Павлодар, 2021

Қазақ орфографиясының принциптері


Шылау және одағай сөздердің жазылуы

Шылау сөздердің жазылуы

Бірге

Бөлек

Дефис арқылы

ма, ме, ба, бе, па, пе, соң, да, де, та, те: барған соң – барғасын, айтасың ба – айтамысың, уда-шу

Дейін, шейін, мен, бен, пен, және, қарай, сияқты, таман т.б.

ақ, ай, ау, ды, ді, ты, ті, мыс, міс

Мұнда келгесін Ебейсін өзінің дағдылы кәсібіне кірісіп, жұрттың тері-терсегін шай, шекерге айырбастай бастады. (Ә.Н.)

Күні бойы мұз ойған жігіттің кешке қарай екі алақаны дуылдап жанып кетті. (Ә.Н.)

Екі жігіт Еламанды екі жағынан тырп еткізбей сығып ұстап тұрған-ды. (Ә.Н.)

 

65-жаттығу. Төмендегі жаттығудан шылау сөздерді тауып, қалай жазылғанын түсіндіріңіздер.

І. Тек көз байланып, ымырт үйрілгесін ғана әр үй от жағып, қазан көтеріп, дастарқан басына дөңгелене отырады. (Ә.Н.) – Екеуіміздің жүрегіміз бір соғады-ау! Көремісің? Айтқаныңа қуандым. Мені де өзіңдей көр! – деп қалды. (М.Ә.) Ызғырық жел сүйегінен өтіп бара жатқасын асығыс қымтанып, төңірекке көз тастады. (Ә.Н.) Болмағасын жаңқаны былай тастады да, Оразқұл маралдың басымен жекпе-жекке шықты. (Ш.А.) Көк тайғақ мұз күндіз көз қарығандай жалтырап жатқан-ды. (Ә.Н.) Торы атқа тақымы тигесін-ақ асықпады. (Ә.Н.) Аққан жұлдыздың ізіндей шаңға қарап-ақ адамдар Гүлсары шауып бара жатқанын жазбай танитын. (Ш.А.) Бүгін болыс сайланатын күн болғасын жұрттың бәрі елеңдесіп, жел жаққа құлағын түріп отырған-ды. (Ә.Н.) Жаңа адамдар келген соң, үлкендердің өзге істері мен сөздері бөгеліп тоқырап қалған. (М.Ә.) – Ей, менің балаларым, мына бала қонағың тартымды жатыр-ау өзі, ойлаймысыңдар? – деп, жақсы жадырап, шын бейімденді. (М.Ә.)

ІІ. Еңлік пен Кебек қуғыннан қашып, аңдай боп, мына Орда тауын паналап, азғантай ғана дәурен сүрген-ді. (М.Ә.) Әлі де желісі үзілмеген ой соңында келе жатқан Абай жастарға тағы бір сөз тастады. (М.Ә.) Базаралы да мына жиынның ақылы мен ақынын барламай қалған жоқ. (М.Ә.) Сейіт орнынан атып тұрып, кафедраға қалай жетіп барғанын да білген жоқ. (М.Әуб.) Аршабаев мінбеден түскен бойда ел алдына өзім шықсам ба екен деп ойланып отырған. (М.Әуб.) Бұл жалғыз Сейітке емес, Қадыр мен Әшімхан үшін де тосын хабар еді. (М.Әуб.) Қарсы дауыс бергендерді, не қалыс қалғандарды санап жатқан да ешкім жоқ. (М.Әуб.) Сейіт жайлап басын өзіне бұрын таныс бірінші терезеге келсе, төрт-бес-ақ адам екен. (М.Әуб.) Ерболдан бөлінгеннен кейін Мағаш пен Ақылбай сол өздерінің дос ортасына қайтты. (М.Ә.)

66-жаттығу. Көркем шығармалардан шылау сөздер жазылуының әр түріне екі-үш мысал теріп жазыңыздар.

67-жаттығу. Төмендегі шылауларды қатыстыра отыра сөйлем құрастырыңыздар.

Қарай, туралы, түгіл, үшін, тарта, соң, бұрын, қатар, бірге, мен, бірақ, да, кейде, өйткені, әйтпесе, ма, ше, ғана, ау, мыс.

68-жаттығу. Шылаулармен тұлғалас келетін қосымшаларға мысал келтіріп, өзара салыстырыңыздар.

Үлгі:

Шылау түрі

Шылаумен келген сөйлем

Қосымшамен келген сөйлем

Да, де, та, те

Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық.

