Қосымшалар сөздің соңғы дыбысының, буынының әуенімен үндесіп, бірге жазылады: біл-ім-ді, дарын-ды, парасат-ты т.б.
Буын үндестігіне бағынбайтын қосымшалар: -бан, -гер, -кент, -хана, -стан, -еке, -жан, -қар, -кеш, -дар, -көй, гөй, -қор, -қой, -мар, -маш, -нікі, -дікі, -тікі, -паз, -тал, -уар, -мен, -бен, -пен. Мысалы, еңбекқор, өнерпаз, тілмаш т.б.
Жалқы есімдер й, ш дауыссыз дыбыстарына аяқталса, -ев (-ева), басқа дауыссыз дыбыстарға аяқталғанда, -ов (-ова), дауыстыларға аяқталса, -ин (-ина) қосымшалары жалғанады: Сәтбай + ев – Сәтбаев, Сейфолла + ин – Сейфуллин, Шахан + ов – Шаханов. -ов, -ев жұрнақтары арқылы жасалған фамилияларға қосымша түбірдің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады: С.Жүнісовке, С.Исаевтың.
Әріптерден қысқарған сөздерге қосымшалар оның айтылу әуеніне қарай, ал олардың ішінде дауысты дыбыс болса, сол дыбыстың айтылу әуеніне қарай дефис арқылы жуан не жіңішке болып жалғанады: ПМПИ-ге, ПМУ-дың, ТУ-144-ке.
Ескерту. Күнә, кінә, шүбә, куә, іңкәр, күмән, Күләш, Күлән сияқты соңғы буынында жіңішке ә әрпі жазылатын сөздерге қосымшалар жіңішке жалғанады, тек барыс, жатыс, шығыс жалғаулары мен етістік тудыратын -ла жұрнағы жуан айтылып, жуан жалғанады: күнәсіз, күнәлі (бірақ кінәға, кінәдан, кінәсіна, кінәлау), куәсі, куәлік (бірақ куәға, куәдан), Күләштің (бірақ Күләшқа).
Б, в, г, д әріптеріне бітетін сөздерге дауыссыз дыбыстан басталатын қосымшалар тек қатаң дыбыстан басталып жалғанады: штаб-тан, педагог-тер, парад-қа, актив-ке, резерв-тік.
Ст, сть, зд, сс, лл, кк, тт дыбыстар тіркесіне біткен сөздер түбір күйінде ешбір өзгеріссіз жазылады да, оларға қосымшалар жалғанғанда түбірдегі соңғы дауыссыз түсіріліп жазылады: трест – трес-тің, трес-іне, ведомость – ведомос-қа, ведомос-ы, съезд – съез-ге,съез-інің, металл – металдар, грамм – грамы, прогресс – прогреске, алайда жалқы есімдерде сақталып жазылады: Донбасс – Донбасстан, Гримм – Гриммге.
Ауыл, дауыс деген бірен-саран сөздерге тәуелдік жалғауы жалғанғанда, айтылу (дыбысталу) ыңғайына қарай соңғы буындағы ы, і әріптері түсіріліп те, түсірілмей де жазыла береді: ауылы, аулы, дауысы, даусы.
П, х дыбыстарына аяқталатын кірме сөздерге дауыстыдан басталған қосымша жалғанғанда, п, х дыбыстары ұяңдамайды: принцип – принципі, тип – типі, цех – цехы, тарих – тарихы.
Орыс тілінен енген бірқатар кірме сөздер дыбысталуы қазақша қалыптасқан түрінде жазылады да, қосымшалар сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады: облыс-қа, пойыз-ға, бәтеңке-ге, бөшке-ні, шот-қа, кір-ді (гиря), келі-ге (кило), зауыт-қа, тауар-ды.
72-жаттығу. Көп нүктенің орнына тиісті қосымшаларды жалғап, мәтінді көшіріңіздер.
