Павлодар, 2021

Төл сөздің тыныс белгілері


Төл сөз – сөйлеушінің я жазушының өз сөзі ішінде өзгеріссіз, бұлжытпай қолданылған біреудің сөзі. Автор сөзі – төл сөзді жеткізіп, оған түсінік беретін сөйлеушінің я жазушының сөзі. Төл сөз бен автор сөзі өзара тығыз байланыста қаралады. Төл сөз бен автор сөзінің тыныс белгілері олардың орналасу тәртібіне, синтаксистік ерекшеліктеріне, интонациялық және мағыналық айырмашылықтарына байланысты қойылады.

Төл сөз бен автор сөзіне байланысты қойылатын тыныс белгілер

Автор сөзі төл сөзден кейін келгенде, төл сөз тырнақшаға алынады да (немесе алдына сызықша қойылады), төл сөзден соң үтір (леп не сұрау белгісі, көп нүкте) және сызықша қойылады.

– Қарным ашқан жоқ, мұғалима апай нан әкеп берді, – деді немересі. (Ш.А.)

Автор сөзі төл сөзден бұрын келсе, одан кейін қос нүкте қойылады да, төл сөз тырнақшаға (немесе алдына сызықша қойылады) алынады.

Көбен заң жолымен сұрауға кірісті:

– Бөреш баласы Мұрат сені қалай әкетті? (Қ.К.)

Автор сөзі төл сөздің ортасында тұрса, екі жағынан үтір мен сызықша (кейде біріншісінен кейін үтір (леп не сұрау белгісі) мен сызықша, екіншісінен кейін нүкте мен сызықша) қойылады да, төл сөз тырнақшаға алынады не алдынан сызықша келеді.

– Тарт әрмен, – деді Оразқұл қолын бір сілтеп, – онан да ішетін бірдеңе бар ма, соны әкел! (Ш.А.)

Төл сөз автор сөзінің ішінде келсе, бірінші автор сөзінен кейін қос нүкте, төл сөз тырнақшаға алынып (не алдына сызықша қойылады), одан соң үтір (леп не сұрау белгісі, көп нүкте) және сызықша қойылады.

Ес:

– Мен ертең ерте жүремін, ішінде болсам жақсы болар еді, – деп Көбенге қарады. (Қ.К.)

Төл сөз ортасындағы автор сөзі тиянақсыз болып, одан кейін төл сөз дербес айтылатын сөйлем болғанда, автор сөзінен соң қос нүкте қойылады.

– Сүйінші, қайным, көрімдік, көрімдік! – деп күлімкөз жеңгесі алдынан шыққан соң: – Алыңыз, алыңыз, көрейік әуелі, бір көйлек мойнымда, – деп төргі бөлмеге өтіп кетті. (Т.К.)

Төл сөздің ішінде төл сөз келсе, алғашқысының алдынан сызықша қойылады да, соңғысы тырнақшаға алынады.

– Әкем «Біреудің ала жібін аттама» деп отырушы еді, – деді ол күмілжіп.

Төл сөзден кейін келген де көмекші етістігінен соң толық бір сөйлем келсе, одан кейін үтір қойылады.

– Айт сөзің болса! – деді де, осы үйдегі жұрт естісін, куә болсын дегенді ойлады. (М.Ә.)

 

Төл сөз бен автор сөзінің орын тәртібін сызбамен былай көрсетуге болады.

р/с

Төл сөздің сызықшамен келуі

Төл сөздің тырнақшамен келуі

1

— ————, — ======.

“————”, — ======.

— ————? — ======.

“————?” — ======.

2

======:

— ————.

======: “————”.

3

— ————, — ======, — ————.

“————, — ======, — ————”.

— ————, — ======. — ————.

“————, — ======. — ————”.

— ————? — ======. — ————.

“————? — ======. — ————”.

— ————... — ======, — ————.

“————... — ======, — ————”.

— ————... — ======. — ————.

“————... — ======. — ————”.

4

======:

— ————, — ======.

======: “————”, — ======.

======:

— ————? — ======.

======: “————?” — ======.

5

— ———. — =====: — ———.

“———. — =====: — ———”.

6

— ———“————”———, — =====.

“———“————”———”, — =====.

— ———“————”———? — =====.

“———“————”———?”— =====.

7

— ————, — деп, ======.

“————”, — деп, ======.

— ————? — деп, ======.

“————?” — деп, ======.

 

248-жаттығу. Төл сөздің тиісті тыныс белгілерін қойып, көшіріп жазыңыздар.