Тоқтығыңда жараспаған, аштығыңда қараспайды.

Ды, ді, ты, ті

Жолшыбай аптап ыстық еңсемізді көтертпей қойған-ды.

Қызылбалақ оқыстан дүр-дүр сілкініп қалды.

 

69-жаттығу. Жақша ішіндегі шылау мен қосымшаларды өзара ажыратып, мақал-мәтелдерді көшіріп жазыңыздар.

І. Бейбіт ел(де) береке бар. Туған жердің ауасы(да) шипа. Басшысыз ел(де) береке болмас. Есің бар(да) елің тап, есер болмай, етек жап. Естімеген ел(де) көп. Қалыптан шықсаң(да), халықтан шықпа. Көзсіз күнелтсең(де), көпсіз күнелте алмайсың. Біз(де) кісі болармыз, атқа кісен салармыз. Дүние(де) тас қатты, тастан(да) бас қатты. Темір сырын от(та) танытады, адам сырын жоқ(та) танытады. Жақсының басына іс түссе, ашынар(да) ашылар. Жаманның басына іс түссе, бір тулар(да) басылар. Жаман(да) болса аман болсын. Көшкен жұрттың қадірі қонған(да) өтер, ер жігіттің қадірі өлген(де) өтер. Үй(де) оңбаған түз(де)(де) оңбайды. Жақсы(да) жаттық жоқ, жаман(да) жақындық жоқ.

ІІ. Тау(мен) тау кездеспейді, Адам(мен) адам кездеседі. Ел(мен) көгерген еленбес. Көшер(мен) елге жұрт жаман, кетер(мен) қызға үй жаман. Жаман(мен) егес, жақсы(мен) кеңес. Қожа(мен) молданы басындағысынан білерсің, бек(пен) төрені қасындағысынан білерсің. Аталы сөзге арсыз қайырар, ақ(пен) қараны шындық айырар. Хан ұйғарса, хан түйесін соймас(па)? Көл(де) жүрген қоңыр қаз шөл қадірін білер(ме), шөл(де) жүрген дуадақ көл қадірін білер(ме). Он екі мүшең сау болса, жарлымын де(ме), жаныңда жараң болмаса, зарлымын де(ме). Жаңбыр(мен) жер көгереді, алғыс(пен) ер көгереді. Сауысқан шоқыған(мен) тоқ болмайды.

Одағай сөздер естілуінше (айтылуынша) жазылады. Сондықтан бір одағай екі-үш түрлі болып жазылуы мүмкін: ойпырай, ойпырой, ойпыр-о-ой, ойпырмай, ойпырмау.

70-жаттығу. Төмендегі жаттығудан одағай сөздерді тауып, жазылуына назар аударыңыздар.

– Зарлық сұлу қыздармен билегенде дорбасын қайда тастап кетеді екен, ә? – десіп, бүйрегі бүлк етпей, жан-жағымызда үлкен бар демей-ақ ыржалақтап тұр. (М.Әуб.) – Апыр-ай, ә... – деді Ғабең орнынан тұрып, зал ішін ерсілі-қарсылы кезіп кетті. (М.Әуб.) Шіркін, жазу деп Қадырдың жазуын айтсайшы! (М.Әуб.) – Япыр-ай, Алексей Иванович сияқты ғалым емес, мұншама тілді қайдан үйренген? (М.Әуб.) – Әттең, шіркін бала шақ! – деген Базаралының өз бетімен айтқан арманды тынысы дәл Абайдың ішімен сырласудан туғандай. (М.Ә.) – Масқара! Шұбардың құсы дуадақ ілудің орнына, дуадақтан жапа шегіп, қорлық көріп қалыпты ғой! – дейді. (М.Ә.) – Әй, жігітім, тоқташы былай! – дей беріп еді, Далбай қамшысын сілтеп, ақырая берді. (М.Ә.) – Е, қарағым-ай, сенің басыңа да бұлт үйірілген екен ғой. (М.Әуб.) – Ойбай-ау, ағатай-ау, мұныңыз не? Ауруханадан кеше шыға сала жер қазып жатқаныңыз қалай! (М.Әуб.)

71-жаттығу. Төмендегі одағайларды қатыстыра отыра сөйлем құрастырыңыздар.

Моһ-моһ, бәрекелді, шіркін-ай, ойпырм-ай, ау-у-у, мәссаған, түуһ, уһ, ура-а-а, пай-пай, шөре-шөре, паһ-паһ, әттеген-ай.