Мағынаға негізделіп қойылатын тыныс белгілердің бірі – жақша. Жақша ішіндегі және сыртындағы сөздер өзара грамматикалық байланысқа түспейді. Жақшаға алынатын сөздер сөйлем ішіндегі бір ойды не жеке бір сөзді түсіндіреді, автордың белгілі бір нәрсе жайында көзқарасын білдіреді.
ЖАҚША |
Қойылатын орындары |
||||
Сөйлемдегі белгілі бір сөздің мағынасын, негізгі ойды айқындап, қосымша түсінік беру үшін қолданылатын қыстырма мәнді сөздер |
Үзінді, мысал, нақыл сөздің шығу дерегін, кімнен алынғанын көрсететін түсініктер |
Драмалық шығармалардағы ремаркалар (автор түсіндірмелері) |
Мәтіндегі кей сөздің мәні екіұшты, күмәнді болып келсе, сол сөзден кейін қойылатын сұрау, леп белгісі |
Белгілі сөздерді түсіндіруде оның аудармасы, синонимі, екінші бір тілдегі баламасы |
Таңбалар жеке ұғымдардың (тілдік жағынан қарағанда жеке сөздердің, тіркес-оралымдардың) шартты белгілері ғана. (С.И.) |
Қазақ тілі – әрі бай, әрі көркем тіл. (М.Әуезов) |
Ынтықбай. Шәрбан, ағам арбасын жекті ме екен? Тысқа шығып келші. (Кетеді.) (Ж.А.) |
– Әдебиетті, – дейді марксшілдер, – тіл сияқты қоғамдағы барлық тап бірге жасамайды (?), әр тап белгілі тарихи жағдайға сай өз әдебиетін туғызады. (З.Қ.) |
Өзі бір бөлімнің бөлімшесінде (подотделение) орынбасарлық қызметін атқарушы еді. (Ж.А.)
|
208-жаттығу. Сөйлемдердің тиісті жеріне жақшаны қойып, көшіріңіздер. Қойылу себебін анықтап, ережесін еске түсіріңіздер.
І. Ұлық алдына барған сайын өзі әрқашан ойындағы сөзін айта алмай ал тілмаш арқылы сөйлескенде де бір түрлі айызы қанбай, шала құмар боп, булығып шығатын-ды. Ә.Н. Әне, олар Гүлсарыны ұстағанын, басына қалай басқа жүген кигізгенін өзінің жүгенін Танабай өліп кетсе де бермес көрді. Ш.А. Қанапия күрсініп. Заман осылай болды, сәулем! Тым-тырыс. Тым болмаса, Ынтықбай да қалмады. Шәрбану Қанапияның қолтығына кіріп, көзін сүртеді. Сонда да үмітсіз шайтан деген ғой, ақырының қайырын тілейік. Ж.А. Скульптура кескін өнерінде өнерпаз Дитрихтың жасаған бейнесі бойынша Ташкент қаласында Науаиге зор ескерткіш қойылғалы отыр. М.Ә. Жанр қазіргі әдеби практикада әрі әдебиеттің тегін эпос, лирика, драма, әрі әдеби шығарманың түрлерін әңгіме, роман, баллада, поэма т.б. белгілейтін термин ретінде екіұдайы мағынада қолданып жүр. Ә.Н. Мектептегі баладан басқа мектеп программасынан тысқары жолмен қара халықты оқыту, қырға шығатын мұғалімдердің қыр халқымен жақындасып, қалаған игілік жұмыстарын жұрт құлағына тез сіңіруіне үлкен себеп болатын нәрсе – қара халықты оқыту үшін мұғалімдердің жоғарғы курстағы оқитын сабақтары: 1 Халыққа қысқаша лекция, сөйлеудің жөні, жақсы кітаптар, газет-журналдар оқып, түсіндірудің жөні. 2 Ел арасында кітапхана ашудың жөні. 3 Театр жасаудың жөні һәм басқалар болу керек. М.Ә.
