Павлодар, 2021

Жалпылауыш сөздердің тыныс белгілері


Жалпылауыш сөздер – сөйлемнің бірыңғай мүшелерін жинақтау, оның мәнін ашып, тұжырымдау мақсатында қолданылатын, олар сияқты бір ғана сұраққа жауап беріп, бір сөйлем мүшесі болатын сөздер. Оған, негізінен, жалпылау есімдіктері, сан және сын есімдер т.б. жатады.

239-жаттығу. Жалпылауыш сөздердің тыныс белгілерін қойып, көшіріп жазыңыздар. Бірыңғай мүше мен жалпылауыш сөздердің қандай сөйлем мүшесі қызметін атқарып тұрғанын белгілеңіздер.

Маңыраған қозы-лақ, шулаған бала-шаға, саңлаудан қораға кіріп жатқан қар бәрі де оның қаперіне кіріп-шықпайтын тәрізді. (Т.К.) Бұл ауылдың өз адамы боп кеткен дағдылы қонақтары Ербол, Көкбай, скрипкашы-әнші Мұқа, Баймағанбеттер бөлек бір топ боп кірді. (М.Ә.) Асылып жатқан ет, маздап жанған от, қою қымыз бәрі де қонақтар көңілін көтере түскендей. (М.Ә.) Қазір бұл ауылдағы күзетші, сауыншы, түйеші, қауғашы, отыншы, асшы атаулы бәрі де жаман жыртық киімдерінен жел азынап, бүрсең қағып бай малының қамында жүр. (М.Ә.) Үш есіктің тұсында қазірде Жақып, Майбасар, Ызғұтты үшеуі тұрып ап, табақ жақындай бергенде, қонақүйдің есігіне қарайды да, табақшыларды үндемей нұсқап, рет-ретімен кіргізіп жібереді. (М.Ә.) Осы жетінші күні Құнанбайлар Төлепберді мен Қамысбай, Бурахан үшеуін қуып жетті. (М.Ә.) Бұл күнде қаланы көп жағалайтын, өздері саудагер жас болыстар Темірғали, Айтқазы, Әлі, Рақыш, Оспан бәрі де мәжілісті қызу, көңілді ету үшін кіршіме ішеді. (М.Ә.) Дәрмен енді жаңағы Ділдә айтқан сөз, барлық үлкен аға, кіші іні бәрінің де көкейінде жүрген іс екенін білдірді. (М.Ә.)

240-жаттығу. Мәтіннің қажетті тыныс белгілерін қойып, көшіріп жазыңыздар. Қойылу себебін ережемен дәлелдеңіздер. Жалпылауыш сөздерді тауып, астын сызыңыздар.

Ауыз әдебиетінің қысқа түрлері бесік жыры ана сөзі ертегі жаңылтпаш жұмбақ тақпақ ел арасына көп жайылған ойындар асық ойынының неше түрі отырып ойнайтын тұрып атып ойнайтын лекек доп ақсүйек қарабие тоқтышақ қарақұлақ айгөлек ойындары дене шынықтыруға жүйріктікке шыдамдылыққа тапқырлыққа жаттықтырмай ма есепке үйрететін ойындар мыналар тоғыз құмалақ дойбы ойындары стадиондар доп каток мұз сырғанағы бәрі тәртіпті қалыптасқан бейнеде ұйымдастырылады қазақ халқының ертеден әдетіне сіңген ұлттық қалпына жарасымды кейбір спорттық мәні бар ойындары алтыбақан әйгөлек ағаш аяқ құр-құр серке тарту салма алу теңге алу сайыс тағы басқа әлденеше ойындарды жастар ойнайды.

241-жаттығу. Мәтіннің тыныс белгілерін қойып, көшіріңіздер. Жалпылауыш сөздерге байланысты тыныс белгілерінің бірде қойылып, бірде қойылмау себебін түсіндіріңіздер.

Сондықтан олардың шыңына жетіп аса батырып айтуды Абай Мағаш Кәкітай үшеуі де көп машық етпейтін. (М.Ә.) Құйрығы желбезегі қабыршағы қанаты барлығы балықтан айнымай тек қана қылқан мойны қалқан құлағы осы бір қауақ басы сол қалпында қалса екен дейді. (Ш.А.) Ғажап жұмбақ тағы бір хал бір Тобықтының ішіндегі Құнанбай жағына жаһаттас бай-жуандар ғана емес көрші Уақ Бура Сыбан Найман Керей Қаракесектегі жуан ауылдардың бәрі де бірауыздан Құнанбай жағына шықты. (М.Ә.) Ас пісіргіш еркектер мен қатын да отыншы сушы қызметшілер баршасы да осы көшпен жөнелді. (М.Ә.) Оспан Ысқақ Майбасар сияқты туыстарының барлығын ол өз қасына қоршау етіп соларға ертелі-кеш кінәшіл зілін тастап жүр. (М.Ә.) Тайдай арлан бөрімен шаппа-шап ұстасып өлердей жағаласқаны тапжылтпай ұстап өлтірткені бәрі де бұл өңірде бұл заманда болмаған балғын азамат қасиеті боп тарады. (М.Ә.)

242-жаттығу. Мәтіннің қажетті тыныс белгілерін қойып, көшіріп жазыңыздар. Қойылу себебін ережемен дәлелдеңіздер.

Ат пен адам екеуі екі бөлек келе жатқандай. (Ш.А.) Оның осылай кетіп бара жатқаны да қоңырқай орамалдан ағараңдап көрінген бет-жүзі де қолынан жетектеген қызы да қасында қатарласа жүгірген күшігі де бәрі-бәрі Танабайға шексіз ыстық көрінер. (Ш.А.) Шаруаның жаңа өмірі үшін жер мал еңбек арман бәрі де ортақ болу үшін Танабай күреспей кім күреседі. (Ш.А.) Қолдан сырланған тумбочкалар есік-терезелердің полотно-кенеп мұхарамалары бәрі де тым жинақы сыпайы. (С.Ш.) Анау көрініп тұрған төскейдің сай-саласы бие бауы ауыл қонысы қой өрісі барлығы да соншалық таныс жақын. (М.Ә.) Кешкі суға келе жатқан қалың жылқының кісіней шапқан дүбірі шаң-тозаңы болсын немесе оқта-текте азынай кісінеп үйірін іздеп шапқан мінуден босаған жас айғырлар дауыстары болсын барлығы да осы отырған ауылдардың осы кештегі тіршілік тынысын білдірген сияқты. (М.Ә.) Жігітек Көтібақ Бөкенші Торғай бәрі де әлденеше қоныс қыстаулардан алыс-ты. (М.Ә.) Бойдақ жылқыны ауыл қасына ерте айдатып келіп Құдайберді Ызғұтты Абай үшеуі ат үстінен түспей жүріп түндегі аталған он байталды іріктеп таңдады. (М.Ә.) Босқа кеткен күшті көп төкті Біржанға жел су толқын сең бәрі жабылды. (Ғ.Мүс.)

243-жаттығу. Жалпылауыш сөздері бар сөйлемдерді қатыстыра отырып мамандық жайында әңгімелесіңіздер, тыныс белгілерінің қойылу себебіне түсініктеме беріңіздер.