Әлеуметтік қамсыздандыру әрдайым мемлекет пен қоғам өміріндегі негізгі әрі маңызды орынды алып келеді.
Ол экономиканың дамуына тікелей байланысты және саясат пен жұмыс істейтін және халықтың жұмыс істемейтін тобының әлеуметтік әл–ауқатымен тығыз байланысты. Ғылымда бұл түсініктің екі негізгі тұжырымдамасы қалыптасқан: экономикалық және құқықтық.
Кеңес өкіметі кезінде әлеуметтік қамсыздандыру алдымен жалданбалы еңбек адамдарына (жұмысшылар мен қызметкерлерге), ал одан кейін колхоз мүшелеріне, балаларға, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға таралды. Қазақстанның қазіргі әлеуметтік қамсыздандыру заңнамасы жұмыссыздарға, мәжбүрлі қоныс аударушылар мен босқындарға да, яғни, еңбек зейнетақысына құқығы жоқ адамдарға да таралады.
Әлеуметтік қамсыздандыру ұғымы туралы сұрақтардан туындаған көзқарастарды ескере отырып, оның қазіргі кездегі белгілерін анықтау керек:
1) Қаржыландыру көздері. Әлеуметтік қамсыздандыруды қаржыландыру арнайы бюджеттен тыс қорлардың: әлеуметтік сақтандыру, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жұмыспен қамту қоры, сонымен қатар мемлекеттік бюджет, халықты әлеуметтік қолдаудың республикалық және аймақтық қорлары есебінен жүреді.
2) Қамсыздандыруға жататын топтар. Олар – еңбекке жарамсыздар (кәрілігі, мүгедектігі, еңбек сіңірген жылдары үшін); асыраушысынан айырылғандар; жүкті әйелдер; балалар; балалары бар отбасылар; жұмыссыздар; босқын және мүжбүрлі қоныс аударушылар мәртебесіне ие тұлғалар; соғыс және еңбек ардагерлері; радиация әсерінен зардап шеккендер; қуғын–сүргінге ұшыраған тұлғалар.
3) Қамсыздандыру шарттары. Қамсыздандырудың қандай да бір түріне деген құқық тек жоғарыда көрсетілген азаматтардың белгілі бір тобы үшін ғана заңда көзделген мән – жайлардың пайда болуы жағдайында ғана белгіленеді. Ол жағдайларға азаматтардың белгілі бір жасқа жетуі, мүгедектік, өлім, азаматтың туылуы жатады. Көрсетілген жағдайлар көбінесе адамның еркінен тыс себептерге байланысты қиын өмірлік кезенге тап болуына және сол кезде қоғамның көмегі өте қажет болған жағдаймен байланысты.
4) Қамсыздандыру мақсаттары. Мемлекет азаматтарға әлеуметтік қамсыздандыру қандай да бір түрін белгілеген кезде, белгілі бір мақсаттарды көздейді. Шартты түрде оны жақын арадағы, аралық және түпкілікті деп бөлуге болады. Сонымен, жүктілік пен босану бойынша жәрдемақымен қамтамасыз ету кезінде жақын арадағы мақсат болып, әйел адамды босануға дейін немесе босанғаннан кейін жұмыстан босатылған кезеңдегі материалдық тұрғыдан колдау табылады. Аралық мақсат – ана мен баланың денсаулығына қамқорлық болып табылады. Түпкілікті мақсат – дені сау ұрпақ тәрбиелеу мен халық санының өсуі болып табылады. Алайда, қамсыздандырудың кез келген түрінің негізгі мақсаты жекелеген санаттағы азаматтардың әлеуметтік жағдайын қоғамның басқа мүшелерімен теңестіру деп есептеу керек. Расында да, азамат кез болатын өмірлік жағдайлар, одан қоғамның басқа мүшелеріне қарағанда, әдетте үлкен материалдық шығындар немесе қосымша физикалық, психикалық, адамагершілік күш–жігерді талап етеді.
Қорыта келгенде, әлеуметтік қамсыздандыру – бұл қарттардың, науқастардың, балалардың, асыраудағы адамдардың, асыраушысынан айырылғандардың, жұмыссыздардың, қоғамның барлық мүшелерінің жеке өмірлік қажеттіліктерін (физикалық, әлеуметтік, интеллектуалдық) қанағаттандыру мақсатында олардың денсаулығын қорғап, арнайы қорлар есебінен еңбек ресурстарын қалыпты өндіруі мақсаттарында материалдық игіліктерді бөлудің нысаны.
Әлеуметтік қамсыздандырудың 4 негізгі функциясы: экономикалық, саяси, демографиялық және әлеуметтік–оңалту.
Экономикалық функция қиын жағдайдайға ұшыраған азаматтарға материалдық көмек көрсетуден, халық шаруашылығының жалпы және жекелеген салаларында қоғамдық өндірістің дамуына жәрдемдесуден көрініс табады.
Саяси функция халықтың әр түрлі санаттарының әлеуметтік деңгейін теңдесуіне, әр адамға лайықты өмір қамтамасыз ететін жағдайлар жасауға бағытталған. Ол халықты әлеуметтік қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды тұрақтандыруға бағытталған.
Демографиялық функция халық санының өсуін ынталандыруға, сау ұрпақтардың өсімін молайтуға, азаматтар өмірінің ұзақтығының өсуіне әсер етеді.
Әлеуметтік қамсыздандырудың әлеуметтік – оңалту функциясы қарт адамдар мен еңбекке жарамсыз азаматтарға тән қажеттіліктерді қанағаттандырумен байланысты. Ол олардың құқықтық мәртебесін сақтауға қолайлы жағдайлар жасауда және барлық азаматтардың денсаулығын қорғауда көрініс табады.
Әлеуметтік қамсыздандыру құқығының пәнін белгілі бір ішкі бірлігімен сипатталатын, реттеудің арнайы тәсілдерімен қатар құқықтың осы саласын басқа салалардан ажырататын қоғамдық қатынас топтары құрайды.
Осылайша, бұл қоғамдық қатынас тобы:
1) Азаматтарды ақшалай түрде әлеуметтік қамсыздандыру қатынастары (зейнетақылар, жәрдемақылар, өтемақылық төлемдер).
2) Әртүрлі әлеуметтік қызметтерді ұсыну бойынша қатынастар (қарт адамдар, мүгедектер, балалар, балалы отбасылар, босқындар және мәжбүрлі қоныс аударушыларға әлеуметтік қызмет көрсету, медициналық қызмет көрсету, азаматтардың кейбір санаттарына жасалатын жеңілдіктер).
3) Заңи айғақтарды белгілеумен, сонымен қатар, әлеуметтік қамсыздандырудың қандай да бір түрін жүзеге асыру және қорғаумен байланысты процедуралық және іс – жүргізушілік қатынастар. Көрсетілген қатынастар бірінші 2 топқа кіретін қарым – қатынастардан алдын – ала жүреді, бірге қосылады немесе туындайды.