ІІ. Ол окказионалдық әдеттен тыс, сол контекстегі ауыс мағына, көп мағыналық, метафора, метонимия, синекдоха, эпитет, теңеу, салыстыру, гипербола сияқты түрлі көркемдік тәсілдер арқылы беріледі. (С.И.) Қара шұға шалбары да ескінің жұрнағы ғой, қоңыр пенжегі де әлі сыны кете қойған жоқ, қайырма жаға тақталы көйлегіне қара шұбар галстук те тағып қойыпты. (Ж.А.) Әрі өз басының, әрі досының пайдасы бірдей табылған соң адам шын дос боп жүреді әлде «шын ұлтшыл», «шын әлеуметшілдер» де сондай ма екен? (Ж.А.). ХҮ-ХҮІ ғасырлар – қазақ ру-тайпаларының өз алдына халық народность болып құрала бастаған дәуірлері. (Р.С.) – Жә, біздің ауылдың кісілері! Ахкем үйінде қонақ болдың, ішер асыңды іштің Ахкем деп ол қайнағасы Тәкежанды айтатын. Енді қайтыңдар. Малдарыңа, шаруаңа жөнел, түге! – деді. (М.Ә.) Қазақ әдебиетінің сын мәселесінде біреуді «оңшыл» деп Садуақасов, Мұстанбаев т.б., біреуді «солшыл» деп Сәкен, Бәйділдин, мен т.б., енді біреулерді «байшылдар» деп Мұхтар, Мағжан т.б. айыптайтын. (С.М.) Осылай жүрген Жанпейіс бір сәтте орыстың сұлу қызына Жанпейістің өзі де сымбатты, бірсыдырғы кескінді жігіт еді ғашық болады. (С.М.) Газеттің шығарушысы выпускающий боп негізі шалақазақ Кәрім Балтабаев дейтін жолдас қызмет атқарады. (С.М.) Бірақ іштей қара жылан Қарагөз бұл сезіміне осындай ат қойған өмірінде бұл күнге шейін болмаған асаулықпен жүз толғанып иіріледі... (М.Ә.) Сенен «мынандайын» шынашағын шошайтып аяған құдайды да тәйірі алсын! (Ж.А.)
209-жаттығу. Көркем шығармалардан үш мысалдан тауып, кестені талапқа сай толтырыңыздар.
Сөйлемдегі белгілі бір сөздің мағынасын, негізгі ойды айқындап, қосымша түсінік беру үшін қолданылатын қыстырма мәнді сөздер |
Үзінді, мысал, нақыл сөздің шығу дерегін, кімнен алынғанын көрсететін түсінік |
Драмалық шығармаларындағы автор түсіндірмелері |
|
|
|
210-жаттығу. Сөйлемдердегі жақшаның қойылу себебін дәлелдеп түсіндіріңіздер.
Ертедегі герман тайпалары ірі-ірі 5 топқа бөлінген: 1) гиллевиондар Скандинавияның оңтүстігінен Дат аралдарын мекендеген; 2) ингвеондар ютландияның оңтүстігінен бастап Эльба бойын, Солтүстік теңіз жағалауын жайлаған; 3) иствеондар Везер мен Рейн аралығын қоныстаған; 4) эрминондар Эльба бассейні мен жоғарғы Дунай аралығында болған; 5) шығыс герман тайпалар тобы төменгі Одер мен Висла өзені сағаларында өмір сүрген. (Ә.Х.) Тағы да осы көркем шығармалар арқылы жаргон деп танылып жүрген құлап қалу (экзаменде екі алу – студенттер арасында), телик (телевизор), жатақ (жатақхана), ақмағамбет (арақ), аққайнар (шампан) сияқтылар әдеби тілдің игілігіне айналып бара жатқан жоқ па?! (С.И.) Осыны Көпбаев Әбдіраш былай аударады: «Көрсетті бойына өлшеу! Бұл тіпті корольдердің де сыбағасына сирек тиетін нәрсе (бәрінен бұрын тігіншілердің қолы тез жетеді) құдайшылық жеріне (?!) жанасу – иығы, мойыны, қыпша белі, қыз балтыры». (Ә.Н.) Демек, сөз құрайтын ең кіші тілдік бөлшек (единица) дыбыстар екен. (С.И.) Қалай болғанда да аудармашы қазақ сөзін қатты талғамға сап, саралап, екшеп жатпастан қолына бұрын ілінгенін ала салған салақтығынан (иә, тек салақтығынан, әйтпесе олақтығы деуге аузымыз бармайды) келесі үзінділерден әсіресе анық көреміз. (Ә.Н.) Ораз (мылтығын Қорабайға беріп). Мынаның көзін жытыр! Мен бандыға кеттім. (Жөнеледі.) (Ж.А.)
211-жаттығу. Мәтінді рөлдерге бөліп оқыңыздар. Драмалық шығармаларда қойылатын тыныс белгілеріне назар аударып, есте сақтаңыздар.
Молда (орнына отырып). Балаларың оқу бақпайды, ойын бағады деп бай ұрысып жатыр. Ұятсыз, доңыздар, неге ойнайсыңдар? Жұмалықтарың қайда?
Нөкеш. Мінекей, молдеке! (Он тиын береді.)
Тілеу. Мінекей, молдеке! (Бес тиын береді.)
Жеке. Бір аяқ бауырсақ әкелдім.
Еске. Бір аяқ құрт әкелдім.
Нұрым. Апамнан жұмалыққа ақша сұрап едім, өзімді ұрды.
Әліш. Мінекей, молдеке! (Бір тиын береді.)
Бекен (қалтасын сипалап отырып, молда қараған кезде жылап жібереді). Жұмалығымды жоғалтып алыппын.
Молда. Ақшаны жоғалтып, атаңның басын бағып отырсың ба? Е, Нұрым! Сабағыңды тыңдат. (Нұрым өңі қашып, молданың алдына келіп шарт жүгініп отырады.) Оқы!
