Когнитивизмнің зерттеу нысаны адам ақыл-ойы, санасы және солармен байланысты үдерістер. Қазір «когнтивизм» термині аясында төмендегі мәселелер қарастырылады: а) адамның «ойлау механизмін» зерттеу бағдарламалары; ә) әр түрлі каналдар арқылы адам миына түсетін ақпараттарды өңдеу үдерістерін зерттеу; б) әлемнің менталды моделінің құрылымы; в) әр текті когнитивтік актілерді қамтамасыз ететін жұйелердің құрылысын; г) табиғи тілде баяндалған ойларды адамның және компьютерлік бағдарламалардың қалыптастыруы мен түсінуі; мәтінді түсінуге және тудыруға қабілетті компьютерлік моделдердің жасалуы; д) ойлау актілеріне қызмет ететін психикалық үдерістердің түрлері.
Адамның когнитивті дүниесі оның қылығы мен әрекеті арқылы зерттеледі. Бұл орайда тіл белсенді рөл атқарады. Тіл адамның кез келген әрекетінің ойлау жүйесін, мотивін т.б. танытады. Сөйтіп, когнитивизм Адамды әрекет етуші, және белсенді ақпарат тудырушы және қабылдаушы ретінде қарастырып, бұл процестер барысында, яғни ойлау қызметінде анықталған схема, бағдарлама, жоспар, стратегияларды басшылыққа алатынын түсіндіреді.
Дж. Миллер когнитивистиканың туған күні деп ХХғ. 50 ж. өткен ақпараттар теориясы туралы симпозиумды атайды. Осы кездерде американ профессоры Дж. Бруннер когнитивті үдерістер табиғаты туралы дәріс оқиды. Дж. Миллер және Дж. Бруннер 1960 жылы Гарвард университетінде когнитивтік зерттеулер орталығын ашады.
Когнитивтік лингвистика бағытына қатысты алғашқы еңбектер мен зерттеулерге шолу «Когнитивті грамматика» термині 1975 ж. Дж.Лакофф пен Г.Томпсонның «Когнитивтік грамматиканы ұсынамыз» атты мақаласында қолданылған. 1987ж. Р.Лангакердің алғаш «Когнитивті грамматика негіздері» атты еңбегінің І томы жарыққа шықты.
ХХ ғ. 90 ж. басында шетелдік когнитивтік лингвистика жеке дара зерттеу бағдарламалары, сәл ғана байланысы бар немесе мүлдем байланысы жоқ салалардың қатынас бірліктерін зерттейді. Бұл зерттеу бағдарламалары бойынша Дж.Лаккоф, Р.Лангакер, Т.Ван-Дейк, Дж.Хейман т.б. жұмыс жасады.
1990 ж. орта шеніңде Еуропада алғаш рет когнитивті лингвистика оқулықтары шыға бастады. Ф.Унгерер мен Х.И Шмидтің «Когнитивті грамматикаға кіріспе», (1996 ж), Б. Хайне «Грамматиканың когнитивті негіздері» (1997 ж.).
Орыс тіл білімінде когнитивті грамматика ұғымы В.И Герасимованың (1985 ж) мақаласында беріледі. Оның қалыптасуына маңызды үлес қосқан еңбектер В.Виноградовтың «Программа понимающая русский язык». (1972 -1976 ж.ж), Р. Шенканның бірлесіп жазған «Обработка концептуальной информации» (1975-1980 жж ), т.б. еңбектер маңызды рөл атқарды.
Кеңес одағы кезінде «Новое в зарубежной лингвистики» еңбегінің ХХІІІ томы жарыққа шықты. Бұл еңбек тілдің когнитивті аспектілеріне арналып жазылған.
ХХ ғ.ортасында баланың тілді меңгеруін бақылау барысында кейбір ойлау үдерістерін анықтауға байланысты жол ашылады. Онда балалардың өз ана тілін меңгеруде біртекті әдіске сүйенетіні, әмбебап алгоритм бойынша жүзеге асатыны, яғни баладағы «ішкі грамматика» ережелер нәтижесі екені түсініледі. Баланың өз ана тілін меңгеру үдерістерін зерттей келе, ғалымдар ондағы ережелердің тілдік емес әрекеттерді басқаратын ережелерге ұқсас екені туралы тұжырымға келді.
