Жоспар:
1) Сөз таптарының тарихы.
2) Сөз таптарының классификациясы. Сөз таптарының лексикалық мағынасы.
3) Сөз таптарының лексикалық, морфологиялық және синтаксистік сипаттамасы.
Сөз таптарының тарихы
Жеке, нақтылы тілдердегі немесе тілдердің тобындағы сөздерді сөз таптарына топтастыруда сөз таптарының жалпы теориясына (общая теория частей речи) сүйену өте-мөте қажет. Әрине, жеке, нақтылы бір тілдегі сөз таптарының санын да, табиғатын да сол тілдің өзіндік ерекшеліктерін ескермей немесе сол ерекшеліктерге байланыссыз айқындау дұрыс болмаған болар еді. Бұл жерде әңгіме сөз таптарының жалпы теориясының жеке, нақытылы тілдердегі сөздерді сөз таптарына дұрыс топтастыра білуге қатысы жайында болып отыр. Жеке тілдердегі немесе тілдердің тобындағы сөз тобының грамматикалық ерекшеліктерін есепке ала отырып, сөз таптарының жалпы теориясына негізделу қажет. Мұнсыз сөздерді сөз таптарына классификациялау мәселесі өзінің дұрыс шешімін таба алмайды.
Тіл білімінде сөздерді негізгі немесе атауыш сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер деп әр түрлі топтарға бөледі. Атауыш сөздердің қатарына заттар мен құбылыстардың, сапа-белгінің және іс-әрекеттің атаулары жатады. Олардың әрқайсысында толық мағына бар және сөйлемде өздігінен дербес мүше ретінде қызмет атқара алады. Атауыш сөздердің қатарына зат есім, сын есім, үстеу, етістік және сан есімдер мен есімдіктер жатады. Көмекші сөздердің қатарына әр түрлі тілдердегі артикльдер, предлогтар, жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер енеді. Сөздер семантикалық, морфологиялық және синтаксистік белгілері бойынша сөз таптарына бөлінеді.
А. А. Шахматовтың айтуы бойынша, әрбір сөз табының мағынасы сөздің негізгі (лексикалық) мағынасы мен оған қосымша грамматикалық ұғымдардың, грамматикалық категориялардың жиынтығынан құралады. Орыс тіліндегі зат есімдерде негізгі атауыш түсініктер грамматикалық жекелік-көптік, род, септік категорияларымен ұштасады да, етістіктерде грамматикалық шақ, рай, жақ, т.б. категориялармен ұштасады. А. А. Шахматовтың бұл жерде «мағына» жайында емес, «түсінік» жайында әңгіме етуінің себебі оның грамматикалық теориясына тән психологизмге байланысты екендігі аңғарылады [15, c. 422].
Академик В. В. Виноградов сөз таптарын лексика-грамматикалық топтары деп есептейді. Академиктің пайымдауынша, сөз лексикалық және грамматикалық мағыналардың ішкі конструктивті бірлігі болып табылады [11, c. 15].
Сонымен, тіл білімінде сөз таптары және олардың классификациясы туралы мәселе сөз таптарының жалпы теориясы тұрғысынан қаралуға тиіс деп есептейміз.
Сөз таптарының классификациясы. Сөз таптарының лексикалық мағынасы
Тіл білімінде ертеден бастап, сөздерді негізгі немесе атауыш сөздер (знаменательные слова), көмекші сөздер және одағай сөздер деп әр түрлі топтарға бөлу дағдысы бар. Атауыш сөздердің қатарына заттар мен құбылыстардың, сапа-белгінің және іс-әрекеттің атаулары жатады. Олардың әрқайсысында толық мағына бар және сөйлемде өздігінен дербес мүше ретінде қызмет атқара алады. Атауыш сөздердің қатарына зат есім, сын есім, үстеу, етістік және шартты түрде сан есімдер мен есімдіктер жатқызылып жүр. Көмекші сөздерде атауыш сөздердегідей дербестік жоқ. Лексикалық мағынаның әлсіреп күңгірттенуі және ондай мағынаның грамматикалық мағынамен ұласып кетуі, сөйлемде дербес мүше бола алмауы көмекші сөздерді сипаттайтын және оларды атауыш сөздерден ажырататын белгілер болып саналады. Көмекші сөздердің қатарына әр түрлі тілдердегі артикльдер, предлогтар, жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер енеді.