Нұрым. Әліпсана ламга сәкін ал, қысынқа мөмге сәкін алқам тұрлу алқамду. Лам асылы латады.
Молда. Атаң басы латады. (Шыбықпен тартып жібереді.) Лам тады ла деп оқы!
Нұрым (жыламсырап). Лам тады ла. (Үш рет айтады.)
Молда. Лам тады лада әкеңнің көз құны қалды ма? (Тағы да тартып жібереді.) ...Сенің арқаңда тарсылдаған не? Тез шешін! (Нұрым жыламсырап шешінеді, арқасынан қабық түседі.) Сен мені алдайын деген екенсің... Еске! Арқала доңызды. (Еске арқалап тұрады, молда ұрады.) ...Үш жыл оқып, әлі еже білмейсің, миғұла! Бекен, сабағыңды тыңдат. (Бекен қорқып, орнынан әрең тұрады.) Сүйретілмей, доңыз, тез кел!
Бекен. Молдеке, аяғым ауырып жүр.
Молда. Ауырмақ түгіл, түсіп қалсын, шапшаң! (Бекен шарт жүгініп отырады.) Оқы.
Бекен. Әбзет, ауаз.
Молда. Тіліңді шығар (Қалтасынан орамалын алады, Бекен жылай бастайды.)
Бекен. Тілім ауырып жүр.
Молда (бақырып). Неғылған ауру? Шығар деген соң, шығар! (Еріксіз аузын ашып, орамалмен Бекеннің тілін созғылайды. Бекен шыңғырып жылайды.) Неге оқымайсыңдар? (Жекені тартып жібереді.) Бекен мен Әліш байдың үйінің бұзауларын айдап келіңдер. (Екеуі кетеді.) Сендер түні бойы ақсүйек ойнайсыңдар, кешке шейін босамайсыңдар!
Нөкеш (орнынан тұрып, есік алдына барады). Молдеке!
Молда. Рұқсат (Дұғалық оқып, тасбық тартуға айналады. Аттың дүбірі естіледі.)
Дауыс. Көпірбайдікі дастарқанға аят оқып берсін дейді. (Молда жалма-жан киініп жөнеледі.)
(Қ.Кемеңгерұлы «Ескі оқу»)
212-жаттығу. Мәтінді оқып, аң-құс атауларын есте сақтаңыздар. Түсіндірме сөздігін негізге ала отырып, басқа да аң-құстардың балалары қалай аталатынын теріп жазыңыздар.
Аң-құс балалары қалай аталған?
Халқымыз табиғаттағы аңдардың баласын жалпы күшік десе, құстардың баласын балапан деген жалпы атпен атады. Алайда табиғатпен етене өскен ата-бабаларымыз аң-құс балаларын жеке-дара атауға, олардың әр кезеңдегі мінез-құлқын дөп басып, әрқайсысына жеке атау беруде алдына жан салмаған. Мысалы, мысық пен түлкі балаларының атауына көз салайық. Мысықтың баласын соқыр, мәулен және безек деп атайды. Алғаш туған кездегі көзі ашылмай жатқан мысық баласының соқыр, бұйығып жата беретін шағында мәулен және ойынға тоймай, бөлмені кезіп, кім-көрінгенге ұрынып жүретін есейген кезінде оның безек аталуы қандай ұнамды! Әлі толық қалыптаса қоймай, бойы да, тұрқы да қораш көрінетін кезеңде түлкі күшігі мыршық деп, жетілгенмен еркін ойнақтай алмайтын кезеңі жәутік аталуы, ал аяғы сидаланып, денесі пошымданған кезде ін ішіне еніп алып, өзіңді мазақтағандай қылық көрсететін, көзі жаутаң-жаутаң ететін шағы жаутаң атануына үйлесіп-ақ тұр.
Өз-өзіне әлі келе қоймаған шағында іннен шықпайтын сілеусін күшігі інсін аталады. Жас кезінде денесін теңбіл басатындықтан, арыстанның күшігі теңбілше делінсе, қорбаңдап жүретін аю күшігінің қонжық аталуына несіне таңданамыз? Жолбарыс күшігінің шөнжік, сарымақ атануының да жөні бар. Жас күшік әлсін-әлсін кіші дәрет сындыруға әуес келеді.
Борсық баласы – әзборақ, барыстың күшігі – алан, қасқырдың күшігі – бөлтірік, ал марал мен бұғының төлі – қодыға, арқар және муфлон төлі – қозыға, құлан, домбай, есек төлі – қодық аталғаны жұртқа мәлім.
Аққудың балапаны – көгілдір, тауықтың балапаны – шөже аталған. Бұдан басқа да бізге беймәлім атаулардың болуы ғажап емес. Сондықтан халқымыздың қазынасына сақ болып, тіліміздің байлығын арттыра берейік, ағайын!
(Қ.Қайым)