Сөздің басында, ортасында және орыс тілінен енген сөздердің соңында жазылатын әріптер: б, в, г, д.
Сөздің барлық шенінде (басы, ортасы, соңы) жазылатын әріптер: ж, з, к, қ, л, м, н, п, р, с, т, ф, х, һ, ш.
Тек дауыстылардан кейін жазылатын әріп: й.
Ң әрпі сөздің ортасында және соңында, ал ғ әрпі сөздің басында және ортасында ғана келеді.
Кірме сөздерде жазылатын әріптер: ф, ц, ч, щ.
Ескерту. Щ әрпі қазақтың байырғы сөздерінен ащы, тұщы, кеще деген сөздерде ғана жазылады, ф әрпі араб, парсы тілдерінен енген кейбір жалқы есімдер мен бірен-саран жалпы есімдер және одағайларда жазылады: Фазыл, Фәрида, Фәтима, Марфуға, саф (алтын), фәни (дүние), тіфу.
Ь, ъ таңбалары орыс тілінен енген сөздерде айыру және жіңішкелік белгісі ретінде ғана жазылады: съезд, объект, альбом, асфальт, вексель.
23-жаттығу. Төмендегі өлеңді мәнерлеп оқып, дауыссыз әріптердің сөздің қай шенінде келгеніне назар аударыңыздар.
(үзінді)
Жаңа қазақ, шала қазақ, жас інім,
Алшысынан тұрды бүгін асығың.
Саған қарап ойландым да жасыдым.
Айырмаған азғыны мен асылын
Мына ғасыр, бәлкім, сенің ғасырың.
Мына ғасыр безбүйректеу өр ғасыр,
Жүрегіңде сезім емес, қорғасын,
Шетке қақты тұлпары мен жорғасын.
Қақпай қайтсін, бәрін сатып алуға,
Һәм сатуға мүмкіндігі болғасын.
Сенде қазір думан дәурен, масат күн,
Өзіңді-өзің бар жауаптан босаттың.
Рухани байлыққа да тас аттың,
Аудандағы жалғыз кітап дүкенін
Сатып алып, сырахана жасаттың.
Тез ашылып саудагерлік дарының,
Таудан, тастан қайтпастай өр арының,
Саудаладың Алматының жарымын.
Ұлағатты ұлы қазақ елінде
Сатылмайтын нәрселер де бар, інім.
Жалғыз саған борыштыдай бар халық,
Топ ішінде ісіп-кеуіп, нарланып,
Кейкиесің қол беруге арланып.
Дегенмен біз сені туған ұлттың
Сатылмайтын қасиеттерін қорғадық.
Көз көп қазір сыртымыздан сын айтар,
Бәйтеректі мазақтаса құмай тал,
Ерден бұрын ел сенімін мұңайтар.
Бірақ бізге өз ұлтыңды өзгеден
Кем сүйесің деп, қанекей, кім айтар?
(М.Шаханов)
24-жаттығу. Қ, х әріптері бар сөздердің жазылуын есте сақтаңыздар.
Қош (болыңыз), хош (иіс), хал-ахуал, қал (дақ), бақыт, хабар, рақмет, ханталапай, рақат, барқыт, дарқан (дала), ақырет, халық, хазірет, қошемет, дастарқан, тақсыр, хат, уақыт.
25-жаттығу. Төмендегі өлеңді мәнерлеп оқып, ойларыңызды білдіріңіздер. Өң, дөң, жең, мең, сең, тең, көң, кең деген сөздердің ортақ фонемаларын тауып, олармен сөйлем құрастырыңыздар.
(үзінді)
Бір басымда санасаң,
Өнер,
Білім
Тегіс бар.
Болмайтұғын Бас әріп
Қай жерімде кеміс бар?!
– Бола алмайсың Бас әріп,
Түспе текке азапқа.
«Ң» әрпінен басталар
Бір сөз жоқ қой қазақта.
Деді осында біреулер,
Дәлел айтып бұлжытпас.
(Дәлелді сөз – әлді сөз,
Әлді сөзге кір жұқпас).
– Солай, – десті қалғаны,
Оңай көніп, ойланбай.
«Көне сал», – деп, біреулер
Тамақ беріп қойғандай.
– «Ң» әрпінен басталар,
Сөз бар, – деді «Ң».
Көнбеді.
– Білмесеңдер айтайын,
Оның аты – «Ңөң», – деді.
Айсберг дегенді,
Арғы қазақ «ңөң» деген.
Көктемде көшетін
Өзен мұзын «Сең» деген.
