Павлодар, 2021

3.2. Елорданың мәдени феноменін зерттеу және студенттердің азаматтық мәдениетін қалыптастыру.


Бүгінгі заман - мәдениеттердің жаһандану кезеңі. Жаңа сапаға көшер алдындағы, яғни, өз дамуының ең биік сатысы - біртұтас адамзаттық өркениеттке құйылар алдындағы қарбалас шағы. Жаһандану - өркениеттің кезекті даму сатысы. Қазіргі әлемдік мәдениет пен өркениетте ерекше ықпал тигізіп отырған жаһандану  – өмірдің барлық салаларын қамтып отырған күрделі процесс. Ол дүниежүзілік адамзат қоғамының даму заңдылықтарын айқындайтын факторлардың бірі ретінді қоғамда тіл мен дінімізге, рухани кеңістігімізге әсер етеді. Жаһанданудың бір жағынан дәуір үрдісі екенін мойындай отырып, екінші жағынан, мәдениет пен өркениет тоғысуына алып келер күрделі тұстары барын айтуға тиіспіз. Бұл, әсіресе, бір қоғамнан екінші бір қоғамға өтудің күрделі қиындықтарын басынан өткеріп жатқан, жаңаға ойы, бойы толық үйреніп кете алмай отырған Тәуелсіз елдер өмірінен анық аңғарылады. Жаһандану мен қатар өркениетте өріс ашар жаңалықтар да келіп жетті. Технология дамыды, модернизация құлаш жайды, ақпараттық кеңістік кеңейді, өмір сүру салтымыз бен мінез-құлқымызда да өзгеріс нашандары байқалды. Дүниенің төрт қырымен байланыс күшейіп, орныға түсті. Қазақ елі еркіндікке бет түзеді. Бұл, сөз жоқ, жаһандану алып келген игілікті, табысты өзгерістер.  Халықтар өзінің бұрынғы, бүгінгі, ертеңгі-әр кездегі дамуын терең тануда өзіндік бағыт-бағдар алды. Әр халықтың өркениет әлеміндегі орнын білу мүмкіндігіне ие болып қалыпты жағдайда өмір сүруін қамтамасыз етеді.. Біздің әлемдік өркениетке қол жеткізуімізге мүмкіндік туды. Бұл орайда әлемдік өркениеттің өрісне шыққан, дамудың сара жолына түскен елдердің тәжірибесіне баса назар аудара отырып, өз жолымызды табудың маңызы зор болмақ. Демек, біз, таяудағы жылдарда дәстүрімізге сай халықтық қалпымызға оралып, әлемдік білімді игеруге қол жеткізу арқылы біздің де өркениетті елдердің қатарына қосылуымызға, яғни адамзат өркениеті биігіне көтерілуімізге толық мүмкіндігіміз бар екендігі ақиқат.

Осы күрделі мәдени-өркениеттік біртұтастану үдеріс белең алып тұрған заманда мемлекет ретінде сақталып қалуда қазақ еліне ортақ идея мен ұлттық құндылық ауадай қажет. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен 2016 жылдың сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV-ші сессиясы өтті. Бұл сессияда Қазақстанның Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай жалпы ұлттық құндылықты қалыптастыратынпатриоттық актқұжаты қабылданды. 

«Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы – қазақстандықтардың патриоттық санасын қалыптастыру мен қазақстандық бірегейлікті қамтамасыз етудегі жаңа жол. Сондықтан бүгінгі таңдағы алға қойылған басты міндет – жоғары дәрежеде қалыптасқан ұлттық сана сезімі бар, қоғамның белсенді тобын қалыптастыру. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы осы мәселені жүзеге асырып отыр. Әр қазақ төл тарихын, мәдениетін, тілін қайта жаңғырту арқылы ұлттық рух пен ұлттық сананы оятады. Сол қалыптасқан тұлға жаңашылдыққа толы қазақстандық қоғам талаптарына сай болуы керек. Жаһандану кезеңінде дәстүрлілік пен инновацияны қатар алып жүру арқылы ұтымды жетістіктерге жетеміз.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Мәңгілік ел» патриоттық актісінде жеті құндылықты айқындап беріп отыр. Енді қазақстандықтардың, оның ішінде жастардың алдына қойылған мақсат сол құндылықтарды сақтау, дамыту. Себебі еліміздің кейінгі тағдыры, болашағы жастардың қолында тұр. Американдық ғалым Ричард Флориданың «Creative class and the city» атты еңбегінде мемлекеттің дамуында жастардың белсенді болуының маңызды екенін айтып өтеді. Жаһандық дәуірде жастардың бойында қалыптастыруға қажеттілік туындатып отырған қасиет үнемі өзі өзі дамытып отыру және сананың ашықтығы. Бүгінгі таңның өзінде әлемдік жүйедегі геомәдени факторлардың өсуі, халықаралық қатынастардағы мәдени-өркениеттік ренессанс халықаралық қатынастардың жаңа үлгісін орнатты. Жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасуы бірегейлікті іздеудің өсуіне әкеліп отыр. Осыған байланысты ұлттық және діни бірегейлікмаңызды факторларға айналып отыр.

Қазақстанның ерекше ұстанған саясаты арқасында Ұлы Жібек жолының қайтадан бой көтеріп келе жатқанын аңғарамыз. Еуразиялық кеңістіктің экономикалық, технологиялық және ақпараттық ағынының біздің елордамыз арқылы өтуі еліміз үшін маңызды.

Елорда тарихын зерттеу қарастыруды талап ететін, көптеген теориялық мәселелер қатарының туындауы негізінде де маңызды ғылыми мәнге ие болып отыр:  халықтардың тарихи тағдырындағы астананың маңыздылығы, астананы мемлекет тарихының өзгерісті кезеңінде ауыстырудың әлемдік тәжірибесі, орналасатын жерін таңдау және елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-өркениеттік, рухани дамуындағы астананың мәні. Қала тарихына деген қызығушылық мемлекеттің әлеуметтік-саяси және экономикалық өміріндегі өзгерістермен байланысты қазіргі кездегі үдеріс негізінде туындауда. Қазақстан астанасын Алматыдан Астанаға ауыстырудың теориялық және тәжірибелік маңыздылығы артып келеді. Қазақстанның тәжірибесін әлем мойындады, ол тарихшылармен, саясаттанушылармен, әлеуметтанушылармен, философтармен зерттеліп жатыр.

Қазақстан астанасын Астанаға көшіру қала тарихының жаңа беттерін ашты, үшінші мыңжылдық қарсаңында тәуелсіз Қазақстанның қайта жаңғыруы мен жаңаруының рәмізі болды. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай деп жазды: «Астананың туындысы – бұл ұлттық тарихтың жаңа мәтінінің  туындысы» [1, 9 б]. Бұдан шығатын қорытынды, қала тарихын зерттеудің тек ғылыми емес, сонымен қатар, қоғамдық-саяси маңыздылығы да артты.

