5.1 Халық шаруашылығының саласы
Халық шаруашылығының саласы деп сапалық жағынан бірегей болып келетін кәсіпорындар мен ұйымдардың жиынтығын атайды, олар қоғамдық еңбек бөлінісі жүйесінде, өнімдерді өндіруде, жұмыс атқаруда немесе қызмет көрсетуде, өндірісті дамыту процесінде атқаратын функцияларының бірегейлілігімен сипатталады. Жекеленген кәсіпорындарды немесе ұйымдарды нақты бір салаға жатқызу үшін өнімдердің экономикалық жағынан бағытталуы, шикізаттар мен материалдардың біртектілігі, сол саладағы технологиялық процестердің сипаттарының жалғасушылығы, кадрлар құрамының кәсіптік және маманданушылық жағынан ұқсастығы есепке алынуы қажет.
Халық шаруашылығын салалар бойынша дифференциялау қоғамдық еңбек бөлінісіне қарай негізделген. Саяси экономика курсы бойынша қоғамдық еңбек бөлінісі негізгі үш түрінде көрінеді:
1) жалпы еңбек бөлінісі – еңбек бөлінісін ірі сфераларға – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік қатынасы және т.б. жатқызуды айтады;
2) еңбек бөлінісін даралау - өндірістің жеке салаларының көрсетілген ірі сфераларының ішінде айрықшаланып көрінеді. Ауыл шаруашылығында еңбек бөлінісін даралау мәселен өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы болып нақтыланған.
3) еңбек бөлінісін бірегейлеу – жеке кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбекті бөлісу мен ұйымдастырудан көрінеді.
Әрине ауыл шаруашылығын осы көрсетілгендей тұрғыда бөлу жеткіліксіз екендігі түсінікті, өйткені бір саланың ішінде қосымша салалар да болады ғой (мәселен өсімдік шаруашылығы, астық өндірісі, жемшөп өндірісі, көкөніс өндіру және т.б. болып).
Жеке салалар мен қосымша салалар әртүрлі ерекшеліктері бойынша топтастырылады, мәселен:
1) ақырғы өнімді нақты пайдалану принципі бойынша өндіріс екі қосалқы саладан тұрады - өндіріс құрал жабдықтарын өндіру және тұтыну заттарын өндіру. Бұлайша топтауға шығарылған өнімдердің өнеркәсіп өндірісінің басқа сфераларында немесе саудада немесе тұтынушылар бірден пайдаланатындығы ескеріледі. Осы жағынан алғанда ауыл шаруашылығын тұтыну заттарын өндіретін категорияға жатқызылады (өндірістік құрал жабдықтарды өндіретін АӨК-нің екінші сферасынан өзгешелігімен);
2) барлық өндірісті өндіруші және өңдеуші деп бөлуге болады.
Бұның біріншісіне жататындар табиғи ресурстарды пайдаланудың нәтижесінде – пайдалы қазбаларды өндіру, ағаш дайындау, егіншілік өнімдерін өсірумен жинау. Кәсіпорындардың басқа түрі өндірілген (дайындалған, өсірілген) өнімдерді қоғамдық өндірістің неғұрлым алғашқы стадияларында қайта өңдейді. Осы белгілеріне қарай ауыл шаруашылығын өндіруші (өсімдік шаруашылығы, сондай ақ өңдеуші (мал шаруашылығы) салаларға жатқызуға болады;
3) шығарған өнімдерінің белгілі бір мақсатқа сәйкес келуіне қарайөндірісті кешенді салаларға бөледі. Бұлайша айқындау салаларды анықтау үшін емес, салааралық кешендерді анықтау үшін керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде АӨК – і осындай кешен болып табылады.
Технологиялық процестер, өндірістік техникалық базалардың ортақтастығы, кадрлар құрамының кәсіптік және мамандықтары , өндіруді және басқаруды ұйымдастырудың жүйелері ескеріледі.
Сандық көрсеткіштері принципі бойынша халық шаруашылығы экономикасында саланың алатын орнын анықтауда мыналар пайдаланылады:
- мемлекеттің ішкі жалпы өніміндегі саланың ақырғы өнімінің үлес салмағы;
- еңбекке қабілетті барлық жұртшылықтың әлгі салада істейтін қызметкерлер санының үлес салмағы;
- салаға қосылған (негізгі объектілердің құны, айналымдағы активтер және т.б.) материалдық - өндірістік ресурстардың үлес салмағы.
