Павлодар, 2021

Көп нүкте, оның қойылатын орындары


Көп нүкте – белгілі бір себептермен ойдың аяқталмай қалғандығын немесе асығып-аптығып сөйлеуге байланысты айтылмақшы ойдың толық айтылмағандығын білдіру үшін қойылатын тыныс белгісі.

 

КӨП НҮКТЕ

 

Қойылатын орындары

Мысалы

Алынған дәйексөздің арасынан сөйлем не сөздер қалдырылған жағдайда

Қол еңбектің органына айналумен бірге, өзі де еңбек процесінде жетіліп дамиды: «... қол еңбек органы ғана емес, ол сонымен қатар еңбектің жемісі де». (К.А.)

Жазушы айтып келе жатқан оқиғаның жалғасын созбай тоқтатқан жағдайда

Кім біледі, бұл түнгі жортуылдар әлі қаншаға созылар еді, егер де мына бір жағдай болмаса... (Ш.А.)

Айтып келе жатқан ойға кенет, тосын, күтпеген не алшақ жатқан нәрсе қосылып кетсе, оның алдынан қойылады

Сол жылы қызылшадан көп өнім алдық. ... Жарықтық балажан еді ғой.

Сөйлеушінің белгілі бір себептермен (ентігу, тұтығу, асып-сасу т.б.) сөздерін, ойын бөліп айтқанда

– Мен ұл туған жоқ ... тек, осы қызым ... Ақбалам болмаса ... – деп Сүйеу үйде, түзде бірдей мақтанатын. (Ә.Н.)

 

152-жаттығу. Төмендегі сөйлемдердегі көп нүктенің қойылу себебін түсіндіріңіздер.

Қайырып берген зеренді де алмай, ұршық ұстаған қолы тізесіне түсіп отырып қалды ... (Ә.Н.) Тек бірақ рет Шораға деген сеніміне шек келтірді, бірақ оған көбінесе Танабай өзі кінәлі еді... (Ш.А.) Құлыным, Қайырлым... қайда жоғалып кеттің ... – деп, әлсіз ғана шыққан дауыс естіледі. (Ғ.М.) Гүлсары сонда таныс соқпақ жолға түсіп, сонау өзен сыртындағы жайлауға тартып бара жатады... (Ш.А.) Бағзы бір замандарда барымтаны осылай алып қашып, жаралы батырларды жау қолына түсірмей қауіп-қатерден осылайша қаумалап алып шыққан болар-ау... (Ш.А.) Күн райы қысып кетпесе, бірдеңе етіп лаждап шығармыз, қайтеміз... (Ш.А.) Ойша санай бастады. «Шет тілін біледі, машина жүргізе біледі... біледі... Би?.. Әрине, биді өте жақсы билеуге тиіс». (С.Ш.) Аянғаны болған жоқ, қолынан келгенін жасады бәрі де... (С.Ш.)

153-жаттығу. Көркем шығармалардан көп нүктенің әр түріне екі мысалдан теріп жазыңыздар.

154-жаттығу. Мәтінді көшіріп жазып, көп нүктенің қойылу себебін түсіндіріңіздер.

 

Жолда

(үзінді)

... Ауылда жүргенде қысы-жазы дөң басында өтетін кеш, қазір тағы да бір өзгеше боп серпілтіп, өз қуатын айрықша білдіріп, Абайға қатты әсер етеді...

Өзі салмаса да, Абай қаршыға салған үлкендердің қасына өткен жазда көп еріп еді. Сонда ымырт жабыла бергенде, апақ-сапақта, кеш қараңғылығы қоюланған сайын, көк қаршыға, өрттей қаршыға, секунд санап жалындай шалқып, жайнай беруші еді... Абай өз ойын, өз көңілінің күйін мына кеште дәл сол шабыттағы беті қайтпас қаршығадай сезді. Бүгін бір түрлі сергектік, сезімділік бар...

Өзге күндерден дәл бүгінгі күннің уақиғалары әлдеқайда бөлек. Күндізгі әкелер, әлгі Шөже, жаңағы Бөжейлер... Бір Қарқаралы қаласының алақандай аясының ішінде болғанмен, осы адамдар арасы соншалық кереғар. Тіпті дүниенің төрт бұрышындай алшақ жатыр. Бір жерде күш, бір жерде өнер, бір жерде мінез... Аралары және бітімсіз боп, әр салада жатқаны несі!.. Бәрі бір орынға жиылып, ынтымақпен бір арадан табылса не етер еді?..

Бұл ой Абайға ең алғаш келген ой еді де... және тіпті өз ойы сияқты көрінді. Анығында: «ақыл, қайрат...», «ақыл мен бақыт, байлық» дегендердің өзара дауы, таласы деген «парсы, түрік» тіліндегі кітаптардан былтырлар бір оқыған нақыл әңгімесі бар-ды.

(М.Әуезов «Абай жолы») 

155-жаттығу. Тыныс белгілерінің қойылуы мен қандай қызмет атқарып тұрғанын талдап айтып беріңіздер.

Жер үстінде адам баласы болудан қасиетті не бар дейсің. Тек қандай адамның баласы болу керек, соны айт. Бұған қосатын бір сөз – адамды езетін адамның баласы болма, адамды езетін адамды адамға да санама...

Әрине, адам өмірінде көп қиындықтар ұшырасады. Онсыз өмірдің өзі де өлімтікпен тең, сұр көлеңке болар еді. Күрес пен күлкі, қайғы мен шаттық, алыс пен жақын, жеңіс пен жетіліс болмаса, бұл шіркіннің өзі де тоңған мұз, ұйыған айран емес пе? Әңгіме таудай қиындықты тымақтай сілетін заман жасауда ғой. Жасаймыз да ондай заманды!

– Иә, адам баласы болуға не жетеді дейсің: не көрмейсің, не білмейсің, істегің келсе, не істемейсің. Тек істемесең ғана еш нәрсе қызықтырмайды, не қинамайды, не қуандырмайды. Қуаныш-шаттыққа да бейжай, шақырылмаған қонақтай ығысып қарап, орныңда таба алмай, кездескен бұтаққа іліге кетесің.

(Ғ.Мүсірепов «Адамның анасы») 

156-жаттығу. Көп нүкте қойылған сөйлемдерді қатыстыра отырып мамандығыңызға байланысты шағын әңгіме жазыңыздар.