Павлодар, 2021

Одағайлардың тыныс белгілері


Кісінің көңіл-күйін, сезімін білдіретін, сөйлемдегі өзге мүшелермен синтаксистік байланысқа түспейтін сөздерді одағай сөздер дейміз. Одағай сөздерден кейін кейде үтір, кейде леп белгісі де қойылады.

 

ОДАҒАЙ сөздерге байланысты қойылатын үтір

 

Қойылатын орындары

Одағай сөздің сөйлемнің басында келуі

Одағай сөздің сөйлемнің ортасында келуі

Одағай сөздің сөйлемнің аяғында келуі

– Қап, кетіп қалды-ау, – деді Көкетай санын бір соғып. (Ш.А.)

– Мұның не, әй, сірі тақым? Шөп ұрлап жатыр ма екен? – деді үй иесі. (Ғ.Мүс.)

Бүгінгі дос – ертең жау, Мен не қылдым, япырмау?! (Абай)

 

180-жаттығу. Одағай сөздердің тиісті тыныс белгілерін қойып, жаттығуды көшіріңіздер.

– Ананы қара, ананы қараңдар! О ғажап – деді ең алдымен Сейдахмет. (Ш.А.) – Ах шіркін мылтық болар ма еді?! Ең аз дегенде екі центнер ет бар-ау ә шамасы? – деді Сейдахмет аузынан қағынып (Ш.А.). – Е-е бір-екі рет еңбегін еш қылса, «итше жер тырмалап жаман ырым бастама!» десе, өзі де көшеді, – деп Әзімбай атынан түсіп, жайланып, бел шешіп жатыр. (М.Ә.) – Қандай ғажап ә – деді бадырақ көз, сырттай жуас көрінетін шофер бала шыдамай. – Фотоаппаратымды ұмытып кеткенімді қарашы, түсіріп алғанымда оңды болатын еді (Ш.А.). – Моһ-моһ – деп мұрнынан күліп, Сейдахмет жүре беретін (Ш.А.). – О бәрекелді келіңдер, жоғарылатыңдар, – дегенде Томаршаның даусы бұрынғысынша шықты. (Ғ.Мүс.) – Жә Дәрмен, Мағрипа қалай? Оны неге айтпайсың? (М.Ә.) – Ой балалар! Мынау қазақ емес. Ойбай орыс! Әне орыстар. Мәтүшкелер де жүр! – деді. (М.Ә.)

181-жаттығу. Одағай сөздердің тыныс белгілерінің қойылуына назар аударып, қандай көңіл-күйді білдіріп тұрғанын айтыңыздар.

– Пай-пай! Осы ұлықтың осындай бір айбаты-ай! (М.Ә.) Мағаш өзі күткен кеңес бұл емес екенін еске ала отырып, дағдылы шапшаңдығы бойынша: – Е, Оспан ағамның жылы толмай тұрып, ол кісілердің асыққаны несі? – деп қалды. (М.Ә.) – Жә, жеңеше, енді «қайсысы қайсысын алады?» деген түйін сөз бар ғой! Осыны не дейсіз? (М.Ә.) – Япыр-ай, осы екеуі қырбай деп еді. Қақтығып қалмаса игі еді! – дейді. (М.Ә.) – Бәрекелді, Шәке дұрыс айтады. Бұл әйелдер бәріне де жақсы келін ғана емес, іні-бауыр есепті де боп кеткен. Үшеуінің де алдарынан өтілу осы отырған бәріміздің қарызымыз. Сөзді осылай шешу керек! – деді. (М.Ә.) – Пай-пай! Аяқтарының астында қаламыз-ау, ойбай! Шынаяғыңды жи, ал ұстасты! – дейді. (М.Ә.)

182-жаттығу. Жан-жануарлар, жәндіктер қалай дыбыстайтынын есте сақтаңыздар.

