Павлодар, 2021

Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша


Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша

Бастауыштан кейін қойылатын сызықша

Бастауыш та, баяндауыш та зат есімнен, заттанған өзге сөз таптарынан болғанда

Сендер үшін ең қолайлы тау – мына бергі Алмалы. (С.Ш.)

Бастауыш жіктеу, сілтеу есімдіктерінен, баяндауыш ІІІ жақтағы зат есімнен болғанда

Бұл – болашақ университет қаласының құрылысы. (С.Ш.)

Бастауыш қимыл есімінен (тұйық етістіктен), баяндауыш ІІІ жақтағы жалғаусыз зат есімнен не керісінше болғанда

Соны тәрбиелеп адам қылу – міндет. (М.Ә.)

Бастауыш та, баяндауыш та бір сөздің қайталануынан жасалғанда

Ортасында бес үлкен ақ үйлер бар, көп үйлі ауыл – Абайдың екі шешесі Ұлжан мен Айғыздың ауылы. (М.Ә.)

Бастауыш та, баяндауыш та сын есімнен не сан есімнен жасалғанда

Олақ – меншіл, Қызғаншақ – күншіл, Сырғақ – сыншыл. Бес жерде бес – жиырма бес.

Бастауыш есімшеден, ал баяндауыш не зат есім, не есімше, не есімдіктен жасалғанда

Құнанбайға бұлардың ішінен көз алмай, қырандай қарап отырған – дәл төрдегі Байсал. (М.Ә.)

Бастауыш бірі, біреуі, біріншісі, алдыңғысы, соңғысы, көбі деген сөздерден, баяндауыш атау тұлғадағы зат есімнен не қимыл есімінен (тұйық етістіктен) болғанда

Жайлауда Құнанбай аулының көбірек орнығып отыратын қонысының бірі – Ботақан ошағы. (М.Ә.)

Бастауыш өзінен кейінгі сөзбен тіркесіп, сөйлемнің басқа мүшесімен шатасып кететін болса

Жиырма – беске қалдықсыз бөлінеді.

Бастауыш зат есім не заттанған басқа сөз таптарынан болып, баяндауыш болымсыздықты білдіретін емес сөзі тіркескен есімдердің бірінен болса

Жоқтық – ұят емес, байлық – мұрат емес. (Мақал)

Бастауыш пен баяндауышты байланыстырушы дегеніміз, деген, ... сынды сөз тұрса

Уақыт деген – көзге көрінбеген терең мазмұн, әлуетті күш, шешегін жармаған гүл, оқылмаған кітап, болуға тиісті оқиға, ашылмаған ғылыми жаңалық. (С.Ш.)

Ол – ол ма, бұрынғы – бұрынғы ма, бұл – бұл ма сияқты қыстырма сөз тіркестерінің араларына

Ол – ол ма, әңгіме одан сайын күшейе түсті.

 

229-жаттығу. Ақын-жазушылар шығармаларынан бастауыш пен баяндауыштың арасында қойылатын сызықшаның әр түріне 3 мысалдан теріп, ережемен дәлелдеңіздер.

230-жаттығу. Көшіріп жазыңыздар да, бастауыштан кейін тиісті жеріне сызықша қойыңыздар. Егер бастауыштан кейін сызықша қоюға болмайтын болса, оның себебін түсіндіріңіздер.

Осы орайда «Қан мен тердің» шетелдік зерттеушілері (Л.Анинский т.б.) автордың шығармаларына өзек етіп алған философиялық ұстанымының «адамзат тарихы дегеніміз адам баласының өкініштері мен адасуларының тарихы» деген көзқараспен үндесіп айтылады. (Ә.Н.) Жотаның құла берісіндегі сайда жапырайған жер кепелер жұмысшылар мекені. (Т.К.) Сөйтіп, ауру шешемнің алғашқы шипасы мен, менің келуім болды. (С.Ш.) Бір-бірінен жасырынып кеткен молдалардың бар ойы Шәймерденді жамандап қана қайту емес, өзіне бәсекеші боларды даттау, сөйтіп, өзінің имам болсам деген арманына жету. (Т.К.) Ішіндегі есебі кемпірді өз үйіне кіріптар ете түсу. (М.Ә.) Тәкежанның өз үйі көл жақ шеттегі үлкен абажадай қоңыр үй. (М.Ә.) Шақыртуға келмегені бұғып қалып, бастарын алып қашқаны. (М.Ә.) Ақымаққа айтқан сөз ағып жатқан сумен тең, ақылдыға айтқан сөз қолға ұстаған тумен тең. (Мақал)

