Павлодар, 2014

Синтаксистік бірліктер және олардың жасалуы. Мәтін синтаксисі. Дискурс категориясы


Жоспар:

1) Сөз тіркесі орыс тіл білімінің синтаксистік бірлігі ретінде.

2) Орыс тіл біліміндегі сөз тіркесінің түрлері.

3) Орыс тіл біліміндегі сөйлемді жүйелеу қағидалары.

4) Мәтін туралы түсінік және оның сипаттамасы.

5) Дискурс ұғымы.

Сөз тіркесі орыс тіл білімінің синтаксистік бірлігі ретінде

Тіл білімінің синтаксистік бірліктеріне сөз тіркесі және сөйлем жатады.

Сөз тіркесі - мағыналық жақтан да, грамматикалық жақтан да өз ара байланыста, бірлікте болатын, толық мағыналы кемінде екі сөздің тіркесі.

Сөз тіркесі сөйлем құрамында қолданылғанда ғана және тек сөйлем арқылы тілде коммуникативтік қызмет атқара алады.

Академик В. В. Виноградов сөз тіркестерінің тілдің коммуникативті және номинативті құралдарының қатарына енетіндігі жайында былай дейді: «Сөйлем құрамында ғана және сөйлем арқылы сөз тіркестері тілдің коммуникативті құралдарының жүйесіне ене алады. Сөйлемнен тыс, тек соған керекті құрылыс материалы ретінде қаралатын сөз тіркестері сөздер тәрізді болады да, тілдің номинативті құралдарының саласына, заттарды, құбылыстарды, процестерді белгілеу құралдарының қатарына енеді». [17, с. 3].

Маңызды мәселелердің бірі – сөз тіркестерін топтастыру мәселесі. «Қазіргі орыс әдеби тілінің грамматикасында» сөз тіркестері жаңаша топтастырылған. Құрамына қарай сөз тіркестері жалаң сөз тіркесі, күрделі сөз тіркесі және аралас сөз тіркесі (комбинированное словосочетание) болып үшке бөлінеді. Сөз тіркестерін бұлайша топтастыруда сөз тіркесінің құрамында сөздердің саны емес, оның қандай байланыстың негізінде жасалғандығы ескеріледі.

Жалаң сөз тіркесі (простое словосочетание) деп сөздердің бір еселі, екі еселі немесе үш еселі байланысына негізделген тіркесін айтамыз. Жалаң сөз тіркестері екі мүшелі (мысалы: сөзді тыңдау), үш мүшелі (мысалы: кітапты оқушыға беру, шөпті қораға тасу), төрт мүшелі (мысалы: шығарманы орысшадан қазақшаға аудару) болып бөлінеді. Мысалға келтірілген екі мүшелі, үш мүшелі, төрт мүшелі жалаң сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің бәрі де меңгеру арқылы байланысқан.

Жалаң сөз тіркестерінің негізінде күрделі сөз тіркестері мен аралас сөз тіркесі жасалады.

Күрделі сөз тіркесі (сложное словосочетание) екі немесе одан да көп жалаң сөз тіркесінің қосындысынан жасалады да, бір ғана ұйытқы сөзге келіп тірелетін әр басқа байланыстардың жиынтығына негізделеді. Мысалы: шығарманы қызығып оқу деген күрделі сөз тіркесі екі жалаң сөз тіркесінен (шығарманы оқу және қызығып оқу) құралып, бір ғана ұйытқы сөзге (оқу) келіп тірелетін екі түрлі байланыс – меңгеру (шығарманы оқу) мен қабылдау (қызығып оқу) түйісіне негізделген.

Күрделі сөз тіркесі бір ғана ұйытқы сөзге тірелетін екі не одан көп әр басқа байланыс түрлерінің негізінде жасалса, аралас сөз тіркесі әр басқа ұйытқы сөздерге тірелетін әр түрлі байланыстардың негізінде жасалады [3, с. 537]. Мысалы: мазмұнды шығарманы қызығып оқу деген аралас сөз тіркесі әр басқа ұйытқы сөздерге тірелетін әр түрлі байланыстың негізінде жасалып, бірнеше сөз тіркестерінің түйісуінен құралған. Бұл аралас сөз тіркесінің құрамында мынадай сөз тіркестері бар: мазмұнды шығарма (қабыса байланысқан сөз тіркесі, ұйытқы сөзі – шығарма), шығарманы оқу (меңгеріле байланысқан сөз тіркесі; ұйытқы сөзі – оқу) және қызығып оқу (қабыса байланысқан сөз тіркесі; ұйытқы сөзі – оқу). Орыс тілінде увлеченно читать интересную книгу деген сөз тіркесі аралас сөз тіркесінің қатарына жатқызылады да, оның құрамы былайша талданады: увлеченно читать, читать книгу, интересная книга [3, с. 537].