Тіл білімінде сөз таптарының табиғаты жайында әр түрлі көзқарастар мен байымдаулар бар. Олардың бірі бойынша, сөз таптары сөздердің лексика-грамматикалық категориялары болып саналса, екіншілері бойынша, сөз таптары сөздердің формалды-грамматикалық категориялары, үшіншілері бойынша, сөздердің таза грамматикалық топтары болып саналады.
Сөз таптарын сөздердің лексика-грамматикалық категориялары деп қарайтындар сөздер өзіне тән белгілері, атап айтқанда, семантикалық, морфологиялық және синтаксистік белгілері бойынша топталады.
Орыс тіл білімінде сөз таптарын таза грамматикалық категория деп қарайтын лингвистер де бар. Мысалы, О. П. Суник сөз таптарын жүйелеуде негізгі алынып жүрген заттылық, атрибутивтік, іс-әрекет тәрізділерді лексикалық мағына емес (ал А. А. Шахматов бұларды лексикалық мағынамен ұштастырады), жалпы грамматикалық мағына деп есептейді. Оның пікірінше, заттылық (предметность) – зат есімдерге тән және оны басқа сөз таптарынан ажырататын жалпы грамматикалық мағына (общеграмматическое значение). О. П. Суник сөз таптарының әрқайсына тән жеке грамматикалық категориялар мен мағыналарды, грамматикалық формаларды сөз таптарын ажырататын белгілер ретінде емес, сөз таптарының жалпы грамматикалық мағынасынан туатын құбылыстар деп қарайды. Сонымен, ғалым-лингвист сөздерді сөз таптарына классификация жасауда сөз таптарының жалпы грамматикалық мағыналары – заттылық, атрибутивтік, процессуалдық және т.б. мағыналарды негізге ала отырып, сөз таптарын таза грамматикалық категория ретінде қарастырады [16, c. 113-116].
Сөз таптарын А. А. Реформатский де грамматикалық категория деп санайды. Ол былай жазады: «Сөз таптары – грамматикалық категориялар, олардың құрамы мен орналасуы әрбір тілде басқаша болады және олар өздерінің лексикалық қасиеттерімен емес, морфологиялық және синтаксистік ерекшеліктерінің жиынтығымен және мүмкіндіктерімен айқындалады» [13, c. 324].
Біздің байқауымызша, сөз таптарын лексика-грамматикалық категориялар немесе сөздердің лексика-грамматикалық топтары деп қарайтын лингвистердің байымдаулары ғылыми жағынан дәлелді деген ойдамыз.
Сөздердің белгілі бір тобы белгілі сөз табы ретінде қарастырылғанда, ең алдымен, оның білдіретін мағынасы есепке алынады да, зат есімдер тобына тән мағына – заттылық мағына, сын есімдер тобына тән мағына – процессуалдық мағына ретінде қаралып, аталған мағыналарды лингвистердің бірі лексикалық мағынаның (А.А. Шахматов) немесе лексика-семантикалық мағынаның қатарына жатқызса (В. М. Жирмунский), екіншілері категориалды мағынаның (категориальная семантика) қатарына (А. Н. Савченко, А. Н. Тихонов, А. Ы. Ысқақов және т.б.), үшіншілері грамматикалық мағынаның қатарына жатқызды (Н. С. Поспелов, М. И. Стеблин-Каменский, О. П. Суник, Э. В. Севортян, Б. И. Косовский және т.б.).
Сөз таптарының морфологиялық және синтаксистік сипаттамасы
Тіл білімінде сөз таптарын бір-бірінен ажыратуда грамматикалық белгілер де негізге алынады. Грамматикалық белгілердің өзі екі түрлі: оның бірі – морфологиялық белгі, екіншісі – синтаксистік белгі.