Н.Ә. Назарбаев жаңа астананың республиканың экономикалық, мәдени және рухани жаңаруындағы объективті рөліне деген ерекше көңіл бөліп, астананың бастамасы жақын жатқан қалаларға ғана емес, шалғай жерлердегі мекендерге де әсер етуіне назар аударады. Және де бұл әсер тек қана экономикалық және әлеуметтік сипатта емес, сонымен қатар айтарлықтай мәдениетіне де әсер етуде.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қаланың жас мемлекеттің астанасы ретінде дамуы мен қалыптасуы жолындағы еңбегі зор. Елбасымыздың әрбір сөзінде қаланың архитектуралық көрінісіне деген ерекше көңілі байқалып тұрады, өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы қаланың дамуы мен құрылысы мәселелеріне айрықша мән береді.

Қаланың дамуымен қатар Нұр-Сұлтанның халықаралық және аймақаралық өзара серіктестіктерінің, алыс және таяу шет мемлекеттердің астанасымен сыртқы экономикалық және әлеуметтік-мәдени байланыстарды одан әрі кеңейту орталығы ретіндегі рөлінің қалыптасуы да артып келеді. Және бұл міндет бүгінгі күні сәтті шешімін тапқан. Егер Петр І, былайша айтқанда, әскери күш басымдығымен, Ресей үшін Еуропаға жол тапса, онда Н.Ә. Назарбаев Еуропамен, Үлкен Еуразиямен және барлық Үлкен Әлеммен серіктестікке бастайтын тиімді жол ашты.

 Қарқынды даму, инвестиция тарту, архитектуралық-құрылыстық ландшафт құру Нұр-Сұлтанның Достастықтағы қолайлы қалалардың бірі болып танылуына мүмкіндік берді. Халықаралық астаналар Ассамблеясы мен ірі қалалардың ұйымдастыруымен өткізілген конкурс нәтижесі бойынша, ол ТМД елдерінің 81 ірі елді мекендердің ішіндегі ең үздігі болып танылды.

Әйгілі «National Geographic» журналы Нұр-Сұлтанды болашағы зор қала деп атады. Неғұрлым беделді шетелдік агенттіктердің бірі – британдық «Экономист» журналының рейтингілік қызметі – әлемнің 140 елінің арасынан Нұр-Сұлтанға «өмір сүру деңгейі қолайлы қала» деген мәртебе берді.

 Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан достық қарым-қатынас туралы Меморандумдар мен 36 шет мемлекеттердің астаналары және ірі қалаларымен ынтымақтастық жөніндегі ұзақ мерзімді Келісімге ие. Нұр-Сұлтан қаласының Әкімдігі келесідегідей халықаралық ұйымдарға мүше: Халықаралық астаналар мен ірі қалалардың Ассамблеясы, Мэрлар бейбітшілік үшін және Түркі әлемінің Муниципалитеті және тағы басқалары.

Қала мен аймақтарға қатысты кей кездерде «genius loci» термині қолданылады. Латын тілінен аударғандағы нақты емес мағынасында бұл термин «гений локусы» дегенді білдіріп, «жергілікті немесе аймақтық ерекшелік» деп түсініледі.  Бұл ұғым, мамандардың айтуы бойынша, қоғамдық жергілікті мінез-құлықты сипаттайтын, мәдениет, тұрмыс, саяси немесе саяси емес жүріс-тұрыс дағдыларының жергілікті ерекшеліктерінің бірегей қоспасы, осы жердің немесе қаланың ерекшелігін қамтиды. Бүгінгі күнгі Нұр-Сұлтанның «genius loci» жайлы сөз қозғауға болады. Барлық Қазақстанның масштабтық өлшемі бойынша да алып қарастыруға мүмкіндік бар. Жаңа астана Тәуелсіз Қазақстанның ең маңызды рәмізіне айналды [2, 81 б.]

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында былай деді: «Қазақстандық мәдениет танымал, жаһандық мәдени мұраның ажырамас бір бөлшегі болуы қажет. Оны әлемнің бәрі білетіндей, мәдени құндылықтарды қабылдау жүйесінде нақты ажыратылатын болуы керек. Бұл қазіргі өнер түрлерінің барлығына да қатысты – музыка, театр, кино, әдебиет, сурет өнері».

«Тарихшылар әлі күнге дейін жер бетінде алғашқы қала қайда, қашан пайда болды деп таласады. Сірә бұл маңызды емес шығар. Ең бастысы, қалалар адам, халық және өркениет тарихының ең шиеленісті, шаттықты және опықты оқиғалары өткен жерлерде пайда болды және бола береді. Алайда өткеннің, бүгіннің және болашақтың «түйін» түйген жерлерінде айрықша оқшауланып астаналар тұр. Оларға әр халықтың кеңістің пен уақыт арқылы өзінің даму жолында жасаған ең басты жетістіктерін әйгілеп көрсету абыройы бұйырды. Дәуірдің табы мен мәнері екі-үш айшықты сызбамен бейнелене береді. Эйфель мұнарасы, Вестминстер, Кремль... Бұл астаналық нышандар – әлем картасының ең үздік жолбасшылары. Олар бұл күнде солай жаратылған сияқты қабылданады. Алайда олар белгілі бір адамдардың дарынымен және еңбегімен жасалған. Астананы құру – ұлттық тарихтың мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әр ұрпақтың маңдайына бұйыра бермеген. Екі мыңжылдықтың тоғысында біз шешім қадылдап, Еуразияның жүрегінде іс жүзінде жаңа астана құрдық...» [1].

Егер Нұр-Сұлтанның Қазақстанның жаңа астанасы ретіндегі қалыптасуын алатын болсақ, онда жаңа шынайылықты сипаттап қарасақ, Нұр-Сұлтан - ең озық архитектура ұсынатын ең жас астана. Міне, дәл осы архитектура барлық әлемге Нұр-Сұлтанның алдыңғы қатарлы, ашықтық, жаңашыл сипатын көрсетеді. Сол себепті біз Нұр-Сұлтанның қалыптасу үдерісін мәдени мәтін ретінде архитектуралық жобалармен байланыстыруға тырысамыз. Әрбір архитектуралық стиль техникалық мүмкіндіктің ерекше деңгейін көрсетіп қана қоймай, негізгі идея мен өз кезеңінің тұжырымдарын көрсетеді.

«Біз қалаларда ғылыми және техникалық мүмкіндіктерді дамытуымыз керек. Біз әлемге Нұр-Сұлтан тек қана әдемі ғимараттар мен жақсы қызмет көрсету қаласы емес, бұл жаңа технологиялық инновациялар қаласы деген пікір туындатуымыз қажет...», - дейді Аманжол Чиканаев.