Сөз тіркесіндегі ұйытқы сөздің қай сөз табынан болуына қарай, орыс тілінде жалаң сөз тіркестері (простое словосочетание) мен күрделі сөз тіркестері (сложное словосочетание), етістікті сөз тіркестері (глагольное словосочетание) (ұйытқы сөзі – етістік), субстантивті сөз тіркестері (субстантивное словосочетание) (ұйытқы сөзі – зат есім, есімдікті-зат есім немесе есептік сан есім), адъективті сөз тіркестері (ұйытқы сөзі – сын есім, есімдікті-сын есім немесе реттік сан есім) және үстелуі сөз тіркестері (ұйытқы сөзі – үстеу) болып бөлінеді. Сөз тіркестерінің олардағы ұйытқы сөздердің қай сөз табынан болуына қарай осылайша топтастыру түркі тілдері, соның ішінде қазақ тілі үшін де тиімді және дұрыс болмақ.

Сонымен, сөз тіркестерінің құрылымы, олардың моделдері сөз тіркесіндегі ұйытқы сөздің қай сөз табына қатысты болуына және категориялды мағынасы мен қасиетіне қарай айқындалады. Белгілі бір сөз табына енетін сөздердің басқа бір сөз табына телінетін сөздермен тіркесу мүмкіндігі ол сөздердің сөз табы ретіндегі жалпы категориалдық мағынасы, жеке грамматикалық мағыналарының жүйесі және оның сөз табы ішіндегі белгілі бір семантикалық топқа телінуі, бір сөзбен айтқанда, сөздің категориалдық қасиеті айқындайды. Құрамына қарай сөз тіркестері жалаң, күрделі бір ғана ұйытқы сөзге тірелетін әр басқа байланыстырдың негізінде жасалса, аралас сөз тіркесі әр басқа ұйытқы сөздерге тірелетін әр түрлі байланыстардың негізінде жасалады.

Орыс тіл біліміндегі сөйлемді жүйелеу қағидалары

Сөйлем - ең басты тілдік бірліктердің бірі. Ол өзімен сырттай ұқсас тілдік басқа құбылыстардан ең алдымен коммуникативті қызметі, яғни шындық болмыстың әйтеуір бір бөлшегі жайында хабар беру қызметі жағынан ажыратылады. Демек, сөйлем – толық коммуникативті қызметі бар синтаксистік бірлік.

Сөйлем - коммуникативті қызметімен, яғни шындық болмыстың бір бөлшегі жайында хабар беретін қызметімен сипатталатын синтаксистік бірлік. Сөздің де, сөз тіркесінің де қызметі - номинативті қызмет болса, сөйлемнің қызметі - коммуникативті қызмет.

Сөйлем – құрылымдық үлгісі бар синтаксистік конструкциялардан, мысалы, сөз тіркесінен өзгеше болады. Сөйлемнің құрылымдық үлгісі оның (сөйлемнің) дербес бірлік ретінде, атап айтқанда, сөйлеудің дербестігі бар бөлшегі ретінде қызмет атқаруына мүмкіндік береді. Тілдік бірлік ретінде сөйлемге сөйлеуде дербес қолданылуға мүмкіндік беретін құрылымдық үлгі – бастауыш-баяндауыштық құрылымдық үлгі. Бастауыш-баяндауыштық құрылым – синтаксистік басқа конструкцияларға емес, сөйлемге тән құрылым. Ал сөйлем болса, ол, жоғарыда аталып өткендей, толық коммуникативті қасиетімен, яғни бірдеме жайында хабар беру қызметімен сипатталатын синтаксистік бірлік.

