Баяндап отырған мәселеге автордың көзқарасын, өзіндік пікірін, түрлі сезімін аңғарту үшін қолданылатын, сөйлемнің басқа сөздерімен байланыспай, оқшау тұратын сөздерді қыстырма сөз дейміз.
Қыстырма болатын сөздер мен сөз тіркестері |
||||
Кісінің көңіл күйін, сезімін білдіретін сөздер |
Айтылған ойға нануды, жорамалдауды білдіретін сөздер |
Айтылған ой кімнің тарапынан шыққанын білдіретін сөздер |
Ойдың желісін, ретін білдіретін сөздер |
Тыңдаушының назарын аудару үшін айтылатын сөздер |
амал қанша, бақытымызға қарай, несін айтасың т.б. |
әрине, әлбетте, рас, сөз жоқ, сірә, мүмкін, шамасы, расында, шынында, бәсе, бәлкім, айтпақшы, шынын айту керек, өзіңіз білесіз т.б. |
... айтуынша, ... айтқандай, меніңше, сеніңше, ..., ... ойынша, әлі есімде, ұмытпасам т.б. |
біріншіден, ..., ... әуелі, алдымен, демек, сөйтіп, қысқасы, ақырында, әйтеуір, ендеше, керісінше, мысалы, негізінен, сосын, бір жағынан, ..., бір сөзбен айтқанда, былайша айтқанда, сайып келгенде т.б. |
айталық, өздеріңізге мәлім, көріп отырсыз, шынында, міне, әне, қане, байқаймын, байқайсыз ба т.б. |
ҚЫСТЫРМА сөздерге байланысты қойылатын үтір |
Қойылатын орындары |
||
Қыстырма сөздің сөйлемнің басында келуі |
Қыстырма сөздің сөйлемнің ортасында келуі |
Қыстырма сөздің сөйлемнің соңында келуі |
Әрине, оған теңіз жағасының сүреңсіз, жүдеу тірлігі ұнамасы анық. (Ә.Н.) |
Бірақ, амал қанша, баланың осы бір әділ арманын ескеріп, іске асырып жатқан үлкендер жоқ. (Ш.А.) |
Қартайған шақта жай жүруге көндігейін деген-ау, сірә. (Ш.А.) |
Ескерту. Не, немене, қалай, ендеше, осы сияқты сөздер айтушының белгілі бір сезіміне орай қолданылғанда, қыстырма сөз ретінде үтірмен бөлінеді: Қалай, құлағың ашылды ма? (М.Ә.)
Мағынасы жағынан қыстырма сөздерге ұқсас келетін, дауыс кідірісімен айтылатын ал, тіпті, дегенмен, алайда, бірақ, тек, сондай-ақ, сонымен қатар, әсіресе деген сөздер сөйлемнің басында не жай сөйлемнің ішінде үтір арқылы бөлінбейді: Ал Әмір болса сол балалар ішіндегі әнші, өнерлісі болып келеді (М.Ә.)
170-жаттығу. Сөйлемдерді көшіріп, қыстырма сөздердің тыныс белгілерінің қойылуына назар аударыңыздар.
Бірақ тайпалма жорға Гүлсары Александровка қырқасынан соңғы рет асқанын, енді, міне, ақырғы аттам жерлер жүріп келе жатқанын Танабай білген жоқ еді. (Ш.А.) Байтақ бұрын қазақ тілінде зат есім мағынасында қолданылып, «белгілі бір этникалық-территориялық единица» (мысалы, хандық сияқты), «ел, жұрт» деген мағынаны білдірген. (Р.С.) Сөйтіп, тілімізде қазіргі кезде ешбір грамматикалық мағына білдіре алмайтын қалдық формалар да бар екен. (С.И.) Сөйтіп, қаланың ұлығы мен даланың сойқанды бұзығы Абайға қарсы іштей табысқандай боп айырылысты. (М.Ә.) Еміс-еміс естуімше, қыздың бір дұшпаны (неге дұшпан болатыны айтпай-ақ мәлім!) қызға мен жіберетін өлеңдердің біреуін түсіріп алады. (С.М.) Расында, бұрын бұл өзін «аға сұлтан Құнанбай баласымын» дейтін де, «бар Құнанбайдың есебі түптің түбінде бір жерден шығады» деп білетін. (М.Ә.) Сөз жоқ, мұндай феномендер ертедегі әдеби мұраларды тілі жағынан біршама өзгертпей жеткізуге себепкер болғанға ұқсайды. (Р.С.)