Елордада мәдени үрдістің дамуы жайындағы келешегін қарастырған кезде «Нұр-Сұлтан мәдениеті» терминіне ерекше көңіл бөлінеді, ол Нұр-Сұлтан мәдениетінің сыртқы параметрлерін емес, астаналық бірегейлік, өмір сүрудің жоғары сапасымен ұштасқан, әлемдік тәжірибеге ұмтылыс сынды ішкі, сапалық сипаттамаларын бейнелеуге бағытталған.

Жаңа астана өзіне өткеннің бай мұрасы мен қазіргінің озық жетістіктерін үйлесімді біріктіреді. Ол барлық елдің рухын бейнелейді, және бұл оның әрбір көшесі, бұрышында сезіліп тұрады. Нұр-Сұлтанның осындай рәміздік рөлі қаланың сыртқы келбетінде көрініс тапқан. Нұр-Сұлтанның орталығында салынып жатқан әрбір ғимарат, әрбір архитектуралық нысан тікелей белгіленген міндетті атқарып қана қоймай, терең тарихи, философиялық мағына, сол немесе өзге рәміздік идеяны көрсетеді. Нұр-Сұлтан еуразия идеясын жүзеге асырып, өркениет пен мәдениет сұхбаттастығының орны болды. Қаланың діни сипаттағы архитектурасынан ЕлбасыныңНұр-Сұлтанды әлемнің рухани астанасының біріне айналдыру жөніндегі негізгі ойы көрініс береді.

Отанымыздың жаңа тарихында қаланың маңызы ХІХ ғ. басында Ақмола бекінісінің негізі қаланған уақыттан бастап, қаланың ХХ ғ. соңында Қазақстан Республикасының астанасы мәртебесін алғанға дейінгі уақыт аралығында атқаратын міндетінің маңыздылығы мен даму динамикасы негізінде анықталды.

Нұр-Сұлтанның қалыптасып келе жатқан мәдениеті мәдениеттің ұлттық типімен, ұлттық менталитетпен тікелей байланысты.

«Астана» сөзі туралы Елбасының келтірген дәлелдері өте салмақты: сөз нақты мағынаға ие, ол – астана дегенді білдіреді; екіншіден, ол қандай да бір жағымсыз тарихи немесе саяси түсіндірулерге ие емес; үшіншіден, ол қаланың міндетін айқын көрсетеді, мемлекеттік және өзге де тілдерде жақсы естіледі, сондай-ақ, мемлекеттердің бас қалаларының әлемдік тізіміне жаңа есіммен кіретін, астананың таныстырылымында қаланың рәмізі болуы мүмкін.

1998 жылы астананың Бас жобасының ең үздік эскиз-идеясына халықаралық конкурс жарияланған болатын. Беделді архитекторлардан құралған арнайы комитет құрылды, олар ұйымдастырушылық жұмыспен айналысып, одан кейін келіп жатқан конкурстық жұмыстарды қарастырды.

Конкурс шарты бойынша, әділқазы мүшелері үш үздік жобаны іріктеп алды – Ресей архитектурасы академиясы жанындағы Орталық қала құрылысы институтының авторлық ұжымы, әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава мен қазақстандық «Ақ Орда» жобалық-құрылыстық компаниясы. Үш жоба Елбасына ұсынылып, жеңімпаз ретінде Кисе Курокава танылды. Оның идеясы астананың Бас жобасының негізіне алынды, ол сол жағалауда жаңа қаланы құруды қарастырады.

Біздің астанамыз халықаралық көпшілікке ең алдымен Тұңғыш Президент Назарбаевтың бітімгерлік бастамасымен, оның Еуразия одағы жобасымен, толықтай Еуразия идеясымен байланысты. Сол себепті Нұр-Сұлтанды осы аралық әсермен қарау да дұрыс болады. Қазіргі танымда еуразияшылық – бұл қоғамның ашықтығы мен шыдамдылығы, өзгені қабылдауға дайын болу мен өзінікі мен қабылданғанды синтездеу, осы негізде жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың үйлесімді біріктірілуі тән болатын өзінің ерекше өркениетін қалыптастыра білу.

Нұр-Сұлтанның тәуелсіз Қазақстанның астанасы ретінде туындау тарихы, қалыптасуы мен дамуы Нұр-Сұлтандағы Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайының экспозиция залында көрсетілген. Ол маңызды нормативтік-құқықтық актілер, фотоқұжатты материалдар, экспонаттардың жүйелі жинағын бейнелейді.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен 2014 жылдың 3 шілдесінде ғылыми, рухани және мәдени орталық – Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы ашылды. Ұлттық мұражайдың ашылу салтанатында Елбасы Ұлттық мұражай ғимаратында өткеннің, қазіргінің және болашақ халықтың терең рәмізшілдігі бейнеленгендігін атап көрсетті. «Мұражайдың ашылуымен алып архитектуралық «Қазақ елі» кешенін құру аяқталады. Тәуелсіздік сарайы мен көкке қарай шарықтаған «Қазақ елі» стелласы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Әзірет Сұлтан мешіті мен Ұлттық өнер университетінің ғимараты, Ұлттық мұражай – бұлар біздің халқымыздың мәңгілік құндылықтарының архитектуралық түрде іске асуы», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Бұдан былай бұл жерде мәңгілікке, үлкен елдің орталығында, халық тағдыры үшін маңызды шешімдер қабылданатын болады. Бұл жерде енді біздің Отанымыздың жүрегі соғып тұр. Бұл жерде бүгін Қазақстан өзінің тарихи тағдырын анықтайды», - 1997 жылы желтоқсанда Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан бұл сөздер Нұр-Сұлтанның республика өміріндегі рөлін толықтай бейнелеп тұр. Міне дәл Нұр-Сұлтанда тағдыр шешуші шешімдер қабылданады, дәл осы жерде мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауы да айтылады, ал олардың әрқайсысы ел өмірінің маңызды кезеңі болып табылады.

Бүгіннің өзінде Қазақстан Oxford Economics институтының көмегімен Ernst&Young (E&Y) «Жылдам дамушы нарықтардың даму болжамы» (ЖДН) версиясы бойынша әлемнің жылдам дамушы экономикаларының үштігіне кірді. Ал мұнда Қазақстанның астанасы жетекші рөлге ие. Дәл осы себепті сұралған сарапшылардың жартысынан көбі Нұр-Сұлтанды жоғары әлеуметтік-мәдени және экономикалық потенциалы бар қалыптасқан бренд санайды [2, 78 б.].

Қала дамуының мықты импульсі болып 2001 жылы көктемде Президент Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен «Нұр-Сұлтанның гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» Мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуы болды.

Әлемдік «EXPO-2017» көрмесі – бұл Нұр-Сұлтанға таза экология мен өмір сапасының жоғары стандарттарына ие, жаңа инновациялы «ақылды (smart)» қала идеясын жүзеге асыру үшін берілген зор мүмкіндік. Қаланың «Жасыл экономикасы» адамдардың табиғатты, қоршаған ортаны және өзіміздегі бар ресурстарды қорғап, сақтауы үшін үлгі болады.

