Павлодар, 2014

Орыс тілі лексикографиясының теориясы. Сөздіктердің түрлері


Жоспар:

1) Орыс тілінің лексикографиясының теориясы.

2) Сөздіктердің түрлері.

3) Этимологиялық сөздік.

4) Түсіндірме сөздіктің құрылымы.

5) Диалектологиялық сөздік.

6) Терминологиялық сөздік.

7) Фразеологиялық сөздік.

8) Аударма сөздік.

Орыс тілінің лексикографиясының теориясы

Лексикография (грек тілінің lexis – сөз, grapho – жазамын) сөздіктерді құрастырудың ғылыми әдістемесі дегенді білдіреді.

Лексикография теориясы әр түрлі сөздіктерді жасау жұмыстарының тәжірибелерін ғылыми тұрғыдан қорытындылаудың негізінде және лексикологиялық зерттеулер мен олардың жетістектерін таяныш етудің негізінде жасалады.

Сөздіктерді жасау үшін тілдегі сөздер мен фразеологиялық оралымдарды жинау және оларды жүйеге келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сөздік жасау жұмысы лексикографиялық жұмыс деп аталады. Лексикографиялық жұмыстарды жүргізіп, әр түрлі сөздіктерді жасау лексикологияны және лексикографияның теориясы мен практикасын жете білуді қажет етеді. Сөздік құрастыруда айрықша назар аударатын мәселелер мыналар: сөздің лексикалық мағыналарының типтері, мағына мен қолданылыс, сөз мағыналарының сөздікте берілу тәртібі, полисемия құбылысы мен омонимия құбылысының айырмашылығы, фразеологиялық сөз тіркестерінің сөздікте берілу қағидалары, сөздікке кіретін туынды сөздердің түрлері және олардың аумағы мен шегі сөздерге берілетін анықтама (түсіндірме) мен стилистикалық мінездеме және т.б.

Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, сөздіктерді төрт топқа бөліп қарауға болады:

1) Сөздердің шығу тегі мен олардың семантикасының дамуы туралы мағлұмат беретін сөздіктер. Бұларға этимологиялық және тарихи сөздіктер жатады.

2) Қазіргі тілдердегі сөздердің мағыналарын түсіндіріп, олардың қолданылуы жайлы мағлұмат беретін сөздіктер. Бұлардың қатарына енетіндер: а) Түсіндірме сөздік; ә) Диалектологиялық сөздік; б) Терминологиялық сөздік; в) Фразеологиялық сөздік; г) Аударма сөздік; д) Синонимдер сөздігі; е) Омонимдер сөздігі.

3) Сөздердің жазылуы туралы мағлұмат беретін сөздіктер: а) Орфографиялық сөздік; ә) Орфоэпиялық сөздік.

4) Заттар мен құбылыстардың ұғымдарын айқындап түсіндіретін

сөздіктер: а) Энциклопедиялық сөздік; ә) Иллюстративті сөздік.

Сөздіктердің түрлері. Этимологиялық сөздік

Этимологиялық сөздік белгілі бір тілдегі сөздердің шығу төркінін (этимологиясын), олардың бастапқы мағыналары мен дыбысталу түрін айқындап көрсетуді мақсат етеді. Этимологиялық сөздік тілдің даму барысында ондағы сөздердің семантикалық жақтан қандай өзгеріске түскендігін айқындайды. Сөздің шығу тегі, оның алғашқы мағынасы және сөз мағынасының өзгеріп дамуы туыстас тілдеріндегі түбірлес сөздермен салыстыру арқылы айқындалады.

Этимологиялық сөздік жасау – өте-мөте күрделі және қиын жұмыс. Оны жасау туыстас тілдердің лексикасына тарихи тұрғыдан келіп терең бойлауды және салыстыра зерттеуді қажет етеді. Мұнымен бірге, этимологиялық сөздікте берілетін қыруар сөздердің шығу тегін айқындау тарихи фонетика мен тарихи грамматиканың мәселелерін жете білуді қажет етеді.

