Павлодар, 2021

Қазақ орфографиясының принциптері


Бас әріптің қолданылуы

Бас әріппен жазылатын сөздер

Мысалы

Жалқы есімдер

Павлодар, Манас

Ең жоғарғы мемлекеттік қызмет аттары мен құрметті атақтар

Президент Әкімшілігі

Мемлекет, республика, жоғарғы мекемелер мен ұйымдардың күрделі атауларының әр сөзі

Қазақстан Республикасы

Нүкте, сұрау, леп белгілерінен кейінгі сөйлемнің бірінші сөзі, өлеңнің әрбір жолы

Жанұя – шағын мемлекет. Мен – президент, сен – премьер. (Қ.Аманжолов)

Кісі аттарымен қабаттаса айтылатын тұрақты эпитеттер жалқы есімнің алдынан келсе

Жаяу Мұса, Ер Төстік

Корея, индонезия, бирма, тайланд т.б. халықтардың аты-жөндерінің әрбір сөзі

Ким Ир Сен, Хо Ши Мин

Бас әріптермен қысқарған сөздер

БҰҰ, ТМД

Түрлі мекемелер, білім-ғылым орындарының т.б. күрделі атауларының бірінші сөзі

Павлодар мемлекеттік университеті

Мифологиялық «иелердің», «құдайлардың», «әулиелердің» аттары

Ойсылқара

Мал, құс, ит т.б. қойылған аттар

Ақбоз, Тайбурыл

Маңызды тарихи дәуірлер, революция, уақиғалар, мерекелердің аттары

Ұлы Отан соғысы

Бұрынғы ордендердің аттары

Қызыл Жұлдыз ордені

Ресми құжаттардағы шартты атаулар

Жоғары мәртебелі Президент мырза

Аса маңызды құжаттардың аттары

Тіл комитетін құру туралы жарлық

Ордендер мен медаль аттары және құрметті атақтардың бірінші сөзі

«Ардақты ана» ордені

Кітап, газет, журнал аттары

«Қартқожа» романы

Көше, алаң, парк, шоссе, көпір, жол т.б. аттарының бірінші сөзі

Жібек жолы көшесі

Рудың аты жалқы есімнің алдынан келетін тұрақты эпитеттің орнында жұмсалса

Қызылқұрт Теке би, Қаракерей Қабанбай

 

Ескерту. Мифологиялық, қиял-ғажайып бейнелердің тегін, затын білдіретін атаулар кіші әріппен жазылады: пері, ібіліс, періште, шайтан, дию.

Титулды білдіретін сөздер жалқы атаудың алдынан келсе, бас әріппен, соңынан келсе, кіші әріппен жазылады: Әмір Темір, Ағатай хазірет.

Найман, керей, албан, арғын, адай, қыпшақ, үйсін т.б. рулардың ішкі жіктерін көрсететін атаулардың жалқылық сипаты басым болғанса, бірінші сөзі бас әріппен жазылады: Сары үйсін, Көлденең қыпшақ т.б.

82-жаттығу. Сөйлемдердегі бас әріппен келетін сөздерді анықтап, жазылу себебін түсіндіріңіздер.

І. аздан соң ербол абайлардан бөлініп, көлқайнарға қарай тартып кетті. (М.Ә.) қасым пішенбаев көмір тапқаннан кейін, ол баянауыл, қарқаралы жерлерін сонау балқашқа дейін иемденіп алады. ұлы сібір темір жолын салуына байланысты ХІХ ғасырдың аяқ кезінде екібастұз көмірін пайдалану үшін «воскресен тау-кен акционерлік қоғамы» ұйымдасады. павлодар қаласына таяу, ертістің сол жақ жағалауындағы воскресенская пристанына екібастұздан тар табанды темір жол тартылды да, сол жолмен екібастұз көмірін деров ертіс арқылы омбыға тасытады. (Ә.Нұрш.) араб басқыншылығынан кейінгі кездегі қараханид кезеңінің тілдік ерекшеліктерін сипаттайтын жазба материалдарға юсуф баласағұнның «құтадғу білік» атты поэмасы, махмұд қашқаридің «дивану лұғат-ат түрік» атты лингвистикалық еңбегі, ахмед югнакидің «һибат-уль-хакаик» атты еңбегі, қожа ахмет яссауидің шығармалары («хикметі») жатады. (С.И.) шығыстың классикалық әдебиетінің қазақша еркін аудармалары, яғни шығыс сюжеттерін қайталап қазақша жырлаған туындылар: «шахнаме», «ләйлі – мәжнүн», «жүсіп – зылиха», «фархад – шырын», «ескендір», «мұңлық – зарлық», «сейфүл-мәлік», «бозжігіт», «шахмардан», «шәкір – шәкірат» т.б. (Р.С.)

