Павлодар, 2021

Құрмалас сөйлемдердің тыныс белгілері


Екі я одан да көп жай сөйлемдерден құралып, күрделі ойды білдіретін, екі предикаттық қатынастан тұратын сөйлемдерді құрмалас сөйлем дейміз. Құрамындағы сөйлемдердің байланысуына қарай құрмалас сөйлем салалас құрмалас, сабақтас құрмалас, аралас құрмалас сөйлем болып үшке бөлінеді. Құрмалас сөйлемдердің құрамындағы жай сөйлемдердің арасына үтір, нүктелі үтір, қос нүкте, сызықша қойылады.

Құрмалас сөйлемнің ішінде қойылатын тыныс белгілер

үтір

қос нүкте

нүктелі үтір

сызықша

үтір мен сызықша

Қасынан тазы иттер жүгіріп өтсе, балалар шапқылап кетсе, семіз сары ат кермені сүзе жөнеліп, ары-бері бұлаңдап елегізіп қояды. (М.Ә.)

Дос санын соқты: желөкпе жігіттер тәуір аттарды таңдап әкеткен. (Ә.Н.)

Уақыт тізгінді қолға берер емес; сағымдай бұлдырап ынтық қып, шаршатып, бір жеткізбей-ақ қойды.

Тұманның қалыңдығы сонша – түк те көрінбейді.

Сөз бергенге ерме, – бөз бергенге ер. (мақал)

 

199-жаттығу. Құрмалас сөйлемдердегі үтірдің қойылу мәнін түсіндіріңіздер.

Үй иесіне қойды ұстата салды да, құрғап қалған қырдың басына келіп, әңгіме-дүкен құрды. (Т.К.) Ысқақ биік төсекке сүйеніп отыр да, оның кесір-кердең нақсүйері қараторы Мәніке бәйбіше қос жастыққа шынтақтап шіренеді. (М.Ә.) Қысқа ғана жауап бере қоюды шолақтау көреді де, ұзатып, мәнерлеп айтуға тілі жетер емес... (Ғ.Мүс.) Қартқожа орнынан бір-екі рет ұмтылып еді, қолына еш нәрсе түсіре алмады. (Ж.А.) Ел ішінде әлді-малды үйлердің сандығында болмаса, көпшілік қолында ақша жүрмейді, кедей атаулыда ол мүлде жоқ. (М.Ә.) Түс ауа бергенде, бұл ауылға да шапқылап алымшылар жетті. (М.Ә.) Айнала соққан дауылды боран қалай қарай бораса, қойлар солай қарай бұрыла салады. (Ғ.Мүс.) Үрейленген елдің үрке күткеніндей-ақ, өңкей үш ат жеккен пәуескелер дөңнен құлап келеді. (Ғ.Мүс.) Бұл арада Жақаң азырақ кідіріп, айнала жұртқа көзін салып еді, шоғырланған көп жағы қозғалысын, наразылықтарын білдіріп отыр екен. (Ғ.Мүс.) Ел жайлауда, әкесі үйде жоқ. (Ж.А.) Бес жігітті өзіне «агент» етіп алып, мойындарына салық салғанын айтып еді, жиналғандардың шек сілесі қатып күлді де, мұндай «қанаушылықтың» өз ойларына келмегеніне өкінді. (Т.К.)

Құрмалас сөйлемдерге байланысты қойылатын үтір

Да, де, та, те, әрі жалғаулықтары арқылы байланысса

Бірақ, дегенмен, әйтседе, сондықтан, өйткені, себебі жалғаулықтары арқылы байланысса

Қайталанып келген әлде, кейде, бірде, біресе, не жалғаулықтары арқылы байланысса

Жалғаулықсыз ыңғайлас, себеп мәнді салалас құрмалас арасына

Сабақтаса құрмаласқан жай сөйлемдердің араларына

Бірнеше күн ат соғып қалжыраған Сәкеннің шай ішуге ғана мұршасы келді де, асқа қарамастан ұйықтап қалды. (Т.К.)

Ол қазаққа шын пейілмен қызмет етпекші еді, бірақ көп нәрсені қиял қылушы еді. (Ж.А.)