Сөйлем әр түрлі грамматикалық амал-тәсілдер арқылы бірдеменің осы, өткен немесе келер шақта іске асуын білдіреді немесе оның ықтимал, қалаулы яки қажетті екендігін білдіреді. Аталған грамматикалық мағыналардың баршасы, күллі жиынтығы объективті-модальдық (объективная модальность) мағыналар немесе объективті-модальды мағыналар белгілі бір грамматикалық амал-тәсілдер (құралдар) арқылы берілетін синтаксистік категориялар – синтаксистік шақтар мен райлардың жүйесін құрайды. Сөйлемде объективті модальдылық пен синтакистік шақ мағыналарының арнаулы грамматикалық құралдарымен берілуі, яғни предикативтілік категориясының болуы, жай сөйлемнің дербес синтаксистік категория ретіндегі басты белгісі болып саналады.

«Қазіргі орыс әдеби тілінің грамматикасында» синтаксистік шақ категориясы мен объективті-модальдылық категориясы былайша түсіндіріледі: синтаксистік шақ категориясы, біріншіден, сөйлемнің өзінің құрылымдық үлгісі, екіншіден, етістіктер үлгілері, сөйлемнің тұрлаулы мүшесін жасайтын негізгі етістіктер, үшіншіден, етістіктерсіз үлгілермен, сөйлем құрамына арнайы ендірілетін быть деген көмекші етістікпен беріледі. Мысалы, орыс тілінде (1) Сын работает. (2) Ночь темна. (3) Тишина деген сөйлемдер осы келтірілген түрінде синтаксистік осы шақты білдіреді. Синтаксистік осы шақ бірінші сөйлемде оның құрылымдық үлгісіне міндетті сыңары (компоненті) ретінде енетін етістік сөзбен берілсе, екінші, үшінші сөйлемде де – етістік сөздің қатынасынсыз, сөйлемнің өзіндік құрылымдық үлгісімен берілген. Аталған сөйлемдердің снтаксистік шақтар бойынша түрленуі арқылы олардың орыс тілінде мынадай формалары жасалады: осы шақта: Сын работает. Ночь темна. Тишина; өткен шақта: Сын работал. Ночь будет темна. Будет тишина. Бірінші сөйлемде (Сын работает) синтаксистік шақтардың мағыналары баяндауышты жасайтын негізгі етістіктің әр түрлі морфологиялық формалары арқылы берілсе, соңғы екі сөйлемде (Ночь темна. Тишина) синтаксистік осы шақтың мағынасы – сөйлемнің өзіндік құрылымдық үлгісімен, синтаксистік өткен шақ пен келер шақтың мағыналары шақтық мағынаның абстракты көрсеткіші ретіндегі быть деген көмекші еітстік формаларының сөйлеу құрамына ендірілуі арқылы берілген. Синтаксистік шақ категориясы да, негізінен алғанда, сондай тәсілдермен жасалады. Синтаксистік рай категориясының жасалуына бұған қоса синтаксистік демеуліктердің де қатысы бар.

Сонымен, сөйлем дегеніміз – хабарлаудың дербес синтаксистік бірлігі, оның грамматикалық мағынасы – предикативтілік те, формасы – синтаксистік шақтар мен райларды білдіретін арнайы грамматикалық тәсілдердің жүйесін қамтып иеленген ең кіші құрылымдық үлгі.

Сөйлемге тән белгі – предикативтілік.

Предикативтілік  әрбір сөйлемге тән басты белгі. Предикативтік сөйлемнің грамматикалық мағынасы ретінде танылады.

Сөйлемге тән белгілердің бірі – интонация. Сөйлем белгілі бір интонациямен айтылады. Интонация – сөйлемнің органикалық элементі. Сөйлем жеке сөзден де, сөз тіркесінен де құрылымдық үлгісі жағынан ғана емес, интонацияға ие болу жағынан да ажыратылады. Жеке сөздер немесе сөз тіркестері кейде сөйлем түрінде жұмсалады. Олардың сөйлем түрінде жұмсалуы үшін міндетті түрде сөйлемге тән интонациямен айтылуы шарт. Сонда ғана олар сөйлем ретінде ұғынылады. Бұған қоса, олар грамматикалық мағыналары жағынан, әрине, предикативтілікті білдіруі шарт (мысалы: Түн. Вокзал. Қаптаған жүргіншілер).