Когнитивтік лингвистика когнитивизм негізінде адамға бағытталған парадигма аясында пайда болды. ХХ ғ.аяғында адамның танымдық қызметіндегі тілдің орны қарастырыла бастады. Адамның танымдық қызметі нәтижесінде оның миына келіп түскен ақпараттардың тілдік формада тіркелген көріністері ғана когнитивтік лингвистиканың зерттеу нысанына айналды.
Тіл білімінің тылсым құпиялары басқа да ғылым салаларымен психология, философия, логика, мифология, этнография т.б-мен тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде танылып, ашыла түсуде. Өйткені ұлттық мәдениет, болмыс, таным, дін сияқты ұғымдарды тоғыстыратын ұлттық тілдің табиғатын тілдің өзінің ішкі заңдылықтары негізінде ғана танып білу жеткіліксіз. Бүкіл рухани қазынаны жинақтап, сақтайтын ұлттық тілді халықтың тарихымен, мәдениетімен, ой танымымен, жан ілімімен бірлікте қарау мәселесі тіл білімінде өзіндік өріс алып келе жатқан этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, психолингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоелтану ғылымдарының пайда болуына негіз болды. Бұл ғылымдардың тығыз қарым-қатынаста болуы тілдің құрылымдық, функционалдық жүйесінің кешенді үлгілерін айқындауды мақсат етеді.
Қазіргі тіл білімінде осы бағыттағы зерттеулер кешенді сипатта антропоцентристік бағытта және когнитивтік лингвистиканың «ғаламның тілдік бейнесі» теориясының негізінде жүргізілуде. Өйткені тілді зерттеудің когнитивтік жүйесі «дүниені тіл әлемінде тану» қағидасына сай бағытта жүргізілуі – тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі.
Бастапқыда танымдық процестерді қазіргі заманның есептеуіш техника негізінде белгілі бір құрылымдар ретінде түсіндіру орын алды. Алайда бұндай пікірге қарсы пікірлер де болды: «Когнитивтік ғылым адам танымының құрылымын қазіргі заманғы есептеуіш техника көмегімен үлгілеу жолдары арқылы зерттеу әрине өзекті, ең бастысы-іс жүзінде қолданбалы. Дей тұрғанмен, адамның танымдық құрылымдарын механикалық құрылымдарға пара-пар етуге болмайды. Бұл адамның ойлау қабілетін немесе когнициясын зерттеу ақпаратты символдық өңдеудің бағдарламасын зерттеумен бірдей дегенге әкелер еді. Онда адамның ми қыртысын жүйке жүйелерінің өзара қарым-қатынасы ретінде де, оның ментальды жағдайын танымдық ғылым аясында зерттеудің ешқандай да қажеті болмас еді». Осы пікірді қуаттай келе В.З.Демьянков бұл «адамдар мағыналық нәрселермен ойлағандықтан адамның іс-әрекетінің интенционалдығын зерттемей, тек қана символдармен ғана түсіндіруге әкеліп соғады» деген тұжырым айтты.
Когнитивті лингвистика ғылымына қатысты Р.Шепард бұндай сипаттама жеткіліксіз дей келе, өз тарапынан адам ми қыртысындағы ментальды процестерді белгілі бір жүйеге келтіріп, басқарып отыратын жалпы қағидалар туралы ғылым деген анықтама береді. Ал бұл принциптердің пайда болуы мен олардың қызмет атқаруын ғалым жалпы дүниенің белгілі бір заңдылықтарға сүйенетіндігімен ұштастырып, ойлау" заңдылықтары мен механика заңдылықтары арасында ұқсастықтар табады.
Танымдық ғылымның аясының кеңдігі мен күрделілігі, оның зерттеу нысаны болып табылатын білім мен танымның табиғатын, білімнің шығу көздерін, оларды жүйелеу, білімнің дамуын, бұның бәрі психология, антропология, философия, нейрология, тіл және де жасанды интелектіні үлгілеу т.б. ғылымдардың өзара карым-қатынасы негізінде жан-жақты зерттеуді талап ететіндігі сөзсіз.
