. Бұл ереулі қарулы күшпен басылып тасталды. (БК (б) П тарихы). 10. Ілгері өрлеу, алға басу – қарқындау, екпіндеу. Зырылдап станоктар заводтарда, / Заманның қарқынымен басады алға (Шипин). 11. Әнге салу марш, күй ойнау. Ей, алдағы жас командир, / Бас маршқа, жарқылда! (Саин). 12. Қағаз немесе басқа бір нәрсенің бетінде із қалдыру. Хат білмесең, бармағыңды бас, – деді Медведев Мықтыбайға (Ақынжанов) [35, 138 б.].
Орыс тілінде «дом» сөзінің төрт мағынасы бар: 1. Жилое (или для учреждения) здание. Дом-новостройка. Каменный дом. Дойти до дома. Вышел из дома. Флаг на доме. Сбежался весь дом (все живущие в доме). 2. Свое жилье, а также семья, люди, живущие вместе, их хозяйство. Дойти до дому. Выйти из дому. Родной дом. Принять в дом кого-нибудь. Мы знакомы домами (наши семьи бывают друг у друга). Хлопотать по дому. У матери на руках весь дом. 3. (мн. нет). Место, где живут люди, объединенные общими интересами, условиями существования. Общеевропейский дом. Родина – наш общий дом. 4. Учреждение, заведение, обслуживающее какие-нибудь общественные нужды. Дом отдыха. Дом творчества. Торговый дом (название некоторых торговых фирм). 5. Династия, род. Династия Романовых [36, с. 174].
Тіл-тілдің лексикасында дыбысталуы бірдей де, мағынасы әр басқа сөздерді омонимдер деп атайды. Мысалы: ер – еркек, ер адам, күйеу; ер – атқа салатын әбзел, ер; ер – етістік [37, 57 б.]; коса 1 – сплетенные длинные волосы; девичья коса, русая коса; коса 2 – сельскохозяйственное орудие; косить косой, точить косу; коса 3 – отмель, берег; песчаная коса, намывная коса [38, с. 122].
Омонимдердің пайда болуының бірнеше жолы бар:
а) Кейбір омонимдер сөз тудырудың лексика-грамматикалық тәсілі арқылы пайда болған. Тілдің даму барысында көп мағыналы сөздің мағыналарының арасындағы семантикалық байланыс үзіліп, осының нәтижесінде әр басқа екі сөз омонимдес сөздер жасалуы мүмкін. Бұл тәсілді сөз тудырудың лексика-семантикалық тәсілі деп атайды.
б) Тілдегі омонимдер сөздердің әр түрлі фонетикалық озгерістерге ұшырап, дыбысталуы жағынан сәйкес келуі нәтижесінде пайда болады.
в) Омонимдер сөздердің түбіріне (немесе негізінде) омонимдес аффикстердің жалғануы арқылы жасалады. Түбір сөздерден жасалған омонимдер түбір омонимдер деп аталса, түбірге (немесе негізгі) омонимдес аффикстердің жалғануынан жасалған омонимдер туынды омонимдер деп аталады.
Омонимдік қатарға енетін сөздердің өзгеруі, түрлену жүйелерінің бір-біріне қаншалықты дәрежеде сәйкес келуіне орай омонимдер лексикалық (немесе толық) омонимдер, лексика-грамматикалық (немесе жартылай) омонимдер болып топтасады.
Омонимия құбылысын кең мағынада қарастырғанда, оның айрықша түрлері ретінде омофон мен омографты атауға болады.
Біркелкі айтылып, бірақ түрліше жазылатын сөздер омофондар деп аталады (мысалы, пруд – прут, груздь – грусть).
Біркелкі жазылып, екпіннің алмасып түсуіне байланысты түрліше айтылатын сөздер омографтар деп аталады (мысалы, (на) берегу, сущ. – берегу, глаг.).
Синонимдер - мағыналары бір-біріне жақын, өз ара мәндес сөздер синонимдер деп аталады. Мысалы: бет, рең, келбет, ажар, түр, түс, өн, дидар, жүз, әлпет, пішін, кескін, кейіп, тұрпай [39, 139 б.]; вежливый, деликатный, тактичный, учтивый, корректный, обходительный, любезный, галантный, предупредительный [40, с. 52].
