Павлодар, 2021

Қазақ орфографиясының принциптері


Бірге жазылатын сөздер

Бірге жазылатын сөздер

Тұлғасы өзгертіліп барып біріккен сөздер

Еш, әр, кей, бір, қай, әлде сөздерімен біріккен есімдік, үстеу сөздер

Терминдік мәнге ие болған атаулар

Екі-үш түбірден құралған аң-құс, жан-жануар, өсімдік т.б.  атаулар

Екінші сыңары аралық, тану, сымақ деген сөздер

Бірінші сыңары фото, электр, радио, авто, авиа, аэро, кино, гидро, агро, транс, инфра, ультра, изо, гипер, екінші сыңары қазақ сөздері

Екі-үш сөзден құралған кісі аттары мен географиялық атаулар

Ұлы, қызы сөздері фамилияны және әкесінің атын білдіретін сөздермен тіркескенде

биыл, ашудас

ешкім, біржолата

сөзжасам, баспасөз, алыпсатар

қараторғай, сужапырақ

абайтану, халықаралық

аэрошана, фотосурет

Досжан, Екібастұз

Б.Момышұлы

 

Ескерту. Ақ, қара, қызыл, қоңыр, сұр, шұбар сияқты сын есімдер аң-құс, өсімдіктердің түсін айыру үшін қолданылатын болса, бөлек жазылады: ақ аю, сұр жылан, шұбар бақа.

Адам аттарының ішінде бек, хан, мырза, құл, әлі (әли, ғали) сияқты сөздермен жасалған есімдердің сыңарлары да әрдайым бірігіп жазылады: Мырзалы, Тұрсынзада, Әбдуәлі, Құлмұхамбет.

Бірінші сыңары зат есім, кейде етістік, екіншісі -ты (-ті, -ды, -ді) қосымшалы өткен шақтағы етістік немесе -па (-пе, -ба, -бе) қосымшалы сөз болса, мұндай бейнелі тіркестер қосылып жазылады: алыпқашпа (сөз), жүрекжарды (қуанышты хабар), жолсоқты (болу), қағазбасты (болу), пышақкесті (тыйылу), баукеспе (ұры).

34-жаттығу. Төмендегі сөздермен сөйлем құрастырып, ол сөздердің емлесін есте сақтаңыздар.

Атсалысу, бойұру, тісқаққан, көкезу, ақниет, ақкөңіл, бас тарту, қырғи қабақ болу, қол жалғап жіберу, алыпқашпа (сөз), жүрекжұтқан, жүрекжарды, қағазбасты, кітапқұмар, қол ұшын беру.

35-жаттығу. Төмендегі сөйлемдерден бірге жазылған күрделі сөздерді тауып, ережесін түсіндіріңіздер.

Күн батар алдында да балықшы жігіт сыртқа әлденеше рет шығып, жар басынан теңіз жаққа көз салған-ды. (Ә.Н.) Балықтың келуі мен кетуі жайында да ұзақ-ұзақ ойлап, әрқашанда уақыттың қалай өткенін білмей қалатын. (Ә.Н.) Әлдеқандай алып күш шала жанған қамысты сыртқа қарай суыра тартып, пеш көмейі желдеп гүрілдей жөнелді. (Ә.Н.) Бірнеше түйір нанды аузына тықпалап еді, ат ақырын шайнамалай бастады. (Ш.А.) Адамдар арқасына бірдеңені лақтырып салып, кеудесін қыса әлдебір қайысты жұлқа тартқан кезде жорға тіпті ары-бері теңселіп те кетті. (Ш.А.) Тырп ете алмай құрсауда тұрған жорғаны әлдекім іздеп жүргендей көрінді. (Ш.А.) Бірталай қалың көштерді арттарына салып ап, тура Қарашоқының тоғайлы өзеніне кіріп, соны өрлеп келеді. (М.Ә.) Өйткені ұзамай Сейдахмет қалаға барады, ақшаның көбі қалалы жерде жұмсалады ғой. (Ш.А.) Былайғы күндері тап осы сәттері Ыстықкөлде ақ кеме көрінетін. (Ш.А.) Абай Құлабестінің басын Көлқайнар жаққа бұра бере қамшы басты. (М.Ә.) Шыңғыстың қара желі өзге уақыттың бәрінде жақсы болғанмен дәл күздігүні жайсыз-ақ. (М.Ә.) Көпшілік осы қарбаласта болса, Құнанбайдың Қарашоқыдағы ауылы, ас берген ауылдай, өз әлегімен өзі ұйқы-тұйқы боп жатыр. (М.Ә.) Абай өз әкесінің өзге атқамінер атаулыдан мықты, қайратты екенін сезеді. (М.Ә.)

