Павлодар, 2021

Бірыңғай мүшелердің тыныс белгісі


Бірыңғай мүшелердің тыныс белгісі

Сөйлемде бір ғана сұраққа жауап беріп, бір сөйлем мүшесі болатын, бір-біріне бағынбай, өзара салаласа байланысатын мүшелерді бірыңғай мүшелер дейміз.

Бірыңғай мүшелерге байланысты қойылатын үтір

Бірыңғай мүшелер жалғаулықсыз келгенде

Да, де, әрі, я, яки, не, немесе, әлде жалғаулық шылаулары бірыңғай мүшелермен қайталанып келгенде

Да, де жалғаулық шылаулары бірыңғай баяндауыштар арасында қайталанбай келгенде

Қызғалдақ, жауқазын, сарғалдақ, бәйшешек дегендер қызыл, сары, көкшіл түстермен құлпырып жайнайды. (М.Ә.)

Жиынға түсінікті қазақ әні, әрі скрипкада, әрі өнерлі, жіңішке, ашық үнді әншінің көмейінде ырғалғанда, жұрт жаңадан рахат тауып тамашалап отыр. (М.Ә.)

Сен де бір кірпіш дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан! (А.Қ.)

 

193-жаттығу. Көшіріп жазып, тыныс белгілерін қойыңыздар. Бірыңғай мүшелердің қандай қызмет атқарып тұрғанын анықтап, астын тиісті сызықпен сызыңыздар.

1) Құлақтағы әшекей сырғасы бастағы кәмшат бөркі білек толған неше білезіктері баршасы да бұл өңірден Абайдың көрмеген бір сәні сияқты. (М.Ә.) 2) Биыл жұт болады деп күн бұрын есепшілер де айтқан шөптің шығысы жаман серейген-серейген еркек шөп бұйдай бас көде боз қаптап кетті. (Ж.А.) 3) Осылайша бар сорақысы бадырайып тұрған әрі зорлық әрі жуандық әрі арамдық ұясындай бай аулында сол күнгі қазақ сахарасының басындағы тарихтай күйзеу күздің күнінде Абайдың анық өлмес өшпес және бір сазы туып еді. (М.Ә.) 4) Мұсабай өзі өнерпаз болмаса да неше алуан әзілқой күлдіргі әңгімеші сауықшыл адамдарды аса жақсы көретін. (М.Ә.) 5) Ақ сеңсең тымақ астынан тұздай көк көзді сары сақалды шикіл сары кісі күліп тұр екен. (Ә.Н.) 6) Құдайменде Темірке Ақсақ Жагор бас боп күтіп тұрған кісілер жас Федоров алдында жел соққан қамыстай жапырылып иіліп-бүгіліп жатыр. (Ә.Н.) 7) Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ Қой мойынды қоян жақ бөкен қабақ. Ауыз омыртқа шығыңқы майда жалды Ой желке үңірейген болса сағақ. (А.Қ.) 8) Енді ол тізгінге де қамшыға да айқайға да бағынбай жолды тек соқыр сезіммен бағдарлап дауылды түнді қақ жарып сабалаған нөсердің астымен зымырап келеді. (Ш.А.) 9) Әйеліне қызына сақманшыларға жылы-жылы сөйлеп ақжарқын жүрмек болуға тырысты бір жағынан олар әлдеқалай сезіктеніп қалар деп те тосылды. (Ш.А.) 10) Қыбын тапса қарап қалмайды атады шабады соққыға жығады сөйтеді де айдап әкетеді арбалап әкетеді. (С.Ш.) 11) Ақпан қаңтар бірдің айы – баршасы да қазір Абайлар жүріп келе жатқан сары дала қоңыр адыр сай-сала қорық-қойнауларға өздерінің ақ ирек саргідір омбыларын оқаптарын мұздақ жалтырларын жапқан көрінеді. (М.Ә.)

194-жаттығу. Мәтіндегі бірыңғай мүшелердің арасындағы үтірдің қойылу мәнін талдап көрсетіңіздер.

