Айқындауыш – анықтауыштың ерекші бір түрі. Айқындауыш – анықтайтын сөзінен кейін келіп, оның мағынасын, мүшелік қызметін басқа сөздермен нақтылап, дәлелдеп, түсіндіріп тұратын сөздер (сөз) тобы. Айқындауыш құрылысына қарай үшке бөлінеді: 1) қосарлы, 2) қосалқы, 3) оңашаланған. Қосарлы айқындауыш дефис арқылы, қосалқы айқындауыш бөлек жазылса, оңашаланған айқындауыш өзі айқындайтын сөзінен үтір не сызықша арқылы ажыратылады.
Айқындауыштар |
||
қосарлы |
қосалқы |
оңашаланған |
Инженер-технолог, батыр-ұшқыш, мектеп-интернат |
Қамбар батыр, Тойбазар ақсақал, Әйтеке би |
Дәл осы кезде тыста, үй сыртында, дабырлап жүрген ұсақ балалар сықылығы естіліп еді. (М.Ә.) |
187-жаттығу. Сөйлемдерден айқындауыштарды тауып, құрылысына қарай топтап жазыңыздар, тиісті тыныс белгілерін қойыңыздар.
Күндіз бала түс таянғанда мынау қаулап өскен Шыралжынның ішіне барып жатқанды жақсы көреді. (Ш.А.) Әнеугүні Шүйгінсуда Жігітек үстіне баса қонған қақтығыстан бері қарай Базаралы жағынан жамандық күткен кісінің бірі осы Әзімбай болған. (М.Ә.) Қалалы жердің молдасы да мәдениетті болады екен-ау деп ой түйді де Нығыметпен қатарласты. Беттері халықтың жиын жері базар. (Т.К.) Сейдахан болыс Құрбан ұстаны әулетімен осы Шеңгелдіге асырып көшірген. (А.Тоқм.) Қорықтан шыққалы таңертеңнен бері бөгелместен тартқан үш салт атты аттарын қан сорпа қылған қалпында кешкі екінті кезінде Көлқайнардағы Құнанбай аулына Абайдың өз шешесі Ұлжанның отырған аулына кеп жетіп еді. (М.Ә.) Ұзақ түн бойында ас пен сауық кезектесіп ауысып отырған кездерде әрбір әредікте домбырашы Ақылбай әнші-күйші Әлмағанбеттер қонақ тартып өткен полька-мазурка сияқты билердің кейбір қайырмаларын өздерінің домбырасына ақырындатып іліп тартып ұғып қалып отырғандарын да байқатып отырды. (М.Ә.) Шоқан Жиренше шешен аңыздарын «ноғайлы философы» Асанқайғы толғауларын Әз Жәнібек сөздерін осы ноғайлы-қазақ дәуірінде туған деп топшылайды. (Р.С.) Жұмыр шал осы ауылдың қасына көшіп келген соң Ысқақтың осы кесір кердең Мәніке бұл екі баланың атын мазақ еткен. (М.Ә.)
188-жаттығу. Төмендегі қосарлы және қосалқы айқындауыштарды қатыстыра отырып сөйлем құраңыздар.
Қобыланды батыр, Қаз дауысты Қазыбек би, ғалым-ұстаз Нұржамал Оралбай, Ақан сері, Біржал сал, Төле би, би-шешендер, Алпамыс батыр, телефон-автомат, Бұқар жырау, Жиренше шешен, әнші-композитор.
Оңашаланған айқындауыштың тыныс белгілері |
|
Үтірмен келетін оңашаланған айқындауыш |
Сызықшамен келетін оңашаланған айқындауыш |
– Мүйізді Бұғы ана, біз, атамыз екеуіміз, сізді өте жақсы көреміз. Сіздің келуіңізді көптен бері күтіп жүр едік, – деді. (Ш.А.) |
Сүйіндік бәйбішесімен және екі баласы – Әділбек, Асылбекпен – бәрі де қонақтармен бірге болды. (М.Ә.) |
189-жаттығу. Мәтіннен оңашаланған айқындауышы бар сөйлемдерді тауып, тыныс белгілерін қойып жазыңыздар.