Морфологиялық белгінің қатарына сөз тудыру формалары мен сөз түрлендіру формалары енеді. Сөз тудырушы аффикстер (жұрнақтар) сөз таптарына телініп, соған орай, олардың грамматикалық белгісі ретінде қызмет атқара алады. Мысалы: -шы (-ші), -м (-ым, -ім); -ник, -чик, -щик т.б. жұрнақтары зат есімдерге (етікші, жұмысшы, малшы, жылқышы, жазушы, қайықшы; өнім, киім, білім, ұғым, соғым тізім, сенім, тыным; лесник, переводчик, сварщик және т.б.), - лы (-лі, ды, -ді, -ты, ті), -ғыш (-гіш, қыш, кіш); -н, -ан, -еньк, -енн т.б. жұрнақтары сын есімдерге (сулы, денелі, ажарлы, пайдалы, тұзды, кеуделі, тасты, жемісті, ұқыпты, ойлы, көңілді; жазғыш, білгіш, сезгіш, тапқыш, айтқыш, сенгіш; лесной, кожаный, маленький, торжественный және т.б.), тән жұрнақтар ретінде қаралады да, бір сөз табын екінші сөз табынан ажыратуға көмектеседі.
Сөз таптарының сөз түрлендіру жүйесі арқылы ажыратылуы грамматикалық категориялармен барып ұштасады. Мысалы, жекелік-көптік категориясы, септік категориясы көптеген тілдерде, соның ішінде орыс тілі мен қазақ тілінде, зат есімдерге тән және оны сипаттайтын категория ретінде ұғынылады. Түркі тілдеріндегі зат есімдерге бұған қоса тәуелдік категориясы өте-мөте тән. Грамматикалық тек (род) категориясы мен септік категориясы орыс тілінде зат есімдермен қиыса байланысатын сын есімдерге тән грамматикалық категория ретінде ұғынылады.
Сөз таптарының синтаксистік белгісі олардың сөйлем мен сөз тіркесінің құрамында атқаратын қызметтерімен айқындалады. Ол қызметтің мазмұнына белгілі бір сөз табына телінетін сөздің сөйлемге мүше болу қызметі ғана емес, мұнымен бірге оның сөйлемде немесе сөз тіркесінде басқа сөздермен тіркесу, олармен байланысу ерекшелігі де енеді.
Бір сөз табына телінген сөздердің басқа сөз табына қатысты сөздермен тіркесу қабілеті және олардың сөйлемдегі қызметі туралы төмендегі жайларды атап айту қажет. Зат есімдер етістіктермен тіркеседі де, сөйлемнің тәуелсіз мүшесі (бастауыш) ретінде қызмет атқарады.
Сонымен, сөз таптары бір-бірінен жалпы категориалды мағынасы, морфологиялық және синтаксистік белгілері арқылы ажыратылады. Бұл белгілердің ара салмағы сөз таптарының барлығында бірдей бола бермеуі мүмкін. Мысалы, ағылшын тілі мен түркі тілдерінде сын есімдер мен үстеулер морфологиялық көрсеткіштерге бай емес. Осылай болғандықтан, аталған тілдерде сын есімдер мен үстеулер басқа сөз таптарынан сөз түрлендіруші формаларға тапшы болуы жағынан және жалпы категориялды мағына мен синтаксистік қызмет деп аталатын белгілері жағынан ажыратылады.
Бақылау сұрақтар
1. Сөздердің сөз таптарына жүйелену қағидалары.
2. Орыс тіл біліміндегі сөз таптарының жүйесі туралы ғылыми пікірлер.
3. Зат есімге жататын сөздердің лексикалық сипаттамасы.
4. Орыс және қазақ тілдеріндегі сөз таптары жүйесінің ерекшеліктері және айырмашылықтары.
5. Етістік табына жататын сөздердің жалпы семантикалық мағынасы.
6. Белгілі бір сөз табына жататын сөздердің синтаксистік қызметі.
7. М. В. Ломоносовтың сөз таптары жүйесіне қосқан үлесі.
8. Сын есімге жататын сөздердің морфологиялық ерекшеліктері.
9. Сөз таптары жүйесіндегі одағай мен шылау туралы қалыптасқан ғылыми пікір.
10. Орыс тіліндегі есімдіктің түрлері, олардың сипаттамалары.