Сызықша – мағынаға, интонацияға, сөйлемнің синтаксистік ерекшелігіне байланысты қойылатын тыныс белгі.
СЫЗЫҚША |
Қойылатын орындары |
|||||
Бастауыш та, баяндауыш та бір сөз табынан болса |
Жалпылауыш сөздің алдынан |
Оңашаланған айқындауыштың екі жағынан |
Салалас құрмалас сөйлемдерде |
Төл сөз бен автор сөзі, диалогте |
Сөйлемді ықшамдап қолдануға байланысты |
Абайдың көзін оған көп тартатын бір нәрсе – мұның бітікшелеу, кішкене келген көздері. (М.Ә.) |
Ортасында: Құнанбай, Бөжей, Байсал, Қаратай, Сүйіндік. Майбасар – бәрі бар. (М.Ә.) |
Үшіншісі – бұл ауылдың кенжесі, осы үлкен үйдің иесі, жас, толық, орта бойлы, ақшыл қызғылт, сұлу жүзді жігіт – Мұсабай. (М.Ә.) |
Бардым, – жолыға алмадым. Айтудай-ақ айттым, – көнбеді. |
– Әй, осы мынаның өнері жоқ па екен, ән салғаны әжептеуір ғой, – деді Арын. (Т.К.) |
Жақсы тәжірибе – көпке ортақ. (мақал) |
223-жаттығу. Сызықшаның қойылуына назар аударып, қандай ережеге негізделгенін дәлелдеңіздер.
Ана дүниеден иман тілеген, өлімге бас байлаған үмітсіз аурудай ендігі тілек – жол амандығы, денсаулығы. (Ж.А.) Бірінің дәлелі – қойдың қай қосқа сойылуы, екіншінің дәлелі – қойдың кімнен алынғандығы. (Ж.А.) Алыстан әлдекімдердің күбірлеген дауыстарының жаңғырығы естілген сияқтанды, – қай жақтан естілгенін шамалай алмаймын. (С.М.) Талап – пендеден, көмек – Алладан. (Мақал) Солардың үлкені төрге жуық отырған, мынау ерекше кесек денелі – Жақып. Екіншісі – толық, биік келген, үлкен ақсұр жүзді, қара қас, қара сақалды, үлкен қара көзді – Мұса. (М.Ә.) Бұл уақыттарда ол абақтыдан шығып келгендіктен, аға-іні, шеше-жеңге, жанкүйер-жақын – барлығына ыстық болған. (М.Ә.) Бұрыннан қайындап жүрген күйеуі – Көкше Қаратайдың туысы, Алатай баласы Дүтбай. (М.Ә.) Ер – елінде, гүл – жерінде. (Мақал) Сәуір – бұл айдың арапша аты. (М.Ә.) Абайдың мінгені – ақ жал, сары жорға ат. (М.Ә.) Жақсының жаны – бүтін, Жаманның жаны – түтін. (Мақал) Тапсырманы орындау – міндет, міндетті тындыра орындаса, қонымды еңбеккүн жазылады. (Ғ.М.) Керуен көшетін сауда жолдары, ұлы базарлар, атақты қалалар, су жолдары – барлығы да бүгін айрықша керек болатын. (Ғ.М.) – Әй, Сейфуллин, сөзіңде тұрдың. Жүр өзім кіргізіп жіберейін, әйтпесе тағы да үстіңнен рапорт түсер, – деп біраз жер шығып кеткен ұстаз кері оралды. (Т.К.)
224-жаттығу. Көркем шығармалардан сызықшаның әр түріне бес мысалдан тауып жазыңыздар.
225-жаттығу. Сөйлемнің тиісті жеріне сызықшаны қойып, көшіріңіздер. Қойылу себебін анықтап, ережесін еске түсіріңіздер.
