Павлодар, 2021

Тырнақша, оның қойылатын орындары


Тырнақша кідіріске, интонацияға немесе сөйлемнің құрылысына байланысты емес, мағынаға негізделіп қойылатын тыныс белгі болып табылады.

ТЫРНАҚША

Қойылатын орындары

Сөйлем ішінде келген мақал-мәтелдер, афоризмдер

Жүсіп біздің ауылдағы сондай «айдағаны төрт ешкі, ысқырғаны жер жаратын» кішкене «диктатор» еді. (С.Ш.)

Дәйексөз, төл сөздер

– «Сұлу – сұлу емес, сүйген – сұлу» депті ғой. Әркім өз сүйгенін мақтайды да, – деп қойды жантайып жатқан бір жігіт. (Ж.А.)

Объект етіп алынған жеке сөйлемдер, сөздер не сөз тізбектері, әріптер, буындар

Қазіргі қазақ тілінде егер-дің «г» дыбысы түсіп қалғанда, сөз еер болу орнына ер болып ықшамдалған. (Ә.Х.)

Кекету, ажуалау және кері мағынада қолдану үшін айтылған сөз

Жас күнінде әйгілі Садақ ақынмен айтысып «Бала ақын» деген ат алып, сол Садақты өлең, сөзде мүдірткен осы Қадырбай болатын. (М.Ә.)

Зауыт, фабрика, комбинат, машина маркасы, ұшақ т.б. қойылған аттар

Жұмысқа берілгендігі сонша анадай жерге «газик» келіп тоқтап, ішінен екі адам шыққанын да байқамай қалыпты. (Ш.А.)

Газет, журнал, кітап, шығарма, кино т.б. аттары

Осы түнде ас піскенге шейін Барлас «Қобыланды батыр» жырын жырлады. (М.Ә.)

Кейбір ойын, әдет-салт аттары

«Орамал тастау», «Хан жақсы ма», «Мыршым», «Белбеу соқ», «Ләппай тутәлә» сияқты күлдіргі ойындар да тегіс ойналды. (М.Ә.)

 

219-жаттығу. Оқып шығып, тырнақшаның қойылу себебін түсіндіріңіздер.

Өзінің айтулы ару қыздарының атын «Ақмарал» деп қоятын болды... (Ш.А.) Оның ата-тегін де бар Тобықты, бар Қарқаралы «Қаракөк» деп атайды. (М.Ә.) –... Бірі дарақы мақтаншақ, бірі ұрда-жық, даңғой атанғанда, осындай көп жиын үстінде масайып, оспадарлық қылам деп, сондай атақ алатын! – деді. Соңғы айтқан «мылжың», «мақтаншақ», «даңғой» дегендері осы арада шынымен төрт көзі түгел отыр еді. (М.Ә.) Абай жалғыз өзі төрт ауыз өлеңді сыры терең «Аққайың» әнімен айтып барды да, баяу ғана тоқтады. (М.Ә.) Көп басты адамынан айрылған Жігітек талай заманға шейін «көзге қамшы тигендей» болып қалады. (М.Ә.) «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей» деген Абай сөзі мен көргендерін бір түйіп, Ізбасар Әлжанға жетті. (Ғ.М.) Бір терменің ішінде Барлас:

Аға сұлтан ұлық бар,

Елге мәлім қылықтар,

«Өл» дегенде өлмесең,

«Жүр» дегенде жүрмесең,

Малы құрым құрықтар,

Кісен салып құлыптар! – деп бір кетті. (М.Ә.)

220-жаттығу. Сөйлемдердің тиісті жеріне тырнақшаны қойып көшіріңіздер. Қойылу себебін анықтап, ережесін еске түсіріңіздер.