Кей жағдайда сандық көрсеткіштер мен қатар логикалық немесе мәнін анықтау әдісі де қолданылады. Мысалы, зерттеулер негізінде қоғамдық өндірістін құрылымындағы саланың рөлі мен орнын елдің экономикалық немесе әскери қауіпсіздігі тұрғысынан, саланың даму деңгейіне, шығарылатын өнімдердің саны мен сапасы жұртшылықтың тұрмысына етер әсеріне қарай анықтайды.
Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы негізгі салаларының бірі болып табылады. Сала ретінде ауыл шаруашылығының негізгі мақсаты халықты азық – түлік өнімдерімен және ақырғы пайдаланылатын тауарлармен (мата, жүн, осыдан жасалған бұйымдар) қамтамасыз ету болып табылады. Басқаша сөзбен айтқанда ауыл шаруашылығы жұмысшы күшін (еңбек ресурстарын) толықтыратын, қосымша құн жасайтын сала. Ауыл шаруашылығы еліміздің өмірлік маңызды саласы болып табылады.
5.2 Аграрлық саладағы инфрақұрылымның экономикалық рөлі мен маңызы
Аграрлық саладағы шаруашылық жүргізудің табиғи және тиімді нысаны шаруа қожалығы болып табылады. Дәл осы нысанда саладағы өндірісті ұйымдастырудың арнайы биологиялық факторлары ескеріліп, жер мен суды тиімді пайдалануға, өсімдіктер мен жануарлардың өсуі мен дамуына барынша қолайлы жағдайлар жасау мүмкіндігі мол. Жеке меншік иелері санатының құрылуы және фермерлік шаруашылықтардың дамуы ауыл шаруашылығы мен тұтас АӨК дамытуға және азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемасын шешуге мүмкіндік беретін тетіктер ретінде қарастырылады. Рентабельді ауыл шаруашылығы – бұл ауылдық аудандардың жергілікті бюджеттерін толықтыру және осыған сәйкес ауылдық мекендерді дамытудың мүмкіндігі. Өз кезегінде, мұндай шаралар ауыл шаруашылығы өндірісін терең қайта құрылымдауға, мұны нақты алғанда, жұмыс күшінің жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын тұтыну есебінен жүзеге асыруға көмек береді.
Әлеуметтік инфрақұрылымның экономикалық рөлі мен маңызы осы саланы басқаруды әрбір өңірдің деңгейінде барынша жетілдірудің аса қажеттілігімен байланысты. Қойылған міндеттердің аумағы мен құрамындағы елеулі айырмашылықтарға қарамастан, олардың ортақ сипаттары да көп. Басты біріктіруші уәж ретінде экономиканың барлық салаларын, тұрғын үй құрылысын, денсаулық сақтауды, білім беруді, коммуналдық-тұрмыстық және мәдени қызмет көрсету салаларын қамти отырып, пропорционалды дамыту қажеттілігімен айқындалатын өңірдің өзіндік ерекшелігі қарастырылады.
Агроөнеркәсіптік кешеннің өзіндік сипаты мен ерекшелігі оның жергілікті өкімет органдарының тарапынан бірыңғай басқаруды қажет етуімен байланысты. Бұл басқару органдары еңбек, материалдық және қаржы ресурстарын барынша тиімді пайдалануды ұйымдастыруға, жергілікті жерлердегі нақты жағдайларды, қажеттіліктер мен мүмкіндіктерді ескере отырып, табиғи-экономикалық, физика-географиялық және әлеуметтік жағдайларды жан-жақты толық ескеруге мүмкіндік береді.
Нарықтық экономикаға көшудің қазіргі жағдайында ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымның дамуын басқарудың тиімді тетіктерін құру талап етіледі, бұл міндетті түрде аграрлық еңбек нарығындағы жұмыс орындарын ұсынудың артуына және соған сәйкес, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі мен сапасының артуына алып келеді.