Синонимдердің пайда болу жолдары мынадай:
1) Сөздің мағыналық жақтан дамуы, қосымша жаңа мағыналарға ие болуы синонимдік қатарлардың жасалуына әсер етеді. Осыдан көп мағыналы сөздер мен синонимдердің қарым-қатынасы туады. Көп мағыналы сөз әр мағынасында синонимдік қатарға еніп, синоним сөздердің шеңберін кеңейтеді.
2) Заттар мен құбылыстардың бірден көзге түсіп байқала қоймайтын айрықша белгілері мен қасиеттерін бірте-бірте ашып, оларды атау үшін тілде жаңа сөздер жасалып, тілдің сөздік құрамын байыта түсіреді. Сөздік құрамның даму барысында синонимдер де жасалады.
3) Әдеби тіл лексикасының диалект сөздердің есесінен толығуы нәтижесінде де синонимдер жасалады. Мысалы, кочет – петух, леген – шылапшын.
4) Белгілі бір тілдің лексикасы басқа тілдерден енген сөздермен де толығып, байып отырады. Кейде басқа тілдерден енген сөздер сол тілдің сөздерімен мәндес келіп, соның нәтижесінде синонимдер жасалады.
Орыс тілінде синонимдердің семантикалық, стилистикалық және семантика-стилистикалық түрлері бар.
Сөйтіп, синонимдердің молдығы – тілдің байлығын, дамыған тіл екендігін аңғартатын көрсеткіштің бірі.
Антонимдер - мағыналары бір-біріне қарама-қарсы сөздер (мырза сараң, жұмсақ қатты, әділет қиянат; богатый бедный, большой маленький). Морфологиялық құрылымына қарай антонимдердің түрлері: бір түбірлі (однокорневые) және басқа түбірлі (разнокорневые) антонимдер. Қолданылу аясына қарай жалпы белгілі (общеизвестные) және индивидуалдық, авторлық антонимдер. Мысалы: Они сошлись волна и камень, / Стихи и проза, лед и пламень; Кейі сараң, кейі мырза, кейі қапа, кейі ырза. Барша жұртты сынадың (С. Сейфуллин).
Сонымен, қарама-қарсы құбылыстарды салыстыруда, оларды бір-бірімен қатар қойып шендестіруде антонимдер айрықша қызмет атқарады.
Сөз дамуының негізгі жолдары мен әдістері
Сөз мағыналарының өзгеруі әр түрлі тәсілдер арқылы іске асады:
1) Метафора тәсілі арқылы атаудың ауысуы белгіленетін заттардың тұлға, түс, қимыл ерекшелігінің ұқсастығына негізделеді.
Метафора әр тілде кездесетін құбылыс. Чех тілінде ‘koryto’ «корыто» дегенді ғана емес, ‘арна’ мағынасын білдіреді. Қазақ тілінде ‘бел’ сөзі анатомиялық атауды ғана емес, сонымен бірге ‘асу’, ‘таяныш, сүйеніш’ мағыналарында қолданылады.
Метафора көркем сөз стилінде бейнелеуші, мәнерлеуші тәсіл ретінде айрықша қызмет атқарады. Бірақ жеке ақын-жазушының тіліндегі метафоралардың барлығы бірдей жалпы халықтық сипатқа ие бола бермейді. Осы жағдайда олар жазушының сөз қолданылуы ерекшелігін көрсетеді, яғни авторлық стильді айқындайды.
2) Метонимия. Бір заттың немесе құбылыстың атауының екінші затқа не құбылысқа олардың өз ара іргелестігі, шектестігі негізінде атау болып ауысуы және, осыған орай, сөздің ауыспалы мағынада жұмсалынуы метонимия деп аталады. Мысалы, орыс тіліндегі светлая аудитория – способная аудитория деген сөз тіркестерін салыстыру арқылы соңғы тіркестегі ‘аудитория’ сөзінің «бір аудиторияда отырған адамдар» дегенді аңғартатынын байқаймыз. Кейбір заттар мен бұйымдар алғаш рет қай жерде өндірілсе, сол жердің атымен аталады. Мысалы, ‘шампан’ деген атау Париж қаласының оңтүстігінде орналасқан Шампань провинциясының атауынан пайда болады.