І. Жаңағы қараны жыққан Байсал, септі бұзған Сүйіндік, енді мынау тұл атты бауыздаған Байдалы үшеуі де кейін «жол» алады. (М.Ә.) Бұл үлкен қақпаның бір босағасы сияқтанып ұлы теңізге шығар ауызда, дәл мінбеде тұрған көк қатпар шың. (Ә.Н.) Сойыл соғарға келгенде, қолға, санға келгенде Құнанбайдың мықтап сүйенетіні сол Байсал елі Көтібақ. (М.Ә.) Бақанас, Байқошқар бұл өңірдегі Тобықтының ең үлкен өзені. (М.Ә.) Ортасындағысы Абайдың үлкен енесі Алшынбайдың әйелі, семіз, қара бәйбіше. (М.Ә.) Пісіргені, қуырғаны бәрі де келіп жатыр, бұл жағын жайғастырып, дедек қағып жүрген Гүлжамал мен кемпір. (Ш.А.) Бұл баланың өмірінде көрген, іштей сенген жалғыз адамы Оразқұлға шамасы келер, бар қылмысын көзіне шұқып айтар осы Құлбек қана. (Ш.А.) Кемпір де, Бекей апай да, Гүлжамал да, ең ар жағы Момын атай да бәрі қосылып Мүйізді Бұғы ананың етін мақтады. (Ш.А.) Көріп те, сағынып та келе жатқаны асқақ Алатау. (С.Ш.) Мұның бірі бурыл сақалды, кішілеу шегір көзді, ер мұрынды салмақты адам. Екіншісі сорайған атжақты, көселеу келген, өткір жүзді, ұзын бойлы қара жігіт. (М.Ә.) Үлкендер тобына бір жақтан, әкеден төмен отырып, телміре қараған Абай болса, дәл осы тәрізденіп, барынша бой салып, қарап отырған ана шеттегі жас жігіт Жиренше. Бұл Көтібақ ішінде Байсалдың жақын туысқаны Шоқанның баласы. (М.Ә.)
ІІ. Тыстағы ойын: ат шабыс, көкпар, серке тарту, теңге алу, балуан күрестіру баршасы да осы күні болды. (М.Ә.) Қазір онан тыйылып, бәрінің бағатыны Мөңкенің қабағы. (Ә.Н.) Өмірде бұл шал бес аспап ағаш жону, есік-терезе жөндеу, шөп шабу, күде тұрғызу әйтеуір, қолы тиген шаруаның қай жағы болса да, тап-тұйнақтай болып шыға келеді. (Ш.А.) Ол көзі тышқанның көзіндей жылтырап тұратын қушық бет қара кісі Садыр. (С.Ш.) Баланың да, жігіт-желеңнің де, егде-мосқал үлкеннің де барлығының аузында бір жаңалық, бір хабар. Ол осы жақында болатын ас туралы, Бөжейдің асы туралы. (М.Ә.) Біреуі бұрынғы күйге үйлескісі келмей, заманынан, ортасынан озып шығып, сыншы, ұстаз, ақын, данышпан болуға айналған Абай да, екіншісі күндегі өмірдің талқысы мен шырмауынан шыға алмаған, содан азап шегіп, қиналған Абай. (М.Ә.) Сол себепті философия адам баласының жан тәрбиесінің, адамшылығының, бірінші өрлейтін басқышы, екіншісі көркі. (М.Ә.) Дауыл дүниедегі үш алып күштің, үш апаттың бірі. (Ғ.Мүс.) Сол ретте қалың елдің аузына түгел тараған қалжың мысқылдың бірі ояздың әйелі айтты деген, бағана күндіз жаңсақ ұғылған бір сөз. (М.Ә.) Осыдан соң бұлардың әрбір күлкісі, әзіл сөздері, қабақ қимылдары барлығы да сондайлық бір тәттілік, қуаныш белгісін көрсетіп отырды. (М.Ә.)
226-жаттығу. Бұрыс қойылған және түсіп қалған сызықшаларды тауып, тиісті жеріне орналастырып, жаттығуды көшіріп жазыңыздар. Оның қойылу себебін анықтап, ережемен дәлелдеңіздер.