Тілдің лексикасының тарихы сол тілде сөйлеуші халықтың тарихымен, ол халықтың кәсібі, күн көрісі, шаруашылығымен тығыз байланыста болады. Мұнын өзі этимологиялық сөздікті жасаушылардан халықтардың ежелгі тарихын, материалдық және рухани мәдениетін жете білуді талап етеді. Демек, этимологиялық сөздік жасау жұмысы – білім салаларының өз ара ұштасуын қажет ететін өте күрделі жұмыс.

Орыс тілінде А. Г. Преображенский құрастырған «Орыс тілінің этимологиялық сөздігі» бар [30].

Аталған этимологиялық сөздікте орыс тіліндегі сөздердің шығу тегі, алғашқы мағынасы түсіндіріледі. Шығу тегі шет тілдік сөздердің қай тілдерден енгендігі көрсетіледі. Орыс тіліндегі сөздердің шығу тегін айқындау үшін орыс тілімен туыстас басқа тілдерден көптеген деректер мен салыстырмалы материалдар беріледі.

Этимологиялық сөздікте реестр сөзден кейін онымен түбірлес сөздердің қатары беріледі. Егер белгілі бір сөздің этимологиясы жайында жазылған ғылыми әдебиет болса, онда оның мазмұны жайында қысқаша түсінік беріледі.

Сөз этимологиясының сөздікте талдану жайын А. Г. Преображенский құрастырған «Орыс тілінің этимологиялық сөздігінен» алынған мына бір мысалдардан аңғаруға болады:

«Стрекоза, Р. стрекозы, МнИ. стрекозы, насекомое libellula, коромысло».

- По всей вероятности, кь стрекать, вь значениі быстро отпрыгивать. Образованіе не совсъмь ясно. Контаминація съ коза? М.-б., потому, что коза служить символомъ проворства, быстроты и легкости движеній (?) (Ср. MEW. 325 подъ strek 2)» [30, с. 395].

Түркі тілдерінде көптеген әр түрлі сөздіктердің бар екені белгілі. Ал этимологиялық сөздіктер жасау – түркі тілдері лексикографиясының кенже қалған саласы. Неміс тюркологы Х.Вамберидің құрастырған түркі тілдерінің шағын этимологиялық сөздігі («Eltymologsches Wörterbuch der Turko-tatarischen Sprachen», Leipzig, 1928) бар. Сөздер дара күйінде алынып, олардың семантикалық, фонетикалық, морфологиялық өзгерістері көрстетілмеген.

Түсіндірме сөздіктің құрылымы

Түсіндірме сөздік әдеби тілдегі жалпылама және жиі қолданылатын сөздерді қамтып, олардың мағыналарын талдап түсіндіруді, әдеби тілдің лексикалық, семантикалық нормаларын көрсетуді мақсат етеді.

Орыс тілінде түсіндірме сөздік жасаудың мол тәжірибесі бар. «Словарь Академии Российской» деп аталатын сөздік алғаш рет 1783–1794 жылдары жасалды. Бұл сөздіктің алфавит тәртібіне келтіріп жасалған түрінің бірінші бөлімі 1806 жылы (Петербургта), ал алтыншы бөлімі 1822 жылы жарыққа шықты. Аталған сөздіктің алғашқы тәжірибе ретінде үлкен мәні болды. Мұнан кейін де бірнеше сөздік жасалды. Осы сөздіктердің ішінен В. И. Даль құрастырған «Толковый словарь живого великорусского языка» [41] деген сөздік айрықша орын алады. Бұл сөздік нормативті сөздік емес, онда халықтың ауызекі тілінің ерекшеліктері молынан қамтылған. Сөздікте этнографиялық материалдар (халықтың тұрмыс салты, әдет-ғұрпы, өндіріс құралдары және т.б. жайында мағлұматтар), 30 000 шамасында мақал мен мәтелдер және т.б. фразеологизмдер берілген.