3) Синекдоха. Бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны қолданудың негізінде сөз мағынасының ауысуы синекдоха деп аталады. Мысалы, орыс тіліндегі ‘борода’ сөзі тек қана ‘сақал’ дегенді білдірмейді, сонымен бірге ‘сақалды адам’ мағынасында қолданылады: Эй, борода! А как проехать отсюда к Плюшкину? (Н. В. Гоголь, «Мертвые души»).
Сонымен, сөз ауыспалы мағынада қолданылу арқылы өзгеріп отырады. Сөздің ауыспалы мағынада қолданылуға икемділігі оның мәнерлеуші, бейнелеуші қасиетін көрсететін белгі болып саналады. Соның нәтижесінде көркем туындыларда тілдің лексикасындағы көптеген сөздердің келтірінді, образды мағыналары суреттеудің ең ұтымды құралы ретінде пайдаланылады.
Фразеологиялық бірліктердің категориалдық белгілері. Фразеологиялық бірліктердің құрылымдық-семантикалық типтері.
Екі немесе бірнеше сөздің тіркесуінен жасалған, мағынасы бір тұтас, құрамы мен құрылымы тұрақты, даяр қалпында қолданылатын тілдік бірлік фразеологиялық оралым деп аталады.
Академик В. В. Виноградов фразеологиялық оралымдарды фразеологиялық тұтастық (фразеологическое сращение), фразеологиялық бірлік (фразеологическое единство), фразеологиялық тізбек (фразеологическое сочетание) деп үшке бөледі [11]. Н. М. Шанский фразеологиялық оралымдардың төртінші түрі фразеологиялық сөйлемше (фразеологическое выражение) деп есептейді [12, 76-88 б.]. Енді фразеологиялық оралымдардың аталған түрлерінің әрқайсысына тоқталайық.
Фразеологиялық тұтастық. Семантикалық жақтан бөлініп ажыратылмайтын, бір тұтас мағынасы сыңарларының мағынасымен жуыспайтын фразеологиялық оралым фразеологиялық тұтастық деп аталады. Фразеологиялық тұтастықтың құрамындағы сыңарлар (сөздер) бір-бірімен біте қайнасып, өз ара тұтасып, бітісіп кетеді де, бүтіндей тіркес семантикалық жақтан бөлінбейтін, бір тұтас бірлік ретінде ұғынылады. Мысалы, орыс тілінде во всю ивановскую (бар дауысымен, өте қатты), собаку съел (бірдеме жайында үлкен тәжірибе алған, өте шебер болып алған), очертя голову (ойланбастан, қалай болса солай), бить баклуши (бостан-бос сенделу), қазақ тілінде жүрек жалғау (аздап тамақтану), жүрек жұтқан немесе жүрегінің түгі бар (өте батыл, ештеңеден қорықпайтын), ит өлген жерде (өте алыста, шалғайда), қол қусырып (бостан-босқа), аузы-мұрны қисаймастан (ұялмастан, шімірікпестен) деген фразеологиялық тұтастықтардың білдіретін мағыналары осы тіркестерді құрастырушы сыңарлардың (сөздердің) мағыналарынан келіп тумайды, олармен (сыңарларының мағыналарымен) мүлдем жанаспайды, байланыспайды. Мысалы, аузы-мұрны қисаймастан деген фразеологиялық тұтастықтың білдіретін бір бүтін мағынасы (ұялмастан, шімірікпестен) осы тіркестің құрамындағы аузы-мұрны және қисаймастан деген сөздердің білдіретін мағыналары мүлдем сәйкеспейді. Орыс тіліндегі собаку съел деген фразеологиялық тұтастықтың мағынасы өзін құрастырушы сыңарлардың (собаку деген сөз бен съел сөздің) мағыналарымен мүлдем жанаспай, бүтіндей тіркес басқа бір мағына – «бірдеме жайында мол тәжірибе алған, өте шебер болып алған» деген мағынаны білдіреді.