Айтқан сөзім айғақты,
Керегі не мазақтың?!
Өмір бойы зерттедім,
Ана тілін қазақтың.
Зілдей ауыр зілдерді,
«Ңөң» дейді екен бұрындар.
Ал «сең» деген сөзінде
«Жеңіл» деген ұғым бар.
Өң,
Дөң,
Жең,
Мең,
Сең дейді.
Тең,
Таң,
Тоң,
Көң,
Кең дейді.
Ал енді Айсбергті
Бас алсаң да, «нөң», – дейді!
Ойда жоқта осылай,
«Ң» ашты бір жаңалық.
41 әріп бас шайқап,
Тұрып қалды қамалып.
«Ңөң» деген сөз қазақта
Жоқ десең де еркіңде.
Қарыз сұрап тұрғам жоқ,
Бар десең де еркіңде.
«Ңөң» деген сөз қазақта
Жоқ десең де еркіңде.
Бар десең де дәл содан
Бұзылмайды көркің де!
(О.Әубәкіров)
26-жаттығу. Көп нүктенің орнына и, й әріптерінің тиістісін қойып, жаттығуды көшіріңіздер.
...іс, ма...лық, т...ін, жанкү...ер, ...мек, қа...ық, ...не, жа...лау, к...ін, магни..., с...рек, ме...ірім, т...ім, сценари..., ж...налыс, тарих..., қағ...да, ақ...қат, саяс..., кред...т, ...дея, тақ...я, кү..., санатори..., ...од, жа..., жанқ...яр, ...емен, ж...ен, з...ян, зе...неткер, зе...ін, қас...ет, қа...наға, ма...шабақ.
27-жаттығу. Орфографиялық сөздіктен мамандығыңызға байланысты щ, ф, в, х әріптері бар сөздерді теріп жазып, олардың емлесін есте сақтаңыздар.
28-жаттығу. Көп нүктенің орнына һ, х, ф, ц, ч, щ әріптерінің бірін қойып, жаттығуды көшіріңіздер.
Олла...и, ан...азірет, аста...ари, а...лақ, ба...адүр, ба...ар, бұр...ан, гау...ар, дәрга..., де...ибел, жау...ар, жа...ан, жи...аз, жи...ангер, илла...и, ил...ам, импи...мент, кан...лер, кон...ерт, кра...мал, а...ы, қа...ар, қа...арман, қол...ат, маз...аб, мәз...абы, ма...аббат, ма...ал, ма...шар, ма...та, мегагер..., ме...аник, ме...нат, ми...ман, мұ...ит, па...ос, пери...раз, пла...карт, ке...е, про...ессор, про...есс, ре...ерат, ру...аният, са...аба, тұ...ы, са...на, сая...ат, си...он, сұ...бат, тари..., ша...ар, Ша...ризада.
29-жаттығу. Өлеңді мәнерлеп оқып, мазмұнын айтыңыздар. Һ, х әріптерімен келген сөздердің астын сызып, қай тілден енгенін табыңыздар.
Бір адам бар: өрік, мейіз ағашы сықылды,
Жемісінен дүние жүзі баһра алады.
Бір адам бар терек ағашы сықылды,
Отқа отын болғаннан басқаға жарамайды.
Бісімілла – сөздің басы, хақтың аты,
Молланың ақ қағазда қалар хаты.
Нақылият, қара сөзден өлең қылып,
Шығарған ақын Мәшһүр хиқаяты.
Жақсылық, қайыр, ихсан қылған ісі,
Адамның қымбат баһа сол жұмысы.
Табылмас көзге тотия, ем дәрідей,
Қолынан әр жақсылық келген кісі.
Қайырсыз болсаң бәхил, болдың терек,
Басқаға бір отыннан қылмас керек.
Жақсыдан жақсының да парқы бөлек,
Даналар біледі ойлап, ақыл зерек.
Құдайым пендесіне берген малды,
Жаратқан әртүрлі қып жүрген жанды.
Ғибадат, қанша қылған құлшылықтан,
Қайыр ғып берген артық жалғыз нанды.
(М.Ж.Көпеев)
30-жаттығу. Орфографиялық сөздіктен мамандығыңызға байланысты жіңішкелік белгісіне аяқталған он сөз теріп, олармен сөйлем құрастырыңыздар.
31-жаттығу. Берілген сөздердің ортақ фонемаларын тауып, топтап жазыңыздар. Үлгі: өрт, төрт, өр, көр, төр, өрік, мөр, сөре. Ортақ фонемалары – өр.