Түйе боздайды. Бура күркілдейді, бұрқылдайды. Жылқы, құлын кісінейді. Айғыр арқырайды. Сиыр, қодас, бұғы мөңірейді. Бұқа күжілдейді, өкіреді. Қой, ешкі, киік, арқар маңырайды. Қошқар мекіренеді. Теке бақылдайды. Есек ақырады. Ит үреді, арсылдайды, ырылдайды, қаңсылайды, ұлиды. Күшік шәуілдейді, қыңсылайды. Доңыз қорсылдайды. Арыстан ақырады. Жолбарыс, піл күркірейді. Аю өкіреді, ақырады. Маймыл, қоян шыңғырады. Қасқыр ұлиды. Қорқау қорқылдайды. Түлкі шәуілдейді. Қарсақ шәңкілдейді. Борсық, кірпі мырсыңдайды. Мысық мияулайды, пырылдайды. Тышқан, аламан шиқылдайды. Жарқанат қиқылдайды. Күзен, зорман, шақылдақ шақылдайды. Суыр, саршұнақ сақылдайды. Бүркіт шаңқылдайды. Сұңқар саңқылдайды. Аққу сұңқылдайды. Қаз қаңқылдайды. Үйрек барылдайды. Сұқсұр, шүрегей пыр-пырлайды. Құр, кептер құрылдайды. Байғыз, үкі бақырады. Сыбызғышы сыңсиды. Безгелдек безілдейді. Жапалақ барқылдайды. Шағала шаңқылдайды. Өгіз шағала өкіреді. Көкқұтан қиқулайды. Тырна тыраулайды. Қарға қарқылдайды. Бөдене пырылдайды. Торғай шырылдайды. Қарлығаш шықылдайды. Бұлбұл, мыңсайрам сайрайды. Тоты сөйлейді. Әупілдек әупілдейді. Шіңкілдек шіңкілдейді. Құрылтай құрқылдайды. Жылқышы шырқырайды. Күркетауық күркілдейді. Бозтырқылдақ тырқылдайды. Тақтақ тақылдайды. Батпылдақ батпылдайды. Көкек көкектейді. Сауысқан шықылықтайды. Тауық қыт-қыттайды. Әтеш шақырады. Шақшақай шақылдайды. Тауқұдірет айғайлайды. Тауыс қырқылдайды. Ара дызыңдайды. Сона дызылдайды. Инелік тызылдайды. Маса ызыңдайды. Шыбын ызылдайды. Қоңыз быжылдайды. Шегіртке шырылдайды, ысқырады. Бақа бақылдайды. Құрбақа құрылдайды, шұрылдайды. Жылан ысылдайды.

(С.Кенжеахметұлы «Жеті қазына»)

183-жаттығу. Шақыру одағайларын қатыстыра отырып еркін тақырыпта шағын әңгіме жазыңыздар.

184-жаттығу. Көркем шығармалардан одағай сөздердің сөйлем ішінде орналасу тәртібіне қарай үш мысалдан тауып, кестені толтырыңыздар.

Одағай сөз басында

Одағай сөз ортасында

Одағай сөз соңында

 

 

 

 

185-жаттығу. Құрамында одағай сөздер бар сөйлемдерді қатыстыра отырып сұрақ-жауап түрінде диалог құрастырыңыздар.

186-жаттығу. Сөйлемдерден грамматикалық жағынан байланыспайтын оқшау сөздерді тауып, тыныс белгілерін қойып көшіріңіздер.

– Несін айтасыңдар мен баяғыдан күншуақтап, құсмамықтап, мамырлап рахат тапқан жанмын ба! Сондай сордан, соққыдан, зорлықтан жол табам деген жансебіл емеспін бе!? – дейтін. (М.Ә.) – Е бұқпа торғай сияқтанып, әншейін «бұға берсем, құтылады екем» деп сол аурудан текке қорқып жата беріппін... (М.Ә.) – Япыр-ай тым құрса, «өз атын өзі суаруға жарамайды», – деп мазақ та қылмайсың. Үп-үлкен басыңмен өзіңнен бұрын мені ойлауды бір қоймайсың-ау Ербол! (М.Ә.) Енді міне үш-төрт дуанның көп болыстарының арасындағы тартыстар, облысты билейтін кеңсеге де түсті... (М.Ә.) – Сен әй сұрқия-сұрдың сұмырай байы, мына кісілерге өтірік лапкеңді көрсетпей, шын лапкеңді көрсет! – деді әлгі мосқалдау әйел. (Ғ.Мүс.) – Көргенім осы, ал жігіттер атыңа қон! – деп, Байкөкше сөзін бітірді де, атына қарай қозғала берді. (М.Ә.) – Осы айтып отырғаның шын ба Оразеке – десіп, қатар сұрасты. (М.Ә.) – Ой не дедіңдер шырақтарым-ау Абайға ұлық солай сәлем айтып па?! (М.Ә.)