Фразеологиялық бірлік - семантикалық жағынан бөлінбейтін мағынасы құрастырушы сыңарлардың мағыналарының бүтіннің бір тұтас келтірінді мағынасына ұласуы нәтижесінде пайда болатын фразеологиялық оралым (плясать под чужую дудку біреудің айтқанына көніп, айдағанына жүру). Фразеологиялық бірліктің фразеологиялық тұтастықтан айырмасы мынада: фразеологиялық тұтастықтың бір бүтін мағынасы құрастырушы сыңарлардың мағыналарымен мүлдем жанаспайтын болса, фразеологиялық бірліктің бөлінбейтін мағынасы құрастырушы сыңарлардың мағыналарының бүтіннің бір тұтас келтірінді мағынасына ұласуы нәтижесінде пайда болады. Фразеологиялық бірлік фразеологиялық тұтастықпен семантикалық бөлшектенбеуі (мүшеленбеуі) жағынан жақындаса, одан (фразеологиялық тұтастықтан) семантикалық туындылығы, бір бүтін мағынаның құрастырушысы сыңарлардың мағыналарымен байланыстылығы жағынан ажыратылады. Бүтіннің мағынасы тұрақты тіркестің ішкі образды өзегін ұғынумен, фразеологиялық бірлікті құрастырушы сөздердің потенциалды мән-мәнісін түсінумен байланысты болады. Фразеологиялық бірліктің бір бүтін мағынасы сыңарлардың лексикалық мағыналарына таралып бөлшектенбей, тұтас күйінде ұғынылады, образды туынды мағына ретінде танылады. Мысалы: ауырдың үстімен, жеңілдің астымен, ауыз жаласу, тілі қышу, түймедейді түйедей ету, тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай, екі езуі екі құлағына жету, мақтамен бауыздау, тамырына балта және т.б. Орыс тілінде мынадай фразеологиялық оралымдар фразеологиялық бірлік делініп саналады: выносить сор из избы (жақын адамдардың немесе шағын топтың өз арасындағы керісті, таласты жария ету), стреляный воробей («қу мүйіз, тіс қаққан, ала аяқ»), семь пятниц на неделе («өз шешімін, көңіл күйін өзгерте беру, құбыла»), кровь с молоком (ден саулығы мықты адам туралы, жүзі жайнаған, нарттай қызыл, ағы ақ, қызылы қызыл), плясать под чужую дудку (біреудің айтқанына көніп, айдағанына жүру).
Фразеологиялық тізбек - ерікті мағынасындағы (свободное значение) сөз бен фразеологиялық байлаулы мағынасындағы сөздің тіркесінен жасалып, тіркескен күйінде қолданылатын фразеологиялық оралым (щекотливое положение, закадычный друг, расквасить нос). Фразеологиялық тізбектің құрамындағы ерікті мағынасындағы сөз алуан түрлі сөздермен тіркесіп жұмсалуға икемді болса, фразеологиялық байлаулы мағынасындағы сөз бір не бірен-саран сөзбен ғана тіркеседі. Мысалы: мидай, дала, шалқар көл деген фразеологиялық тізбектердің құрамындағы дала және көл деген сөздер әр түрлі сөздермен тіркесіп жұмсала берсе (мысал: жазық дала, кең дала, үлкен дала, терең көл, үлкен көл, кішкене көл және т.б.), фразеологиялық байлау мағынасындағы мидай сөзі дала сөзімен, шалқар сөзі көл немесе шабыт (шалқар шабыт) сөзімен ғана тіркеседі.
Фразеологиялық сөйлемше ерікті сөздердің тіркесінен құралып, бірақ құрамы мен қолданылуы тұрақты болып келеді (В любви все возрасты покорны; Айдағаның екі ешкі, ысқырығын жер жарады).
Құрастырушы сөздердің байланысының сипаты жағынан және білдіретін жалпы мағынасы жағынан фразеологиялық сөйлемшелердің кәдімгі еркін сөз тіркестерінен немесе сөздердің жалпы еркін тіркесуінен ешбір айырмашылығы жоқ десе болады. Бұлардың бір-бірінен айырмашылығы басқа жағында. Еркін сөз тіркестері мен сөйлемдер сөйлеу кезінде жасалса, фразеологиялық сөйлемшелер өзінің тұрақты құрамы мен мағынасы бар даяр бірлік ретінде сол қалпында жұмсалады. Мысалы, Оқытқаның – бала, оқығаның – кітап деген сөйлемді сөйлеуші адам жеке сөздерді тілдің грамматикалық заңдары бойынша бір-бірімен тіркестіру арқылы сөйлеу кезінде құрастырса, В любви все возрасты покорны деген фразеологиялық сөйлемшелерді жадында сақталған қалпында, шып-шырғасын бұзбай, даяр күйінде қайталайды.