231-жаттығу. Бастауыш пен баяндауыштың арасына сызықша қойып, ережемен дәлелдеңіздер.

Соңғы алты ай ішінде барлық жалын атқан қайғысы жалғыз баласы Құтжан жайы. (М.Ә.) Өзге жұрттан бөлініп көшкен бұл бір топ ауылдар шетінен Ырғызбай руы. (М.Ә.) Сол жердің орта тұсы Жексен қыстауы Қарашоқы. (М.Ә.) Бұл екеуі Бөжейдің жақын ағайындары. (М.Ә.) Тегінде Шыңғыстың асыл шөбі мық жусан. (М.Ә.) Ол Өскенбайдың үлкен үйі Зере отырған ауыл. (М.Ә.) Тізесімен тербетіп отырғаны Айғыздан туған немере қызы үш жасар Кәмшат. (М.Ә.) Олардың тілеуі мен қақпайына еру өзін-өзі аямау. (М.Ә.) Құлыншақ сол Торғайдың басты кісісінің бірі. (М.Ә.) Бала атаулының жаз болады десе ерекше сағынатыны бүлдірген. (М.Ә.) Дередей үлкен, өзі жұп-жұмыр ақ тай қысырдың тайы. Енесі асау көк бие. (М.Ә.) Жиырма-отыз қойы бар, үш-төрт қорасы бар үй қалың елдің көпшілігі. (М.Ә.) Ана дүниеден иман тілеген, өлімге бас байлаған үмітсіз аурудай ендігі тілек жол амандығы, денсаулығы. (Ж.А.) Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Шобан, Марғасқа, Жиембеттер, негізінен, екі-үш жанрда жырлаған: бірі дидактикалық толғау, оның тақырыбы жалпы ақыл, насихат айту, екіншісі арнау толғау, яғни нақтылы біреуге, не оқиғаға, не өзіне қарата айтылған сөз, оның тақырыбы көбінесе қоғам, адам, ел қорғау, үшіншісі портрет өлеңдер. (Р.С.)

232-жаттығу. Көркем шығармалардан бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықшаға бес мысалдан тауып жазыңыздар.

233-жаттығу. Мәтіндегі сөйлемдердің тыныс белгілерін қойып, көшіріп жазыңыздар. Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылған сызықшасы бар сөйлемдерді тауып, сызықшаның қойылу себебін түсіндіріңіздер.

 

Үш бәйтерек

Сәкен Бейімбет Ілияс Үшеуінің де жөргегі ұлан-ғайыр бір даланың топырағы Біреуі соның кіндік ортасында біреуі теріскей біреуі күнгей шалғайында бір жылы туыпты Үшеуі де бір жаздың майсасынан алғаш нәр тартып бір қыстың ызғарынан алғаш қар басыпты

Үш бәйтерек Үшеуінің туысы қандай бір болса тұрысы қандай әр бөлек Біреуі дәйім биікке талпынып алға ұмтылған өр халықтың асыл арманындай асқақ біреуі талайды бастан кешіп тауқыметке төзіп өскен қауымның сарқылмас сабырынан жаратылғандай сом мығым Біреуі көпті көріп көпті сүйген халықтың парасат-парқын сіңіргендей қуатты да нәрлі Үшеуі де ел өміршеңдігінің түлегі Үшеуі де халқы мен заманының ауыздарынан түсе қалғандай адал ұл

(Ә.Кекілбаев)

234-жаттығу. Мәтіннің тиісті жеріне сызықша қойып, олардың қойылу себебін түсіндіріңіздер. Үлкен адамдармен қалай сәлемдесу керектігі жөнінде өз ойларыңызды айтыңыздар.