171-жаттығу. Мына қыстырма сөздерден сөйлем құрап, олардың мағыналық жақтарына түсінік беріңіздер.
Сөз жоқ, бәсе, ендеше, керісінше, байқаймын, мысалы, қысқасы, негізінен, амал қанша, шынын айту керек, бір сөзбен айтқанда, меніңше, әрине, бақытымызға қарай, алдымен.
172-жаттығу. Қыстырма сөздерді тауып, қаратпа сөздермен салыстырып, ұқсастық, айырмашылығына тоқталыңыздар.
Енді, міне, ана баурындағы соңғы алданышы – қырықтан асқасын көтерген сүт кенжесі... (Ә.Н.) Әне, әншиіндегі қақпақтай кең жауырыны күжірейіп тартып барады. (Ә.Н.) Рас, ол кісі мойнында кегін жібермейтін жау. (Ә.Н.) Ендеше, өмір мен өлім сияқты қараңғы мен жарық та кезек жеңіп, тірлік үшін бұлар да тартысып жатады. (Ә.Н.) Шамасы, сірә, бұл ат та Кәлен қолынан шыққан болар деп ойлады. (Ә.Н.) Рас, түн ішінде адасып кетуі де кәдік еді, бірақ Танабай бұл жерлердің ой-шұқырын бұрыннан бес саусағындай білетін, тек ат шыдаса болғаны. (Ш.А.) Бәлкім, ол жорғаға мінгісі де келмеген шығар. (Ш.А.) Рас, Танабай әлі әрі-сәрі, бірақ Шора көндіретінін іші сезеді, бұ жолы да Шораның айтқанынан шыға алмас. (Ш.А.) Әлбетте, мал болған соң, шығынсыз болмайды. (Ш.А.) Шынында, Сарыбек бүгін әдейі бел шешіп салғыласуға кіріскендей, досының да, басқалардың да беделіне қарамай сөйлеп тұр. (Ш.А.) Жалғыз тісінің өзі найзадай болып бес-алты метрге салбырап кеткен кереметтен қорықпауға болар ма екен, сірә? (С.Ш.) Оның білдіруінше, бұл адамдар арасында тағы да бітпейтін кесір дау бар. (М.Ә.) Міне, жайқалған егін арасынан әлдебір төмпелер қылаң береді. (С.Ш.) Қысқасы, бір құдіретті қолдың күшімен үй де, күн де өзгеріп, айрықша нұрланып кетіпті. (С.Ш.) Сөйтіп, осы белдің ойына қарай құлай бергенде, жорға Жұмабай арт жағынан, сол иығы тұсынан тасырлатып кеп қосылған бір дүсірді есітті. (М.Ә.) – Әділет, сенің ойыңша, біреудің басына күн туса, соның орнын тартып алу ғой? (М.Ә.)
173-жаттығу. Өздеріңіз сүйіп оқитын ақындарыңыздың өлеңдерінен қыстырма сөздер кездесетін өлең шумақтарын көшіріп жазыңыздар.
Мысалы, Аспан тұр, міне, күркіреп,
Шөміш қақ, әже, ырымдап.
Көктер ме егін дүркіреп,
Көк биең аман құлындап. (М.Мақатаев)
174-жаттығу. Қыстырма сөздердің сөйлемдегі айтылған ойға қандай мағыналық реңк үстеп тұрғанын ашып, тыныс белгілерін қойыңыздар.
