Кей кезде сөйлемнің айтылу ерекшелігіне қарай тыныс белгілері қабаттаса қолданылады.
Тыныс белгілерінің қабаттаса қолданылуы |
||||
Сұраулы сөйлем лептік интонациямен айтылғанда, сұрақ басым болса, сұрау белгісі бұрын, көңіл күй екпіні басым болса, леп белгісі бұрын қойылады |
Сұраулы не лепті сөйлемдегі ой аяқталмаған жағдайда сұрау не леп белгісі, сосын көп нүкте қойылады |
Жалғаулықсыз қарсылықты салалас құрмалас құрамындағы жай сөйлемдер арасына үтір, сызықша қойылады |
Төл сөз бен автор сөзі арасына сызықша үтірмен, леп белгісімен қабаттаса келеді, сондай-ақ тырнақша мен үтір, көп нүкте, нүкте, сұрау, леп белгілері қабаттаса қойылуы мүмкін |
Драмалық шығармаларда ремаркалар келсе, ол жақшаға алынып, жақшаның ішіне не сыртына нүкте қойылады |
Шіркін, сол есіктің ар жағындағы дүние қандай екен?! (Ш.А.) |
Мүмкін, сонда бала осы бұзаумен бірге мектепке барар ма еді, қайтер еді?.. (Ш.А.) |
Сөз бергенге ерме, – бөз бергенге ер. (мақал) |
– Қалқам-ау, саған не болды? – деді баланы тоқтатып. (Ш.А.) |
Сазамбай (ұшып түрегеліп). Кім, кім, не дейді? (Ж.А.) |
157-жаттығу. Сөйлемдегі тыныс белгілерінің қойылу мәнін түсіндіріп, дауыс ырғағымен оқып көріңіздер.
Үйлеріне келсе-ақ есіктерін жауып алады, бұ не деген тірлік?! Есігін құлыптап та адам өмір сүре ме екен? (Ш.А.) Әке деген сорлыға өз баласының өзгеден естіп жатқан лағынеті мен жеген таяғын көру оңай ма?! (Ш.А.) Апырау, сағына күткен сол ертең қашан келер екен десеңші!? (С.Ш.) Адам көңілі ғажайып үндерге, ғажайып сырларға тұнып тұрған нәзік перне сияқты емес пе?! (С.Ш.) Шешесінің жүрердегі сөзі есіне түсті ме, болмаса қазіргі көңіл күйіне сай келді ме?.. (М.Ә.) Кейбір адамдар көбіне науқастан гөрі, мықты боп көріну үшін, ақылды атану үшін, жұрттан артық саналу үшін, соны арман етіп, бар жігер-қуатын соған жұмсап, дегеніне жете алмай өледі. (Кімнің ақылды болғысы келмейді, кімнің көрікті болғысы келмейді, кімнің атақты болғысы келмейді, кімнің әділ, кімнің қатал, кімнің батыл болғысы келмейді дейсіз?..) (Ш.А.) Оларда пасықтық бар, – адамдық жоқ; қараңғы жауыздық бар, – жарқын жүз жоқ. (М.Ә.) Ұлболсын жауап беруден, сөйлесуден тартынбайды, – неге екені белгісіз, қаймығады. (Б.М.)
158-жаттығу. Көркем шығармалардан қабаттаса келген тыныс белгілерінің әр түріне үш мысалдан теріп жазыңыздар.
159-жаттығу. Өлеңді мәнерлеп, дауыс ырғағын құбылта оқып, тыныс белгілерінің ролін түсіндіріңіздер.
Қазағым, қақтықпа, қамалма!
Ел болар қамыңды амалда!
Кетті түн, атып таң, шығып күн
Сал малды, сал жанды аянба!
Мал баққан, жай жатқан ел едік,
Бейнетті көп тартқан ер едік,
Қаны жат, тілі жат, діні жат
Жат елден таяқты жеп едік.
Жатқа жем бай едік, кен едік,
Бағың жоқ биліктен кім едік,
Партия сұрқия, қым-қиғаш,
«Басы аман» көп надан сен едің.
Зарыққан, талыққан шағыңа
Тап болды бостандық бағыңа!
Ұйымдас, ұрандас, жағалас!
Сен де мін бабаңның тағына!
Құның жоқ, қорлықта өшіп ең,
Терезең төремен болды тең.
Намыстан, қайраттан қатарға ен!
Басқадан кем болған сенің нең?
Ұраным, қорғаным, сен Алаш!
Жолыңа құрмалдық мал мен бас!
Өнер тап, өрге шап, қару ат.
Аллалап алға бас, ал Алаш!!!
(Ж.Аймауытов)
160-жаттығу. Өздеріңіздің қатты қуанған кездеріңізді еске түсіріп, сол сезімдеріңізді тиісті тыныс белгілерін қоя отырып жазбаша түрде суреттеңіздер.
СӨЙЛЕМ ІШІНДЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ |
Үтір |
Нүктелі үтір |
Жақша |
Қос нүкте |
Тырнақша |
Сызықша |
Ер өлсе де, аты өлмейді. (мақал) |
Әкесінің баласы – адамның дұшпаны; Адамның баласы – бауырың. (Абай) |
Хакім (құлағын тігіп). Немене? Біреу келе жатыр ма? (Ж.А.) |
Жалғыз қалған кемпірдің неліктен қалғаны да түсінікті сияқтанды: ауру бала нарттай жанып жатыр. (Ғ.Мүс.) |
Жиылған ауыл «бәлі» десіп Итемгенді жақтады. (Ғ.Мүс.) |
Ер азамат белгісі – түзде мырза, әрі құл. (мақал) |