Жоғарыда әрбір сөйлемде объективті-модальдық мағына болады дедік. Сөйлемде мұнан басқа белгілі бір субъективті-модальдық мағына да болуы мүмкін. Субъективті-модальдық мағына сөйлеушінің нені айтқысы, хабарлағысы келсе, соған қатысын, атап айтқанда, түгелдей хабарға (сообщение) немесе оның әйтеуір бір бөлшегіне қатысын білдіреді. Субъективті-модальдық мағынаның қатарына күшейту мен әсерлеу, сенімділік пен сенімсіздік, құптау мен жақтырмау және т.б. осылар тәріздес мағыналар енеді. Мұндай мағыналар белгілі бір тілдік құрал-тәсілдер беріледі.

Сондай құрал-тәсілдердің бірі – интонация. Интонация әр алуан субъективті-модальдық мағыналарды білдіретін тәсіл ретінде қолданылады. Мысалы, лепті интонациямен айтылған сөйлем алуан түрлі экспрессивті мағыналарды білдіреді. Интонация тәсілі сұраулық демеуліктермен ұштаса келіп, риторикалық сұрақпен айтылатын сөйлемдер жасалады да, олар әр түрлі эмоцияны білдіреді.

Сөздердің орын тәртібі де сөйлемде субъективті-модальдық мағыналарды білдіру тәсілі ретінде қолданылуы мүмкін. Мұндайда сөздердің орын тәртібі тәсіліне интонация тәсілі келіп ұштасады.

Субъективті-модальдық мағыналарды білдірудің бір тәсілі – қосарлану тәсілі. Қосарлану тәсілі қомсыну, кемсіну, күшейту, бірнеше рет қайталау тәрізді және т.б. мағыналарды білдіреді. Қосарлану субъективті-модальдық мағыналарды білдіруде өте-мөте түркі тілдерде жиі қолданылады. Бұл тәсіл орыс тілінде де бар. Мысалы: Кругом леса-леса. Пошумят-пошумят и успокоятся. Никогда не видел такого синего-синего моря. Быстро-быстро собрался.

Тіл-тілде әр түрлі субъективті-модальдық мағыналарды білдіретін арнаулы конструкциялар, атап айтқанда, сөйлемдердің құрылымдық үлгілері, баяндауыш пен басқа мүшелердің құрылу үлгілері бар. Мысалы: Что за церемонии! Так и поверил ему! Устроили концерт – не концерт, спектакль – не спектакль.

Сөйлемде алуан түрлі субъективті-модальдық мағыналарды білдіру үшін сөздерге демеуліктер тіркесе қолданылады немесе сөйлем ішінде одағайлар қолданылады.

Сонымен, сөйлем жайында айтылғандарды жинақтай келгенде, мынадай қорытындылар жасауға болады.

1. Сөйлем – коммуникативті қызметімен, яғни шындық болмыстың бір бөлшегі жайында хабар беретін қызметімен сипатталатын синтаксистік бірлік.

2. Сөздің де, сөз тіркесінің де қызметі – номинативті қызмет болса, сөйлемнің қызметі – коммуникативті қызмет.

3. Сөйлемнің құрылымдық үлгісі – бастауыш – баяндауыштық үлгі. Бастауыш-баяндауыштық құрылым – синтаксистік басқа конструкцияларға емес, сөйлемге ғана тән құрылым.

4. Сөйлемге тән белгілердің бірі – интонация. Сөйлем тілдік басқа құбылыстардың интонациялық белгісі жағынан да ажыратылады.

5. Сөйлем объективті-модальдық категориясы, синтаксистік шақ және рай категорияларымен және осы категорияларды білдіретін құралдардың жүйесімен сипатталады.

6. Предикативтілік – әрбір сөйлемге тән басты белгі. Предикативтік сөйлемнің грамматикалық мағынасы ретінде танылады.

7. Сөйлемде объективті-модальдық мағынадан басқа субъективті-модальдық мағына да болады. Субъективті-модальдық қатарына күшейту мен әсерлеу, құптау мен жақтырмау, сену мен күдіктену және т.б. осылар тәріздес мағыналар енеді. Субъективті-модальдық мағына алуан түрлі құрал-тәсілдер, атап айтқанда, интонация тәсілі, қосарлану тәсілі, одағай мен демеуліктер және т.б. тәсілдер арқылы беріледі.

Мәтін туралы түсінік және оның сипаттамасы

Мәтін – кең ауқымды тілдік құбылыс.

