Когнитивті лингвистиканы жоғары оқу орындарында оқыту бүгінгі таңдағы заман талабынан, қоғам қажеттілігінен туындап отырған көкейтесті мәселелердің бірі.
Когнитивті лингвистиканы жеке пән ретінде оқытудың басты мақсаты – тіл білімінің барлық салаларынан жан-жақты хабары бар, әсіресе дәстүрлі ғылымдардың бірнешеуінің басын біріктіретін лингвистикадағы жаңа ғылыми бағыттардың теориялық негіздерімен қаруланған тілші мамандар даярлаудан туындайды.
Когнитивті лингвистика тіл арқылы қоршаған ортаны, адамзат қасиеттерін, қоғамдық құбылыстар мен жаратылысты танып-білудің ғылыми-теориялық негіздерін қарастырады. Сондықтан когнитивті лингвистика тіл білімінің танымдық бағыттары мен аспектілерін әр түрлі қырынан ғылыми негіздейді және адамның таным процесіне қатысты білімін тереңдетіп, тәжірибесін молайтады.
Когнитивті лингвистика пәнінің мақсаты – тіл біліміндегі танымдық теорияның ғылыми негіздерін меңгерту, оның басты тұжырымдары мен негізгі қағидалары арқылы студенттердің ой өрісін кеңейту.
Негізгі мақсаттың жүзеге асуы үшін орындалатын міндеттер:
- тіл білімі мен когнитивті лингвистиканың бір-бірімен байланысын көрсете білу;
- тіл біліміне қатысты таным теориясының негізгі қағидаларын игертіп, оны дұрыс қолдана білуге үйрету;
- студенттердің ойлау қабілетін, қоршаған ортаны зерттеп, тану қасиетін, өзіндік ой-пікірін дәлелдеп жеткізе білу дағдысын жетілдіру, олардың дүниетанымын кеңейту;
- когнитивтік лингвистиканың бағыт-бағдарын айқындай келіп, оньң басқа салалармен байланысын зерделеу;
- танымдық аспектілерге байланысты ғылыми еңбектерді, концептуалды пікірлерді, көзқарастарды талдап, талқылай білу;
- когнитивтік лингвистикаға қатысты ұғымдарды, терминдерді, метатіл түсініктерiн меңгеру, оларды нақты мысалдар мен деректер арқылы талдап көрсету;
- ой, сана, тіл тұтастығы арқылы тілдік қатынасты жете меңгеру, таным үдерісін жан-жақты іске асыру.
Когнитивтік лингвистиканың жеке пән ретінде жоғары оқу орындарында оқытылуы оның жалпы тіл білімі мәселелерімен де, сондай-ақ жеке тіл білімі мәселелерімен тығыз байланысты жеке ғылым саласы ретінде танылуымен байланысты. Қазіргі таңда когнитивтік лингвистиканың тұжырымдамасы, өзіндік ерекшеліктері, ғылыми аспектілері, ғаламның тілдік бейнесі мәселесі бойынша оқу -әдістемелік құралдағы дәріс курсының мәтінін құрастыруда жалпы тіл білімінде ұлттық тілді онтологиялық зерттеудің түпқазығын зерттеген ғалымдар – В.Ф.Гумбольдт, И.Гендер, Г.Пауль, Г.Штейнталь, А.А.Потебня, Э.Сепир, Б.Уорф зерттеулері мен орыс ғалымдары М.Минский, В.А. Маслова, Е.С. Кубрякова, Ю.Н. Караулов, И.В. Черемисина, т. б., қазақ лингвистері Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Қ. Жаманбаева, Б.Тілеубердиев, Э. Оразалиева, А.Б. Әмірбековалардың ғылыми тұжырымдарына сүйендік.