Түпкі таза түрін сақтаған тіл
Қазақтар... тіл... – түпкі түрін, түркі сипатын сақтап қалған тіл. Рас, оған да бірен-саран жат сөз... енгені байқалады. Бірақ ол сөз... қазақ тілі... үндестік заңы... бағынып, бірыңғай халық тілі... қорына қосылып кеткен. Қазақ тілі... осы тазалығ... мен табиғилығ..., сондай-ақ көп таралғандығ... бұл тілдегі мұралар... менің көбірек жинап, оған әдебиет нұсқалары... құрастырған жинақтар... толық бір томын аударуыма себеп болды. Оның үстіне қазақ... басқа бауырластары... қарағанда сөз... тапқырлығ... мен шешендіг... де маған әсер етті.
Қазақтар... тіл... әуезді де әсем, шебер де шешен, әсіресе, сөз сайысына келгенде олар... алғырлығ... мен өткірліг..., тауып сөйлейтін тапқырлығ... таңғалдырады. (В.Радлов)
73-жаттығу. Көп нүктенің орнына көрсетілген қосымшалардың тиістісін қойып, олардың түрліше жалғану себебі мен жасалу жолын түсіндіріңіздер.
-ға, -ге, -қа, -ке: малта... ұқсау, қой... шапқан бөрідей, ой... кеткен жандай, үй... түскен ұрыдай, майдан... түскен батырдай, көл... біткен құрақтай, арба... басқан пішендей, арна... құйған селдей, толқын... батқан кемедей, аяқ... түскен қақпандай.
-ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің: алтын... сынығындай, мір... оғындай, ат... тағасындай, түйе... үлкендігіндей, сиыр... бүйрегіндей, есек... қодығындай, аю... табанындай, елік... көзіндей, киік... лағындай, ителгі... тамағындай, аққу... мамығындай, құс... ұйқысындай, жылан... зәріндей, балық... уылдырығындай, кесіртке... басындай, жаз... раушан гүліндей, қайын... қабығындай, аяз... ызбарындай, домбыра... қос шегіндей, құман... тұтқасындай, ине... көзіндей, таз... басындай, қаңтар... аязындай.
-нан, -нен, -дан, -ден, -тан, -тен: ұйқы... оянған кісідей, шойын... құйғандай, серке... сұлу пішінді, бетеге... биік, жусан... аласа, сүт... ақ, су... таза, бал... тәтті, есек... жуас, тұрымтай... алғыр, тас... қатты, жел... жылдам, күн... құдіретті, тау... үлкен, су... тұнық, дария... мол, алтын... ардақты, күміс... салмақты, найза... өткір, түйме... сұлу, есік... жалпақ, қыл... нәзік, шыны... аппақ.
74-жаттығу. Төменде берілген кісі аттарына -ев, -ева, -ов, -ова, -ин, -ина қосымшаларының тиістісін жалғаңыздар. Фамилияларға кісі есімдерін қосып, оларды ақын-жазушы және зерттеуші-ғалым деп бөліп топтастырыңыздар.
Құнанбай, Серғали, Сейфолла, Исай, Алтынсары, Кеңесбай, Әбдік, Жүнісбек, Әбіш, Ахтан, Ысқақ, Жүніс, Бектұр, Шаймерден, Сыздық, Әбу, Жүсіп, Есенжан, Аманжол, Сайранбай, Есенберлі, Хасан, Жұмабай, Сәтбай, Жансүгір, Мұқан, Нүрпейіс, Қордабай, Кемеңгер, Торайғыр, Мүсіреп, Оралбай, Әуез, Қали, Көбей, Дулат, Мырзабек, Қайдар.
75-жаттығу. Баспасөз материалдарынан қысқарған сөздерді тауып, олардың қандай жолмен қысқарғанына назар аударыңыздар.
76-жаттығу. Төмендегі қысқарған сөздерге түрлі қосымша жалғап, жаттығуды орындаңыздар.
АҚШ, ҚазҰПУ, ПМУ, Газ-53, БТА, ИнЕУ, ТМД, 30 %, пединститут, ЯК-42, ҚР ҰҒА, БҰҰ, медколледж, ПМПИ, ИЛ-62, кг, 25°, ҚарМУ, ТУ-104, ҚБТУ, медпункт, АН-24, МАИ, мм, км.
