Павлодар, 2021

Қос нүкте, оның қойылатын орындары


Қос нүкте – сөйлемнің синтаксистік ерекшеліктері мен мағынасына байланысты қойылатын тыныс белгі.

ҚОС НҮКТЕ

 

Қойылатын орындары

Бірыңғай мүшелердің алдынан келген жалпылауыш не жалпылауыш мәнді сөзден кейін

Осындай сырт ажарында дағдылы тірлік белгісі жоқ, суық қабақ жабырқау ауылға үш салт атты келді. Бұлар: Абай, Ербол, Дәрмен. (М.Ә.)

Жалғаулықсыз салаласқан жай сөйлемдердің алдыңғысының мағынасы соңғы жай сөйлемдер арқылы айқындалса

Өзге қостар да тұрса керек: далада шүлдірлескен сөздер молайып, жақындай бастады. (Ж.А.)

Төл сөздің алдынан келген автор сөзінен кейін

Ақбала бір кітапты қолына ұстап тұрып:

– Ей, мынада Каутский де бар ғой, – деді. (Ж.А.)

Әрі қарай санамалап кететін бірыңғай сөздердің, сөйлемдердің алдынан келетін жалпылауыш мәнді сөйлемнен кейін

Тәуелді қалыпта екі рет бар: 1) Анайылық рет. 2) Сыпайылық рет. (А.Б.)

Бірыңғай мүшелерден бұрын келген мысалы, атап айтқанда деген қыстырма сөздерден кейін

Шартты рай дейміз – істің істелуіне шарт көрсететін сөздің түрін. Мәселен: Берсең – аларсың, ексең – орарсың. (А.Б.)

 

213-жаттығу. Сөйлемдердегі қос нүктенің қойылу мәнін түсіндіріңіздер.

Бұған жалғыз-ақ құрал бар: ол – жаңа жоспар жасау. (С.М.) Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: бірі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – зұлымдық. (А.Қ.) Бір ғана өзгеріс: осыдан он шақты күн бұрын Елтай Кәрімовичтің қызметі жоғарылап, осындағы трестердің біріне бастық боп кеткен. (Қ.Жұм.) Одан кейін менің білгенім: оянып кетсем, үйдің іші ала көлеңке. (С.М.) Кино көргелі жиналғандар ала-құла: бірі астына шелек қойып, енді бірі машинаның ескі баллонының үстінде отыр. (М.Сүнд.) Жалғыз ғана емексіген келісім сөздері: Күнту қалаға барады да, өзі тіленіп болыстықтан түседі. (М.Ә.) Пәуеске айқын көрінгесін-ақ ауылдан көріп тұрғандар таласа бастады: біреуі Қажының үйінің күйеуі деді, бірі Түбектегі құдасы деді. (Ғ.Мүс.) Енді байқады: қала сыртынан ат қарғып өте алмайтын қыл аяғы құрдым ор қазылыпты, ордың сырты жалпақ даланың етегін кеміріп жеп, ішкі ернеуі білезіктей безер қорғанға сұғынып жатыр.

214-жаттығу. Сөйлемдердің қажетті тыныс белгілерін қойып, көшіріңіздер. Қос нүктенің қойылу себебін анықтап, ережемен дәлелдеңіздер.