Фразеологиялық оралымдар бүтіндей тұрақты тіркестің бір тұтас мағынасы мен құрастырушы сыңарлардың мағыналарының арақатысы тұрғысынан ғана емес, құрылымы тұрғысынан да топтастырылады. Фразеологиялық оралымдар құрылымы тұрғысынан екі үлкен топқа бөлінеді:
1) құрылуы жағынан сөйлемге тең фразеологиялық оралымдар. Мысалы: Төбе шашы тік тұрды ≈ Волосы дыбом встали; Жүрегі тас төбесіне шықты ≈ Сердце обрывается.
2) құрылуы жағынан сөздердің белгілі бір тіркесі болып саналатын фразеологиялық оралымдар. Мысалы: қоян жүрек ≈ заячья душа.
Құрылуы жағынан сөйлемге тең фразеологиялық оралымдар мағынасы тұрғысынан өз ішінде коммуникативті фразеологизмдер және номинативті фразеологизмдер болып екі топқа бөлінеді. Коммуникативті фразеологизмдер құрылуы жағынан да мазмұны жағынан да сөйлеммен бірдей келіп, хабарды білдіреді. Мысалы: Әсіре қызыл тез оңар. Шегірткеден қорыққан егін екпес. Мақал мен мәтелдер фразеологиялық оралымдардың қатарына жатқызылғанда, олардың сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қолданылуы, құрамының тұрақтылығы ескеріледі.
Ал құрылуы жағынан сөйлемге тең фразеологиялық оралымдардың номинативті фразеологизмдер деп аталатын түрі құрылысы тұрғысынан сөйлеммен тек формалды түрде сәйкес келгенімен, мағынасы жағынан онымен мүлдем сәйкеспейді. Құрылуы жағынан, тек формалды түрде сөйлем тәрізді болып келетін номинативті фразеологизмдер мағынасы жағынан жеке сөздермен сәйкес келеді, солардың эквиваленті, синонимі ретінде ұғынылады, сөйлемде оның бір ғана мүшесі ретінде қызмет атқарады. Мысалы, орыс тіліндегі куры не клюют («көп» деген мағынада), кто в лес, кто по дрова («ретсіз, тымтырақай» «бас-басына» деген мағынада), қазақ тіліндегі жүрегі тас төбесіне шықты («шошыды», «қатты қорықты» деген мағынада) деген фразеологиялық оралымдар құрылысы жағынан сөйлем тәрізді болғанымен, мағынасы жағынан коммуникативті бірлік (сөйлем) ретінде емес, жеке сөздердің эквиваленті – номинативті бірлік ретінде ұғынылады және қызмет атқарады.
Тіл-тілде фразеологиялық оралымдар әр түрлі жолдармен жасалады. Олардың жасалуына алуан тұрлі құбылыстар, ұғымдар, түсініктер негіз болған.
1) Фразеологиялық оралымдарға әр түрлі құбылыстардың адам ойында қорытылған образды бейнесі негіз болуы мүмкін. Мысалы, ер қашты болу (мағынасы – «әбден жалығу, мезі болу») деген фразеологиялық оралымның негізінде көп мініс көрген арық аттың ер саларда одан қашып мезі болуы, бойын аулақ салуының бейнесі жатыр. Әдетте, ер қашты болу деген тұрақты сөз тіркесін қолданғанда, жоғарыдағы құбылыстың негіз болғаны біздің ойымызға келмейді. Сондықтан да бұл тіркес адам ісіне байланысты қолданыла беріледі.
2) Кейбір тұрақты тіркестердің жасалуына түрлі аңыздар, әр түрлі ұғымдар мен түсініктер негіз болғандығы аңғарылады. Мысалы, халықтың түсінігінде (ескіше) жақсы ит аулаққа барып өледі. Осындай түсінік «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деген мақалдың жасалуына негіз болған.
