Павлодар, 2014

Орыс тіліндегі теориялық грамматикасының пәні мен мақсаты. Негізгі грамматикалық ұғымдар


Жоспар:

1) Орыс тілі грамматикасының пәні мен мақсаты.

2) Орыс тіл біліміндегі негізгі грамматикалық ұғымдар:

3) Грамматикалық форма.

4) Грамматикалық мағына.

5) Грамматикалық категория.

Орыс тілі грамматикасының пәні  сөздің грамматикалық ерекшеліктерін зерттеу.

Орыс тілі грамматикасының мақсаты  лингвистикалық, лингвомәдениеттану және теориялық аудармашы біліктіліктерін, орыс тілі дамуының негізгі кезеңдерін зерттей отырып, орыс тілінің қазіргі грамматикалық жүйесінің негізінде дамыту.

Орыс тілі грамматикасының міндеттері:

- орыс тілінің грамматикалық жүйесінің негізгі даму кезеңдері мен үрдістерінің дамуы туралы жүйелі білімді қарастыру;

- грамматикалық заңдылықтармен және ерекшеліктермен таныстыру;

- тілдің грамматикалық бірліктері туралы ғылыми көзқарастарын қалыптастыру;

- кәсіби маңызы бар және кәсіпке бағдарланған дағдылар мен біліктіліктерін теориялық білімді жалпылау негізінде қалыптастыру.

Орыс тіл біліміндегі негізгі грамматикалық ұғымдар

Грамматиканың әрі өте маңызды, әрі күрделі мәселелерінің бірі – грамматикалық форма туралы мәселе.

Грамматикалық форма туралы ұғым грамматикалық мағына және грамматикалық тәсіл туралы ұғымдармен тығыз байланысты. Грамматикалық мағына белгілі бір грамматикалық формамен айтылады. Ал грамматикалық тәсіл грамматикалық мағынаны грамматикалық форма арқылы білдірудің жолы болып саналады. «Грамматикадағы форма, өз ара бірлікте болатын грамматикалық мағына мен грамматикалық тәсілдің ара қатысы» [13, 314 б.]. Тілдегі грамматикалық мағына мен грамматикалық форма бір-бірімен тығыз байланыста болады. Белгілі бір грамматикалық формасы болған жағдайда ғана, грамматикалық мағына жайында сөз ете алмаймыз. Керісінше, белгілі бір форманың грамматикалық форма ретінде танылуы үшін, оның міндетті түрде грамматикалық мағынаны білдіруі қажет. Мысалы, Ананың сүті – бал, баланың тілі – бал (мақал) деген сөйлемдегі ана сөзі ілік септік формасында келіп, меншіктеуші мағынаны білдірсе, сүт сөзі тәуелдік формада келіп, меншіктелуші (тәуелді) мағынаны білдіреді.

Сөз әр түрлі тәсілдермен түрленіп, әлденше формаға ие болады. Сөздің өзгерген түрлерінің бәрін оның формалары деп қараймыз ба, жоқ, әлде оларды әр басқа сөздер деп танимыз ба? Бұл сұраққа жауап беру сөздің формалары туралы мәселенің тіл білімінде қаралу тарихына шолу жасауды қажет етеді.

Акад. Ф. Ф. Фортунатов және оның мектебі сөздің түрленуіне (сөз түрлендіруші формаларға) синтаксистік қатынастармен астарласып (байланысып) келетін формаларды, атап айтқанда, зат есімдердің септік бойынша түрленуін, сын есімдердің тек (род) және септік бойынша өзгеруін, етістіктердің жақ, шақ және рай формалары бойынша түрленуін жатқызған болатын [14].

Сөз формалары жайында Л. В. Щерба былай деп жазды: «Тіл білімінде сөз формалары дегеннен, әдетте, бір сөздің әр түрлі реңктерін немесе әр түрлі қызметіндегі бір ұғымды белгілейтін материалды әр түрлі сөздерді түсінеді... Писать және писатель тәрізді сөздер бір сөздің формалары болып саналмайды, өйткені біреуі іс-әрекетті көрсетсе, екіншісі белгілі бір бейімділігі бар адамды көрсетеді» [9, с. 76-77].