Кеңес дәуірінде орыс тілінің түсіндірме сөздігі жасалып, бірнеше жылдан кейін профессор Д. Н. Ушаковтың редакциясымен басылып шықты («Толковый словарь русского языка» в четырех томах, 1935–1940 гг.). Бұл еңбек орыс әдеби тілінің нормативті түсіндірме сөздігі ретінде жасалады [42].

Д. Н. Ушаковтың редакциясымен шыққан түсіндірме сөздіктен кейінгі уақыт ішінде орыс әдеби тілінде қалыптасқан айқындалған лексика-грамматикалық және стилистикалық нормаларды, лексика мен фразеологиядағы өзгеріс, жаңалықтарды қамтитын сөздік жасау қажет болды да, орыс тілінің жаңадан 4-томдық сөздігі жасалды. Орыс тіліндегі түсіндірме сөздіктің шағын түрі – С. И. Ожегов құрастырған «Словарь русского языка» деп аталатын сөздік (бірінші басылуы – 1949 ж.), Орыс тілінің 17 томдық академиялық түсіндірме сөздігі жасалып, 1950-1956 жылдарда жарық көрді. Бұл сөздік әрі нормативті, әрі түсіндірме-тарихи сөздік болып саналады.

Түркі тілдерінің әрқайсысының түсіндірме сөздігін құрастыру жұмысы қолға алынып, олардың алғашқылары кейінгі жылдары жарық көре бастады. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» I томы 1959 ж., ал II томы 1961 ж. жарыққа шықты. Бұл «Сөздік» қазақ тілінде түсіндірме сөздік жасаудың ең алғашқы тәжірибесі.

Түсіндірме сөздікте сөздер семантикалық, грамматикалық және стилистикалық тұрғыдан түсіндіріледі. Мұнымен бірге, онда әдеби тілдегі сөздердің дұрыс жазылуы мен айтылуы да көрсетіледі.

Сөздікке енгізіліп, мағынасы түсіндірілетін сөз реестр сөз деп аталады. Әрбір реестр сөзден кейін ол сөздің қай сөз табына қатысты екенін көрсететін белгілер қойылған. Мысалы: зат. (зат есім), сын. (сын есім), ес (есімдік), үс. (үстеу) т.б. Архаизмдер мен историздерден кейін осы сөздердің бірінші буынынан құралған белгілер (арх., ист.) қойылған.

Егер сөз белгілі бір стильге тән болса, оған стилистикалық мінездеме беріліп, тиісті белгі қойылады. Мысалы, профессор Д. Н. Ушаковтың редакциясымен шыққан «Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде» (4 томдық) көптеген сөздердің тұсына олардың қай стильге тән сөздер екендігі, егер шет тілдерден енген сөз болса, қай тілден енгендігі туралы белгілер (пометы) қойылған (простореч. – просторечие, спец. – специальное, поэт. – поэтическое т.б.).

Сөздікке енген әрбір сөздің лексикалық мағынасы (немесе мағыналары) түсіндіріліп, оған анықтама беріледі. Мысалы, алыс деген сөз оның синонимдері қашық, шалғай деген сөздермен түсіндірілсе, ажарлы деген сөз көркем, әдемі, сұлу деген сөздер арқылы түсіндіріледі. Сөздің синонимі болмаған жағдайда оның мағынасы түсіндірме сөздердің тізбегі арқылы анықталады. Мысалы, етікші деген сөзге аяқ киім тігетін адам деген түрде түсіндірме анықтама беріледі.

Сөздің анықтамасынан кейін әдебиеттен мысалдар, цитаталар беріледі. Мысалдар берілгенде, олардың сөздің белгілі бір мағынасын ашып айқындайтын болу жағы көзделеді.

Сөздікте көп мағыналы сөздің ең алдымен негізгі номинативті мағынасы, онан кейін туынды номинативті мағыналары және келтірінді мағыналары беріледі. Көп мағыналы сөздің әрбір мағынасы араб цифрымен көрсетіледі. Мысалы, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (I том, 1959) және С. И. Ожегов құрастырған «Словарь русского языка» деп аталатын сөздікте көп мағыналы басу мен дом деген сөздердің мағыналары 5-ші дәріс тақырыбында талданылып түсіндіріледі.