1) Өзің-ақ ойлашы несі өмір Қуаныш қайғысы болмаса дейді ақыл. 2) Ол тағы да былай дейді Дін ғылымның атасы. 3) Ақын бірде Өзгереді дүние өзгереді деп баяндайды. 4) Ақымаққа дейді ақын болмайды ақыл айтып. 5) Өсіңіз жетіліңіз тасқындаңыз дей келе Бірақ та биікпін деп асқынбаңыз деп жалғайды да Сен мықты анау осал мен орташа Бәріміз бір аспанның астындамыз деп аяқтайды. 6) Біздің халықта Қарға қарғаның көзін шұқымайды деуші еді деді. 7) Талапты ерге нұр жауар деген рас қой Сапарың қайырлы болды Енді міне бір жылдық азығыңды әкелдің деді Дос. 8) Ассалаумағалайкүм байекесі деді ол әзіл араластыра Қалай керуеніңіз аман-есен жетті ме саудаңыз сәтті жүріп жатыр ма деп өзі мәз-мейрам болып дүкеншінің қолын қайта-қайта сілкіп көрмегенімізге қаншама заман болды қош келіпсіз! 9) Ой арам қатқыр ақымақ бала дүрбісін көзінен алмастан орнынан тұрып бұзауды айдағандай қолын ербеңдетеді Естіп тұрмысың әрі әрі кет деймін Бәлтек Бәлтек қайдасың Дүрбіге көрінген үйдің көлеңкесінде маңқиып жатқан Бәлтектің онымен ісі болған жоқ Айтақ айтақ деді бала жан ұшырып итке. 10) Тыңдағанда бойың шымырлап қоя береді дейді сыбырлап атам Ой алла-ай неткен ғажайып ән еді 11) Өлердің алдында соның әнін бір естіп кеткім келеді депті Атамның айтуына қарағанда өз халқыңның әні үшін адам өмірін қияды дейді Сондай адамдардың түрі қандай болады екен көрер ме еді өздерін Мүмкін ән үшін басын беретін адамдар үлкен қалаларда тұратын шығар 12) Ерінің жаңағы сөзін осы әрекет үстінде ести сала Ол сөзді сізден бұрын Рахым айтқан Қой сауып отырған маған жүгіріп келіп Апа бол қой сауғаныңды қой Кіші ағам қонақ ертіп келді Бол тез деп мені қолды-аяққа тұрғызбай сол әкелген жоқ па деді

249-жаттығу. Мысалдардағы төл сөз бен автор сөздеріне байланысты қойылған тыныс белгілерінің ережелерін анықтап, оларды есте сақтаңыздар.

– Тыңдасайшы әуелі. Аңнан басқа алаңдатар ештеме жоқ деймісің мені, – деп саптама етігін шеше бастады. – Мына жолаушыларға Садуақасты ертіп жіберсек деп ем. (Т.К.) – Әкілдек талай жерді, талай елді аралады. Кімнің кім екенін де білесің. Мына жаманды, – деп Сәкенді иегімен нұсқап, – оқытсам ба деп ем. Ой бар, бірақ орындар шама жоқ. Орысша оқығанын жақсы көреміз, – деп Жамалға көз қиығын тастады, – бірақ соның жолын білмейміз ғой біз. (Т.К.) Қабағын қарыс жауып алған әлгі шой қара: – Е, тәйірі сонша салмақтағаныңа қарағанда күшке түсер ауыр бірдеңе екен ғой десем, – деп ыржая күліп, иығынан салмақ түскендей қозғалып қойды. (Т.К.) – Денім сау, Кәкітай! – деп, ауыл-аймақтың, әкесінің амандығын сұрап кетті. (М.Ә.) – Бұл вальс қой өзі, – деп тағы біраз ойланды да: – атына қарағанда, бір сезікті орыннан естілген күй сияқты ғой! – деп, Мұқаның жүзіне күле қарады. – Қайдан үйренгенсің?! (М.Ә.) «Иә, – деймін ішімнен тағы қайталап, – мен мұндайды әсте күткен жоқ едім ғой, Зағида. Мұнан әрі өмір не болмақшы!?» Бір кезде «дырр-ррт» деген дауыстан басымды көтеріп алсам, ат жаңа салынған қақпаға тұмсық тіреп тұр екен. (Д.И.)

250-жаттығу. Көркем шығармалардан жоғарыдағы төл сөз бен автор сөздеріне байланысты қойылатын тыныс белгілерінің әр түріне үш мысалдан тауып жазыңыздар.

251-жаттығу. Төменде берілген мәтіннің тыныс белгілерін қойып, көшіріп жазыңыздар. Қойылу себебін анықтап, ережемен дәлелдеңіздер.

