Жазып келе жатқан жолға сыймаған сөз буын жігіне қарай тасымалданады: ба-лу-ан, тәр-бие, өне-ге-лі, сал-мақ-ты.
Тасымалданбайтын сөздер |
||||
Бір буынды сөздер |
Бас әріптен қысқарған сөздер |
Қысқартылған кісі есімі фамилиядан айырып тасымалданбайды |
Цифр арқылы таңбаланатын сандар қысқарған атауларынан бөлінбейді |
Сөздің жеке әрпін сол жолдың өзінде не келесі жолға қалдыруға болмайды |
спорт, ұлт |
ИнЕУ, ҚазҰПУ |
С.Мұқанов |
5 т, 30 м |
і-лім, а-на |
90-жаттығу. Төмендегі сөздерді қалай тасымалдауға болатынын дефиспен (-) бөліп көрсетіңіздер. Тасымалдауға келмейтін сөздерді бөлмей көшіріңіздер.
Үлгі: жұ-мырт-қа, ар-ман.
Буын, білім, үлгі, ынта, тиін, өнер, жұмыртқа, арман, сауат, қиял, еңбек, әнұран, бірыңғай, абырой, әділ, амандық, қасиет, әлем, ақыл, зейін, зиялы, инабат, оқу, өнеге, әрекет, өсиет, ұлағат, өмір, ықылас, ажуа, ілім, ПМПИ, М.О.Әуезов, 25 га, 5 кг, Ғ.Мүсірепов, БҰҰ, ҚР, сәуегей, Қазақстан, іріткі, суық, биыл, мұқият, құмырсқа, спектр, стенд, қияңқы, қиямет.
91-жаттығу. Сөздерді тасымалдауға болатынын бір бөлек, тасымалдауға болмайтынын бір бөлек көшіріп жазыңыздар.
Қиын, Адамата, айқас, А.Құнанбаев, ақуыз, мәдениет, дүние, айыл, әзіл, Ресей, Сәкен, ақылы, ҚазҰПУ, 5 метр, ажал, 2011 жыл, Ғ.Мұстафин, қияр, суыр, киіз, сояу, ағашаяқ, алабұта, ақыл-ес, ашықауыз, белағаш, бесаспап, биялай, буынаралық, дүнияуи, иллаһи, кәусар, кейқуат, көкаяз, көзақы, әкімият, ащыот, ПМУ, 21 кг, 9 т, спорт, ұн, бауырсақ, әлем.
92-жаттығу. Төмендегі жаттығудан тасымалдауға болмайтын сөздерді теріп жазыңыздар, ережесін түсіндіріңіздер.
Аурудан аяған күштірек
Сейіт орам үстінде жүгіріп бара жатқанда бір арбалы келіп, аңдаусыз соғып кетіп, аяғын сындырыпты. Ойбайлап жылап жатқан баланы көріп шошынғаннан шешесі есінен танып қалыпты. Мұны көрген соң, Сейіт жыламақ түгіл сынған аяғын орнына салып, таңып жатқанда да дыбысын шығармай, қабағын да шытпай жатты. Сонда сынықшы кісі:
– Аяғың ауырмай ма, қабағыңды да шытпайсың? – деп сұрады.
Сейіт, шешесі шығып кеткен соң, демін алып, сынықшыға сыбырлап айтты дейді:
– Ауырмақ түгіл жаным көзіме көрініп тұр, бірақ менің жанымның қиналғанын көрсе, әжем де қиналып, жүдемесін деп, шыдап жатырмын, – деді.
(Ы.Алтырсарин)
93-жаттығу. Берілген сөздер мен сөз тіркестерінің жазылуы мен айтылуындағы айырмашылықтарды түсіндіріңіздер.
Көзқарас, түкірік, әркім, көркем, ақ ала, он қап, ақ ешкі, өнеркәсіп, Кеңесбаев, күрек, көбелек, ала кел, сарыкүйік, омыртқа, құс жолы, қара қағаз, әрқашан, сиыр қора, Есжан, сәнқой, бес жыл, жұмысшы, ақ аю, қара өлең, қоңырқаз, қоңырау, сары аяз.
94-жаттығу. Естілуінше жазылған өсімдік атауларын орфография заңы бойынша жазып, себебін түсіндіріңіздер.
Айғабақ, бійеғарын, сұуғабақ, қойамбеде, айылғыйақ, байалыш, қышшөп, доңұссырт, айагөз, ешкіғұйрұқ, жамаңғұлақ, жөтөлшәй, запраңгүл, ійреккүл, ағжұусан, ійтшұуа, ағжүзгөн, кійігот, бұуұлдұқ, көгнәр, айұуот, қарот, божжұусан, ағжүгөрү, ырайхаңгүл, ақпас, сабыңгөк, ағмыйа, саңрауғұлақ, айрауұқ, ташшарған, балбырауұн, ақпійдай, түйнөгөлөң, айылжұуа, қарөлөң, балғұурай, ійтмұрұн, сұупыйаз, шәйжапрақ, ійтшеміс, інжүугүл.
95-жаттығу. Айтылуы мен жазылуы бірдей зоологиялық терминдерді бір бағанға, айтылуы мен жазылуы бөлек зоологиялық терминдерді екінші бағанға топтап жазыңыздар.