77-жаттығу. Төмендегі сөздерге үндестік заңына бағынбайтын қосымшаларды жалғап, сөйлем құрастырыңыздар.
Мейір, көке, сауда, дәм, сәуле, Құм, кінә, тіл, арба, қас, әсем, жем, еңбек, аға, күнә, діл, дәрі, өсім, бас, білім, бата, бейнет, қалам, майдан, айла, кәсіп, әзіл, бәле, бала, Асан, сән, пайда, өнер, дұға, Асқар, ақыл, есеп, Өзбек, сезім, сөз, қалам, ем.
Қосымшалардың жалғануы |
Мысалы |
Нд, нз, нк, нг, мп, мб, мт, кт, вт, фт, пт, ск дыбыстарына аяқталатын сөздерге қосымшалар ы, і дәнекер дыбыстар арқылы жалғанады |
фактісі, киоскілер |
Сс, лл, тт, пп, ст, кст, сть, зд, кк дыбыстарына біткен сөздерге қосымша жалғанғанда түбірдің соңғы дауыссыз дыбысы түсіріліп жазылады. Алайда жалқы есімдер бұл заңдылыққа бағынбайды |
съезге, металға, Гриммге |
Соңғы екі дауыссыздың арасында жіңішкелік белгісі бар сөздерге қосымша буын үндестігі бойынша жалғанады |
асфальтқа, рельске |
Жіңішкелік белгісіне аяқталған көп буынды сөздерге қосымша буын үндестігі бойынша жалғанады |
лагерьге, фестивальға |
78-жаттығу. Көп нүктенің орнына емле ережесіне сай тиісті қосымшаларды жалғап, жаттығуды көшіріңіздер.
І. Жапсарына өрнек жүргізілген майлы көк бояулы оң қабырғадағы үлкен қара сағат күмбір-күмбір қоңырауын соғып, вестибюль... жаңғыртып әкетті. (С.Ш.) Төрт-бес квартал төменіректегі жаңа салынған трамвай паркі... биік күмбезі күнге шағылысып, сәулесін Мәулен тұрған терезеге қадап тұр. (С.Ш.) Етектен жоғары қарай жамырай тартқан қалың қарағайлар да мына альпинис... ұқсап бетті биікке сілтеген. (С.Ш.) Он қадамдай алда жол асфальт... шағылысқан күн сәулесі қашқан қоянның құйрығы тәрізді, айнымас бір қашықтықта шапшаң ілгері сырғанап, толқи зырлайды. (С.Ш.) Кемпір шалға біраз кінә... қарап отырды да астыңғы ернін тістеп алып, қолындағы көктеп отырған дүниесімен әуре бола берді. (Ш.А.) Алла тағалам сендерге бір бала беріп, соның іңгә... жылаған даусын естіген күні құдай маған ажалын жіберсе, арманым жоқ. (Ш.А.) Басында Құтжан өлген соң осы көктемде жұрт Жексенді кінә... бастады. (М.Ә.) Қарқаралы деген округ... әміршісі – Құнанбай мен осы Майыр. (М.Ә.)
ІІ. 1) Темекі шеккен адамдарда миокарда инфаркт... жиі асқынып кетеді. 2) Бейімбет шаруалардың өмірін жақсы біліп қана қойған жоқ, ол сол өмірге үңіле қарап, өмір романтикасын, неше алуан конфликт... тапты. 3) Алғашқы адамдар бумеранг... аң аулауда қолданды. 4) Құрылыс материалдарын қандай объект... жіберудің қажеттілігі туралы пікір алысты. 5) Қара халықтың съезд... қатысқаны үлкен жаңалық болды. 6) Әуелі әдемі костюм... әсерімен тұрып, әлгі әңгіменің түп төркінін аңғармаппын. 7) Қарағанды митинг... өткен күні кешке Катченко Жабайдың екі бөлмелі ескі үйінде лекция жасап еді. 8) Гүлшат он екі килограмдық рюкзаг... қайыс батып ашыған арқасынан сыпырып алып, қасына қойып еді, енді қараса сол рюкзак жан біткендей қозғалып кетті.