36-жаттығу. Орфографиялық сөздіктен өздеріңізге емлесі таныс емес бірге жазылатын он-он бес сөз теріп, олармен сөйлем құрастырыңыздар.

37-жаттығу. Орфографиялық сөздіктен о баста идиомалық, фразалық тіркестер болғанымен, терминдік, атауыштық мәнге ие болып бірігіп кеткен он-он бес сөз теріп жазыңыздар, емлесін есте сақтаңыздар.

38-жаттығу. Көркем шығармалардан бірге жазылатын күрделі сөздердің әр түріне мысал келтіріңіздер.

39-жаттығу. Орфографиялық сөздіктен бірінші сыңары теле, радио, авто, аэро, агро, авиа, фото, кино, ультра, инфра, электр сөздерінен жасалған біріккен сөздерді теріп, олармен сөйлем құрастырыңыздар.

40-жаттығу. Екі-үш түбірден біріккен он-он бес географиялық атау жазып, олармен сөйлем құрастырыңыздар.

41-жаттығу. Төмендегі бірге жазылған балық, ойын, өсімдік атаулары мен зоологиялық терминдерді өзара ажыратып, бөліп көшіріңіздер. Сөздердің жазылуын есте сақтаңыздар.

Үлгі:

Балық атаулары: айбалық, ...

Ойын атаулары: алтыбақан, ...

Өсімдік атаулары: ағашшырмауық, ...

Зоологиялық терминдер: айырқұйрық, ...

Ағашшырмауық, алтыбақан, айгүл, айырқұйрық, барыпқаш, ақжапалақ, жиырмабір, айғыржуа, айдаршөп, айбалық, алтынқабақ, айнакөз, ақбөкен, қақпатас, аққаз, аққоян, айылжуа, ақбидай, ақжалбыз, ақжелек, қарабие, ақкелін, ақтерек, арамсояу, бұраңбас, қызқуу, ақтиін, қазандоп, ақкөз, ақсерке, қозыжарыс, алажертесер, ақтырна, ақшабақ, ақшағала, алабүйі, арқаржусан, арпабас, ащытамыр, аюқурай, балауызағаш, балмұрын, батпақгүл, бөріаяқ, доңызот, итжидек, орамалтастамақ, қолтұзақ, алақарға, өгізай, сартұқыш, өгізтартыс, бұйраторғай, шағыршай, шайжапырақ, шайжүгері, шайқурай, шайтанкелмес, шайсаңырауқұлақ, шайтанқұлақ, шатыршөп, шаянмойнақ, шаянмойын, шегіргүл, шеміршексүйектілер, шерменгүл.

42-жаттығу. Лингвистикалық түсіндірме сөздіктен мамандықтарыңызға қатысты біріккен он-он бес термин теріп, ережесін жаттап алыңыздар.

43-жаттығу. Орфографиялық сөздіктен тұлғасы өзгертіліп барып біріккен сөздерге он бес мысал теріп, өзгеру себебін түсіндіріңіздер, олармен сөйлем құрастырыңыздар.

44-жаттығу. Араластырыла берілген түбір сөздерден біріккен сөз жасаңыздар.