Реестр сөздің анықтамасы, оған берілген түрлі грамматикалық, стилистикалық т.б. мінездемелер, келтірілген мысалдар сөздік мақала (словарная статья) деп аталады. Түсіндірме сөздіктерді жасауда сөздік мақаланың әрі түсінікті, әрі жинақты болу жағына айрықша назар аударылады.

Сөздік мақалада сөзге оның шығу төркіні мен қай стильдік тармаққа жататындығы жағынан сипаттама беру сол тілдің лексикасының зерттелу дәрежесімен байланысты. Екінші сөзбен айтқанда, белгілі бір тілдегі сөздің лексикологиялық және стилистикалық тұрғыдан зерттелу дәрежесі неғұрлым жоғары болса, сол тілдің түсіндірме сөздігіндегі сөзге берілген лингвистикалық сипаттама соғұрлым жан-жақты болады.

Диалектологиялық сөздік

Диалектологиялық сөздіктер және оларды құрастыру белгілі бір ғылыми мақсатты көздейді. Диалектологиялық сөздік әдеби тілдің лексикасынан тыс жатқан, бірақ ұлттық тілдің жергілікті тармақтары болып табылатын диалектілер немесе говорларға тән сөздер мен сөз тіркестерін қамтиды. Белгілі бір диалектілерге тән сөздерді жинап, олардың сөздігін құрастырудың және оларды жете білудің тілдің тарихи даму жолдарын, оған тәң заңдылықтарды айқындауда үлкен мәні бар. Ұлт тілінің ішіндегі жергілікті диалектілерге тән әр түрлі ерекшеліктерді салыстыру тілдің тарихи дамуын танып білуге көмектеседі. Орыс тілінде бірнеше диалектологиялық сөздік жарыққа шықты. Қазақ тілінде «Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері (лексика)» деген атпен 1965 жылы жергілікті диалект сөздердің жинағы шықты.

Диалектологиялық сөздікте жергілікті диалектілерге тән сөздер (диалектизмдер) беріледі де, оның мағынасы әбден тілдегі сөздермен (синонимімен) түсіндіріледі. Диалект сөздің мағынасын түсіндіретін, оның әдеби тілдегі баламасын кейін құрамында диалект сөзі бар мысал (сөйлем) келтіріледі. Мұнан кейін белгілі бір диалектизмнің қай диалект немесе говорға тән екені көрсетіледі. Ж. Досқараевтың диалектологиялық сөздік түрінде жазылған жоғарыда аталған еңбегінен бірнеше мысал: «Азар 1. Реніш, тынышсыз; сен оған азар берме – сен оған реніш берме, ренжітпеу (Маң. ГОМ). Балам, азар болма (балам, тынышсыз болма). 2. Қорлық деген мағынада: сенің былтырғы істеген азарыңды ұмытпаймын (Тар. ШОМ). Қазіргі қазақ тілінде азарда-безер қос сөздің бір компоненті ретінде ғана қолданылады. Сондай-ақ ағайынның азары болса да, безері болмайды деген мақал да кездеседі. Мұндағы азар – реніш, өкпе мағынасында. Ол ешкімге азар бермейді (Қамбар батыр). Татар тілінде азар – азғын, азушаң аза тұрған деген мағыналарда қолданылады (Диалектологик сузлек, 1953, 27). Сондықтан бұл сөз көнеленіп бара жатқан сөздің қатарына жатады. Академик В. В. Радлов бұл сөздің түрік, әзірбайжан тілдерінде бар екенін айтады (В. В. Радлов. Опыт словаря тюркских наречий, 1893, т. I, 510). Осы сөзді Н. А. Басқаков фарсы тілінің элементі дейді (Каракалпакский язык, 1951, т. I.)».

Сөздікте шартты түрде алынған сөздерге түсінік беріледі: Маңғыстау – Маң., Түлкібас – Түл.; Оренбургская губерния – Оренб. губ. т.б.).