Ақбөкен, ақбалық, ақүрпек, алагүлік, алақұрт, аламан, арабалық, атсілеусін, балара, батбат, берікбас, бунақдене, бұзаубалық, бұраубас, бұршаққоңыз, есекара, жайра, жарғаққанаттылар, заузақұрт, киізқұрт, көкшыбын, күнбалық, кірпікшешен, кіс, қаракүзен, қарақал, қарақұлақ, қозыбас, құмқұрт, құршаян, мәлін, пайызторғай, сазқұндыз, семсербалық, сымыр, түзат, шіл.
96-жаттығу. Төмендегі мәтінді орфоэпия заңдылығына сәйкестендіріп жазыңыздар. Өзгеріске түскен сөздердің себебін түсіндіріңіздер.
...Кәрі аңшы Ақшегірдің томағасын тартып, үндемей тасқа шүйіліп отыр еді. Бір мезгілде алыстағы қағушының айғайы естілді. Ақшегір елең етіп, барлық үлкен денесі екі ғана отты шегір көз болғандай болып, қызыл тасқа шаншылып, қадалып қалды. Артынан аз уақытта аңшының қолынан атып жөнелді. Сол кезде қызыл тастың аңшыларға қараған қарсы беттегі бір жарықтан түлкі етекке қарай шұбатыла берді. Ақшегір аңшылардан бұрын қабат тастың арасынан қылп еткен жонын көрген екен. Денесі ыстық оттай қайнаған шыдамсыз қыран жай отындай жарқ етіп, аспанға шықты. Етекке түсе алмай асығып, қарбаласып қалған түлкі ежелгі кекті жауын кең жерге шығып тоса алмай, қызыл тастың қия бетінде құйрығын шаншып, керіп тұрып қалды. Майданға шығып, қызықтырып тұрған жерін көрген қыран айналып, аспандап көтеріле берді. Аспандаған сайын жынын шақырған қара бақсының қабағындай төңкеріліп, қайта-қайта түйіліп, көтеріліп, күші мен ызасын жиып жүрді. Аяғында жерге қарсы қасқарып, төсін төсеп, бір екпіндеп көтеріліп алып, бетін бұра сала түлкіге қарай шаншыла жөнелді.
(М.Әуезов «Бүркіт аңшылығының суреттері»)
97-жаттығу. Орфоэпия заңдылығына сәйкестендіріліп берілген мәтінді орфография заңы бойынша жазыңыздар.
Сәукөлө – әйелдің бас кійімі, онұ ұзатылған ғыздар және онұң жанына еріб жүрөтүн ғұрбұлар гійген. Сәукөлөнүң негізгі бөлүктөрі – тәж, төбө, құлақ пау және артқы бойұ. Сәукөлөнүң төбөсү қыйық конус тәрізді болұп келеді. Онұ асыл тас, алтын, күмүс, меруерт, маржанмен өрнөктөйді. Сәукөлөнүң төбөсүнүң бійіктігі екі сүйөм, кейде одан да бійік полады. Сәукөлөнү өлшөп пішіб алып, ішіне астар, сырт жағына бійдай шүбөрөг ұстап жійі етіп сырыйды. Одан соң онұң сыртын қамқа, дүрүйә, торғұн сыйақты асыл матамен тыстайды. Сәукөлөнү әшекейлеу үшүн онұң тысының сыртынан зер жіптен тоқұлған оқаларды белдеулөп басады. Онұң етегін мақпалмен не қара барқытпен әдіптеп көмкөрөді. Ал маңдай тұсұна зер не жібек шашақтың шоқтарын тағады. Шашақтың сәукөлөгө жалғасқан тұсұн асыл тастан көз орнатқан алтын, күмүс түйрөуүштөрмен бекітеді. Сәукөлөнүң ең сыртынан шашақты, әшекейлі жібек матамен төгүлтүп жауұп қойады. Ол көйлөктүң етегі сыйақты жерге сүйрөтүліп жүрөдү. Сәукөлөгө ұзұң ғұлақ пау тағады. Онұ шетін шыр айналдыра зер не жібег жіппен шалып көмкөрөдү, түбүнө сәнді түйрөуүш түйрөлөдү.
Қазіргі гезде де кейбір жерлерде қалыңдықтың басына сәукөлө гійгізіп, ағ желег жабатындар да гездеседі.
(«Шаңырақ» үй-тұрмыс энциклопедиясынан)
98-жаттығу. Төмендегі мақал-мәтелдерді қолданып, мамандықтарыңыз туралы сұрақ-жауап түрінде әңгімелесіңіздер. Мақал-мәтелдерді жаттап алыңыздар.
Асыл міндет – адалдық, асыл қасиет – адамдық. Ақылды ұл білім іздер, ақылсыз ұл шылым іздер. Ары жоқ жігіттен, намысы бар қыз артық. Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ. Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп. Ғылыммен жақын болсаң, қолың жетер, залыммен жақын болсаң, басың кетер. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы. Оқи берсең, көзің ашылады, отыра берсең, жалқаулық басынады. Өнер алды – қызыл тіл. Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық. Аузына келгенін сөйлеу – ақымақтың ісі, алдына келгенін жеу – айуанның ісі. Аузы құлып сандықты кілт ашпаса, тіл ашар, түйін-түйін сырыңды түбінде келіп шын ашар. Жақсылардың үлгісі жанып тұрған шамдай, шешендердің сөздері ағып тұрған балдай.