Үлгі: а) біріккен: ақсақал, ...

         ә) кіріккен: бұл + жыл – биыл, ...

Ақ, ішек, ала, толғақ, бұл, азық, аяқ, тас, омыртқа, зейнет, бел, баспа, қайсы, кәсіп, он, қара, тас, ит, құлақ, көк, егеу, дидар, жөтел, құйрық, тоғыз, қос, құрт, сегіз, бақа, көз, сүт, ас, мұрын, саңырау, қазан, тоқ, үш, ащы, тамақ, бау, мойын, қашан, біреу, зат, жол, ой, бет, ашар, қыл, өнер, сорғыш, бұрыш, жусан, қатынас, ақы, қоржын, шикі, қоректілер, сөз, айдар, еш, шөп, ара, қой, соқыр, инфра, теке, сақал, қызыл, теле, шаң, жыл.

45-жаттығу. Біріккен сөздерді қатыстыра отыра, сұрақ-жауап түрінде әңгімелесіңіздер.

46-жаттығу. Төмендегі мәтіннен тіл үндестігіне бағынбайтын сөздерді тауып, себебін түсіндіріңіздер.

І. Біреудің қатыгез зұлым, біреудің мейірімді болатын себебі не екен? (Ш.А.) Екі жас жігіт арғы жағаға шығысымен өгіз бен биені қоя берді де, жарды жағалап бұғып отырып, төмендеп кетіп, бірталай жер ұзап барып, қыратқа шықты. (М.Ә.) Әлі де терең ұйқы құшағында жатқан бейтаныс жолдастарға көзі түсті. (С.Ш.) Бейуақытта бәрі де сұрғылт тартып түнеріп қалған. (С.Ш.) Мүмкін, олар өзінің сәбидей пәк тазалығымен ағайын-туғанды алыс-жақын деп алаламай, бәріне де мейірбан ана бола алған, ауыл анасы бола алған Бибігүлді аяп тұнжырайтын болар, аяп жылайтын болар. (С.Ш.) Бұлар хазіреттің қорасына кіріп, асау құнанды ат қораға байлағанда, хазірет өзі көріп, сыйлық екенін іші біліп, үн қатпаған болатын. (М.Ә.) Бұндағы қонақтың көбі қаланың татар саудагерлері, қазақ байлары және тап ортада жаңа мешіт имамы Хасен молла көрінді. (М.Ә.) Әжесі кітап қадірін жақсы айтқанға Абай риза болып, жаңағы сөзден соң күн сайын бір тамаша әңгіме айтатын болды. (М.Ә.)

ІІ. Осыдан бірер жыл бұрын бұл інісімен өзі де ойнап, асыр сап кететін болса, биылдар беймаза көріп, шеттей беретін. (М.Ә.) Өмірінде әлі күнге қайын сіңлісі мен өзге жігіттің арасына делдал боп көрмеген-ді. (М.Ә.) Әділбек, Асылбектер – бұл өңірдің намыскер, мықты жігіттері. (М.Ә.) Жағада біраз тұрып, халді аңғарды. (М.Ә.) Әдемі реңді, әлденеше түсті балапан қозылар, лақтар күншуақта секіріп, дамылсыз маңырайды. (М.Ә.) Осындай жиында үлкенді-кішілі рулардың атқамінер ақсақал-қарасақалы араласып жатты. (М.Ә.) Ұлжан Алшынбайдікіне көп қазына әкелді. (М.Ә.) Діндар әкеге кітапшылап сөйлесе, парыз, уажіп деген сияқтыны еске алуы мүмкін. (М.Ә.) Сондықтан асты кім болса сол жасамайды, тек жуан, бай, құдіреті күштілер ғана жасайды. (М.Ә.) Абай анасына сауап болсын деп құранды өзгеше ықыласпен, асықпай, соншалық мүлгіп, мінажат қып оқиды. (М.Ә.)