Терминологиялық сөздік

Терминологиялық сөздіктер ғылым мен техниканың т.б. сан алуан салаларына қатысты терминдерді қамтып, олардың білдіретін ұғымдарын түсіндіріп беруді мақсат етеді.

Қазақ тілінде қоғамдық ғылымдардың, физика, математика, биология, медицина, география, геология және ауыл шаруашылығы ғылымдарының әрқайсысының терминдерін қамтыған өз алдына бөлек-бөлек бірнеше терминологиялық сөздіктер жасалды.

Терминологиялық сөздіктер бір тілдік түсіндірме сөздік түрінде де, екі тілдік аударма сөздік түрінде да жасалады. Бір тілде жасалған терминологиялық сөздіктерде терминнің білдіретін ұғымына талдау жасалып, түсінік беріледі. Осындай сөздіктің бірі – О. С. Ахманованың «Лингвистикалық терминдер сөздігі» (М., 1966) деп аталатын еңбегі. Сөздікте лингвистикалық терминдердің білдіретін ғылыми ұғымы түсіндірілген. Сөздіктен бірнеше мысал:

Синонимы (англ. synonyms, фр. synonymes, нем. synonyme, исп. sinonimos – равнозначащие слова, равнозначные слова) – те члены тематической группы (во знач.), которые а) принадлежат к одной и той же части речи и б) настолько близки по значению, что их правильное употребление в речи требует точного знания различающих их семантических оттенков и стилистических свойств. Русск. храбрый, смелый, мужественный, стойкий; недурной, неплохой, удовлетворительный; карп, сазан, ива, ветла; англ. broad, wige, large. Синонимы абсолютные (синонимы безотносительные, синонимы полные) англ. absolute synonyms. Слова, полностью совпадающие по значению и употреблению [34, с. 626].

Түркі тілдеріндегі терминологиялық сөздіктердің көпшілігі екі тілді аударма терминологиялық сөздік түрінде жасалып жүр. Оларда орыс тілінде қолданылып жүрген терминдердің аударылып отырған тілде баламасы барлары аударылып берілген де, баламасы жоқтары және интернационалдық терминдер орыс тіліндегі қалпына аударылмай берілген. Мысалы, («Биология ғылымдарының орысша-қазақша сөздігінде») (1960 ж.) төмендегі терминдер аударылып берілген: авраамово дерево – жембіл ағаш, барабанная трубка – дабыл түтігі, толстоголовка – бұзаубас, белая опухоль – сары буын. Ал гематология, гелиотроп, азатобактер, ароморфоз, алхимия т.б. терминдер аударылмай, орыс тіліндегі қалпында берілген.

Фразеологиялық сөздік (Фразеологический словарь)

Фразеологиялық сөздік белгілі бір тілдегі әр түрлі фразеологиялық оралымдарды қамтиды, олардың мағыналарын түсіндіреді.

«Орыс тілінің фразеологиялық сөздігі» (редакциясын басқарған А. И. Молотков) 1967 ж. жарық көрді. Бұл сөздікте орыс тіліндегі төрт мыңнан астам фразеологиялық оралымдар қамтылып, олардың мағыналары талданған. Бұл сөздікте фразеологиялық оралымдар оларды құрастырушы сыңарлардың алфавит тәртібі бойынша тізіліп, белгілі бір фразеологиялық оралым қанша сыңары болса, сонша рет қайталанып берілген. Сөздікте фразеологиялық оралымның мағынасы түсіндіріледі де, ол мағынаны ашып айқындайтындай әдебиеттен мысал беріледі. Сөздікте фразеологиялық оралымды түсіндіруге арналған сөздік мақала былайша құрастырылған:

Воспрянуть (восстать) ото сна. Выйти из состояния апатии, подавленности, застоя, пробудиться. Товарищ, верь: взойдет она, Звезда пленительного счастья; Россия вспрянет ото сна, И на обломках самовластья Напишут наши имена. Пушкин, К. Чаадаеву [43, с. 53].