Біресе аузы қимылдайды, біресе қолы қимылдайды. (С.М.)

Оттың жалыны әзір көрінбейді, жаңа тұтанды. (Ғ.М.)

Жиі қонған қалың елдің малы араласып, иттері де сәт сайын әуліге үрісіп, көп таласа береді. (М.Ә.)

 

200-жаттығу. Көркем шығармалардан құрмалас сөйлемге байланысты қойылатын үтірге үш мысалдан тауып жазыңыздар.

201-жаттығу. Мәтіндегі салалас құрмалас сөйлемдердің мағыналық түрлерін анықтап, тыныс белгілерін қойыңыздар.

Оспан үлкен қара өгіз секілді де Итемген үлкен өгіздің қасында мұрнын шүйіріп қорқып тұрған көпей торпақ секілді. (Ғ.Мүс.) Көшеде жалғыз кетіп бара жатыр еді артынан қазақтың көп балалары қуып жетті. (Ж.А.) Әлде жазғы күннің тыныштық әсері ме әлде күйдің күштілігінен бе әйтеуір Мекежайдың ойы мен бойын түгел қуаныш тербетті. (Ғ.Мүс.) Қалай Бәдіғұлдың жылқысын бақтым солай көзім ашыла бастады. (Ж.А.) Ақбілек олардың бетіне тура қарай алмады кіріп келгенде ғана немесе түрткенде ғана көзінің құйрығы түсті. (Ж.А.) Қуандықтың Мұқышы деген жастау жігіттің арбасына мінген Сәкен оны-мұныны сұрастырып көріп еді арба иесі айналып-үйіріліп өз жайын әңгімелей береді. (Т.К.) Бағасын сұрап еді удай екен. (Т.К.) Тырнақ астынан кір іздегенге сылтау табу қиын ба Сәкен тағы да айыпты болып шықты. (Т.К.) Кешеден бері көргені көңілін көтерер еді Ысқақ сөзі сейілтіп жіберді. (Ғ.Мүс.) Тойдан шыққан арыстандай үйден бұлқына шыға келген оған дүниені өрт қаптаған сияқты болды жер де көк те өсімдік те ауыл да мал-жан да қып-қызыл боп елестеді. (С.М.)

202-жаттығу. Құрмалас сөйлемдердің тыныс белгілерін қойып, ережесін түсіндіріңіздер.

Бес-алты адым аттады ма жоқ па әлде шөптің әлде шүберектің сыбдырындай судыр еткен бір дыбысты құлағы шалып қалды. (Ж.А.) Әйтсе де осы молданы өз ауылы сыйлайтын қыстауға қонса бата оқыр болса мал өлсе құрмалдық берсе бас пен жамбас молданың алдына тартылатын. (Ж.А.) Ет пен қымыздың желігі ме әлде жайраң қаққан көңілдің көтеріңкілігі ме «Затондағыларға ойын қойып берейік» деген ұсыныс айтылып қалды. (Т.К.) Мұның Стамбулда оқығаны өтірік деп те лақап таратты бірақ ешқайсысы білім таластыруға дәті бармай жолбарыстың алдындағы мысықтай «ишанбысыз саумысыз» деп жылмаңдай береді. (Т.К.) Төлеген қазақшалығы ұстады ма немесе бір күніме керегі болар деді ме жастардың қатарында бұл екеуін қонаққа шақырған еді. (Ж.А.) Кіре қажытып келе ме әкелгендері базарлы болмады ма Ақсары болысынан келген керейлердің қабағы қатыңқы. (Т.К.) Почта арқылы да жіберуге болатын еді бірақ мына кісі тез жетеді ғой сонсын менің амандық-саулығымды айтып, қазақ елін жақсы білетін жазушы Ф.Березовскийге жақын жүргенімді ауызба-ауыз айтады ғой деген көңіл желігі аяқ астынан хат жазғызған-ды. (Т.К.)

203-жаттығу. Берілген мақал-мәтелдердің екінші сыңарын тауып жазып, оларды жаттап алыңыздар. Құрмалас сөйлемдердің мағыналық тобын анықтап, тыныс белгілерінің қойылуын түсіндіріңіздер.