ІІ. бұл асқа қарқаралының арғыны, жетісудің жалайыры, садыр-матайы, семіз-найманы, ылдидің уақ, бурасы, дағандының керейі бар, талай үлкен рулар келмек. (М.Ә.) күлкісі көмір болғыр сейіттің не бүлдіріп, не қойғанын группадағылар тұңғышбаев келген соң бірер минут өтер өтпесте-ақ білген-ді. (М.Әуб.) исаның жайын сөз қылу тәкежаннан құтылудың шарасы емес-ті. (М.Ә.) ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында жарық көрген кітаптар, газет-журналдар («түркістан уалаятының газеті», «дала уалаятының газеті», «айқап» т.б.) тілінен де міне осыны байқаймыз. (С.И.) сондықтан «алпамыс», «қамбар батыр», «ер тарғын» сияқты ежелгі батырлар жырлары да, «қыз жібек», «айман – шолпан» тәрізді лиро-эпостар да, қазақтың профессионал ақындарының өлеңдері де, жыр-дастан болып келетін жаңа туындылар да «қисса-и» атымен басылды. (Р.С.)

83-жаттығу. Төмендегі газет-журнал аттарын емле бойынша жазыңыздар.

«ұшқын», «сарыарқа самалы», «дала уалаятының газеті», «жұлдыз», «лениншіл жас», «егеменді қазақстан», «ана тілі», «қазақ әдебиеті», «айқап», «қазақстан мұғалімі», «қазақстан әйелдері», «түркістан уалаятының газеті», «абай».

84-жаттығу. Көркем шығармалардан бас әріппен жазылатын сөздердің әр түріне мысал келтіріңіздер.

85-жаттығу. Төмендегі шығармаларды емле ережесі бойынша жазып, авторларын анықтаңыздар.

«кең өріс», «ақбілек», «жапандағы жалғыз үй», «шұғаның белгісі», «бақытсыз жамал», «үркер», «жас түлектер», «құлагер», «бай баласы мен жарлы баласы», «москва үшін шайқас», «оянған өлке», «ақ жайық», «көшпенділер», «батыр баян», «қызыл жебе», «каһарлы күндер», «ботагөз», «қилы заман», «тар жол, тайғақ кешу», «қалың мал», «аласапыран», «инеш», «қан мен тер», «алтын сақина», «қамар сұлу».

Шығармалардың авторлары: Ғ.Сланов, Ә.Әбішев, Т.Ахтанов, С.Жүнісов, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, С.Шаймерденов, Б.Момышұлы, Қ.Есенжанов, І.Есенберлин, Ш.Мұртаза, М.Жұмабаев, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ә.Нүрпейісов, Қ.Кемеңгеров, С.Торайғыров, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов, С.Көбеев, С.Сейфуллин, Ж.Аймауытов, Б.Майлин, Ы.Алтынсарин, М.Дулатов.

86-жаттығу. Төмендегі сөздерді тиістісін емлеге сай бас әріппен жазыңыздар.

павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, ақан сері, сыртқы істер министрлігі, біріккен ұлттар ұйымының бас ассамблеясы, семенов-тяньшанский, ғылым академиясы, қазақ ұлттық педагогика университеті, ер төстік, қазақстан халық қаһарманы, баянауыл ауданы, қазақстан республикасы президенті, тұйғын, құран кітабы, жезтырнақ, ұлттық банк қоры, тіл білімі институты, бодуэн де куртенэ, павлодар облысының әкімі, қыз жібек, қырғызстан республикасы жоғарғы соты, астана қаласы, біржан сал, шалқұйрық, жолбарыс, жаңа жыл, шекшеката, қазақстан республикасының ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, инновациялық евразия университеті, тәурат, леонардо да винчи, түрксіб темір жолы, қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі.

87-жаттығу. Ғылыми-зерттеу еңбектерінен бас әріптің қолданылуына он бес мысал теріп, олардың жазылуын түсіндіріңіздер.

88-жаттығу. Жақшаны ашып, төмендегі сөздерді емле ережесіне сай жазыңыздар.

батыс(еуропа), судыр(ахмет), жаңа(зеландия), орта(жүз), сейфүл(мәлік), солтүстік(корея), қиыр(шығыс), орта(азия), қара(теңіз), ер(тарғын), аяз(ата), қамбар(ата), бұқар(жырау), ұлы(британия), асан(қайғы), шопан(ата), ұмай(ана), ұлы(жүз), зеңгі(баба), солтүстік(двина), мадагаскар(аралы), балуан(шолақ), қазыбек(би), екі(бас)(тұз), оңтүстік(америка), жаяу(мұса), жаңа(жер), апенин(түбегі), алдар(көсе).

89-жаттығу. Өлеңді мәнерлеп оқып, өзіндік ойларыңызды айтыңыздар.

 

Нан ардақты, адал дос

Бір кезде болып нанға зар,

Қадірін білген адамдар.

Әулие тұтып нанды ұстап,

«Нан ұрсын» деп қорғанар.

Нан ардақты, адал ас,

Кәрі, жас онан аттамас.

Ақ дастарқан үстінде,

Қол жумай оны ұстамас.

Нандай жоқ қой асыл дәм,

Жеп үйренген жасыңнан.

Дастарқаннан нан кетсе,

Береке кетер асыңнан.

Ей, балалар, балалар,

Болмаңдар, сірә, нанға тар.

Өмірдің алтын арқауы –

Нан қиқымын шашпаңдар.

Жерде жатса, баспаңдар,

Теріп алып, қастерлеп.

Торғайларға тастаңдар.

(Ө.Тұрманжанов)