Жаһандық әлемдік кеңістікте қалалар мәдениеті ірі көлемді өзгерістерге ұшырап отыр. Дүниежүзілік тарихта қала тұрғындарының саны қарқынды өсуде. Осындай жағдайлар ғылымдағы әртүрлі сала өкілдерінің мүдделілігінің артуына әкеліп отыр. Қала аймағындағы ғылыми зерттеулердің көптүрлілігіне қарамастан, біздің көзқарасымызша, сонымен қатар қазіргі заманғы қаланың келешегі туралы мағлұматтар көп емес.

Нұр-Сұлтан феномен ретінде гуманитарлық ғылымдарда білім пәні ретінде қалыптасады, қоғамдық санада елорда рөлін түсіндіру, патриотизм мен азаматтық борышты қалыптастыру, астананың социомәдени ерекшеліктері, мәдениаралық коммуникацияны ұйымдастыру факторлары мен тетіктері отандық ғалымдар тарапынан ерекше маңызға ие болып, зерттеледі.

Елбасының Қазақстан халқына жолдауларының, оның ішінде «Қазақстан - 2030», «Қазақстан - 2050» стратегияларының ХХІ ғасырдағы өркениеттер және астаналар рөлін зерттеуде тарихи маңызы жоғары. Президентіміз: «Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Қазақ елі  – мәңгілік» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті» [3] – дейді. Соның ішінде Президентіміз басты құндылықтардың бірін атап өтті: бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы. Біздің елорда, қазақ елінің жаңаша ойлау рәмізіне айнала отырып, ұлттық дүниетанымда құнды бағыттарды өмірге әкелді. Сонымен қатар бұл астананың мәдени құндылықтарына талдау жасауды қажет етіп отыр.

Нұр-Сұлтан тарихын зерттеу маңызды ғылыми мәнге ие, себебі ол зерттеуге қажетті бірсыпыра теоретикалық мәселелердің өзектілігін арттырады: халықтардың тарихи тағдырларындағы астаналардың маңызы, астананың елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени, рухани дамуындағы маңызы.

Қоғамдық санада елордамыздың тарихы мен мәдени-өркениеттік дамуы туралы қағидалар жеткілікті қалыптаспаған. Сондықтан бұл тақырып мәдениеттану саласы бойынша отандық ғылым үшін ерекше зерттеу қызығушылығын көрсетеді, ұлттық өзіндік сананың өзекті болуымен бірге, Қазақстанда өзіндік мәдени, саяси бірегейлікте урбанистік үрдістің белсенді дамуы жүзеге асып келеді.

Ел Президентіміз елорда Нұр-Сұлтанның қазақ мемлекеттілігің қайта жаңғыруында айқындаушы рөлге ие екендігін, қазақстандық жол, еліміздің тәуелсіздік символы ретінде, біздің тарихымыздың жетістігіне айналып отырғандығын атап айтады.

Нұр-Сұлтанның даму тарихы мазмұнды әрі бай, осы арқылы жас ұрпақтың бойында азаматтық мәдениетті қалыптастыруға, отандық тарихқа деген мақтаныш, патриоттық сезімін оятуға болады. Оны зерттеу маңызды ғылыми мәнге ие, себебі бірсыпыра теориялық және практикалық мәселелерді өзектендіреді: еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы елорданың мәні; қала феномені және оның мәдени-өркениеттік дамуы, қалалық мәдениеттің өзгеруі; урбанизация және жастар; руханилықтың қалыптасуы тетіктері, қазақстандықтардың саяси бірегейлігі; Нұр-Сұлтанның әлеуметтік-мәдени феноменін түсіндіру; білім беру арқылы ұлттық мәдениеттің сақталу мен дамуының тетіктері мен жолдары және т.с.с.

Қаланың жаңа тарихын зерттеген З.Е. Кабулдинов «...елорданың өскелең ұрпаққа қаланың бай тарихымен таныстырып, туған өлке мен отанға деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеуге мүмкіндік беретіндігін» көрсетті [4]. Өмір жолында Ақмола үлкен ролге ие болған С.Сейфуллиннің саяси қызметі М. Әбсеметов еңбектерінде толық көрсетілген [5]. Нұр-Сұлтанның құрылысының қалай басталып, қалай қалыптасқаны жөнінде тәуелсіз Қазақстан астанасының бірінші әкімі Әділбек Жақсыбековтың кітабында баяндалады [6].

Қазақстан қазіргі әлемде беделді орны бар мемлекетке айналуда. Біздің басымдықтарымыз да артып келе жатыр. Бұл – ХХІ ғасырдың ығытына қарсы тұруға қабілетті, әрі ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге бағытталған белсенді, жан-жақты және үйлесімді сыртқы саясат, тәуелсіздікке негізделген Елорда. Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамыту басым бағыттар болып қала береді. Азия мен Таяу Шығыстың негізгі елдерімен өзара іс-қимылға зор маңыз беріледі. Астана идеясы жоғары деңгейде Ұлттың дүниетанымынан, дүниеге көзқарасынан, тарихи санасынан, мемлекет туралы, әділ қоғам туралы, тәуелсіздік туралы асыл мұраттарынан туындайды. Астана идеясының мемлекеттік басқару барысында көрініс табуы, ұлттық таным-түсініктің мемлекеттік механизммен кірігудің көрінісі болып табылады.

Нұр-Сұлтан мәртебесін алумен қатар астанаға ішкі миграция негізінде қалада демографиялық өсімнің жаңа кезеңі басталды. Нұр-Сұлтанның халқы 1998-2003 жж. екі есеге өссе, астана көшірілген 10 жылдың ішінде бес есеге артқан [7]. Халықтар достастығы, рухани төзімділік және өзара түсінушілік Нұр-Сұлтан мен жаңа қазақстанның негізі болып қаланды.

Қазіргі заманғы мәдени-өркениеттік үрдістегі Нұр-Сұлтан феноменін зерттеуге арналған зерттеу жұмысымыздың аясында біз елорданың қазіргі заманғы келбетін және оның мәдениетті құрастыру рөлін студенттердің қалай қабылдауы жайында арнайы зерттеу қажеттігі туралы шешімге келдік.

Әлеуметтік зерттеудің бағдарламасы «Елорда Нұр-Сұлтанның мәдени феноменін» түсінуді қамтиды.

Әлеуметтік зерттеудің объектісі – жоғарғы оқу орын студенттері.     