 

Сәлемдесу – сөз басы

Адамдардың бір-біріне лебіз білдіруі сәлемнен басталады. Сәлемдесу тұрмыстық қатынастағы сөз басы. Сәлем сөз анасы, сөздің қасиеті, сондықтан оның мағынасына мән беру әдептіліктің, адамгершіліктің, сөз мәдениетін байыптаудың баспалдағы.

Кішінің үлкенге сәлем беруі үлкеннің құрмет көруі, жастың ізеттілік білдіруі.

Сәлемдесу ағайын мен туысты, дос-жаранды, іні мен ағаны, бала мен дананы жарастыру ғана емес, ата салтын жалғастыру, алысты жақындату.

Адамның кейіп-кескінін тану, оның болмысын байқау, көңіл-күйін білу әрі оған да өз ниетіңді ұқтыру.

(«Әдептілік қағидалары» кітабынан)

235-жаттығу. Төмендегі сөйлемдерге сызықша қойып, көшіріңіздер. Қойылу себебін түсіндіріңіздер.

1) Сабыр ақыл серігі. 2) Аргентинадағы Аконкагуа сөнген жанартауы Батыс жарты шардағы ең биігі. 3) Ғашықтың тілі тілсіз тіл. 4) Тропиктер Жердің экватордар жер шары ортасының айналысымен көзге елестетілетін сызықтан оңтүстікке немесе солтүстікке қарай жатқан өңірлері. 5) Ең үлкен төрт планета Юпитер, Сатурн, Уран және Нептун алып газ шарлар. 6) Үлкен Шатқал АҚШ, Аризона штатындағы Колорадо өзені кесіп өткен жер бетіндегі орасан зор сай. 7) Диктатура дегеніміз бір адамның немесе адамдар тобының билікке толық ие бола отырып, елді басқаруы. 8) Акулалардың сүйекті балықтардан айырмашылығы қимыл-қозғалыс жасамай, суда өзін-өзі ұстап тұруға көмектесетін жүзу торсылдағының болмауы. 9) Дауылдар Үнді мұхитындағы циклондар және Тынық мұхитындағы тайфундар деген атпен белгілі ең қиратушы жойқын желдер.

236-жаттығу. Көп нүктенің орнына қажетті сөз не сөз тіркесін тауып қойыңыздар. Сызықшаның қойылу себебін түсіндіріп, бір мақал-мәтелді тақырып етіп шағын шығарма жазыңыздар.

1) ... ... – қызыл тіл. 2) Жақсы болсаң – ... , жаман болсаң – ... . 3) Әдептілік ар-ұят – ... ... . Тұрпайы мінез, тағы жат – ... ... . 4) ... ... – ұлы ұстаз. 5) ... – білім бұлағы, ... – өнер шырағы. 6) ... – сөздің атасы, ... – ердің опасы. 7) Сөз анасы – ... , су анасы – ... , жол анасы – ... . 8) ... – зор байлық. 9) Денсаулық кепілі – ... . 10) Су жүрген жер – ... , ел жүрген жер – ... . 11) ... ... – елдің ырысы, ... ... – жанның тынысы. 12) Жақсының жүрген жері – ... , жаманның жүрген жері – ... . 13) Бірінші байлық – ... , екінші байлық – ... ... , үшінші байлық – ... ... . 14) Дүниедегі ең асыл тіл – араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары – ... ... . (М.Көпеев) 15) Әркімге ... ... – туған шеше, Оған бала міндетті сан мың есе. (С.Мұқанов)

Қажетті сөздер: өнер алды, денсаулық, азарсың, өмірдің өзі, мереке, білім, мақал, құлақ, жақсы жер, бұлақ, тұяқ, денсаулық, тазалық, береке, озарсың, жақсы адам, базар, азар, ақ жаулық, надандықтың белгісі, он саулық, оқу, қазақ тілі, уәде, адамдықтың белгісі, туған тілі.