І. Өзен жағасына өскен бұта шөптерге де Сүйкімді, Қорқақ, Батыр, Ашушаң деп неше түрлі аттар қоятын. (Ш.А.) Алтыбақан қасындағы ән мен ойын тағы біразға созылып барған соң, Ербол тың ойын бастады. Онысы – ақсүйек, содан кейін серек құлақ еді. (М.Ә.) Ал жаңағы мықыр мойын сияқты жаңашылдар соның байыбына барып, мынасы дұрыс, мынасы бұрыс деп саралап жатпайды. (С.Ш.) Мен сөйтіп бір Волгаға отырдым да, айналып жүретін жаңа тас жолды тастап, бұрын бала шағымда талай рет шиырлап өзім жүрген ескі жолмен төте тарттым... (С.Ш.) Бұрын мұндай жиын ортасында дос деген атпен Байсал, Қаратай, Бөжей, Сүйіндік, Түсіп сияқты кісілер отырушы еді. (М.Ә.) Абай, Шолпан, Таң, Сана журналдарында Абай мұрасын зерттеу туралы мақалаларын жазып, ақын өлеңдері мен қара сөздерін баспасөзде жариялап, насихаттау әрекетінде жүрген Мұхтар 1924 жылы өткізілетін Абайдың жиырма жылдығын атап өту қарсаңында келелі-келелі міндеттерді алға қойды. (М.Ә.) Абайдың Қараңғы түнде тау қалғып, Біржанның Жамбас сипары мен Жонып алдысы, Жаяу Мұсаның Ақ сисасы, Тәтімбеттің Сылқылдағы, Мәдидің Қарқаралысы мен Естайдың Хорланы, Ақанның Сырымбеті мен Құлагері бірінен соң бірі бәйгеден келіп жатыр. Қол шапалақтап қоштауды білмейтіндер әй бәрекелдіге басуда. (Т.К.)

ІІ. Бұл уақыттарда скрипкада орыстың әсем сырлы, сұлу сезімді Лесная сказка, Над волнами сияқты вальстері сызылған. (М.Ә.) Әлмағамбет Тәңірі қосқан жар едің сен деген өлеңі менен Татьяна назын толқытып жөнелді. (М.Ә.) Жылан торғайды арбап жейді дегенді Ақбілек бала кезінде естіген. (Ж.А.) Академик И.П.Павлов адамзаттың тілін екінші сигналдық жүйе деп атаған. (Ә.Х.) Мақсұт жайын кемпірмен ғана сөйлеседі. Оған да жақсы бала болып көріне бастады. (М.Ә.) Завод 1928 жылдың 7 ноябрі күні Қазақстан деген атпен ашылады. (С.М.) Дау үстінде, ойда жоқтан тіліне оралса да, Бөрінің артынан бөлтірік ақылды болғандықтан ермейді деген сөз мұның өзіне қазір бір өзгеше мәні бар, өрісті ойдай көрінді. (М.Ә.) Ағайын ес жиярлық мезгіл бермей, ара түсердің бәріне білдірмей, бір-ақ күннің ішінде осыны етіпті де, баяғысынша түк болмағандай, ақсарбасын, көкқасқасын айтып, ру басшыларын жиып, қонақасысын көпіртіп жүре беріпті... (М.Ә.) Жалпақ ел, бар ауылдар осы жайлауға көшу сапарында балалардың ауыл-ауыл, күрке-күрке деген ойынын ойнап жүрген сияқтанады. (М.Ә.) Жуан ауылдың сотқар малайы, өзі ожар, доғал жас, тегінде, Оспан шаш ал десе, бас алғандай іс ететін. (М.Ә.)

221-жаттығу. Көркем шығармалардан тыршақшаның әр түріне бес мысалдан теріп жазыңыздар.

222-жаттығу. Өлең ішінде қойылатын тырнақшаларға мысал келтіріп, қойылу себебін түсіндіріңіздер.

Үлгі:

Біржола күй кеткені қызға батты,

Енді оған естілер ме күйлер тәтті?

«Таратып тоқсан күйді жібердің», – деп

Бір жақтан керең бір ой күңкіл қақты. (І.Ж.)