Мәдени – өркениеттік үрдістегі Нұр-Сұлтан рөлін эмпирикалық зерттеуде біз қатысушылармен өзара әсерлесу процесі негізінде, бұл мәселеде сапалы ақпарат алуға мүмкіндік беретін, фокус-группа әдісін қолдандық. Талқылау мақсаты – жастардың Нұр-Сұлтанға әлеуметтік-мәдени феномен ретіндегі қарым-қатынастарын анықтау. Фокус группа концепциясы қаланы мәдениеттің барлық элементтерінің байланысы мен өзара әсері нәтижесі ретінде қарастыратын жүйелі тәсілге негізделді [8].

Тақырыпты құрастырғандар: Қарағанды экономикалық Қазтұтынуодағы университеті.

Мәлімделген тақырып бойынша фокус-группа координаторлары Кенжебаева С.К., Манасова М.М. анықталды, урбанизация, қала мәдениеті саласын зерттеуде тәжірибесі, ұйымдастыру және көшбасшылық қабілеттері бар. Координаторлар сұхбаттасуды ұйымдастыруда машықталған, фокус-группаға қатысушылармен өзара қатынас жасай алады, талқыланған мәселе бойынша білімі бар, әдептілік сезімі бар, топ ішіне көңіл бөлу қабілеті, барлық қатысушыларға өзінің ұстанымын айтуға мүмкіндік береді.

Астананы ауыстыру өркениеттік әлемдегі ұлттық мәдениеттің белгілі бір қабатын белсендендіреді. Еуразиялық «өркениеттік делдал» идеясының базалық контексі болып қызмет етеді, ол Қазақстанның ұлттық «миссиясының» негізіне алынды. Жаңа тәуелсіз мемлекет Еуропа мен Азия кездесетін территория ретінде ұсынылады. Нұр-Сұлтан Еуразияның символдық орталығы рөліне логикалық үміткер болып табылады.

Пән: Нұр-Сұлтанның мәдени-өркениеттік құбылысы.

Мақсаты: Зерттеу барысында респонденттердің Нұр-Сұлтанның әлеуметтік мәдени феноменін және оның мәдени-өркениеттік үрдістегі орнын қабылдауын зерттеу жоспарланады.

Зерттеудің болжамды нәтижесі Нұр-Сұлтан феноменін, оның ел мәдени-өркениеттік үрдісіндегі орнын түсіну деңгейін анықтау болып табылады.

Міндеттері:

  • Нұр-Сұлтанның қала кеңістігі спецификасын анықтау.
  • Қазақстандықтар өміріндегі астана рөлінің маңыздылығын анықтау.
  • Нұр-Сұлтанның әлеуметтік мәдени ерекшеліктерін және Қазақстанның басқа қалаларынан өзгешелігін анықтау.
  • Президент Н.Ә. Назарбаевтың Еуразиялық одақ құрудағы рөлін айқындау.
  • Нұр-Сұлтанның геосаяси жағдайының маңыздылығын анықтау.
  • Нұр-Сұлтанда болып жатқан жаһандық жағдайлардың студент жастар үшін маңыздылығын зерттеу.

Сценарий Нұр-Сұлтанды мәдениеттанушылық, әлеуметтанушылық, семиотикалық аспектілерде түсініп, рөлін анықтауға бағытталған сұрақтарды қарастырады. Фокус-группа респонденттері – қарағандылық үш жоғары оқу орындарының студент жастары.

Зерттеудің бірінші блогы Нұр-Сұлтанды Қазақстанның астанасы ретіндегі студент жастардың жалпы түсінігін бағалауға бағытталған сұрақтарды қамтиды.

Аталған тақырыпты талдау «Сіз Нұр-Сұлтан туралы не білесіз?» деген сұрақтан басталды. Талдау барысында респонденттер Нұр-Сұлтан тарихы жөніндегі білімдерін көрсетті, оның болашағын Президент Н.Ә. Назарбаевпен байланыстырады, Нұр-Сұлтан дамуындағы айтарлықтай өзгерістерді атап көрсетті. Қатысушылардың көпшілігі Нұр-Сұлтаны іскери белсенділік пен ғылым ортасы, студенттік қала ретінде қарастырып, дамыған инфрақұрылымы мен орналасуы тұрғысынан экономикалық және мәдени тиімділігін атап өтті. Бұл жөнінде респонденттер келесі үлгіде өз ойларын білдірді: «Нұр-Сұлтан – жас, әрі тез дамып келе жатқан астана», «Нұр-Сұлтан – заманауи мегаполис», «қандай да бір өзге астананың дәл бұлай қарыштап дамып жатуы екіталай», «елдің әкімшілік орталығы», «астананы Алматыдан көшіру – Президенттің дұрыс шешімі», «әдемі ғимараттары бар, өте әдемі қала», «Нұр-Сұлтанға келгенде ертегі әлеміне тап болғандай боласың», «астанамыз ретінде Нұр-Сұлтан біздің елдің әлемдегі имиджін күшейтуде», «Нұр-Сұлтан – бизнес үшін тиімді қала».

Респонденттердің көбі Нұр-Сұлтанда тұруды қалайды, өздерінің болашақ кәсібі қызметтерін онымен байланыстырады: «астанада тұрудың беделі жоғары», «отбасыммен бірге Нұр-Сұлтанда тұрғым келеді», «барлық дерлік атақты ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері Нұр-Сұлтанда тұрады», «менің болашақ мамандығым Нұр-Сұлтанда сұранысқа ие».

Сонымен қатар, респонденттердің бір бөлігі келесі жағдайларды атады: «Астанада өмір стандарты жоғары», «ең басты мәселе – баспананың жоқтығы», «өзіңнің материалдық жағдайыңды тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін өте көп еңбектену керек, барлық астаналарда өмір сүру өте қымбат», «мен өз қаламдыжақсы көремін, ал Нұр-Сұлтанға турист ретінде демалуға, ойын-сауыққа барамын».

«Нұр-Сұлтанның тартымдылығы неде? Керісінше, несімен тартымсыз?» деген сұрақтарының талдау қорытындысын жинақтайық. Респонденттердің көпшілігі Нұр-Сұлтанның тартымдылығы ретінде ғимараттық архитектураларды белгілегені атап кетерлік дерек: Президент резиденциясы, Президенттік мәдениет орталығы, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі, Бейбітшілік пен келісім сарайы, «Астана Опера» опера және балет театры, «Хан шатыр» сауда - ойын-сауық кешені, «Астана – Бәйтерек» монументі және тағы басқалары.

«Нұр-Сұлтан несімен тартымсыз?» сұрағы бойынша қатысушылардың басым көпшілігінің пікірін келтірейік: «нашар климат», «экологиялық мәселелері бар», сол жағалау мен қаланың оң жағының арасындағы түбегейлі айырмашылық», «тар көшелер», «үнемі асығушылық, және адамдардың бір-біріне деген зейінсіздік», «өз қалаңдағыдай үйреншікті өмірден бас тарту керек», «жаңа дос таппау қорқынышы». Қатысушылар тезисі мен оларды бақылау респонденттердің астанадағы адамдардың қарым-қатынасына, үлкен қаладағы жалғыздық мәселесі, өмірдің жаңа қарқыны мен үлгісіне үйренісу қиындығына ерекше мән бергендігін көрсетеді.