М. М. Бахтиннің аңықтамасы бойынша, мәтін – бұл барлық гуманитарлық пәндердің және «жалпы барлық гуманитарлық – филологиялық ойдың» алғашқы шындығы [18, 37 б.]. Мәтін сол тікелей шындық (ақиқат), осы пәндер мен осы ой туындай алатын ой мен іштей ойлап қайғырудың (бастан кешірудің) шыңдығы болып табылады. Мәтін жоқ жерде зерттеу үшін және ойлау үшін нысан жоқ. Көркем мәтін мазмұны оқырманнан мағынасы ашуды талап етеді, өйткені шынайы көркем мәтін әрдайым көпмағыналы және имплицитті, ауыспалы мағыналы ақпараттың болуымен сипатталады. «Осыған байланысты интерпретация (түсіндіру, талдау) ұғымы толық белгілі мағынаға ие болады... Интерпретация – бұл ойлаудың жұмысы, ол айқын мағынаны (мәнін) ашудан, тура мағына астарында жатқан мағыналардың деңгейін ашудан тұрады», – деп жазады П. Рикер [19, 2 б.]. Сонымен, интерпретацияның жетістігі мәтіндегі қатынастардың түрлерін анықтаумен және оның элементтерінің байланысын орнатумен байланысты. Мәтін құрылымын талдау түсіндіруден бұрын жүргізілуі тиіс, ал кейін мазмұнды қорытындылармен толықтырылып, олармен сәйкестенуі қажет.

Көркем туындының мәтіндік құрылымын талдаудың негізгі міндеттері:

1) ерекше эстетикалық ақиқат (шындық) ретіндегі көркем мәтіннің белгілері мен негізгі категорияларын айқында

2) тұтас (біртұтас) мәтіннің құрылу тәртібін (принципін) қарастыру;

3) мәтіндегі авторлық көзқарастың көрсетілу жолдарын анықтау;

4) көркем мәтінді филологиялық талдауға деген әр түрлі көзқарастармен, оны түсіндірудің (интерпретациялаудың) түрлі жолдарымен таныстыру;

5) талдау әдістемесін анықтау;

6) мәтіншілік қатынсаты қарастыру және көркем мәтінді ұйымдастырудағы оның рөлін анықтау;

7) көркем мәтін мен оның бөлек категорияларын талдау дағдыларын қалыптастыру.

Көркем мәтінді филологиялық талдау оқырманның, филологтардың мәтінді толыққанды түсінуіне жол ашады. Бұндай зерделеу әдебиет теориясынан, мәтін теориясының, поэтикадан, стилистикадан және т.б. алынған білімге сүйенеді. Көркем мәтінді мәтіндік құрылымына қарай оған әдебиеттанушылық және лингвистикалық амалдардың өзара әрекеттестігін көздейді. Бұл ретте тұтастыққа, бейнелілікке және функционалдыққа ие болған көркем мәтін эстетикалық феномен ретінде, яғни онда өз кезегінде белгілі коммуникативті бірлік ретінде; тілдік құралдардың жеке динамикалық жүйесі ретінде де қарастырылады. Мұндай амал «мағынаның өлі іздерінің тірі мағынаға айналуын» анықтауға мүмкіндік береді. Ол әдебиеттің «алғашқы элементі» – тілді қарастыруға сүйенбейтін қорытындылар мен бақылаулардың субъективизмін және импрессионистілігін женуге, және шығарманың бейнелілік қрылымын қарастыруға негізделетін жай-күйін жандандыруға мүмкіндік береді.

Дискурс категориясы

«Дискурс» терминнінің нақты сипаттамасын беру қазіргі тіл білімі мен жалпы ғылымдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Себебі, «дискурс» ұғымының таралу аймағы өте кең. Ол лингвистикамен қоса, әдебиеттану, әлеуметтану, логика, философия сияқты басқа түрлі ғылымдардың аражігінде қолданылады.

Қазіргі кезде дискурстың бірнеше тұжырымдамасы бар. У.Чейфтің пікірінше, дискурс, шынында, көп қырлы ұғым, оның бірді-екілі белгісіне қарап, оған қысқа сипаттама беруге болмайды. Дискурстың ең танымал және ерекше белгілері – «ауызша сөйлеу тәжірибесі» мен «тілді қолдану» [20, 351 б.].

Дискурс ұғымына едәуір толық сипаттама жасаған Н. Д. Арутюнова, онда: «Дискурс – это связный текст в совокупности с экстралингвистическими, прагматическими, социальными, культурными и психологическими факторами; текст, взятый в событийном аспекте; речь, рассматриваемая как социальное действие, как компонент, участвующий во взаимодействии людей и механизмов их сознания; речь, погруженная в жизнь» делінген [21, с. 136].