Егер тұрғындардың өмір сүру деңгейін жоғарылату және оның даму үрдісін қолдау түрлі деңгейдегі (ауылдық округтерден бастап ҚР Үкіметіне дейінгі) басқару қызметтерінің жұмысындағы басты мақсат болып табылады деген табиғи негіздемеге сүйенсек, өмір сүру сапасының мәнін тиісті әкімшілік қызметтердің басқару тиімділігінің дәрежесін бағалау ретінде түсіндіруге болады.
Ауылдың көптеген проблемаларын шешу мәселесі елеулі капитал жұмсауды қажет етеді, ал мұны ауыл ұжымдарының басым бөлігі өздігінен шеше алмайды. Дамудың жедел қарқынымен байланысты мұндай күрделі мәселені шешуде ауылдық кәсіпорындардың қаржыларын біріктіру, қажетті нысандарды үлескерлік негізде салу және жабдықтау маңызды рөл атқарады. Бұл үрдістерді барынша тиімді үйлестіруді тек жергілікті басқару органдары ғана жүзеге асыра алады. Сонымен қатар, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, ауыл шаруашылық өндірісі үрдісін оперативті басқаруды қамтамасыз етуге басқарудың аумақтық тәсілі мүмкіндік береді.
Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қазіргі кезеңдегі ұйымдық бытыраңқылығы жағдайында оны кешенді, серпінді және теңдестірілген негізде дамыту проблемаларын шешу аса қиын болып табылады. Бұл, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді жеткілікті деңгейде қамтитын кешенді бағдарламаның болмауына байланысты.
Әлеуметтік инфрақұрылымның аумақтық даму үрдісін жетілдіру мақсатында әр өңірде аумақтық әлеуметтік даму қорларын құруға ерекше назар аудару қажет деп санайды Д. Шамырқанова. Аумақтық басқарудың пәрменділігін арттыруға, өңірлердің әлеуметтік дамуының перспективалы мүмкіндіктерін кеңейтуге, өндірісті дамытудың әлеуметтік факторларын жүзеге асыруға болатынын нық сеніммен айтуға болады. Әлеуметтік инфрақұрылымның аумақтық жүйелерінің қалыптасуы мен қызмет істеу тетіктерін ұтымды етудегі маңызды қадам жергілікті басқару органдарының үйлестіруші рөлін күшейту болуы тиіс. Сонымен қатар, басқару органдарына ғылыми негізделген ұсыныстардың негізінде экономикалық және әлеуметтік проблемаларды тиісті мерзімінде және икемді шешуге мүмкіндік беретін ғылыми зерттеулерді кеңінен дамытудың қажеттілігін назардан тыс қалдырмау керек. Нарықтық қатынастардың рөлі артуымен байланысты шаруашылық жүргізудің жаңа принциптерін қалыптастыру өңірлік дамуға жаңа мазмұн беретінін атап көрсету қажет. Әлеуметтік инфрақұрылымның аумақтық жүйесін дамыту тұрғын халықтың, жұмыс күшінің ұдайы өсуіне қолайлы жағдайлар туғызуға бағдарланған болуы тиіс, яғни әлеуметтік инфрақұрылымды жер-жерлерде кешенді дамытуды қамтамасыз ету проблемасы басты назарда болуы тиіс.
Агроөнеркәсіптік кешен әлеуметтік және мәдени мақсаттарға мемлекет тарапынан аз қолдау көрсетіліп отырған жағдайда өзінің өндірістік және өндірістік емес қызметтерімен табыс таба отырып, дамуы және өркендеуі тиіс. Облыстың аграрлық секторындағы өндірістің қысқаруы ауылдағы өмір сүру сапасының күрт төмендеуіне, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымдардың күйреуіне алып келеді.
Бақылау сұрақтары
1. Агроөнеркәсіп кешенінің сферасын атап бер?
2. Өндірісті кешенді салаларға бөледі. Қандай?
3. Сандық көрсеткіштері принципі бойынша не білесің?
4. Ауыл шаруашылығының негізгі мақсаты қандай?
5. Халық шаруашылығының салаларын ата?
6. Жалпы еңбек бөлінісін ата?
7. Еңбек бөлінісін бірегейлеу туралы не айта аласың?
8. Жеке салалар мен қосымша салалардың әртүрлі ерекшеліктерін ата?
9. Сандық көрсеткіштердің принциптерін ата?