Қазіргі таңда аудару қызметінің ауқымы кеңейіп, әлеуметтік маңыздылығы арта түсуде. Сондықтан елімізде кәсіби аудармашыларды даярлайтын жоғары оқу орындарының саны көбейіп келеді.
Аударматану ғылыми бағыт ретінде жас болғанмен, бұл салаға қатысты тыңғылықты жұмыстар баршылық. Аударматану мәселелерін қазіргі тіл білімімен ұштастырып, әр түрлі аспектілерде қарастыратын ғылыми зерттеулер жетерлік. Осы орайда, оқу құралымыздың материалы болашақ аудармашыларды даярлаудың ғылыми негізін құрауға септігін тигізеді деген ойдамыз.
Оқу құралы «Орыс тілі теориясының негіздері» пәнінің оқу жұмыс бағдарламасы негізінде құрастырылған. Пәннің мақсаты мен міндетіне орай, орыс тіл білімінің негізгі ұғымдары қарастырылып, оның негізгі тарихи даму кезеңдері сипатталып, басты-басты теориялық мәселелері баяндалады.
Бұл құрал орыс тілін ана тілмен салыстыра отырып, ұқсастықтары мен ерекшеліктерін ажырату негізінде әзірленген. Яғни, орыс тілінің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық заңдылықтары мен өзгешеліктері лингвомәдениеттану аясында беріледі. Себебі, қазіргі аударматанудың лингвистикалық базасын «тіл – мәдениет» аспектісі құрайды.
Басқа да ғылым салаларындағы сияқты, орыс тіл білімінде әлі де толық шешімін таппаған кейбір сұрақтар және олар жайында ғылыми көзқарастар мен пайымдаулар қалыптасқан. Осыны ескере келгенде, әр түрлі пікір таласын тудырған, әлі де болса арнайы талдауды қажет ететін кейбір мәселелерді атай отырып, оларды зерттей түсудің маңыздылығына назар аударамыз.
«Орыс тілі теориясының негіздері» оқу құралы екі тараудан тұрады. Бірінші тарауда орыс тіл білімінің фонетикалық, лексикалық және грамматикалық жүйесінің дамуы туралы ауқымды мәлімет беріледі. Сонымен қоса, әрбір дәріс-тақырыпты талдау үлгісінен кейін өзін-өзі бақылау сұрақтары ұсынылады. Екінші тарау барлық тілдік деңгейді қамтитын тестілік тапсырмалар мен орыс тілі теориясының түсінік аппаратынан тұрады. Құрал сонындағы әдебиет тізімі болашақ аудармашыларға лингвистикалық әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, нақты тілдік материалды талдауға, кәсіби маңызы бар және кәсіпке бағдарланған дағдылар мен біліктіліктерді теориялық білімді жалпылау негізінде қалыптастыруға мүмкіншілік береді.