Фразеологиялық сөздік бір тілдік түсіндірме сөздік түрінде де, екі тілдік аударма сөздік түрінде де жасалады. Аударма фразеологиялық сөздіктер мыналар: «Немецко-русский фразеологический словарь» (12000 фразеологических единиц, составил Л. Э. Бинович. М., 1956); А. В. Куниц, «Англо-русский фразеологический словарь» (М., 1955).

Фразеологиялық сөз тіркестері белгілі дәрежеде түсіндірме сөздіктерде де қамтылады. Фразеологиялық сөз тіркестерін, мақал мен мәтелдерді өте-мөте мол қамтыған сөздік – В. И. Даль құрастырған орыс тілінің түсіндірме сөздігі («Толковый словарь живого великорусского языка»). Түркі тілдеріндегі әр түрлі фразеологизмдер В. В. Радловтың «Опыт словаря тюркских наречий» (в четырех томах, СПб, 1888–1917) атты сөздігінде берілген.

Фразеологиялық оралымдардың сөздікте талдану тәртібі мен тәсілін түсіндірме сөздіктердегі сөздік мақалалардан аңғаруға болады. Мысалы, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (I том, 1959) сөздің мағынасы талданғаннан кейін, осы сөздің ұйытқы болуынан жасалған мынадай фразеологиялық оралымдар берілген:

Ат ұстар – жаңа туған ұл бала. Ат құйрығын кесті – бір жола безді, қол ұзді. Ат шаптырым жер – бәйге атының шауып келетін жерінің қашықтық мөлшері. Ат қойды – лап беріп шаба жөнелді. Ат төбеліндей – азғантай, аумақсыз, саны аз.

Ат салысты – жәрдемдесті, көмектесті. Ат үсті – бір іске қалай болса солай, немқұрайды қарау, селқос қарау. Ат сабылтты – атты шаршатты., болдыртты. Адам жоғалған малды да ат сабылтып іздемеуші ме еді (Әбішев). Ат-тонын ала қашты – байын аулаққа салды, бір нәрсеге жуығысы келмейді, безек қақты. Ат шалдырды – жолаушының орта жолда атын тынықтыруы, тамақтандыруы.

Ат шабыс – жиын тойда бәйгеге ат қосу [44, 30 б.].

Орыс тілінде М. Михельсон құрастырған фразеологиялық сөздік бар (Русская мысль и речь. Свое и чужое. Опыт русской фразеологии. Сборник слов и иносказаний, I-II, 1903–1904). М. Михельсонның сөздігі үлкен кемшіліктері бола тұрса да, белгілі дәрежеде ғылыми маңызы бар сөздік болып саналады. Бұл сөздікте фразеологиялық бай материал беріліп, көркем әдебиеттен алынған мысалдармен түсіндірілген. Сөздікте шет тілдерден енген фразеологизмдер де беріліп, олардың шығу тегі (қай тілден енгендігі) көрсетілген.

Орыс тілі мен қазақ тілінде және т.б. тілдерде қанатты сөздердің жинақтары бар. (Н. С. Ашукин, М. Г. Ашукина. Крылатые слова, 1955; М. А. Булатов. Крылатые слова, 1958; Н. Төреқұлов. Қазақтың қанатты сөздері, 1960). «Қазақтың қанатты сөздері» атты жинақта (авторы – Н. Төреқұлов) фразеологиялық оралымдардың бір түрі қанатты сөздерге талдау жасалып, төмендегі түрде түсіндіріледі:

«Баяғы жартас – бір жартас»

Абайдың «Сегіз аяқ» атты әнінің бір қайырмасы:

«Баяғы жартас – бір жартас,

Қанқ етер, түкті байқамас», – деп келеді.

Осы сөзді жұрт кейде, бастапқы қалпынан өзгермеген нәрселерді көргенде айтады» [45, 75 б.].

«Как бы чего не вышло»

Выражение употребляется иронически, насмешливо, по адресу людей, которые отличаются трусливой осторожностью, боятся предпринимать что-либо из опасения, что это может окончиться для них неприятностями.