Когнитивті лингвистика ғылымының осындай ерекшеліктеріне қатысты ғалымдардың пікірлері де кей жағдайда бір біріне қарама-қарсы келіп қалатын кездері де болады. Бұл туралы А. Исламның пайымдауынша: «Біздің ойымызша қоршаған ортаны танып білудегі ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерінен ескермеу сананы таза структуризациялауға әкеліп соғары сөзсіз. Таным өзінің күрделілігімен сипатталатыны хақ» деген ой айтады.
Танымдық ғылымның күрделі инфрақұрылымындағы тіл білімінің алар орнына тоқталар болсақ, танымдық үлгі жүйесінде тіл білімі тілдік категориялар мен бірліктердің қоршаған дүниені қабылдаумен арақатынасын, оны танып білуді қалай көрсететіндігін зерттейді.
Ақпараттың ішкі өңдеуге түсуі басқаша айтқанда адамның менталды табиғаты, оның ішкі ойлау механизімдері қазіргі заманғы когнитивтік ғылымның нысаны болып табылады. Ал осыдан өрбитін қоршаған ортаның ойлауда, оның тілде қалай көрініс табатыны сияқты мәселелер белгілі ғалымдар В.Гумбольдт, А.А.Потебня, Н.Хомский, Н.Я.Марр, Г.Гадамер т.б. қарастырған. Олардың концепциялары философия, психология, мәдениет пен тілді тоғыстыра зерттеуде негізделгендігі белгілі.
Когнитивтік ғылымның аясы – адамзаттың зердесінде қалыптасқан символдық процестердің табиғатын ұғынуға саяды. Тіл білімі сөздігінде когнитивті лингвистика туралы мынадай түсінік берілген: «Когнитивтік лингвистика ( лат.cognitio– білім, түсінік, көзқарас) – тіл біліміндегі бағыт. Тілді игеру, табиғи тіл механизмін түсіндіру үшін білім жинау, қолдану және оны түсіну моделін құру тұрғысынан зерттеледі. Когнитивтік лингвистика бұл модельді тек бүкіл когнитивті ғылымдар шеңберінде ғана жасай алады. Ол ғылым білімнің әр түрлі типтерін, олардың ұйымдастырылу және өзара әрекеттесу тәсілдерін зерттейді. Екінші жағынан, бүгінгі тілдерді зерттеу интенция, ес, семантикалық қорытынды, есте сақтау, түсіну, жоспарлау, дискурсты басқару сияқты когнитивтік категориялардың қатысуынсыз мүмкін емес. Оларда тілдік, сенсорлық, моторлық және басқа информациялар қамтылады. Когнитивтік лингвистика – тіл көмегімен информацияларды беру, сақтау құрылымдары мен тәсілдері туралы көзқарастарды тереңдетуге арналған».
Когнитивтік лингвистика нысандарының ерекшелігі: біріншіден, олар адамның психикалық, мәдени қызметінің негізінде жатады, олар инвариантты және көлемді, жеке сөз мағынасының өрісінен әлем бейнесіне дейін түрленеді, екіншіден, тілдік сипаттаудың өзіндік құралдарын иемденбейтін ерекше бейнелілік арқылы сипатталады.
Когнитивтік психологияның көзқарасы тұрғысынан адам ой-санасының ең маңызды қасиеті өмірдегі заттар мен құбылыстарды жіктеуі мен категориялауы болып табылады. 70 ж. адамның интеллектуалдық үдерістері (оны модельдеумен жасанды интеллект айналысады) адам ойының әмбебап заңдары ретінде қарастырылмауы керек, себебі көптеген интеллектуалдық мәселелер бұрыннан бар білімді тірек ету арқылы жүзеге асады. Мысалы, мәтінді түсіну, бейнелерді тану сияқты интеллектуалдық мәселелер бұрыннан бар білімге сүйенілмесе, шешілмейді. Білімді сақтау, таныту (ұсыну), өңдеу, компьютерлік бағдарламаларда қолдану когнитологияда қарастырылады. Сөйтіп, когнитология пәнаралық, сондай-ақ синтетикалық ғылым болып табылады. Ол адамның когнитивтік үдерістерін зерттеуде математика, философия, лингвистика, психология, информатика теорияларына сүйенеді.