І. Кешігіп қалдыңдар деп Шәймерден шай үстінде сөз бастады Жыл мезгілін күннің көзіне даланың шөбіне қарап ажыратуды қазақ қашан қояр екен Табаны күректей он бес күнге кешіктіңдер (Т.К.) Болды болды жетеді деді Сафура күйеуін өзінен сәл ғана итеріп Смағұл сен неге селтиіп қалдың үйге жүр (Д.И.) Шіркін-ай сөзді сатып алған ба көбірек жазса қайтер еді деді ол тамсанып Тегі ол бар ғой әуелден осылай тоқ етерін айтады да қош болмен аяқтай салады (Д.И.) Жолдастар біздің қас жауымыз капиталистер ал мына кеңседегілер олардың шабалатып қойған иттері Бірлесіп күрессек қана біз өзіміздің талаптарымызды орындата аламыз деді (Т.К.) Қандай аяулы жан дедім Мәрия туралы Жас болса да нағыз ана ғой мейірімді ана ғой ол (Д.И.) Қайыр түндегі кереметтердің қайдан шығатындығын айта келіп сөзінің аяғында Түндегі көрініп жүрген ақ боз ат та сиырдың өкіруі де бәрі де адам істеген іс Мұнда құдайдың құдіреті де кереметі де дәнеме де жоқ Бұл біздің жауымыз байлардың ісі солардың қолы Мұны біз сендерге кешке дейін-ақ ашып берейік деген еді (Ғ.Мүс.) Бірақ деп жыламсыраған үні қатқылдай түсті менің де сенен тілер бір тілегім болса сенің бермесіңе бола ма Мен сенен аналық өтініш етем Сол қолқамды бересің бе деп баласын иығынан құшақтай түсіп жауап күтті (М.Ә.) Қандай сүйкімді әйел дедім мен оны көз алдыма тағы елестетіп Ал бірақ ол соншалықты неге мұңлы Оның күйеуі қайда неге осы кезге шейін көзіме бір түскен емес (Д.И.)

ІІ. Е-е Адамның басы Алланың добы деген ғой не боларына кімнің көзі жеткен деді кемпір күрсініп Аздан кейін ол Еламанға қайта қарап жүзін тіктеп отырып Жөніңді білмесек те жүзіңді көріп отырмын Мыналар сені кісі өлтірді деп отыр Қайдан білейін адам аласы ішінде ғой түріңе қарасам иманмен қаптап қойғандай деді (Ә.Н.) Ақкемпір келініне көз қиығын тастап Ә құдайым-ау деді ішінен қайтейін Бұ да өзгеге күледі өзіне күлетін кісі жоқ па екен сонда (Ә.Н.) Дуана еке мен мен Мамырбай ақсақалдың дей берді Орыстар алып кеткенін айтуды ұят көрді Үндемеудің тағы да жөні жоқ қалайда бірдеңе айту керек болды Маңдайын сипап көзін жыпылықтатып төмен қарап Мен Мамырбай ақсақалдың баласы едім ауылымнан адасып ауылымды таба алмай жүрмін деді (Ж.А.) Бұлардың тынышын кім алыпты деді жалт қарап Оразқұл Біреу буындырғандай өзінен өзі қызарып кетті Алжи бастағансың-ау сен шал деді Үні баяу шыққанмен шалға деген зіл бар (Ш.А.) Ойбай-ау өз көзіммен көрдім ғой Былай қарай үрке қашқан маралдар деді Момын шал бой бермей Балам-ау өзің де көрген жоқ па едің Жоқ көрдің көрдің (Ш.А.) Ол оңай ма шырағым-ау Үстіндегі жүгін былай қойғанда мына боранды көрмеймісің. Оқасы жоқ құдай қаласа ертең бәрі орнына келер Тек әйтеуір мына боран басылса екен деді Момын оларды өзінше ақтаған болып (Ш.А.) Анадай жерде бағанадан үн-түнсіз тұрған Момын шал шыдамай Не айтып тұрсың Сейдахмет бұларды атуға тыйым салынған деді міңгірлеп (Ш.А.) Ере келген өзге еркек-әйелдің бәріне Мәніке өзінің әмірлі қатаң үнімен бұйрық етіп Жә біздің ауылдың кісілері Ахкем үйінде қонақ болдың ішер асыңды іштің Ахкем деп ол қайнағасы Тәкежанды айтатын Енді қайтыңдар Малдарыңа шаруаңа жөнел түге деді (М.Ә.) Сен немене еш нәрсені сезбейсің бе деп Света қабағын көтеріп таңырқай қарады Шекарада тұрмыз (Т.А.) Әй жарқыным деп қасына келді тұрмайық біз де талап қылайық (Ә.Н.) Дуана Ақбілекке жетіп келіп А балақайым алақайым шырақайым Қайдан келесің деп басын сипады (Ж.А.)

252-жаттығу. Мәтіннің бұрыс қойылған және түсіп қалған тыныс белгілерін тауып, ережеге сәйкестендіріп, жаттығуды орындаңыздар.