Фокус-группаның қатысушылары астана халқы көпұлтты құрамымен ерекшеленетінін бірнеше рет атап көрсетіп, осы байланыс бойынша Нұр-Сұлтанның толеранттылықты қамтамасыз ету мен мәдениеттер сұхбаттасындағы рөлі қандай деген сұраққа респонденттер бірауыздан былай жауап берді:  «Нұр-Сұлтан - поликонфессионалды Қазақстанның бейнесі», «Нұр-Сұлтан – келісім мен бейбітшілік астанасы», «біздің астанамыз ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» марапатына ие болды», «қандай ұлт екеніне қарамастан, астаналықтар өздерін қазақстандықтар ретінде санайды». Нұр-Сұлтан қаласында сессиялары өтетін, Қазақстан халқының Ассамблеясының рөлі, және Астанада өткізілетін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, астаналық тұрғындарда мәдени құндылықтарға, нормалар мен идеалдарға жақын, қоғамдық сезімнің бар екені ерекше атап өтілді.

Респонденттер Нұр-Сұлтан тарихы қазіргі кезде астанада тұрып жатқан, көптеген халықтардың тарихи тағдырының тұтастығын көрсетеді деп санайды. Жазық даланың үстіне салынған бұл қала Қазақстандықтардың ортақ еңбегінің жемісі екендігіне топ қатысушылары сенімді.

Бірінші блок сұрақтарын талқылауда фокус-группа қатысушылары мына ұғымдарға түсініктеме берді: «қоғамдық қатынастар», «құндылықтар жүйесі», «діни толеранттылық», «конфессияаралық келісім», «ұлттық және территориалдық идентивтілік», «қызығушылықтардың бірлігі», «социумның көпмәдениеттілігі».

Сұрақтардың екінші блогы Нұр-Сұлтанды мәдени феномен ретіндегі пікірлерін және астанамен байланысты жастардың болашақ жоспарларын анықтауға бағытталған.

«Нұр-Сұлтан – еліміздің мәдени бренды» тезисі топ қатысушылары арасында пікірталас тудырды.

Кейбір қатысушылар Нұр-Сұлтанды мәдени орталық ретінде санамайды. Олар тұрғындардың астаналық мәдениеті деңгейінің жеткіліксіз деңгейі мен тарихи ескерткіштердің жоқтығын негізге алып, осындай пікір ұстанады.

Сонымен қатар, астанада ұлттық дәстүрді сақтап, батыстық қала құрылысы тенденцияларын үйлестірген мәдениет объектілерінің жеткілікті екендігі жөнінде де пікірлер айтылды. Нұр-Сұлтанды мәдени орталық ретінде санайтын респонденттер көпұлтты тұрғындардың мәдениетінің өзіндік болмысын, үштұғырлы тіл дамуын, астаналықтардың мінез-құлқы мен стилін, сән үлгісі мен өмірдің ерекше динамикасын атап өтті. Нұр-Сұлтан қайталанбас бірегей мәдениеттанушылық бейнеге, көп жылдық тарихқа, архитектураға ие екендігі жөніндегі пікірге көптеген дәлелдер келтірілді. Неғұрлым маңызды мәдени іс-шаралардың дәл осы Нұр-Сұлтанда өткізілуі астана халқы мен қонақтарын өнерге икемдейді. Топ қатысушыларының бірі Нұр-Сұлтан жаһандық масштабтағы мәдениет және өнер орталығының негізі болуы мүмкін деген өз үмітін де жеткізді.

Респонденттер «мәдени бренд» құбылысына мына түрде түсіністік танытты: «қазақ дәстүрінің бірегейлігі», «көпұлтты қала тұрғындарының құндылықтар мен нормалар жүйесі», «қалада өзін-өзі дамытуға мүмкіндік бар», «басқа қалалар мен елдерде жоқ қайталанбас ғимараттар мен кварталдардың жиынтығы».

Нұр-Сұлтанның қазіргі архитектуралық бейнесін қатысушылар үйлесімді деп санайтынын ерекше атап өткен жөн. Және де астананың Бас құрылыс жобасы мен дамуына жалпы алғанда, респонденттер қолдау көрсетті. Пікірлер мынадай: «Нұр-Сұлтан – бұл шығыс қаласы», «Нұр-Сұлтан архитектурасында шығыс және батыс мәдениет үйлестірілген», «Нұр-Сұлтан әлі де болса архитекторлар үшін эксперименталды база», «тұрғызылған ғимараттарда заманауи дизайн мен ұлттық бояу жақсы келістірілген», «Нұр-Сұлтанның архитектуралық стилі Қазақстанда болып жатқан өзгерістерді бейнелейді».

Жауаптар анализі респонденттердің жоғары сыншылдық танытқандығын көрсетеді. Респонденттердің бір бөлігі Астана біртіндеп ұлттық бояуын жоғалтып, батыстық үлгілерге еліктейді; астанаға жоғары миграция басқа қалалардың экономикалық және мәдени жағынан құлдырауына, ауылды мекендерде адам санының төмендеуіне әкеледі деп санайды.

Жастардың ұғымында Нұр-Сұлтан – кәсіби және жеке жоспарлардың жүзеге асу үшін жоғары мүмкіндігі бар қала. Бұл қатысушылардың «Астанада қандай білім жобалары бар?» және «Қала кеңістігі жастардың әлеуметтік белсенділігіне әсер етеді ме? Қалайша?» деген сұрақтарға айтылған пікірлерімен расталады.

Респонденттер Нұр-Сұлтан университеттерінің көп мөлшерін атады, соның ішінде Назарбаев Университетінің ерекше статусы мен рөліне, елорданың жоғарғы интеллектуалдылық қуатына ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылардың есептеуінше, «астананың жоғарғы оқу орындарында мемлекеттік білім гранты бойынша оқитындардың саны көбірек», «Нұр-Сұлтан жоғары оқу орындарының түлектері, шетаймақтық ЖОО түлектеріне қарағанда айтарлықтай бәсекеге қабілетті», және оларда «елордадан жақсы жұмыс табуға деген мүмкіндігі жоғары», «Нұр-Сұлтан университеттерінде білім ортасы интерактивті». Респонденттердің көбісінің ойынша, Астананың студенттері мен жастары театрларда, музей, концерттерде, спорттық шараларда көп болады, көпшіл, олардың өмірі мәдени және қоғамдық өмір оқиғаларына толы, әлеуметтік жағынан белсенді әрі ілгері.

Нұр-Сұлтандағы жастардың әлеуметтік белсенділігіне әсер етуші маңызды факторларға қатысушылар мобилділікті, мәдениаралық коммуникацияны, білім, технология, қоғамдық өмірдің барлық саласындағы жаңашылдықты жатқызады.