Когнитивтік лингвистиканың қайнар көздері:
1) Когнитивтік ғылым –адам білімінің құрылымы мен қызметін зерттейді, ол жасанды интеллекттің инженерлік пәні нәтижесінде пайда болды. Адам миы мен компьютердің ұқсастығы ақпараттық қадамдық әдіспен өңдей алу қабілеттеріне байланысты анықталады.
2) Когнитивтік психология. Когнитивтік лингвистика когнитивтік психологиямен концептуалдық және когнитивтік модельдер туралы түсініктерді бөліседі. Себебі, тіл қызметі психологиялық механизмдерді тірек етеді. Тіл – адамның дүниемен қарым-қатынасы барысында жинаған білімі мен категориялық тәжірибесін жинақтап, сақатудағы басты желі.
3) Лингвистикалық семантика. Кейбір ғалымдар когнитивтік лингвистиканы семантикалық идеялардың табиғи дамуы ретінде қарастырады. Олар тілдік семантика категориясы астарынан ұғымдық категорияларды көреді, оларды адам танымы негізінде әлемді меңгеру, тану нәтижесі деп түсіндіреді.
4) Лингвистикалық типология мен этнолингвистика мәліметтері. Олар тіл құрылымындағы әмбебаптарды түсінуге мүмкіндік береді.
5) Нейролингвистика – тілді адам миының менталды қызметін тану негізі ретінде зерттейді.
6) Психолингвистика – жалпы адамзаттың тілді меңгеруі мен қолдануына байланысты мәселелерді зерттейді, әмбебап стратегияларды, тірек элементтерді қарастырады. Тілдік сана, тілдік тұлға, әлем бейнесі т.б.
7) Мәдениеттану – концептілердің пайда болуы мен қызметіндегі мәдениеттің рөлін анықтауға мүмкіндік береді.
8) Салыстырмалы тарихи тіл білімі сөз мағынасының дамуы туралы мәліметтер береді.
Кейінгі онжылдықтар белесіндегі зерттеулер этносты, ұлт мәдениетін тіл арқылы анықтауды негізгі қағида етеді (Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, Р.Сыздық, Н.Уәли, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Қ.Жаманбаева т.б.). Нақты айтқанда, тілді тұтынушы ұлтты алғашқы орынға қоятын лингвистикадағы антропоцентристік парадигма өз аясында жаңа бағыттарға жол ашуда.
Осы саладағы іргелі еңбектердің бірі 1998 жылы жарық көрген Қ.Жаманбаеваның «Тіл қолданысының когнитивті негіздері: эмоция, символ, тілдік сана» атты монографиясында «тілдік сана құрылымын», «гештальт теориясын» түсіндіреді. Келесі еңбектің бірі - Ә.Әмірбекованың «Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі (М.Мақатаев поэзиясы бойынша)» атты диссертациясы. Ғалым өз жұмысына концептілік құрылымдарға және ақын М.Мақатаевтың танымдық болмысын «Өмір» концептісінің негізінде талдау жасап, «Көркемдік сана», «Когнитивтік модель», «ассоцация», «бейне» т.б. ұғымдарға поэтикалық мәтіннен мысалдар келтіре отырып саралады.
2007 жылы Э.Н.Оразалиеваның «Когнитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы» атты монографиясы жарық көріп, зерттеуші өз еңбегінде қазақ тіл біліміндегі когнитивтік бағыттың қалыптасу, даму алғышарттарын ғылыми теориялық тұжырымдарға сүйене отырып қарастырады.
Бақылау сұрақтары:
Когнитивтік лингвистиканың міндеттері және басқа ғылым салаларымен байланысы.
Когнитивтік лингвистиканың қайнар көздері.
Когнитивтік лингвистиканың қалыптасу кезеңдері
Когнитивтік лингвистикаға қатысты алғашқы еңбектер.
Адамның менталды табиғаты, оның ішкі ойлау механизімдері қазіргі заманғы когнитивтік ғылымның нысаны болып табылатынын ұсынған ғалымдар.
Когнитивтік ғылымның аясы неде?