Енді міне Ақлима апай көрінген жұртқа балам келе жатыр деп күтіп отыр. (Ғ.Мүс.) Әрине негізгі сөзге тіркескен көмекші сөздің бәрі бірдей сөздің аналитикалық формасын жасай бермейді. (С.И.) – Е, төрелер, жол болсын! Қаладан келесіздер ме? Жол шеті? Не ретпен шығып едіңіздер? Жай ма, тыныштық па әйтеуір? (Ғ.Мүс.) Сөйтіп сөз әртүрлі тұлғалар арқылы түрленудің, сөзге түрлі форма тудыратын тұлғалардың қосылуы нәтижесінде оның көптеген формасы пайда болады. (С.И.) Айтқанындай түн асып, ертеңгі күн бесінге жеткен шақта Шүйгінсу, Қарауыл бойы, мол Шыңғыс қойнаулары түгелімен Тәкежанның қалың қос жылқысын тұп-тұтас, қызыл жоса қан қылып, қырып салды. (М.Ә.) Грамматикалық форма деген ұғымға ең алдымен сөзге, түбірге үстелетін қосымшалар, сондай-ақ префикстер мен жүйелі түрдегі ішкі флексия, супплетивтік тәсіл жатады. (С.И.) Ең әуелі жайдақ суға теңгердіңіз... Екінші ел алатын тәсілді айттыңыз... Үшінші орысты айттыңыз. (М.Ә.) Бүгін қойды кеш сауып болған ба немене ымырт жабылып қалыпты. (М.Ә.) Ербол досына жаны ашығандай сөйледі: «Бәсе жүзі де ашаң тартыпты... Нені мұңдап кеттің тағы да?» – деп, енді Абайға ұзақ қарады. (М.Ә.) Олардың айтуынша дәл осы отырған ұры, исі Арғын, Наймандағы ең бір барып тұрған қаныпезер баукеспенің өзі. (М.Ә.)
175-жаттығу. Мәтіннен қыстырма сөздері бар және жоқ сөйлемдерді бір-бірінен ажыратып, тиісті тыныс белгілерін қоя отыра, бағанға бөліп жазыңыздар.
Үлгі
Қыстырма сөзі бар сөйлем |
Қыстырма сөзі жоқ сөйлем |
Немене, шабыныңды басар деп қорқамысың? |
Немене айтып отырғаныңды өзің түсінемісің? |
Оның кешігіп жүруі мүмкін емес. Мүмкін бұл Максим Горькийдің жазған беташарының әсері болар. Бала кезде естіген ертегілерім әлі есімде. Әлі есімде бір күні тауға шықтық. Биыл несін айтасың егіннің шығымы өте жақсы! Бұл сөзді бұрын мен естігенмін, қайталап оны несін айтасың. Мен саған бірдеңе айтпақшы едім. Айтпақшы сол жүнді колхоздың отарларында тонналап қырқып жатады... (Ш.А.) Рас қазақ тілінде адамға байланысты есім сөздер тікелей жіктеледі де, жіктік жалғау тікелей сол түбірге жалғана алады. (С.И.) Оның айтқаны рас екен. Екінші ел алатын тәсілді айттыңыз. (М.Ә.) Екінші тілек тілеңіз, Ер шұғыл пасық залымның Тіліне еріп азбасқа. (Бұқар жырау)
176-жаттығу. Мәтінді қыстырма сөздердің тыныс белгілерін қойып, көшіріңіздер. Қыстырма сөздердің астын бір, қыстырма сөз тіркестерінің астын екі, қыстырма сөйлемдердің астын үш сызықпен сызыңыздар.
Осы кезде Құнанбайға Жексен шаққан болу керек әкесі Абайға айғайлады. (М.Ә.) Байжанның қолына түскен материалдарға қарағанда ұзын сөздің қысқасы осы дәуірге шейін Сырдың асау суын бағындырған бір ел де, бір мемлекет те болмаған. (С.М.) Сөз жоқ барлық сөздер әрине олар грамматикалық сипаты жағынан белгілі сөз таптарына жатады, «тілдің сөздік құрамына енеді», бірақ бұл екеуі екі түрлі құбылыс қой. (С.И.) Шыңғыстан Жақып, Шоқан (жұртқа мәлім Шоқан Уәлиханов), Мақы, Махмет туады. – Астапыралда (солай дейтін оның кейде әдеті болушы еді)! – деді Итбай. (С.М.) Сөйтіп сөздерді біріктіру, тіркестіру, қосарлау (сөзжасамға қатыстысы) жеке-жеке сөзжасам үлгілері болып табылады. (С.И.) Өлең шарттылығына байланысты және белгілі бір регион тұрғындарына (Қ.Өмірәлиевше Батыс Қазақстан өлкесіне) біршама түсінікті болғандықтан, кейбір лексикалық және грамматикалық көнеліктер өзгермей жеткен. (Р.С.) – Ақыл аға! Осы айтқаныңыз мен білсем талай хакім, ойшылдардың да сан кітаптарында осылайша қойған сауалы сияқты... – деп Мағашқа қарады. (М.Ә.)