Баласын, туысқанын қалдыра гөр – деп, біреулер құдайдан тілек тілеп жүрсе, құзғындар ынты-көңілі етке тою, тері, май пайда қылу. (Ж.А.) Қартқожа – өзінің жаман ойын жүгіртіп, дүниенің қызығын көруге екі-ақ нәрсе керек екен деп жорыды: бірі ақша, бірі ғылым. (Ж.А.) Мұнда төрт старшын – Сақтоғалақтың атқамінері Абыралы, екі старшын – Жігітектің баласы Бейсенбі, Ерболаттан Оразбай, Көтібақтан Жиренше, Бөкеншіден Күнту, Жуантаяқтан Байғұлақ, Топайдан Байділда бар. (М.Ә.) «Базаралы, Тәкежан дауы» деген бәлеге – бүкіл бір ояз, Семей оязының болысы мен жуандары атсалыса бастады. Аршалы, Керейінен Рақыш, Бәсентиіннен Әлі, Бурадан Алдоңғар, Ылди бойынан Нүрекенің Темірғалысы, Көкеннің Уағынан пысық болыс – Нүрке, Қарағай ішіндегі, ішкі жақтағы Белағаш болысынан Шынжы сияқты бүтіл бір ояз ел сабағы қосылған. (М.Ә.) Жол үстінде келе жатқанның барлығы – атты-жаяулысы болсын, машина-тракторы болсын бәрі де алақандағыдай айқын көрінеді. (Ш.А.) Базаралының қашып келгені де рас және «бұрын емес, дәл биылғы жылы қашып келуіне себеп Күнтудың болыс боп тұрғандығы» дегені де дұрыс. (М.Ә.)
227-жаттығу. Өлеңді мәнерлеп оқып, көшіріңіздер. Сызықшаның өлеңді оқу мәнеріне әсерін түсіндіріңіздер.
Ақ сәуле күміс жүзді, құндыз қабақ,
Сен гүлсің иіс шашқан жарып сабақ.
Болғанда көзің – жақұт, етің – торғын,
Көзің – ай, шашың – жібек, мамық тамақ.
Көзің – нұр, сөзің – алма, аузың – алтын,
Самород, қоспасы жоқ нағыз балқын.
Шомылған сұңқар бойың нақ гауһардай
Бұрқырап нұр төгілсін, маған талпын!
Бір сенсің дүние көрген көзім нұры,
Жарқырап жаным тартар, көңілім гүлі!
Егілген ер көңілім қол сермейді,
Тартса да аспаннан көп жұмақ хоры.
Жан сәуле, кеуде күйген, жүрек жалын!
Кеудем от, жүрегімнің байқа халін?!
Дауасы ауыр дерттің – жалғыз сенсің,
Қолың бер, кетсін қайғы, сөнсін жалын!
(С.Торайғыров)
228-жаттығу. Мәтіннің тиісті жеріне сызықшаны қойып, көшіріңіздер. Оның қойылу себебін талдап түсіндіріңіздер.
Қазір бұл ауылдағы күзетші, сауыншы, түйеші, қауғашы, отыншы, асшы атаулы бәрі де жаман жыртық киімдерінен жел азынап, бүрсең қағып, бай малының қамында жүр. (М.Ә.) Жиналған көптің жүзі жаз, көңілдері жайлау, езуінде күлкі, көзінде шаттық. (Т.К.) Жас шалғыны мол, кең қоныс Барлыбайда отырған Абай ауылы. (М.Ә.) Олар үлкен үйде Еркежанның қолында өсетін Әубәкір және Пәкизат. (М.Ә.) Бұрын жеткен Кәкітай, Дәрмен және Оспанның бір ұл, бір қызы Әубәкір, Пәкизат. (М.Ә.) Ол ол ма, Оразқұл мас болып келгенде ол арсыздың бетіне түкірудің орнына атам елпек қағып, атының шаужайынан ұстап, аттан түсіріп, үйіне апарып, үстіне тон жауып, тоңып қалмасын деп жік-жаппар боп жүреді. (Ш.А.) Ең алдымен тіл қатқан Жиренше: ... Бізге де олжа түссін деп, тым құрса мезіреті жасады ма? Ол ол болсын, жә, мынау көргеніміз қай мазағымыз!? деп қатарында келе жатқан Күнтудің, опырылып қалған ерінің қасына қамшысымен салып кетті. (М.Ә.)