Бұл ауыл Оспанның әйелі Еркежанның төркіні Байтас ауылы. (М.Ә.) Осыны алдыңғы жыл былтыр екі жыл зорлап алып кеп енді міне биыл үшінші жыл тағы орақшысын әкеп салып отыр. (М.Ә.) Байғабылдан көп жатақ ішінен әр қыстаудан дәл осы шақта тағы талай аттылар жосыта шығысқан еді. (М.Ә.) Шолпанның баурында күнұзын Тәкежанның баласы мен жылқышылары мал үшін қырқысқан күні сол Шолпаннан тай шаптырым жерде Ақшоқыда Абайдың іні-достары Лермонтовқа айрықша шұғылданып жатқан-ды. (М.Ә.) Күні әнеугүні күзекте ғана сол Базаралының жоғын жоқтап кеп аузына келгенін айтып кеткен. (М.Ә.) Қалың көпшілік арбалылар да салттылар да жаяулар да соның соңынан шұбап қыртысы қалың жасыл көделі жердің шаңдағын аспанға шығарды. (С.М.) – Бұл жөнінде ертең сағат тоғызда тресте отырып кең сөйлесейік. (Ғ.М.) Жаңа кешке жақын бұлақ басындағы бір тақырға жиналған өз құрбы балаларды бастап осындай ат қоюды көп ойын қылған. (М.Ә.) Қыстауға қонғалы қазіргі қалың қыстың ортасына шейін Абай Аралтөбеде Әйгерімнің оңаша қыстауында кітап соңында уақыт өткізетін. (М.Ә)
190-жаттығу. Көркем шығармалардан үтір не сызықшамен келетін оңашаланған айқындауышқа үш мысалдан тауып, кестені толтырыңыздар.
Үтірмен келетін оңашаланған айқындауыш |
Сызықшамен келетін оңашаланған айқындауыш |
|
|
191-жаттығу. Оңашаланған мүшелердің тыныс белгілерін қойып, оның қойылу себептерін түсіндіріңіздер.
Шеткі үлкен ақ үйге Құдайменде болыстың үйіне ат басын туралап еңкілдеп төніп қалды. (Ә.Н.) Жұмыртқадай ақ үйлердің ең үлкені Тәңірбергеннің үйіне жұрт жиналып жатыр. (Ә.Н.) Артта қаусаған арба адыра қалды ал алдарында күнбатыста қара жолдың үстін күлгін-күңгірт қараңғылық тұмшалап алған. (Ш.А.) Баяғыда Базаралы жас шағында білетін Дәркембайдың інісі Көркембай бар еді. (М.Ә.) Ел ішінде Абай айналасында осы ауылда жүрген аз ғана өнерпаз жарыққұмар жастар болмаса Абайға қарсы арналған өштік араздық қызғаныш қастық атаулы соншалық мол екенін Әбдірахман көп естіген. (М.Ә.) Долы далада қатуланған суық жүзді өгей далада бұлар тағы да ұзақ жортты. (М.Ә.) Қонақтарды түнде Сыздықтікіне жер үйге жатқызғанмен тамақты бәйбіше өз үйінде киіз үйде берді. (Д.И.) Келіссөз бейтарап алаңда қалалық демалыс паркіндегі көлдің Арал ресторанында мейлінше жылы шырайлы екі жақты толық түсініскен жағдайда өтті. (Д.И.)
Оңашаланған айқындауыштың сызықшамен келуі |
|
Оңашаланған айқындауыш ішінде бірыңғай мүше келгенде, екі жағынан сызықша қойылады |
Оңашаланған айқындауыш айқындайтын сөзімен септік, тәуелдік жалғаулары жағынан қиыспай тұрса, араларына сызықша қойылады да, айқындауыштан кейін тыныс белгісі қойылмайды |
Өзі сері, әнші, сұлу Байтасқа екеуі де – бірі кәрі, бірі жас бала – қызғана да, тамашалай да қараған еді. (М.Ә.) |
Жаңа жерге қонғанда жас төл – қозы, лақ қандай рахаттанады. (Ә.Н.) |
192-жаттығу. Көркем шығармалардан сызықшамен келетін оңашаланған айқындауыштарға үш мысалдан теріп жазыңыздар.