Тегіс, қарғыбау, асық, сақ, тер, қар, берік, зақым, кереге, жар, кереует, нар, ар, арқар, іскер, жарық, тас, ісек, сарын, мас, қасқыр, жер, нарық, ер, қақ, қарқыл, тері, қарт, тарақан, астау, тарсыл, жақ, барқыт, тасаттық, бақ, тақсыр, нас, тартыс, ақсүйек, тігіс, рас, ақсұңқар, ақша, ақыл, тақ, арыз, бақша, сері, бақылау, масқара, жақша, бер, жақсылық, терлік, жақын, қақпан, тістеуіш, ас, қақпақ, бас, қас, аққу, бар, жас, арқырау, лас, егіс, қаспақ, кісі, қасық, кісен, масақ, ақын, маса, тасбақа, сарқыт, қару, астық, істік, асаба, серік, асқазан, қарғыс, ерік, бақыт, баспана, жақұт, керуен, тар, бастық.
32-жаттығу. Орфографиялық сөздіктен бль, брь, ль, льт, льст, ркс әріптеріне аяқталған сөздердің мамандыққа қатыстысын теріп, олармен сөйлем құрастырыңыздар.
33-жаттығу. Мәтін ішінде бұрыс жазылған сөздерді тауып, емле ережесі бойынша түзетіп, жаттығуды көшіріңіздер.
І. Бір гүні Қаражігіт би Қазыбектің үйіне геліп қонады. Әңгімелесіб отырғанда Қазыбек:
– Уа, жігіт, атадан жақсы ұл туса, елдің туы болады деп еді, атадан жаман ұл туса, көштің соңы болады деп еді. Соның ғайсысы боласың? – дейді. Сонда Қаражігіт:
– Ораздының гәрісі қартайғанда қазына болады деп еді, шиырлының нәрісі қартайғанда қазба болады деп еді. Сіз өзіңіз соның ғайсысы боласыз? – депті.
– Иншалла, қазынамыз ғой, – дей беріпті сонда Ғазыбек.
– Иншалла, біз елдің туымыз, – депті Қаражігіт.
(Шешендік шиырлары)
ІІ. Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адам атының сүйкүмдү болұуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтұуға да ықшам, естір ғұлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқандай, бұлар – жоғары идейалы есімдер. Мұндайлар өз атын кәдімгідей мақтаныш көрүп, біреумен таныса ғалса, мәнерлеп, көтөрүңкү дауұспен айтады. Ал енді айтұуға да, естүуге де қолайсыз есімдер бар. Өзгө түгүл өзүңө де ұнамайды-ақ. Әттең қолдаң гелсе, табанда өзгөртүп, әдемі аттардың бірін ійемденіб алар едің. Бірақ, амалың нешік, сен қызылшақа болұп, жөргөктө жатқанда, сондағы ақымақтығыңды пайдаланып, әке-шешең немесе шілдеқанаға геліп, дұуұлдаб отұрған басқа біреу солай атаб жіберген...
Менің атым – Қожа. Көрүб отұрсұңдар, пәлендей әйдіг ат емес.
Шынын айтсам, бұл о баста Қожа емес, Қожаберген екен. Түуу гүуәлігімнің өзүндө солай деб жазылған. Бірақ дүнүйөдө не ғыйлы ғажайып құбұлұстар бола беретін тәрізді, бертін келе «Қожабергеннің» құйрұғұ үзүлүп түсүп қалыпты. Бұл ғұбұлұстұң дәл қай жылы, қай айда, қай гүнү болғанын таб басып ешкім де айтыб бере алмайды.
Сонұмен, мен өзүм ес білгелі Қожамын. Аұуұл-аймақтың бәрі солай деб атайды.
Біз бір гласта екі Ғожа бармыз. Сүттүбайдың үлкөн баласының аты да – Қожа. Оқұушұлар екеумізді шатастырыб алмас үшүн өңүмүзгө ғарап, мені Қара Ғожа, онұ Сары Ғожа деп атайды.
Әуел баста мен бұған да шамданып қалатын едім. Бірақ жүрө-бара құлағым үйрөнүп, дағдыланып кеттім. «Қара қожа» дегендерге «әу» деп, жалт қарайтын болдұм.
Жантас тәрізді ғылжақтар осұнұң өзүн де дұрұс айтпайды, әдейі бұзұп, келемеждеп, «Қара Ғожа» деудің орнұна «Қара гөжө» дейді. Мен байқамай ғалып «әу!» деймін. Бірақ бұл қылығы үшүн, бійшараның обалы нешік, тійісті сыбағасын менен талай рет алды...
(Б.Соқпақбаев)