237-жаттығу. Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықшаны келтіре отырып мамандыққа байланысты әңгіме құрастырыңыздар, тыныс белгілерінің қойылу себебін түсіндіріңіздер.

238-жаттығу. Мәтіннің тиісті жеріне сызықша қойып, көшіріп жазыңыздар. Қойылу себебін дәлелдеңіздер.

Адамзаттың ақыл-ойының даму жолын айқындайтын, көркемдік танымының бағыт-бағдарын белгілейтін, өткен өмірді қалпына келтіріп, бүгінгі өмірді таңбаға түсіріп, замандармен, халықтармен бірге ғұмыр кешетін тірі бейнелер кейіптеп, өз тарапынан жаңа бір әлем жасап шығаратын, халық рухы әбілхаят нәрімен сусындап, фәниден озған, бақиға бата алған, ескірмейтін, өлмейтін мерейлі шығармалармен бұ дүниеде мәңгі жасайтын Жазушы болу айрықша бақыт. Үш дүниенің сырын тоқыған, төрт тарабын түгел таныған Қазақ Жазушысы болу он есе артық бақыт. Талабы таудай жан балам, көкірегіңде от болса, туған халқыңды жан-жүрегіңмен сүйсең, сенің де ірі жазушы, зор тұлға болып шығарың күмәнсіз. Ірі болмасаң да, ұлы болмасаң да, қатарыңша қызмет жасасаң мұратыңа жеткенің. Ол сенің адамдығыңа байланысты.

Жазушының адамдық бейнесі әділдік, адалдық, кісілік деген ұғымдардың жиынтық көрінісі. Қазақ жалпақ тілде «жақсы адам» дейді, «жақсы кісі» дейді. Жақсы адамның бәрі бірдей жазушы болмайды, бұл жалпылық өлшем, бірақ жақсы жазушының барлығы да жақсы кісі болған. Кісілігі кем жазарман ешқашан да тәуір жазушы дәрежесіне жетіп көрген емес. Өйткені жазу ең алдымен, кісіліктің жемісі. Тетігін білмеген адам трактордың өзін жүргізе алмайды. Жақсылық пен жамандықтың тетігін айырмаған жан қалай тәуір жазбақ. Жаза алмайды, болмайды.

Қаламгердің азаматтық келбеті яғни отаншылдық, ұлтшылдық, қаншылдық бұл да кісілікке жалғас, дарынмен бірге бітетін, өскен орта, алған тәрбие негізінде қалыпқа түсетін қасиет. Онсыз тағы да жазушы жоқ деп біліңіз. Әсіресе, біз сияқты отар ел жағдайында. Халқын сүймесе, ұлттық намыстан кенде болса, адамдық қасиеті де жоқ деген сөз, жазушылық қайда, дені түзу кісі есебіне қосу қиын. Қаламгер аруақтың аманатын арқалаушы, халықтық рухтың жаршысы, яғни ұлттық сана оның шығармашылық бітіміндегі ең игі негізгі көрсеткіші болуға тиіс.

Сонымен, жазушы қайдан шығады деген әуелгі сауалымызға қайтып оралдық. Бірінші шарт дарын дедік, ал бұл дарынның туа бітетіні талассыз ақиқат. Бірақ сол туа біткен қасиет жүзеге асуы үшін тағы қаншама жағдай керек екен. Соның ішінде адамның өзіне тікелей байланысты және ең мәнді, ең басты шарт таудай талаптан серпін алған табанды еңбек.

Бойдағы дарын тәңірінің сыйы еңбексіз келді. Өзгеше талай бақ қонды. Енді соны жетілдіру, жеріне жеткізу, кәдеге асыру құт орнаған кісінің өзінің қолында. Дарын Көктен түсті. Жеміс емес, тұқым. Өнер, оның ішінде жазушылық сол тұқымның мәуеге айналған көрінісі. Екі арада ауыр әрі қызғылықты, ақыр түбінде бір адам емес, бүкіл жұрт үшін, оларды ұлыс үшін игілікті еңбек тұр.

(М.Мағауин «Мен»)