 

Қазақтың қонағы неше түрлі болады?

Сырым батыр, үйіне қонып отырған қадірменді қонағы: «Төленді биден:

Биеке қазақтың қонағы неше түрлі болады!» деп, сұрапты.

«Қазақтың қонағы төрт түрлі болады. бірінші арнайы қонақ; екіншісі құдайы қонақ; үшіншісі қыдырма қонақ; төртіншісі қылқыма қонақ».

«Ал оны қалай айырамыз»? – дегенде

«Арнайы қонағымыз, алыстан арнайы келген жақын, туыс, нағашы, жиен, құда, күйеу, қайын, сияқты жекжаттың немесе сүйікті достарың, жақсы жолдас-жораң.»

Міне – бұл нағыз сыйлы қонағың.

Құдайы қонағымыз: өзің танымайтын, білмейтін, шалғай елден, алыс жерден, жолаушылап жүріп, ат басын тірей қалған, тосын да бөгде қонақ.

Міне: бұл нағыз сауап қонағың.

Қыдырма қонағымыз: ерігіп те, желігіп, үйден-үйді, ауылдан-ауылды кезіп, сөз аңдып, өсек теріп, қымыз ішіп, ет жеп, жүрген сандалма қонақ.

Міне, бұл нағыз далбаса қонағың.

Қылқыма қонағыңыз: үй арасындағы, ауыл ішіндегі, түтіні түзу шыққан, үйді торып, өзінің құлқыны үшін, аузына тигенін қылқытып, жіберіп басы, ауған жаққа, тарта беретін көлденең қонақ.

Міне, бұл – нағыз сұғанақ қонағың? – депті көпті көрген көне би, Төленді қарт...

(«Шешендік шиырларынан»)

253-жаттығу. Мәтіннің тиісті тыныс белгілерін қойып, көшіріңіздер. Қойылу себебін ережемен дәлелдеңіздер.

Немене шпион іздеп жүрсіңдер ме деген бала солдаттан

Солдат мырс етіп

Әрине шпион іздеп жүрміз

Бізге әлі бірде-бір шпион келіп көрген жоқ деді бала өкінішпенен

Солдат күліп жіберді

Саған шпионның керегі не

Мен оны ізіне түсіп жүріп ұстап алатын едім ғой

Мынаның мықтысын қарай гөр ондайға әлі жассың ең алдымен жігіт болу керек

Осылайша алтын погоны бар әскери адам Оразқұлмен орман аралап кеткенде бала шофермен біраз әңгімелескен

Мен барлық машинаны барлық шоферлерді жақсы көремін деді бала

Оның себебі не деді шофер қызығып

Машина деген жақсы ғой әрі тез жүреді әрі күшті сосын бензиннің де исі тамаша Шоферлердің барлығы да жас жігіттер бәрі де Мүйізді Бұғы ананың балалары ғой

Не дейді не дейді мынау Мүйізді Бұғы ана дегенің немене деді түкке түсінбей солдат

Ау сен білмеуші ме едің

Жоқ шырағым мұндай ғажайыпнаманы өмірімде естіген жоқпын

Сен өзің кімсің сонда

Мен қазақпын Қарағандыда туғанмын шахтерлер мектебінде оқығанмын

Жоқ сен кімнің баласысың соны айтшы

Әке-шешемнің баласымын

Олар кімнің баласы

Олар да өз әке-шешесінің баласы

Ал олардың әке-шешесі кімнің баласы

Шырағым-ау сен бұлай сұрай берсең дүниенің түбіне жете алмассың

Ал мен болсам Мүйізді Бұғы ананың балаларының баласымын

Оны саған кім айтты

Атам айтқан

Шырағым мынауың бір шамаға соқпайтын дүние екен деді солдат балаға басын шайқап

(Ш.Айтматов «Ақ кеме»)

254-жаттығу. Мәтіннің тыныс белгілеріне назар аударып, қойылу себебін түсіндіріңіздер. Ертегілердің тағы басқа қандай жолдармен басталатынын еске түсіріп, мысал келтіріңіздер.

 

Әже ертегілері

Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әңгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады. Әуелі Абай ауыра бастағанда бір күні кешке ұйықтай алмай жатып, әжесінен әңгіме айтуды сұрады. Сонда ол ойланып тұрып:

– Е, е... Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? – деп, кішкене тақпақтап бастап еді. Абай соны ұғып қапты. Келесі жолы әңгіме сұрағанда әжесін тізесінен қағып:

– Е, е... Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? – деп, тағы да әңгіме тілегенін білдіруші еді.

Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ – Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген» – бәрі де айтылды. Оның әңгімелерін түсте де, кеште де, тіпті кеш бойы да Абай айтқыза беретін болды.

(М.Әуезов «Абай жолы»)