Қатысушыларға Нұр-Сұлтан әлеуметтік-мәдени ортасының дамуы мен жағдайында ескерілетін интеграция, миграция, сегрегация, ассимиляция құбылыстарын талқылау ұсынылды. Сондықтан қатысушылардың көбісі үшін берілген құбылыстар белгісіз, немесе үстіртін түсінікті. Фокус-группаға қатысушылардың тек екеуі ғана берілген түсініктерді ұғындыра алды, қала кеңістігіндегі тұлғаның даму факторлары ретінде олардың екі жақты табиғатын көрсетті.

Респонденттер маргинализация, жұмыссыздық, жастардың дәстүрлі емес діни ұйымдарға қатысуы мәселелеріне тоқталып өтті. Оларды психологиялық ықпал етудің жағымсыз факторлары ретінде санады. Жас адамдар танылмаған затты қабылдауға, белсенді түрде насихатталу арқылы тиым салынғанға, әлеуметтік желі арқылы коммуникацияға қабілеттірек келеді. Келесі тезистер естілді: «елордалық өмір жастарды аздыруы да мүмкін», «әлсіз психика, психологиялық тұрақсыздық және эмоционалдылық жаңа сезімдерді іздеу үшін негіз бола алады», «үлкен қалада әлеуметтік бақылаудың болмауы түйсінуді бәсеңдетеді», «шала таныс адамдардың ортасында барлығы болады деген қате пікір туындайды», «мегаполис – еркін іс-әрекет пен ойлар үшін керемет орта». Респонденттер бірнеше рет Нұр-Сұлтанға көптеген студенттердің Қазақстаннның түрлі қалалары мен ауылдарынан келгендігін атап өтеді, осылайша еркіндік сезініп, ата-ананың қамқорлығының болмағандығынан бағынышсыз тұрмысты бастап кетеді, және бұл кейде тұлғаның дамуына жағымсыз әсер етуі мүмкін.

Қалалық өмірдің жастарға психологиялық әсері туралы пікірді барлық респонденттердің айтпағаны туралы ерекше атап өткен жөн. Қалалық ортаны зерттеуші Г. Зиммель өзінің еңбегінде қаланың ерекше жетістіктерінің қатарына интенсификацияны «nervous stimulis» (адамға психологиялық жағына әсер ету) жатқызады. Оның пікірінше, қала индивидті әртүрлі белгілер, дыбыстар мен иістермен бастырмалайды, және осылардың бәрі индивидті зеректікке үйретеді, біруақытта түйсінудің бәсеңдеуіне алып келеді.

Группаға қатысушылардың бірі осы уақытқа дейін неліктен Нұр-Сұлтанда тұрмайтындығы жөнінде тұжырымдай алмағандығы туралы мойындады. Берілген сұрақты талқылаудың соңына қарай, қатысушы астанада өмір сүру үшін кедергінің шынай себебі, үлкен қала кеңістігінің жағымсыз әсерінен қорқу сезімінің болғандығын айтты.

Талқылауға қатысушылардың барлығы жоғарғы оқу орындарында қала кеңістігінің адамның санасына, оның менталитетіне және рухани дүниесіне әсер етудің психологиялық және мәдениеттанулық аспектілерін оқыту қажеттігін мойындады.

Респондетттер астананың мәдени дамуына әсер етуші маңызды оқиғаларды атады: Астана Экономикалық Форумы, EXPO-2017 және т.с.с.Екінші блок сұрақтарын талқылау біткен кезде респонденттер Нұр-Сұлтанның әлеуметтік-мәдени феноменін келесі пікірлермен тұжырымдады: «еліміздің тәуелсіздік символы», «Қазақстан Республикасының тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізі», «Еуразия жүрегі», «бәсекеге қабілетті экономикасы бар, еліміздің азаматтары, туристтер және кәсіпкерлер үшін тартымды қала».

Фокус-группа өткізудің нәтижесінде келесі қорытындылар жасалды.

Бүгінгі таңда қала саяси, әкімшілік, экономикалық орта ретінде қарастырылады. Жаһандық әлеуметтік және мәдени өзгерістер қалаларда болып отыр. қала кеңістігі адамдардың түрлі қауымдастығын және түрлі субмәдениеттерді біріктіреді. Мәдениетті іске асырушы, көп функцияларды таратушы, өмір сүру ортасы, әлеуметтік-мәдени өзгерістердің шоғырлану ортасы ретінде қала қоғамдық санаға әсер ету объектісіне айналып отыр. Берілген сипаттамалар Нұр-Сұлтанны әлеуметтік-мәдени феномен ретінде зерттеуде және анықтауда қажет. Елорда ретінде Нұр-Сұлтан мемлекеттің тәуелсіздігін рәміздейді, және қазақстандықтар оның гүлденуімен ел болашағын байланыстырады.

Нұр-Сұлтанның қалалық кеңістігі жастардың әлеуметтік белсенділігінің қайнаркөзі болып саналады. Жастар келешектегі кәсіби және тұлғалық қалыптасуын Астанамен байланыстырады. Жастардың көзқарасынша, елорда шығармашылық даму үшін интеллектуалды мүмкіндігі жеткілікті және де өндірістік және рухани жағынан қарқынды дамуды қамтамасыз етуге қабілетті орта.

Мәдениаралық коммуникация, поликонфессионалдылық, ұлтаралық қатынастар мен ынтымақтастықтың динамизмі Қазақстан астанасына тән сипаттамалар. Олар адамның өмір сүру қызметіне тұрақтылықты береді, мәдени-өркениеттік процеске жағымды әсер етеді.

Фокус-группа жұмысының маңызды нәтижесі болып келесі мәселелердің өзектендірілуі саналады: тұрғын-үй, психологиялық, көлік қатынасы, қаланың архитектуралық-көркемдік ортасын ұйымдастыру, қала тұрғызу, қазақстандықтардың саяси және мәдени идентивтілігі.

Қазіргі жастар астана тарихы жөнінде жеткілікті білімге ие, қаланың инфрақұрылымының модернизациясы, Нұр-Сұлтанның маңызды коммерциялық, мәдени-ойын-сауық және тұрғын-үй объектілерінің рөлі, Нұр-Сұлтанның мәдени феноменалдығы туралы түсініктері бар.

Фокус-группаға қатысушылардың талқылау нәтижесі ретінде, жаңа мемлекеттілік, жаңа елорда, ұлттық өзіндік сананың қалыптасуы үрдісіне сәйкес фактілерді мойындау саналады.

Біздің зерттеу жұмысымызда когнитивті, мотивационды және құндылықтық компоненттерді анықтау үшін құжаттарды анализдеу және зерттеу, қызмет ету нәтижесін анализдеу әдістері қолданылады.