177-жаттығу. Көркем шығармалардан қыстырма сөздерге, сөз тіркестеріне және сөйлемдерге бес мысалдан тауып, кестені толтырыңыздар.
Қыстырма сөздер |
Қыстырма сөз тіркестері |
Қыстырма сөйлемдер |
|
|
|
178-жаттығу. Мәтіннен үлгіге сәйкес қыстырма сөздері бар я жоқ сөйлемдерді бір-бірінен ажыратып, тыныс белгілерін қоя отыра, бағанға бөліп жазыңыздар. Ережемен дәлелдеп түсіндіріңіздер.
Үлгі
Қыстырма сөздері бар сөйлемдер |
Қыстырма сөздері жоқ сөйлемдер |
Әрине, жақ пен жіктелу ұғымы бір-біріне толық балама емес. (С.И.) |
Қорыққаннан тіпті даусы шықпай қалды. (Ә.Н.) |
Әсіресе Тәңірберген болыстық қолда тұрғанда теңіз жағасының шұрайлы шабындығын өздеріне қаратып алғысы кеп, софы ағасының дегеніне көнбей қойды. (Ә.Н.) Сөйтіп ілік септік пен тәуелдік жалғау арқылы тіркескен сөздер арасындағы байланыс түрі өте күрделі. (С.И.) Бірақ көптен бері күн жылымық тартып, ұлы теңіз ұстаса қоймайды. (Ә.Н.) Сондай-ақ қалып етістіктері есімдерше етістік тұлғаларының ішінде есімше жіктеледі. (С.И.) Ал кең жайлау көз жеткен жерге дейін шұбыртқан мал. (Ә.Н.) Ең алдымен етістік семантикалық жағынан тілімізде қимылды, процесті, әртүрлі өзгеріс, құбылысты білдіретін сөздер болып табылады. (С.И.) Ал әлгі қолжетпес жадыра жаздың керемет дүниесі бұрқасынның бұрқ-сарқ сарынына үн-түнсіз батып кетіп, біржола ғайып болды. (Ш.А.) – Қысқасы жұрт жұмыста жүргенде, біздің бүйтіп шуақтап отырғанымыз келіспейді, солай емес пе? (Ғ.Мүс.) Жорғаның бүкіл түр-тұлғасын, тіпті алдыңғы оң аяғының шашасына біткен қарақошқыл мүйізге дейін көрді. (Ш.А.) Тіпті анамның қыр мұрынды қызыл жүзі, қалың келген қара қасы, басын әнтек бұрып, төмен отырып келгенде көрінетін ақ тістері де көз алдымда. (С.Ш.) Сондай-ақ сапалық және қатыстық сын есімдердің ара жігін ажыратуда да кейде қиындық туып отыратынын да ескерте кеткен жөн. (С.И.) Сондықтан салттылық-сабақтылық сипатты етістіктің лексика-грамматикалық категориясы деп таныған жөн. (С.И.) Сонымен кәдуілгі жұрттан оқшауланып, үйсіз-күйсіздерге қосыла алмай, көзге шыққан сүйелдей жалғыз қаңғырдым да қалдым. (Ғ.Мүс.) Әрине үш-төрт ұрпақты қамтитын бір ғасырлық бұл ұзақ мерзімнің ішінде қазақ қауымынан шыққан сөз зергерлері бұдан әлдеқайда көп болғаны даусыз. (Р.С.)
179-жаттығу. Қыстырма сөздерді пайдалана отырып, «Біріншіден, не жаман?» тақырыбында эссе жазыңыздар.