Көріп тұрғанымыздай, жоғарыда берілген анықтамада дискурс феномені функционалдық аспектіде қарастырылады, оның динамикалық қасиеті айқындалады.

Қазақстандық ғалым К. Қ. Садирова дискурсты коммуникативтік, когнитивтік және тілдік белгілердің жиынтығы деп береді: «Дискурс коммуникативтік, когнитивтік, тілдік құрастырушыларының тұтасынан пайда болады. Коммуникативтікке белгілі бір тіл өкілінің – тілдік тұлғаның дискурста орындайтын ролі мен позициясы енеді, когнитивтікке дискурс хабарламасында мазмұндалатын білім типі кіреді, тілдік сипатына тілдік тұлғаның құзыреті кіреді». Ары қарай автор былай тұжырымдайды: «Дискурс дегеніміз – коммуникацияға қатысушылардың санасындағы әлемнің психологиялық бейнесін сөз жағдаятында модельдеу күйі мен әрекеті, олардың коммуникативтік міндетке сай ақпараттық мазмұнда өзектелуі мен тілдің (лексикалық және грамматикалық мағыналы сөздер тіркесімділігінің, синтаксистік құрылымдардың) айтылым сапасында шоғырлануы, сол айтылымның болу шартын жинақтаған коммуникация кеңістігі» [22, 9-10 б.].

Ю. С. Степановтың анықтамасында дискурс әлеуметтік болмыстың ерекше белгісі ретінде қарастырылады: «дискурс – это «язык в языке» и он существует в таких текстах, «за которыми встает особая грамматика, особый лексикон, особые правила словоупотребления и синтаксиса, особая семантика, – в конечном счете, – особый мир» [23, с. 44-45].

Қазіргі лингвистикалық ғылымда «дискурс» пен «мәтін» терминдерінің аражігі кең қарастырылуда. Ғылыми зерттеулерде мәтін сөйлеудің жазбаша, ал дискурс болса, ауызша түріне жатады. Алайда, қазіргі таңда дискурс сөйлеудің жазбаша түрі деп саналып жүр.

Г. Г. Бүркітбаева пікірі бойынша, мәтін дискурстың құрылымына енеді: «между текстом и дискурсом могут быть определены как отношения включения – текст  дискурс» [24, с. 11].

Н. А. Алефиренко дискурсты сөйлеу үрдісі ретінде қарастыра отырып, үрдіс пен одан алған нәтиже оппозициясын ұсынады: «Дискурс – процесс речевой деятельности, а текст – его продукт; первое связано с динамикой, второе – со статикой» [25].

Сонымен, жоғарыда айтылғанды қорытындылай отырып, мынадай тұжырымдама жасауға болады: қай ұғымды қолдансақ та, «мәтін» болсын, «дискурс» болсын, барлық жағдайда тіл өзінің тірі қолданысында зерттеледі. Тілдің «тірі қолданысы» дегеніміз, ол – жазушының тілі, оның даралық қолтаңбасы (жазушы стилі = жазушы дискурсы).

«Дискурс» ұғымының толық сипаттамасын жасау үшін оған пәнаралық тұрғыдан жан-жақты тоқталу қажет деп ойлаймыз. Оның ішінде лингвистика саласында дискурс ұғымы басқа да психология, философия, әлеуметтану ғылымдарына қарағанда, барынша толық әрі жан-жақты сипатталатынын атап өту керек. Демек, дискурс ұғымын лингвистиканың бір нысаны ретінде қарауға болады.


Бақылау сұрақтар


1. Синтаксис бөлімінің нысаны.

2. Сөз тіркесі жайлы түсінік. Сөз тіркесінің түрлері.

3. Сөйлем туралы түсінік. Сөйлемнің қызметі.

4. Предикативтілік ұғымы.

5. Сөйлемнің объективті-модальдық және субъективті-модальдық категориясы.

6. Мәтін туралы түсінік және оның сипаттамасы.

7. Мәтінің қарым-қатынастағы рөлі.

8. Дискурс категориясы. Дискурс жайлы қалыптасқан ғылыми пікірлер.

9. Дискурстың қызметі.

10. «Дискурс» пен «мәтін» ұғымдарының ара қатынасы.