Нұр-Сұлтанның әлеуметтік-мәдени феноменін түсіну компоненттерін қалыптастыру үшін айтарлықтай мүмкіндік, ең алдымен, когнитивті, біздің көзқарасымызша, Тақырыптық жоспарды және «Мәдениеттану», «Философия», «Саясаттану», «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» оқу курстарының мазмұнын талдау, зерттеп отырған мәселенің міндеттері толық көлемде шешілмейді деуге болады. Нұр-Сұлтанның феноменалдылығы, жаңа астананың өзекті әлеуметтік-экономикалық жағынан өзгеріске ұшырауы үстіртін көрсетілген; біздің астанаға қатысты, сұрақтарды зерттеуге берілген сағаттар саны жеткіліксіз; Мәңгілік Ел ұлттық идеясын жүзеге асыруда Нұр-Сұлтанның маңыздылығына екпін жасалмаған.

Өткізілген эмпирикалық зерттеу негізінде студенттерде Нұр-Сұлтанның қазақ елінің мәдени және рухани ортасы ретіндегі рөлі туралы түсінікті қалыптастыруға бағытталған, ЖОО-на тәжірибелік нұсқаулар ұсынылып отыр:

  1. «Мәдениеттану», «Философия», «Саясаттану», «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» оқу пәндерінің мазмұнын, қазақ елі мәдени-өркениеттік дамуындағы Нұр-Сұлтан феномені, Қазақстан астанасының тарихи-мәдени динамикасы, Қазақ елінің мәдени-өркениеттік ортасы ретінде Нұр-Сұлтан семиотикасы сияқты, бұл реттегі өзекті сұрақтарды зерттеумен толықтыру.
  2. ЖОО-ғы тәрбиелік үрдісінде Қазақстан астанасының тарихы мен келешегін оқыту арқылы студенттердің бойында патриотизм және азаматтық мәдениетті қалыптастыру бойынша шаралар өткізу: дөңгелек үстелдер, Нұр-Сұлтан туралы видеофильмдер көрсету, фотокөрмелер мен фотогалереялар, конкурстар мен викториналар, экскурсиялар ұйымдастыру.
  3. Әлеуметтік зерттеу нәтижесінде жасалған сауалнамаларды, фокус-группа сценарийін ЖОО-да пайдалану, студент жастардың азаматтық мәдениетін қалыптастыру деңгейімен айналысу.

Нұр-Сұлтанны басқа елордалармен салыстырып қарасақ, оның басқа астаналардан өзгешелігін көруге болады:

  • көп жылдық тарихы бар қала;
  • жеке урбанологиялық кеңістігі қалыптасқан қала;
  • «таңқаларлық», дәстүрлі дала көрінісінің қазіргі заманғы елордалық қалаға айналуы;
  • полимәденилік, ашықтық;
  • мемлекетті репрезентациялау қызметі;
  • таңқалаларлық архитектуралық құрылыстары.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан мәдени мұрамызды жаңғыртушы рөл атқарып отыр. Елдік тұтастық пен бірлікті сақтауда да негізгі рәмізге айналып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев негізгі саясатын бірегейлену жобасының жүзеге асыра отырып, халықтар арасындағы достастықтың дамуын алға тартып отыр. Нұр-Сұлтанның суреттік бейнесі бүгінгі таңда Қазақстан және әлем бойынша тарап кетті. Астананың «монументалды» жобасы Қазақстанның ұлттық құрылыс жобасындағы маңызды элемент.

Еліміздің нышанына айналған жалпы Нұр-Сұлтан архитектураларының метафорлығы, ежелгі мифология және қазақ тарихымен байланысты. Қазақ мәдени мұрасының әмбебап архаикалық идеяларын алға тарту арқылы жас астана тағы бір өзіндік ерекшелікке ие болып отыр. Бізді қоршаған қазіргі заманғы әлемнің әртүрлілігі, рухани байлығы және экономикалық мүмкіндігі, жаңа шығармашылық идеялар Нұр-Сұлтанның архитектуралық бейнесінде көрініс тауып отыр.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің Қазақстан  халқына арналған жолдауында тәуелсіздік уақытында жасалған «қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету үлгісі, ұлтаралық келісім, қазақстандық бірегейлік және жалпықазақстандық патриотизмнің қалыптасуы» керек дейді. Осы үлгінің қалыптасуын Қазақстан жағдайының «ретро-анализі» сендіреді, оның жүзеге асуы және кейінгі нәтижелері екі негізгі әлеуметтік-саяси факторлардың арқасында мүмкін болып отыр. Егер бірінші факторы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру болса, екінші фактор, елордамыздың орталық Қазақстанға ауыстырылуы.

«Ел болу биік әрі мағыналы сөз, оның іргетасы – мемлекет». Ата-бабаларымыздың «егеменді ел болу» арманы орындалды. Әсіресе «Қазақ елі» атану арман еді. Қазақстан Республикасы - тәуелсіз ел, мемлекеттік астанасы бар. Мемлекеті бар ел ғана өркениет жолына түсе алады. Сондықтан «Қазақстан астанасы» деген ұғымды қоғамдық білімдер жүйесінде қолдануға мүмкіндік туып отыр. Бүгінде өркениетті елдер қатарына ену барысында ұлттық идеология – Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуына ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа таралып келе жатқан бүкіл елдің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, халықтың санасында жетілдіру арқылы өз үлесін қосып отыр. Әсіресе ұлттық астананың қалыптасуы жас ұрпақтың, қазақ ұлтының да, қазақ мемлекеттігінің де болашақ тағдыры үшін әсері зор. Қазақ елі – мәңгілік идеясы ұлттық идеяға айналып отыр. Азаматтарына дұрыс идеологиялық бағыт-бағдар ұсынған мемлекеттің ғана өмірі тұрақты, болашағы баянды болмақ.

Ұсынылған әдебиеттер:

  1. Назарбаев Н. А. В сердце Евразии. Астана: Атамура, 2005. - 192 с.
  2. Astana: A 21st century capital. State Book of Kazakhstan. – London: Caspian World Communication LTD. 2013.
  3. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2030. Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. Алматы: Білім, 1998 – 96 б; Қазақстан - 2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. - Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың  Қазақстан халқына Жолдауы. - // Егемен Қазақстан. – 2012. – №828-831. – Б.1-8.
  4. Кабульдинов З.Е. История Астаны. Учебное пособие для учащихся общеобразовательных школ. – Астана, 2007. – 200 с.
  5. Абсеметов М. От «Белой могилы» до столицы // Литер 2007. – С.10.
  6. Джаксыбеков А.Р. Так начиналась Астана записки первого акима столицы. – Астана, 2008. – 304 с.
  7. Астана. Статистический ежегодник. – Астана, 2003. – 273 с.
  8. Бурдье П. Практический смысл. – М.: Институт экспериментальной социологии. – СПб.: Алетейя, 2001. – 562 c.