Фразеологиялық оралымдардың кейбіреулерінің діни ұғым, ескі әдет-ғұрыпқа байланысты жасалғандығы байқалады. Мысалы, орыс тіліндегі вавилонское столпотворение («асты-үстіне шығып былығу, астан-кестен болу» деген мағынада) деген тұрақты сөз тіркесіне «Вавилон тұрғындары күмбезді аспанға жеткізіп салмақшы болғаны үшін жазаланып, тілдері араласып, бытысып кетіпті-міс дейтін библия аңызы негіз болса, ждать как манны небесной («шыдамы тауысылып, асыға күту» деген мағынада) деген тұрақты сөз тіркесінің пайда болуына «шөл далаға қуылғандар үшін ұнтақ жарма (крупа) аспаннан түсіпті-мыс» дейтін библия аңызы негіз болған.
3) Фразеологиялық оралымдар тарихта болған кейбір жайлардың, дағдылардың негізінде пайда болуы мүмкін. Мысалы, орыс тіліндегі во всю ивановскую (мағынасы – «өте қатты, бар дауысымен») деген фразеологиялық оралымның шығу тегі былайша түсіндіріледі: ертеде Кремльдегі Ивановск алаңына адамдар көп жиналып, онда бұйрықтар жиналғандардың бәріне естілетіндей қатты дауыспен оқылатын болған. Осыдан орыс тілінде «бар дауысымен айғайлау» деген мағына кричать во всю ивановскую деген тіркеспен берілсе, «қатты қорылдау» деген мағына храпеть во всю ивановскую деген тіркеспен беріледі.
4) Уақыт өлшемі – «сағат», «минут», «секунд» деген ұғымдар және олардың атаулары бірден пайда болмаған. Бұл ұғымдар мен олардың атаулары жоқ кезінде белгілі бір іс-әрекеттің белгілі мерзім ішінде өтуі немесе белгілі бір мезгілде басталуы уақыт өлшемі ретінде пайдаланылған. Осыдан қазақ тілінде мезгілдік мағыналарды білдіретін бие сауым (уақыт), шай қайнатым (уақыт), ет сатым (уақыт), күн арқан бойы көтерілгенде, көз байлағанда тәрізді сөз тіркестері пайда болған.
5) Фразеологиялық оралымдардың кейбіреулері кәсіби лексикадан ауысқан. Мысалы, орыс тіліндегі дело – табак («жағдай өте жаман» деген мағынада) деген фразеологизм бурлактардың тілінен алынған. Мұның шығу төркіні мынадай жағдаймен байланыстырылады: бурлактар бұл сөзді өзенді кешіп өту кезінде темекі байланған қылқа мойынға судың жеткенін ескерту үшін айтатын болған. Орыс тіліндегі ставить в тупик, зеленая улица деген фразеологиялық оралымдар темір жолшылардың лексиконынан алынған.
Сонымен, фразеологизмдердің жасалуы, пайда болуы жоғарыда аталған жолдармен, келтірілген деректермен ғана шектеліп қоймайды. Олардың шығу тегі этимологиялық зерттеулер арқылы айқындалады.
Бақылау сұрақтары
1. Лексикологияның пәні мен нысаны.
2. Сөздің белгілері. Оның тілдегі қызметі.
3. Сөздің лексика-семантикалық жүйесіндегі мағыналық қатынастары.
4. Орыс тіліндегі омоним түрлері және олардың сипаттамасы.
5. Синоним мен антонимнің түрлері және олардың сипаттамасы.
6. Орыс тіл біліміндегі фразеологиялық оралым жайлы қалыптасқан ғылыми пікірлер (В. В. Виноградов, Н. М. Шанский).
7. Фразеологиялық бірлік пен фразеологиялық тұтастықтың айырмашылығы.
8. Сөз дамуының негізгі жолдары мен әдістері.
9. Орыс тіліндегі фразеологиялық оралымдардың жасалу жолдары.
10. Фразеологиялық тізбек пен фразеологиялық сөйлемшенің айырмашылығы.