«Құқықтың қайнар көзі» термині екі мағынаға ие. Біріншіден, белгілі бір жалпыға міндетті тәртіп ережелерінің туындауына әкелетін өмірдің объективті жағдайлары түсініледі. Бұл қоғамның әлеуметтік – экономикалық қажеттіліктерінен пайда болуы мүмкін, басқаша айтқанда, материалдық мәнге ие. Екіншіден, ол мемлекеттің уәкілетті органдарының құқықшығармашылық қызметімен байланысты. Бұл жағдайда, ол формальды немесе заңи мағынада түсініледі
Әлеуметтік қамсыздандыру құқығының қайнар көздері – әлеуметтік қамсыздандыру құқығының пәнін құрастыратын құқықтық қатынастар жиынтығын реттейтін түрлі нормативтік құқықтық актілер. Нормативтік құқықтық актілердің нормативтік актілерден айырмашылығы, олар көп мәрте қолдануға арналатын және нормативтiк реттелген ахуал шеңберiнде барлық тұлғаларға қолданылуға бағытталуы.
Әлеуметтік қамсыздандыру құқығының қайнар көздері, басқа құқық салалары сияқты келесі белгілер бойынша жіктеледі:
1) заңды күші;
2) әрекет ету саласы;
3) нормативтік актіні қабылдаған органдар бойынша;
4) акті нысаны бойынша;
5) құқықтық мүдделер бойынша.
Құқықтың қайнар көздері заңдық күші бойынша заңдар мен заңға тәуелді актілерге бөлінеді. Заңдар жоғары заңдық күшке ие және кез–келген басқа нормативтік құқықтық актілерге қарағанда басымдығы бар.
Қазақстан Республикасының негізгі заңы – бұл 1995 ж. 30 тамызында қабылданған ағымдағы барлық заңдардың базасы болып табылатын Қазақстан Республикасының Конституциясы. Қазақстан Республикасында адамдардың еңбегі мен денсаулығы қорғалады, отбасыны, ана болуды, балалық және әкелікті мемлекеттік қолдау қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 28 бабына сәйкес әрбір азаматқа жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі. Ерікті әлеуметтік сақтандыру көтермеленіп отырады. Қазақстан Республикасының Конституциясының 12 бабы адам құқықтары мен бостандықтары танылатынын мәлімдейді.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру заңдарына «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР 2013 жылғы 21 маусымдағы № 105–V Заңы, «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» ҚР 1999 жылғы 5 сәуірдегі № 365–I Заңы, «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 30 маусымдағы № 1468–XII Заңын және т.б. жатқызуға болады.
Актінің нысаны бойынша, әлеуметтік қамсыздандыру құқығының қайнар көздері заңдарға, Жарлық, ҚР Үкіметінің қаулылары мен өкімдеріне, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің бұйрықтары мен қаулылары және т.б. болып бөлінеді.
Әрекет ету саласы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру құқығының қайнар көздері республикалық, салалық, салааралық, жергілікті және локальды деп бөлінеді.
Әрекет ету саласы бойынша топтастырудың бір түрі болып, әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнаманың жекелеген нормалары таралатын тұлғалар тобы болып табылады.
Әлеуметтік қамсыздандыру құқығы осы құқық саласының құқықтық реттелу сипатына негізделген күрделі заңи қайнар көздер жүйесінен тұрады. Әлеуметтік қамсыздандыру құқығы алуан түрлі қоғамдық қатынастарды қамтиды: ақшалай төлемдер бойынша қатынастар; әлеуметтік қамсыздандырудың табиғи түрлері бойынша қатынастар; іс жүргізушілік сипаттағы қатынастар.
Әлеуметтік қамсыздандыру құқығының қайнар көздерінің көптігі мен әртүрлілігі азаматтардың әлеуметтік қамсыздандырудың қандай да бір түрлеріне деген құқықтары бекітілетін, оларды берудің талаптары мен шарттары көрініс табатын тек қана басты, негізін қалаушы актілерді сипаттауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік қамсыздандыру құқығының қайнар көздерінің бірінші тобын халықаралық келісім – шарттар мен Халықаралық Еңбек ұйымының конвенциялары құрайды.
ҚР Конституциясының 4 бабына сәйкес Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады.
Маңызды орынды 1948 ж. Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясы, «Әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаттары мен нормалары туралы», «Әлеуметтік қамсыздандырудағы теңдік туралы» ХЕҰ Конвенциялары иеленеді, оларда өмір сүру деңгейін жоғарылату экономикалық дамуды жоспарлаған кезде негізгі мақсат ретінде қарастырылатын маңызды ереже бекітіледі. Конвенциялардан басқа, ХЕҰ ұсыныстары да маңызға ие болады, мысалы, 1992 ж. 01.03 қабылданған «Зейнетақымен қамсыздандыру саласында ТМД қатысушы – мемлекеттері азаматтарының құқықтарын сақтау туралы». Бұл келісімде ТМД мүшелері зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнаманың саяси үйлесімдігін өткізу туралы келісті.
ТМД мемлекеттері әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы Келісімге қол қойды. Мысалы, 1998 жылғы 12 қазанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенінде тұратын және/немесе жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы азаматтарының әлеуметтік кепілдіктері туралы келісім.
Әлеуметтік қамсыздандыру құқығының қайнар көдерінің екінші тобын ҚР Заңдары құрайды. Әлеуметтік қамсыздандыру құқығы саласына әлеуметтік қамсыздандыру құқығының пәнін құрайтын қоғамдық қатынастар кешенін реттейтін ортақ қайнар көздің жоқтығы тән болып табылады. Азаматтардың қандай да бір қамсыздандыру түріне деген құқығы зейнетақымен қамсыздандыруды, мүгедектер және т.б. әлеуметтік көмек көрсетуге кепілдік беретін, азаматтарды әр түрлі әлеуметтік қызмет көрсетулермен қамтамасыз етуді реттейтін ҚР заңдарында бекітілген.
Үшінші топты әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ҚР Президенті Жарлығы айрықша орын алатын заңға тәуелді актілер құрайды.
Төртінші топты солардың ішінде ерекше орынды әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ҚР Президентінің Жарлықтары алатын заңға тәуелді актілер құрайды.
Төртінші топты әлеуметтік қамсыздандырудың жекелеген түрлері бойынша (зейнетақы, жәрдемақы, өтемақылар) нормативтік заңдарды қолдану тәртібін, қосымша шараларды бекітетін ҚР Үкіметінің қаулылары құрайды.