Қосымшалардың жіңішке түрде жалғануы |
||||
Рк, рг, нк, нг, кс, кт, ск, лк, нкт, кль, брь, бль дауыссыздар тіркесіне аяқталған сөздерге |
Ог, уг дыбыстарына біткен сөздерге |
Соңғы буынында не бір буынды сөздің өзінде и дыбысы келгенде |
Соңғы буынында ю, э, ē дауыстылары келетін сөздерге |
Жіңішкелік белгісіне аяқталатын бір буынды сөздерге |
полктер |
округке |
кассирге |
дуэльге |
оське |
79-жаттығу. Қосымша жалғанғанда түбірдің соңғы дыбысы өзгеріп кететін он бес сөз жазып, оның себебін түсіндіріңіздер.
Қосымшалардың жуан түрде жалғануы |
||
Соңғы буынында не бір буынды сөзде у дыбысы бар орыс тілінен енген сөздерге |
Орыс тілінен енген сөздердің соңғы буынында я әрпі болса |
Х дыбысына аяқталған сөздерге |
автобусқа, курстың |
поляктар, разрядшы |
цехқа, тарихшы |
80-жаттығу. Төмендегі сөздерге барыс септік жалғауын қосып, дұрыс жалғануын есте сақтаңыздар.
І. Акварель, коллоквиум, диск, актив, заряд, гастроль, дифирамб, гонг, алкалоид, грамм, коттедж, гладиолус, дефольт, инфаркт, аллерголог, колледж, алоэ, аммоний, антибиотик, антрополог, викинг, апартеид, дивиденд, журналист, инстинкт, артикль, археолог, дифтонг, астероид, контакт, аффикс, бактериолог, бенефис, бифштекс, бокс, бромид, диалект, актер, имидж, киоск, консерв, консонанс, конспект, конфликт, коряк.
ІІ. Акваланг, дирижабль, аквариум, бронхит, аккорд, бронетанк, катафалк, акт, вальс, альпинист, анод, гидролог, анапест, антипод, антракт, антропофаг, аншлаг, капсюль, арабеск, дифтонгоид, аспект, алкоголь, ведомость, аспирант, кабель, атеист, аффект, ашуг, аэронавт, бакенбард, баланс, бандероль, банк, акцепт, барий, белудж, бемоль, бланк, блок, блюминг, браунинг, бридж, букинист, бумеранг, бундестаг, бутерброт, варяг, бульдог, дебют, демиург, диалог, дизель, дуэль, дуэт, иероглиф, интервью, каноэ, коллоид, консьерж.
81-жаттығу. Төмендегі сөздердің бірінші тобына дауыстыдан басталатын қосымша, екінші тобына дауыссыздардан басталатын қосымша жалғап, емле ережесіне сай жазыңыздар.
І. Фестиваль, жүрек, князь, ойын, тап, полк, қас, салық, кітап, принцип, халық, тип, тарих, жап, тарақ, руль, Донбасс, кеп, дуэт, парк, дизель, балық, ансамбль, шаш, класс, пойыз, жүрек, теп, қаз, лагерь, ликёр, лингвист, лицей, сценарий, линолеум, линотип, лифт, логопед, лорд, гелий, гербарий, герц, гипс, гипюр, гидролог, графин, глобус, граммофон.
ІІ. Кристалл, куә, С.Жүнісов, бұрын, ҚазТАГ, факт, кубок, күмән, кінә, Гримм, ЮНЕСКО, Науаи, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, кросс, МТЗ-82, подъезд, киоск, Кузбасс, сөз, актер, күнә, ПМПИ, Күләш, тест, педагог, пассив, фонд, клуб, полюс, парад, Түрксіб, сән, геолог, ПМУ, педколледж, пединститут, ландшафт, лейтенант, лейтмотив, магистр, магнезит, материалист, ванадий, вахтёр, венеролог, габардин, гармонь, галоген.