Кіріспе


Оқу құралында ағзалардың тіршілік етуі мен эволюциясының негізін құрайтын тұқым қуалаушылық пен белгілердің өзгергіштігінің негізгі заңдылықтары логикалық дәйектілікпен сипатталған. Негізгі генетикалық заңдылықтар будандастыру сызбаларында көрсетілген, бұл оқу материалын зерделеуді жеңілдетеді.

Оқу құралы он бөлімнен тұрады:

- бірінші бөлім генетика пәнін, әдістері мен мәнін зерттеуге арналған. Онда генетиканың негізгі ұғымдары, генетиканы зерттеу әдістері және генетиканың басқа ғылымдармен байланысы сипатталады. Генетиканың даму тарихы мен негізгі кезеңдері қысқаша сипатталған;

- екінші бөлімде жыныстық көбею кезіндегі белгілердің тұқым қуалаушылық заңдылықтары туралы мәселе ашылды: Мендель ілімі. Жекегибридті, талданатын, қос- және көпгибридті будандастыру кезіндегі будандастыру сызбалары сипатталған;

- үшінші бөлім аллельді гендердің өзара әрекеттесуіне арналған. Онда басымдылық түрлері көрсетілген: толық емес басымдылық, аса басымдылық, қосбасымдылық, аллельді алып тастау, пенетранттылық, экспрессивтілік;

- төртінші бөлімде аллельді емес гендердің өзара әрекеттесуі кезіндегі белгілердің тұқым қуалаушылық ережелері көрсетілген. Сәйкестік, эпистаз және полимерия кезіндегі тұқым қуалаушылық сызбалары көрсетілген;

- бесінші бөлім тұқым қуалаушылықтың хромосомалық теориясы мәселесіне арналған. Онда гендердің толық және толық емес тіркесі кезіндегі белгілердің тұқым қуалаушылық сызбасы сипатталған;

- алтыншы бөлім жыныс генетикасына арналған. Онда жыныстық хромосомаларға тіркескен белгілердің тұқым қуалаушылық мәселесі қарастырылады;

- жетінші бөлім медициналық генетика негіздеріне арналған.  Бұл бөлімде адамның генетикалық зерттеулеріндегі генеалогиялық және егіз әдістер сипатталған;

- сегізінші бөлімде адам генетикасын зерттеудегі цитогенетикалық әдіс мәселесі сипатталған;

- тоғызыншы бөлім адамның популяциялық генетикасына арналған. Онда популяциялардың генетикалық құрылымы қарастырылады;

- оныншы бөлім молекулалық генетика, тұқым қуалаушылықтың молекулалық негіздері мәселелерін ашады.