І. 1) Қастасқан жауының бәрін құртты Еламан Рай әскерде. 2) Азамат та жұмысқа шын беріліп кетті кеңсе жұмысын бақайшағына шейін талдап танысты сезген кемшіліктерін бірігіп отырып түзеді кеңседе бітіре алмаған жұмысын пәтеріне әкелетін болды. 3) Жөн білетін көңілі даңғыл көкірегі ояу жан екенін осы бір бет алысында байқатып өтті бөгетсіз суыт жөнелді артына қайтып қараған жоқ. 4) Аман екеуі қатты ойнайды кейде бірін-бірі қалжыңмен қағытады кейде қол көтеруге дейін барады. 5) Төсек орындары киім-кешектері тағы басқа тұрмыстары жұпыны уақытында жуылмайды тамақтары дәмсіз. 6) Қарапайым адамдардың ғажап бір нәзік жері бар қалжыңдары өрескел мінездері қатал болып келеді. 7) Асқар таудай саялы арыстандай айбынды көрінген ата-анасы бай ауылында байғұс екен бай ұрады бай ұрсады бұйырады қорлайды бәріне жақ ашуға дәрмені жоқ. 8) Сол үйлердің қонақасысы қысырдың семіз тайынан құнан қой ту қойларынан үйіткен марқадан басталады. 9) Биыл жұт болады деп күн бұрын есепшілер де айтқан шөптің шығысы жаман серейген-серейген еркек шөп бұйдай бас көде боз қаптап кетті. 10) Кәленнің болжамы дәл шықты түн ортасы ауа жеткен ақ әскер қоңыр жалға көтерілгесін ат басын ірікті. 11) Байлықтың ұлы өрісіне жеткен кең қолтық мол қолды аңқау ел Албан Бұғы. 12) Қыз бұл сөздің артындағы бар мағынаны ұғып намыстанып күйгендей болып Неге Не себепті деді.

ІІ. Абай осы күндері байқады әкесінің сақал шашындағы ақ көбейіп бетінің ажымдары да молая түскен екен. (М.Ә.) Солардың басы екі атшабар Қамысбай мен Жұмағұл. (М.Ә.) Судыр Ахметтің иті қырын жүгіре бастады сауып отырған сүті бұлақтай қараша іңген жаман шөп жеп арам өлді. (Ә.Н.) Сыр сынында үш шырай бар 1 Жай шырай 2 Талғаулы шырай 3 Таңдаулы шырай. (А.Б.) Ауылдың төріндегі өңкей ақ ордалар Шынтемір тұқымынікі бірі үлкен үйі бірі отауы бірі үлкен отау болса бірі жас отауы. (Ғ.Мүс.) Кісі көп емес Құнанбай мен Майбасар Жұмабайдан басқа осы өңірдегі Тобықтының белгілі үлкендері Байсал Бөжей Қаратай Сүйіндік екен. (М.Ә.) Жазылмауында есеп бар еді қызылдар құлап қалса кім біледі одан да байқай тұрайын деп ойлаушы еді. (Ж.А.) Дәрігердің қарауы күшті болғаны ғой он бес күн дегенде қолы икемге келіп жарасы бүріліп біте бастады. (Ж.А.) Біз елге сенуліміз қазақ елі ел болам десе оқығандарының артынан ерер деп ойлаймыз. (Ғ.Мүс.) Ауыл қызы ауыл қызынша ойланды кездескенде көзін алмайтын құрбыларын еске алды. (Ғ.Мүс.) Енді бірінің киімі орысшалау басында шләпә үстінде полте аяғында қисық табан. (Ж.А.) Біржан көпке дейін оның қасына бармады таныс жұмыскерлерімен ғана отырған төре мен барсам жекіп қуып жібере ме деп бой тартты... (Ғ.Мүс.)

215-жаттығу. Себеп-салдар және түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлемдерді екі бағанға бөліп жазып, тиісті жеріне қос нүкте қойып көшіріңіздер.

1) Жаз айларында ондай шұбарлы жердің масасы мен сонасы қалың болады мұндай шыбыны көп шөл даланы ешбір ауыл жайламайды. 2) Кейін қайта алмаймыз өткел тосатын уақыт жоқ. 3) Байжанның оны бірінші рет көруі еді бойы төртбақтау толықша сарғылт өңділеу қырықты алқымдап қалған жігіт екен. 4) Үй иесін Бүркітбай білетін еді орта жаста тоқ дәулетті қонақ түскіш бір момын адам. 5) Оған әлі күнге шейін балаша еркелейді мойнына асылады арқала деп сүйрелейді бетінен сүйеді. 6) Үй толған адам кемпір шал қыз-қырқын қалмастан жиналған иін тіресіп отыр. 7) Өзгеңнен гөрі менің жаным қаттырақ ауырар еді бұл егін дәнін қолымнан мен септім ғой. 8) Үйірме мүшелері үшін мынадай бір тәртіп белгіленген еді әр оқушы өзі қалаған салада жұмыс жүргізуі керек өсімдік дүниесінен тәжірибе жасайды қандай нәтижеге жеткенін үйірме мүшелері алдына баяндайды қорытады. 9) Шынын айтқанда оны екі нәрсе қинайды бірі әкесі екіншісі отряд жиыны. 10) Жаны шығып кете жаздады оның қолына түскен ыдыс сау қайтқан емес.