Енді тостақты да, табақты да, қасықты да, сырғаны да, кірленді де – бәрін шетінен алюминнен долбарлай береді, қайда барма, бәрі сол (Ш.А.). Кеңесе келе Абай Тобықтының өзі ән шығара қоймайтынын, әннің көбін сол Қарқаралы, Баян, Қараөткелден алатынын және сол алғанын да оншалық келістіре алмай, бұрып, ырғақсыз ғып әкететінін айтты (М.Ә.). Сазарған түсінен не көнгендігі, не қарсылығы байқалмайды. (Ғ.М.) Толқын біресе жарды сүзіп, біресе қайтып, буырқанып жатыр екен. (С.М.) Ел адамдары да, құрбы-құрдастары да Сәкенге ілтипат білдіріп, оның аузынан шыққан сөзге мән бере қарайтын боп қалыпты. (Т.К.) Сүп-сүйкімді уылжыған жігітке үлкендердің де, қыз-келіншектердің де көзі түскіш-ақ емес пе?! (Т.К.) Бұлар ертеден осы қалаға орналасып, жаяу кәсіппен күн көріп отырған адамдар: әйелдері тон тігеді, еркектері етік тігеді, ойық тазалайды, әркімнің отын-шөбін тасып береді. (Ғ.Мүс.) Әрі шабыт шалған, әрі күн шұғыласы шалған, шапшыған жігіт Абай көзіне ақ мәрмәрдан ойылған, әсем біткен, тас тұлғадай көрініп еді. (М.Ә.) Осы кезде домбыраны Мұқа алды да, үй ішін тегіс елең еткізіп, сергітердей боп, шырқап кетті. (М.Ә.)

195-жаттығу. Мәтінді оқып, бірыңғай мүшелерге жалпылауыш сөз қосып көшіріңіздер, олардың тиісті тыныс белгілерін қойыңыздар.

Сарғайып қураған шөптер де бұталар да бұталардың жапырақтары да жаңбыр суын жұтып жасарыңқыраған сияқты. (С.С.) Сайлы ер-тоқым сары жезден жасалған үзеңгі сылдыр қағатын сағалдырық пен өмілдірік күмістей жылтырайды. (Ш.А.) Жамыраған қой азынаған сиыр өкірген бұқа айғайлаған бала ауқаулаған қатындардың даусы қосылып көлдің басы ың-жың у-шу ауыл-ауылдың түтіні ұрандасып ұласып көл арнасын көк тұман басып тұр. (Ж.А.) Батырлар жырларындағы Құртқа Назым Ақжүністерді былай қоя тұрып Баян сұлу Қыз Жібектерді алып қарасақ та елді аяулы қыздарына қолың жету үшін толып жатқан қауіп-қатерлер ерлік көрінер сырлардан өтуің керек. (Ғ.Мүс.) Астындағы бөдес қоңыр құнанының омырауы құлағы көзіне шейін тер басқан. (М.Ә.) Сөйтіп Дәрмен өлеңінің орта тұсында үлкен үйдегі Оразбай Жиренше Бейсенбі Абыралылар да осы үйге кіріп сөз тыңдады. (М.Ә.) Бұл елдің ірі бай салмақты жуандары Оразбай Жиренше Бейсенбілер осы мінезге де наразы боп шықты. (М.Ә.)

196-жаттығу. Мәтіндердің тиісті жеріне үтірді қойып, көшіріңіздер. Бірыңғай мүшелерді табыңыздар. Асты сызылған сөздердің мағынасын түсіндірме сөздіктен тауып жазыңыздар.

І. Ішік – сыпайы әрі сәнді әрі жылы киім. Мұның сыртын берік матадан ішін аң мал терілерінен құрайды. Жағасы тік сәндік үшін жағасынан бастап өңірі етегіне дейін теріден жұрыңдайды. Ішік ұзын әрі мол пішіліп тігіледі. Ішіне салынған терісіне қарай ол күзен ішік қасқыр ішік бұлғын ішік түлкі ішік қарсақ ішік зорман ішік пұшпақ ішік суыр ішік сеңсең ішік жанат ішік деп аталғанымен көбінесе бір үлгіде тігіледі. Бұлардың ішінде сирек кездесетіні бота терісінен жүні ішіне қаратылып тігілетін бота ішік. Басқа ішікке қарағанда жылы болады.

