Павлодар, 2021

Қаратпа сөздердің тыныс белгілері


Ойдың кімге, неге арналғанын білдіретін, тыңдаушының көңілін өзіне аудару үшін жұмсалатын, сөйлемдегі басқа сөздермен байланысқа түспей, грамматикалық дербестігін сақтайтын оқшау сөзді қаратпа сөз дейміз. Қаратпа сөзден кейін үтір, кейде леп белгісі де қойылады.

 

Қаратпа сөздерге байланысты қойылатын үтір

 

Қойылатын орындары

Қаратпа сөздің сөйлемнің басында келуі

Қаратпа сөздің сөйлемнің ортасында келуі

Қаратпа сөздің сөйлемнің соңында келуі

Жапырақтар-ау, сыбдырлап жерге төгілгенше, шерлі сұлуға сая болсаңдаршы! (Ж.А.)

–Жоқ, Сүйіндік аға, білейік деп сұраймын. Сіздің үстіңізден шағым жиям деп сұрамаймын ғой! (М.Ә.)

– Астапыралла, не боп қалды, шырақтарым-ау? – деді Момын мен кемпір қосарланып. (Ш.А.)

 

164-жаттығу. Қаратпа сөздердің тыныс белгілерін қойып, сөйлемнің қай шенінде келгенін айтыңыздар.

Қаратай сендерге берілген су егістікке жетпей, тазармаған арқы табанымен ақпай, беталды қашып, сай-сайды қуалап жоғалып жатады. (Ш.А.) Керімбала күлкісін тыйған жоқ: «Әй, білмеймін, кімге салсақ та, құлқыным таза дей алар ма екенсіз Абай?» – деп, сезігін айта бастады. (М.Ә.) – Шырағым-ау осы анада Бөжекең аулына жіберген қыз не жайда? Айғыз бишара қайтіп қиды соны? Жылатып айырып, қайтіп қана жіберді екен? – деп, бір жағынан наразы боп, сұрастыра бастады. (М.Ә.) – Сүйіндік аға осы мына сіздің жердің алдындағы Қарауыл дейтін жалғыз биік не себепті Қарауыл атанды екен? – деді. (М.Ә.) – Тұра ғой айналайын жылырақ киініп ал, маған көмектесесің. Тұр, тұра ғой, ұйқыңды аш! – деді сыбырлап шал. (Ш.А.) – Мынауың тамаша екен Құлбек, – деді бұлармен қатар келе жатқан шофер жігіт. (Ш.А.) – Мә балақай бар да ана шоққа салып пісіріп же! Дүниеде маралдың бүйрегінен тәтті тағам болмады, – деді. (Ш.А.) – Шыдай тұрыңдар қошақандарым. Ертең кешке дейін ғана шыдаңдар. Әйтпесе Жәкеңнің пышағы қайраулы көрінеді. Шыдаңдар, – деп Айгүл әр қозының басын бір сипады. (Ғ.Мүс.) – Шырағым-ау мынау бұғылар ғой, бұлар мұнда қайдан жүр? (Ш.А.)

165-жаттығу. Абай өлеңдеріндегі қаратпа сөздерді тауып, мәтінді көшіріп жазыңыздар. Қаратпа сөзге байланысты қойылған тыныс белгілерін түсіндіріңіздер.

 

Жүрегім, нені сезесің

Сенен басқа жан жоқ па?

Дүниені, көңілім, кезесің,

Тиянақ жоқ па, қой, тоқта!

***

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.

Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік

Ер табылса, жарайды қылса сұхбат.

***

Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің,

Сәулең болса, бермен кел талапты ерің.

Жан құмары дүниеде немене еккен –

Соны білсең әрнені білгендерің.

***

Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?

Босқа әуре қылмай, шыныңды айт.

Шарқ ұрып, тыныштық бермейсің,

Сырласалық, бермен қайт.

 

166-жаттығу. М.Шаханов өлеңдерінен қаратпа сөздердің сөйлем ішінде орналасу тәртібіне қарай 2 мысалдан тауып, кестені толтырыңыздар.

Қаратпа сөз басында

Қаратпа сөз ортасында

Қаратпа сөз соңында

 

 

 

 

167-жаттығу. Драмалық шығармадағы қаратпа сөздерді тауып, сөйлемнің қай шенінде келгенін айтыңыздар, тыныс белгілерінің қойылуын түсіндіріңіздер.

 

Қанапия мен Шәрбану

(Үзінді)

Шәрбану кіріп келіп, Қанапияны көріп, именген, қуанған сипатты қызарып, шешесінің қасына келіп, бір қолымен жер таянып отыра кетеді.

Қанапия (қозғалып, ажарланып). Көңілі-қарың тиыш па?!

Шәрбану (бір қолымен иегін ұстап). Шүкір.

Ұмсынай. «Кімді айтса, сол келеді» деген рас-ау, сені ауызға алғанымыз сол еді.

Шәрбану (Қанапияға көзін төңкеріп, қылымси қарап). Апа, менің не керегім бар?

Ұмсынай. «Қайда кетті» деп Қанаш сұрағанға айтам. Қарағым, Қанашқа самауыр қайнат. Ана шелекте су тұр.

Шәрбану (ынтасы Қанапияға ауып, апасының сөзін естімейді). Апа, маған не істе дедің?

Ұмсынай (ұршығын иіріп отырып). Қанашқа самауыр қайнат деймін.

Шәрбану (аздан соң). Ағаш бар ма еді, апа?

Ұмсынай. Ескі қораптың малы жатқан, түйенің құмалағын қосып қайнатарсың!

Шәрбану (көңілі бөлініп отырып). Апа, әлгі не қайда? Немене еді? Есімнен шығып кеткенін қарашы. Е, сіріңке, сіріңке.

Ұмсынай. Сіріңке жүктің арасында шығар. (Шәрбану шелекті алып шығады.)

(Ж.Аймауытов) 

168-жаттығу. Көркем шығармалардан үтір және леп белгісімен келген, сөйлемнің түрлі шенінде (басында, ортасында, соңында) орналасқан қаратпа сөздерді тауып, әр түріне екі мысалдан жазыңыздар.

169-жаттығу. Мәтіндегі қаратпа сөздердің тиісті тыныс белгілерін қойып, жаттығуды көшіріңіздер.

(Жер хабарын бермесін) Табай сараң адам екен. Жолаушылап келе жатқан Торғай дуанының елге белгілі екі биі Қорғанбек пен Дәуренбек Табай ауылының сыртына келіп түсуге рұқсат сұрапты.

– Қонақ күтетін уақытым жоқ, – депті Табай. Бұған қатты ренжіген екі би аттанып кетіпті.

Келесі жылы сол екі бидің ауылына Табай келіп түсуге рұқсат сұрапты. Былтырғы іске қатты өкпелеген билер «кет» демесе де, онша жақсы рай таныта қоймаса керек.

Табай сонда ауыл ортасындағы қотанға келіп ат ойнатып:

– Уа қу құдай Билігіңе таласқан жоқпын қу құдай Мырзалығыңа таласқан жоқпын қу құдай Байлығыңа таласқан жоқпын қу құдай Өзің берген сараңдығың бар еді, мына Шақшақ балалары оны да алам деп сіресіп жатыр қу құдай Енді маған не қалды қу құдай – деп айнала шапқан екен дейді. Мұны естіген билер:

– Бір ашуыңызды беріңіз Тебеке Қателік бізден екен, – деп ат үстінен көтеріп алған екен дейді-ау.

(С.Кенжеахметұлы «Жеті қазына»)