Выражение заимствовано из рассказа А. П. Чехова «Человек в футляре» (1898). Герой этого рассказа, учитель Беликов, говорит: «Оно, конечно, так-то так, все это прекрасно, да как бы чего не вышло» [46, с. 110].

Сонымен, әр түрлі фразеологиялық сөздіктер мен жинақтарда фразеологиялық оралымдар мен олардың түрлері толық талданып түсіндіріледі.

Аударма сөздік

Аударма сөздіктердің екі түрі бар: оның бірінде белгілі бір шет тілдегі сөздер мен фразеологизмдер ана тіліне аударылып беріледі де, екіншісінде, керісінше, ана тіліндегі сөздер мен фразеологизмдер шет тілге аударылады.

Әр түрлі тілдерде жасалған сөздіктердің ішінде ең көп кездесетіні – екі тілді аударма сөздіктер. Аударма сөздіктер шет тілді оқып үйренуде, ол тілдің лексикасын меңгеруде, басқа тілде жазылған әдебиеттерді аударуда айрықша қызмет атқарады.

Түрлі тілдердің лексикасының ішінде мағыналық жағынан бір-біріне ұқсас немесе мағыналары тепе-тең сөздер де, мағыналық мазмұны бір-бірімен сәйкеспейтін, өзіндік ерекшеліктері бар сөздер де кездесе береді. Әр түрлі тілдердің лексикасындағы мағыналық жақтан бірдей немесе ұқсас сөздерді сөздіктерде аударып беру қиындыққа соқтырмайды. Мысалы, орысша ‘дом’, ‘дверь’ деген сөздерді қазақ тіліне ‘үй’, ‘есік’ деп аударудың, керісінше, қазақша ағаш, су деген сөздерді орыс тілінде дерево, вода деп аудара салудың ешбір қиындығы жоқ. Бірақ сөздердің барлығының бірдей аударылуы мұндай жеңіл бола бермейді. Олардың ішінде аударуда қиындық тудыратындары бар. Әсіресе, мағыналық мазмұны екі тілде бір-біріне сай келмейтін сөздерді аударып беру өте-мөте күрделі. Көптеген сөздердің негізгі, тура мағыналарынан басқа, сан алуан ауыспалы, келтірінді мағыналары, әр түрлі мағыналық реңкі (оттенок) болады. Басқа тілдегі сөздердің келтірінді, образды мағыналарын ана тілінен балама боларлық сөз тауып аудару өте күрделі жұмыс. Мысалы, орыс тіліндегі глухой деген сөз негізгі мағынасында қазақша саңырау, керең (глухой старик – саңырау немесе керең шал) деген сөзбен аударылса, екінші мағынасында (терминдік мағынасында) қатаң (глухой звук – қатаң дыбыс) деген сөзбен, үшінші мағынасында қалың, ну (глухой лес – қалың орман, ну тоғай) деген сөздермен, төртінші мағынасында шалғай (глухой уголок – шалғай жер) деген сөзбен, бесінші мағынасында саңылаусыз (глухая стена – бітеу қабырға) деген сөзбен аударылады.

Белгілі бір тілдің лексикасы сол тілді жасаушы, сол тілде сөйлеуші халықтың тарихымен, күн көрісі, шаруашылық, кәсібімен тығыз байланысты болады. Мысалы, қазақ халқының кәсібі талай замандар бойына мал шаруашылығымен байланысты болып келді. Осыған сай оның тілінде төрт түлік малға байланысты атаулар (сөздер) өте көп. Малдың жас ерекшелігіне байланысты қазақ тіліндегі жабағы, дөнен, дөнежін, тайлақ, деген атауларды (сөздердің) орыс тілінде тікелей балама боларлық атаулары жоқ. Сондықтан бұл сөздердің «Қазақша-орысша сөздікте» (Алматы, 1954) жалпы мағынасы түсіндіріліп, сөз тіркестерімен аударылған: жабағы – жеребенок-сосунок более 6 месяцев и менее года; дөнен – самец по четвертому году, самец-трехлетка (о крупном скоте); дөнежін – самка по четвертому году, самка-трехлетка (о скоте); тайлақ – годовалый верблюжонок [47, 259, 217, 764 б.] т.б.

