Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры – Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен салымшылардың міндетті зейнетақы жарналарын жинап, алушыларға зейнетақы төлемдерін төлейтін, сондай – ақ зейнетақы активтерін қалыптастыру жөніндегі қызметті жүзеге асырып, оларды мемлекетттік бағалы қағаздарға, мемлекеттік банктердің депозиттеріне, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына инвестициялайтын заңды тұлға.
Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық Қазақстан Республикасының Үкіметімен анықталатын уәкілетті орган құқығы негізінде, жедел басқару құқығындағы республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорны құрылсын мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылады.
Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан зейнетақы төлемдері азаматтардың мынадай санатттарына жүзеге асырылады:
1) 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн зейнетақы алатындарға;
2) сәйкес зейнеткерлік жасқа толғандарға;
3) әскери қызметшiлерге, арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлген және біліктілік сыныптары белгіленген қызметкерлерiне, сондай – ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған, еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар адамдарға төленеді.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушы, оның ішінде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алушы қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 15,7 еселенген мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді.
Ұлы Отан соғысының қатысушысы немесе мүгедегі болып табылатын, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушы қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 36,6 еселенген мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді.
Орталықтан зейнетақы төлемдері белгіленеді:
2001 жылғы 1 шiлдеден бастап – ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге 58 жасқа толғанда жүргізіледі.
Бұл ретте әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау:
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 58,5 жасқа толғанда;
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59 жасқа толғанда;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59,5 жасқа толғанда;
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60 жасқа толғанда;
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5 жасқа толғанда;
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жасқа толғанда;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толғанда;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толғанда;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа толғанда;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа толғанда жүргізіледі.
Төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз – 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтардың «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес:
1) ерлердің – 50 жасқа толғанда;
2) әйелдердің – 45 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалуына құқығы бар.
5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдері толық көлемде белгіленген жасқа толғанда азаматтардың мынадай санаттарына:
1) ерлерге – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемiнде жиырма бес жыл еңбек өтілі болған кезде;
2) әйелдерге – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемiнде жиырма жыл еңбек өтілі болған кезде тағайындалады.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдері толық емес көлемде олардың жасына байланысты зейнетақы төлемін толық көлемде алу құқығы болмаған кезде, 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде алты ай еңбек өтілінің болуына қарай тағайындалады.
Жасына байланысты толық емес көлемдегi зейнетақы төлемдерi жасына байланысты толық көлемдегі зейнетақы төлемінен 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне пропорционалды түрде есептеледi.
Өмір бойғы ай сайынғы қамтылымды алатын отставкадағы судьяларға жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалмайды.
Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан жасына байланысты зейнетақы төлемдері толық көлемде азаматтардың мынадай санаттарына:
1) ерлерге – кемiнде жиырма бес жыл еңбек өтілі болған кезде;
2) әйелдерге – кемiнде жиырма жыл еңбек өтілі болған кезде тағайындалады.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн толық көлемде есептеу орташа айлық кірістің 60 пайызы есебiнен жүргiзiледi.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеу 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл iшiндегi орташа айлық кіріс негiзге алына отырып жүзеге асырылады.
Талап етілетін еңбек өтілінен артық 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жұмыс істеген әрбір толық жыл үшін жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 пайызға ұлғайтылады, бірақ ол зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін кірістің 75 пайызынан аспайды.
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, әскери қызметшілерге, ішкі істер органдарының, прокуратураның, Қазақстан Республикасының бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитетінің қызметкерлеріне және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдардың және көрсеткіштердің № 1 тізімі бойынша және жұмыс орындарын аттестаттау нәтижелері бойынша зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жеңілдікті шарттарда тағайындалған адамдарға төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерлерін қоспағанда, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің ең жоғары мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін айлық есептік көрсеткіштің 41 еселенген мөлшерінің 75 пайызынан аспауға тиіс.
Мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу үшін табысқа ақшалай мәніндегі еңбекақының барлық түрлері және өзге де табыстар енгізіледі.
Зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн 3 жылдағы жұмыстан түскен табыс қатарынан күнтiзбелiк 36 айдағы жұмыстан түскен табыстың жалпы сомасын отыз алтыға бөлу арқылы айқындалады.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 41 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтініш зейнетақы төлемдерiн есепке жазу үшiн қажеттi еңбек өтілі мен кірісін растайтын құжаттармен қоса Мемлекеттік корпорацияға берiледi.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау мерзімі өтініштің қоса берілген құжаттарымен бірге Мемлекеттік корпорацияда тіркелген күнінен бастап он жұмыс күнінен аспайды.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдері – жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындауға өтініш жасалған күннен бастап тағайындалады. Өтініш пен қажетті құжаттардың Мемлекеттік корпорацияда тіркелген күні – жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш жасалған күн болып есептеледі.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тартылған жағдайда, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындайтын орган Мемлекеттік корпорация арқылы бас тартудың себептерін жазбаша уәждеуге және өтініш берушіге ұсынылған құжаттарды қайтаруға міндетті.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындайтын органның шешіміне сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.