Ішікті еркектер де әйелдер де кие береді. Әйелдерге әсіресе жастарға арналған ішіктер әшекейленіп түрлі ою кестелер салынып та тігіледі. Сеңсең ішік марқа қозының терісінен (сеңсеңінен) тігіледі.

Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында ішіктің алатын өзіндік ерекше тәлім-тәрбие мен құқықтық ережелері де бар. Мысалы қасқыр ішікті жиырма беске толмаған жастарға киюге болмайды. Себебі жастық жалыны мен тері қызуы жігіттің күшін қайтарады немесе ауруға ұшыратады. Сол сияқты екі адам боранды күнде адасып қасқыр ішікті адамның жанындағы кісі үсіп өлсе онда өлген кісінің туыс-туғандары қасқыр ішікті кісіден құн даулауға хақысы бар. Өйткені бір қасқыр ішік екі адамды суыққа бермейді. Дала заңы осылай.

(С.Кенжеахметұлы «Жеті қазына»)

ІІ. Сөк – қазақ халқының ертеден дайындап ішіп-жеп келе жатқан тағамының бірі. Ол тарыдан жасалады. Ақталмаған тарыны қара тары дейді. Бұдан сөк дайындау үшін қара тарыны әбден тазалап үлкен қазанға су құйып қайнатады. Қауызы ашыла бастағанда тарыны қайта алып шыптаға салып сүзеді. Оны кептірмей қазанға салып қуырып былғауышпен күйдірмей араластырып отырады. Ұстауға ыңғайлы бір жақ басына шүберек оралған ағашты былғауыш дейді. Қуырылған тары піседі. Оны ыдысқа салып алады да түйеді. Түюге келі мен келсап пайдаланылады. Қуырылған тары осыған құйылады да оны келсаппен соғады. Түйілген тарының қауызы уатылып ішіндегі дәні бөлінеді. Мұны тары түю дейді. Осы кезде оны қайтадан қотарып алып қауызын (кебегін) ұшырады. Мұны қаралау дейді. Қаралап болғаннан кейін оны қайтадан келіге салып түйеді. Мұны ақтау дейді. Ақталғаннан кейін оны сөк деп атайды. Сөктен түрлі талқан жарма тары көже сүт көже төп бөртпе тағы басқа дәмді ұлттық тағамдар жасалады. Сөкті сүтке қаймаққа майға араластырып жейді. Балалар жастар сөкті құрғақтай да жей береді. Тарыны диірменге тартып талқан жасайды. Сөкті майға қуырады оны майсөк деп атайды.

(С.Кенжеахметұлы «Жеті қазына»)

197-жаттығу. Мәтіннен бірыңғай мүшелерді тауып, астын сызыңыздар, жазылу ережесін түсіндіріңіздер.

І. Ірімшік сүттен жасалады. Сүтті қайнатып, оған қымыз, айран, шұбат сияқты ащы іріткі қосып ірітеді. Іріген сүттен ірімшік түзіліп, ол әбден қызарғанда бабымен қайнатады да сүзіп алып, табаққа, дорбаға салып, кептіріп алады. Әрине, қой сүтінен жасалған ірімшік өте дәмді болады. Ірімшік қыста да, жазда да жақсы сақталады.

(С.Кенжеахметұлы «Жеті қазына»)

ІІ. Сәбиді бесікке салар кезде бесіктің түбегі тұратын тесіктен құрт, ірімшік, тәттілер өткізіп, «тышты», «тышты» деп ырым жасайды және оны тыштырма деп атайды. «Тыштырманы» әйелдер ырымдап бөлісіп алып, бала-шағаларына үлестіріп береді.

(С.Кенжеахметұлы «Жеті қазына»)

198-жаттығу. Қыстырма сөз, қаратпа сөз, бірыңғай және оңашаланған мүшелері бар сөйлемдерді қатыстырып, шағын әңгіме жазыңыздар, тыныс белгілерінің қойылу себебін түсіндіріңіздер.