1) Туған жердей жер болмас, … . 2) Бірлігі жоқ ел тозар, … . 3) Жақсы қыз – жағадағы құндыз, … . 4) Жасық адам жасына жетпей қартаяр, … . 5) Жаман елдің жақсысы болғанша, … . 6) Атаның баласы болма, … . 7) Көпшіліктен береке кетпес, … . 8) Иті семіз, малы арық – жер азғаны, … . 9) Ақылды адам айтқызбай біледі, … . 10) Бай болатын жігіт айырбасшыл келеді, … . 11) Аққу – құстың төресі, жалғыз жатып оттамас, … . 12) Орағың өткір болса, қарың талмайды, … . 13) Болар бала жетісінде бас болар, … . 14) Арғымақ аттың құйрығы – әрі жібек, әрі қыл, … . 15) Жақсымен жолдас болсаң, ісің бітер, … . 16) Жақсы жүрген жеріне кент салады, … . 17) Жақсының кегі жібек орамал кепкенше, … . 18) Жаман сайға су түссе, өткел бермес кешуге, … . 19) Жаманға ақыл үшін күлкі берер, … . 20) Сиыр сипағанды білмейді, … . 21) Жақсыға ерсең, жетерсің мұратқа, … .

Қажетті сөздер: Отаның берік болса, жауың алмайды; жаманмен жолдас болсаң, басың кетер; туған елдей ел болмас; бірлігі күшті ел озар; жаман кісіге мал бітсе, сусын бермес ішуге; ынтымағы болмаса – ел азғаны; жақсы елдің жаманы бол; адамның баласы бол; берекелі жерден мереке кетпес; жаман сыйлағанды білмейді; ақ сұңқар қаққызбай іледі; асыл адам жасына жетпей марқаяр; адам болатын жігіт ағайыншыл келеді; болмас бала қырқында жас болар; қас жақсының белгісі, ғайбат сөзді қостамас; қас жақсының белгісі – әрі мырза, әрі құл; жаманға ерсең, қаларсың ұятқа; жаманның кегі басы көрге жеткенше; жақсы жігіт – көктегі жұлдыз; жалқауға жұмыс үшін ұйқы берер; жаман жүрген жеріне өрт салады.

204-жаттығу. Сөйлемдердің тиісті жеріне үтірді қойып көшіріңіздер. Қойылу себебін анықтап, ережесін еске түсіріңіздер.

Жылаулар да ызалы назалы күйгендер де көкірегі мен тілі қарғысқа толы шарасыздар да қалмай ілеседі. (М.Ә.) Топқа таянған соң Нұрмағамбет би: – Азаматтар жалпы амансыңдар ма? – деді. (Ж.А.) Бөкенші Жігітек Көтібақ жайлауларында тіпті жалпы өсы өңірдің елінде кедей ауылдар мен жеке жыртық лашық атаулыда бұл апаттан аман қалған жоқ еді. (М.Ә.) Кім біледі қолына қару берсе орыс жұртына жау болып кетпесіне кімнің көзі жеткен? (Ж.А.) Бұлардың арасында Базаралы Әбді Сержан Асқар мен Келден сияқты бір топ жігерлі жандар болатын. (М.Ә.) Сөйтіп басыңқы сөзбен бірыңғай синтаксистік қатынасқа түсіп бірыңғай мүше қызметін атқарады. (С.И.) Дәрмен жанындағы пышағын жұлып алып сиырды жетелеген бас жіпті кесіп жіберді. (М.Ә.) Сандыбай Оспанның зекуін естігісі келмеді: – Ойбай желбуазым-ай... Бетіңнен жарылғасын, – деді де шығып кетті. (Ғ.Мүс.) Көрпе-жастық асжаулық тегене тостаған самауырлар тасыған жас әйелдер еркектер қарбаласады. (М.Ә.) Сөз жоқ жаңа сөз тудырудың әр тәсілінің сөз табына қатысы біркелкі болмауы мүмкін әрқайсысының өз ерекшеліктері болып отырады. (С.И.)