Академик В. В. Виноградов форма тудыруды (формообразование) кең түрде қарайды да, сөз тудырушы жұрнақтардан басқа форма тудыратын жұрнақтар бар деп есептейді. Ол зат есімдердің форма тудыратын жұрнақтарына күллі «субъективті мәнді жұрнақтарды» (кішірейткіш, ұлғайтқыш, еркелету, кемсіту мәнді жұрнақтар және т.б.), сын есімнің форма тудырушыларына салыстырудың әдеттегі түрлері (мысалы: добрый – добрее – добрейший) және олардың аналитикалық формалары ғана емес (мысалы: более добрый, самый добрый), сонымен бірге күшейткіш түрлерін де (мысалы: предобрый, преискусный), сапаның субъективті мәні бар формаларын да (мысалы: желтоватый, желтенький) жатқызады. Ал етістіктің форма тудырушыларына шақ пен рай формаларынан басқа инфинитив, көсемше, есімше және етіс формалары жатқызылған. Ғалым В. В. Виноградов орыс тіліндегі «петь – пою – пел – пел бы – буду петь – поющий – певший» формаларын бір ғана етістіктің грамматикалық формалары деп есептейді [11, с. 36].

Жоғарыда берілген ғылыми пікірлерге сүйенсек, сөз формаларының үш түрін ажыратуға болады: синтетикалық және аналитикалық формасы.

Сөздің синтетикалық формалары аффиксация мен дыбыстардың алмасуы (ішкі флексия) арқылы жасалады: қазақ тіліндегі сын есімнің салыстырмалы шырай формасы – жасырақ, көгірек, толығырақ т.б.; орыс тіліндегі күшейтпелі шырай формасы – глубочайший, чистейший).

Сөздің аналитикалық формасы негізгі (атауыш) сөз бен көмекші сөздің тіркесінен жасалады. Оның құрамына енетін атауыш сөз негізгі морфемаға барабар қызмет атқарса, көмекші сөз әр түрлі морфемаларға, яғни аффикстерге ұқсас қызмет атқарады.

Сөздің грамматикалық формалары жайындағы талдаулар мен баяндауларды жинақтай келгенде, мынадай қорытындылар жасауға болады:

1. Сөз әр түрлі формаларға ие болады. Кез-келген формаларда көрінетін сөздің екі жағы бар: лексикалық және грамматикалық мағынасы. Сөздің формалары оның аталған жақтарымен ұштасады.

2. Сөз әр түрлі тәсілдермен өзгеріп, алуан түрлі формаларда қолданылады. Алайда, сөздің лексикалық мағынасы өзгермей, тек грамматикалық мағынасы ғана өзгеріп отырады.

3. Сөзде қатар өмір сүретін, өз ара шарттас, бір-бірімен байланысты формалардың жүйесі бар. Сөздің әлденеше формаларының ішінен біреуі негізгі форма, басқалары сол негізгі формадан жасалған туынды формалар ретінде қаралады.

4. Сөз формаларының екі түрі бар: оның бірі – синтетикалық формасы, екіншісі – аналитикалық формасы. Сөздің синтетикалық формасы аффиксация тәсілі мен ішкі флексия арқылы жасалады. Аффиксация тәсілі дегенде, сөз формаларының префикс, суффикс, постфикс арқылы жасалатындығы туралы айтамыз. Ішкі флексия арқылы сөздің синтетикалық формаларының жасалуы көбінесе флективті сипаты бар тілдерге тән. Сөздің аналитикалық формасында атауыш сөз негізгі морфемаға тән қызмет атқарса, көмекші сөз аффикстік морфемаға ұқсас қызмет атқарады да, бүтін аналитикалық конструкция атауыш сөздің формасы ретінде танылады және оның сөз түрлендіру жүйесіне енеді.

Грамматикалық мағына

Тіл білімінде грамматикалық мағыналар тіл-тілде әр түрлі грамматикалық құралдар, амал тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағыналарды білдірудің жолы грамматикалық тәсіл деп аталады. Тіл-тілде грамматикалық тәсілдердің бірнеше түрі бар. Олар мыналар: аффиксация тәсілі, ішкі флексия тәсілі, қосарлану тәсілі, біріктіру тәсілі, көмекші сөздер тәсілі, сөздердің орын тәртібі тәсілі, екпін мен интонация тәсілдері.

Грамматикалық категория туралы ұғым грамматикалық мағына мен грамматикалық форма туралы ұғымдармен ұштасып жатады, олармен әрқашан тығыз байланыста болады. Грамматикалық мағына  грамматикалық категорияның элементі. Грамматикалық категория біртектес грамматикалық мағыналарды білдіретін грамматикалық формалардың жиынтығынан құралады. Ал «біртектес грамматикалық мағыналар» дегеннен әр басқа емес, өз ара шарттас, ыңғайлас, бір сипаттағы ғрамматикалық мағыналарды түсінеміз. Мысалы: грамматикалық шақ категориясы осы шақ, өткен шақ, келер шақ түрінде көрінгенімен, шақтың аталған түрлерінің мағыналарына – әр тектес, әр сипаттағы мағыналар емес, біртектес мағыналар, әйтеуір шақтық мағыналар. Шақ категориясы – жалпы құбылыс, жеке-нақтылы шақ – жалқы құбылыс.