216-жаттығу. Сөйлемдердің тиісті жеріне қос нүкте қойып, көшіріңіздер. Қойылу себебін анықтап, ережесін еске түсіріңіздер.

Сол болашақ жайнаң қағып көз алдында тұрды қайғысыз өмір бала-шаға қамы шаруашылықтың көп күйбеңі үй тұрғызып баспана салу не керек тіршілік ету керек. (Ш.А.) Колхоз кассасында ақша атаулы болмайды өткізілген астық та сүт те ет те шығынның есебіне кетеді. (Ш.А.) Бірақ алда әлі екі қара қатарласып жанұшырып барады бірі қара көк бірі жирен. (Ш.А.) Шылбыр ауланың төбесіндегі бел ағашқа байланғандықтан жата алмайды басы төмен салбырай берсе-ақ ауыздық езуін жыртып кете жаздайды. (Ш.А.) Қазір қорыққан жоқ оттың жылуы мен түтініне сүйсініп жатыр. (Ш.А.) Ара-арасында әркімнің басынан қилы-қилы жағдайлар өтіп жатар біреу ғашық болады біреулер ажырасады біреу өмірге келеді біреу дүниеден өтеді. (Ш.А.) Жалғыз ғана қолайсыздық бар Нұрыштың үйі де біз де қалың жабылған қоста тұрамыз. (С.Ш.) Кейитінім бұрынғыдай адуын сөйлеп бетін қайтарып тастамайды. (С.Ш.) Бірақ ақшасын төлейін деп сатушыны іздесе бір қиындықтың үстінен шықты мұның бәрі үлгі екен. (С.Ш.) Іштен қоштамаған уақытта Байсал Бөйжейдің бір тәсілі міндет мысалды Құнанбайдың өзіне бастатып артын өзіне тастап кететін әдеті бар-ды. (М.Ә.) Әлгі ирония бұл арада сатиралық образ жасаудың тағы бір тәсіліне сарказмге ұласты сыналған объект тәлкек етіліп қана қойған жоқ енді оның дәрменсіз бейшаралығы кіріптар күйкілігі кісі күлгендей құр кеуделігі әшкереленді. (З.Қ.) Бұлар малына індет келген ауылдың иттері сияқты жоны шығып құйрығын сыртқа салып көзі қызарып құтырғандай қанталап қауып түсетін сияқты түр көрсетеді. (М.Ә.)

217-жаттығу. Көркем шығармалардан үш мысал тауып, берілген ережеге сай кестені толтырыңыздар.

Жалпылауыш сөздерден кейін, бірыңғай мүшелердің алдынан қойылған қос нүкте

Бірінші жай сөйлемнің мазмұны екіншісінде анықталып, ашылып берілген түсіндірмелі салалас аралығындағы қос нүкте

Жалғаулықсыз себеп-салдар мәнді сөйлемнен кейін қойылатын қос нүкте

 

 

 

 

218-жаттығу. Ақындардың өлеңдерінде қос нүкте қойылатын шумақтарды көшіріп, себебін дәлелдеңіздер.

Үлгі:

Ақылымды тыңда, мейлің тыңдама,

Тілегім бар бір ғана:

Шығып ал да арманыңның шыңына,

Сосын, мейлі, ұшып өл де, сырғана.

 

Болса ақылың біл мынаны: жалғанда

Жолай көрме арманы жоқ жандарға?! (М.М.)