Киіз үй орыс халқының тұрмысында болмаған, сондықтан да оның тілінде киіз үйге байланысты атаулар да жоқ. Киіз үйге байланысты қазақша атаулар орыс тіліне аударылғанда, олардың жалпы мағынасы түсіндіріліп, баяндау (описательно) түрінде аударылады. Бұл ретте, «Қазақша-орысша сөздіктен» мынандай мысалдар келтіруге болады: туырлық – кошма, охватывающая остов юрты; кереге – деревянная решетка, образующая круглые стены юрты; бақан – шест, которым поднимают кошмы в верхнюю часть остова юрты; басқұр – ручным способом соткания шерстяная полоска, которой скрепляется остов (кереге) кибитки [Сонда, 839, 372, 126, 116 б.].

Өте бейнелі түрде келіп, мәнерлеуші қызмет атқаратын әр түрлі тұрақты фразеологиялық сөз тіркестерін сөздікте аударып беру мәселесі де өте күрделі мәселенің бірі. Екі тілді сөздіктерде бұларды аударып беруде екі түрлі тәсіл қолданылып жүр.

1. Аударма сөздіктерде бір тілдегі тұрақты фразеологиялық сөз тіркестерін екінші тілден балама боларлық тұрақты фразеологиялық сөз тіркестерін тауы аудару тәсілі қолданылады. Мысалы:

А) «Орысша-қазақша сөздіктен»: ‘броситься в глаза’ – ‘көзге түсу’; ‘их водой не разольешь’ – ‘арасынан қыл өтпейді’; ‘тише воды, ниже травы’ – ‘бетегеден биік, жұсаннан аласа’ [48].

Ә) «Қазақша-орысша сөздіктен»: ‘көзді ашып жұмғанша’ – ‘в мгновение ока’; ‘не ексен, соны орарсың’ – ‘что посеешь, то и пожнешь’; ‘тілде тиек, ауызда жиек жоқ’ – ‘язык без костей’ [47, 388, 625, 882 б.].

2. Белгілі бір тұрақты фразеологиялық сөз тіркестерінің екінші тілден балама боларлықтай тұрақты сөз тіркесі табылмаған жағдайда оларды аударма сөздіктерде жеке сөздермен немесе еркін сөз тіркесімен аудару тәсілі қолданылады.

А) «Орысша-қазақша сөздіктен» мысалдар: ‘вилами на воде писано’ – ‘әлі белгісіз’; ‘ждать у моря погоды’ – ‘қол қусырып отыру’; ‘с бору да с сосенки’ – ‘қалай болса солай’ [48].

Ә) «Қазақша-орысша сөздіктен» мысалдар: ‘бел буу (немесе бел байлау)’ – ‘твердо решиться на что-нибудь’; ‘жыртық үйді жел табар, өтірік сөзді шын табар’ – ‘правда неминуемо побеждает ложь’; ‘көрмес түйеніде көрмес’ – ‘кто не хочет видеть, тот и верблюда не заметит’ [47, 400 б.].

Кенес дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін Казақстанда лексикографиялық жұмыс өрістеп, көп сөздіктер жарыққа шығуда. Ол сөздіктердің басым көпшілігі аударма сөздіктер.


Бақылау сұрақтары


1. Лексикографияның зерттеу нысаны.

2. Сөздіктердің түрлері.

3. Сөздіктердің жасалу жолдары.

4. Сөздіктердің бөліну тәсілі.

5. «Орыс тілінің этимологиялық сөздігінің» ең бірінші құрастырушы.

6. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» (10 томдық) авторы.

7. Диалектологиялық сөздіктің жасалу ерекшеліктері.

8. Орыс тіл біліміндегі алғаш рет шыққан түсіндірме сөздік.

9. Сөздің семантикалық дамуын көрсететін сөздік.

10. Семантикамен қоса мәдени ақпарат беретін сөздіктің атауы, оның сипаттамасы.