Кейбір тілдерге тән белгілі бір грамматикалық категорияның өзі әр басқа тілдерде әр түрлі сипатта, әр түрлі дәрежеде көрінуі мүмкін. Мысалы, септік категориясы грамматикалық категория ретінде көптеген тілдерге тән, бірақ оның грамматикалық табиғат да, сан-мөлшері де әр түрлі тілдерде түрлінше: араб тілінде үш септік болса, орыс тілінде – алты, қазақ тілінде – жеті, эстон тілінде – он бес септік бар. Грамматикалық етіс категориясы көптеген тілдерде бар, бірақ оның өзгелік етіс (каузатив) деп аталатын түрі түркі тілдері мен грузин, латын, француз тілдеріне тән де, славян тілдерінде кездеспейді. Орыс тілінде грамматикалық тек категориясының (категория рода) уш түрі болса, француз тілінде оның екі-ақ түрі бар, онда тек категориясының аралық тек (средний род) деп аталатын түрі жоқ.

Грамматикалық категориялар туралы айтылғандарды жинақтай келгенде, мынадай қорытындылар жасауға болады:

1. Грамматикалық категория жалпылама сипаты бар грамматикалық мағына ретінде танылады да, ол грамматикалық мағына сөздердің өзгеріп түрленуі, сөйлемде тіркесуі арқылы көріне алады, солар арқылы беріледі. Грамматикалық категория жалпылама сипатқа ие болып, бір тектес, бір ыңғайлас грамматикалық мағыналарды білдіретін грамматикалық формалардың жиынтығынан құралады.

2. Грамматикалық мағынадан тыс, грамматикалық формадан тыс грамматикалық категория деген, әдетте, болмайды. Біртектес, бір ыңғайлас грамматикалық мағыналар грамматикалық формалармен беріліп, грамматикалық категорияның мазмұнына оның мағыналық элементі ретінде енеді.

3. Біртектес, бір ыңғайлас грамматикалық мағыналардың әрқайсысын грамматикалық мағына деген ұғым мен грамматикалық категория деген ұғымды бір-бірінен араластырып жіберуге соқтырады. Грамматикалық категория – жалпы құбылыс та, грамматикалық мағына – жалқы құбылыс.

4. Белгілі бір грамматикалық құбылыстың, атап айтқанда, біртектес грамматикалық мағыналардың грамматкиалық категория ретінде танылуы үшін, оның кемінде екі түрлі формада көрінуі шарт. Сонда ғана грамматикалық категория жайында сөз ете аламыз.

5. Грамматикалық категорияларда универсалды грамматиканың жалпы категориялары емес, туыстас тілдер тобының немесе жеке тілдердің грамматикалық құрылысының басты ерекшеліктері көрінеді және сөздердің сол ерекшеліктерге орайласа, сәйкес өзгеріп түрленуі көрініс табады. Осы себепті бір тілде немесе тілдердің бір тобында бар грамматикалық категориялардың күллісінің бірдей басқа бір тілдерде немесе тілдердің басқа бір топтарында бола беруі шарт емес. Алайда, белгілі бір грамматикалық категориялардың тілердің көпшілігіне немесе тілдердің топтарының басым көпшілігіне тән, ортақ болып келетіндігін жоққа шығаруға болмайды.

6. Грамматикалық категориялар сөздердің белгілі бір лексика-грамматикалық топтарына (сөз таптарынан) тыс өмір сүрмейді, қайта солардың біріне немесе белгілі бір тобына тән және оны сипаттайтын құбылыс ретінде сөз таптарымен байланысында қатарласа өмір сүреді. Әрбір тілдің грамматикалық категориялардың арасында заңды ара қатынас қалыптасады. Мысалы, грамматикалық жекелік-көптік (сан-мөлшер), септік категориялары, орыс тілінде грамматикалық тек (род) категориясы есім сөздерге, соның ішінде ең алдымен зат есім мен есімдіктерге тән және соларды сипаттайтын грамматикалық категориялар ретінде танылса, грамматикалық жақ, рай, шақ, етіс категориялары және орыс тіліндегі грамматикалық сипат (вид) категориясы етістікке тән және оны сипаттайтын категория ретінде танылады.


Бақылау сұрақтары


1. Орыс тілі грамматикасының пәні мен мақсаты.

2. Негізгі грамматикалық ұғымдар.

3. Грамматикалық форма түсінігі.

4. Грамматикалық мағына түсінігі.

5. Грамматикалық категория түсінігі.

6. Орыс тіліндегі септік категориясының грамматикалық мағыналары.

7. Орыс тіліндегі шақ категориясының грамматикалық мағыналары.

8. Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманы құрайтын жиынтық.

9. Сөздің әр түрлі тәсілдермен түрленетін грамматикалық ұғым.

10. Сөздің синтетикалық және аналитикалық формалары.